Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы № 1082 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 шiлдедегi № 586 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 14.07.2023 № 586 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 2-1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов



  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2014 жылғы 9 қазандағы
  № 1082 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 2-1-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы жоспарын (бұдан әрі – ағымдағы жоспар) және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың перспективалық жоспарларын (бұдан әрі – перспективалық жоспар) әзірлеу тәртібін айқындайды.

      2. Ағымдағы жоспар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша алдағы жылға жасалады. Перспективалық жоспар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кейінгі үш жыл мерзімге жасалады.

2. Ағымдағы және перспективалық жоспарларды әзірлеу тәртібі

      3. Ағымдағы және перспективалық жоспарлардың жобаларын (бұдан әрі – жоспарлар жобалары) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) орталық мемлекеттік органдар ұсынған халықаралық шарттарды жасасу тұжырымдамасының (бұдан әрі - тұжырымдама) негізінде әзірлейді.

      4. Орталық мемлекеттік органдар тиісінше ағымдағы немесе перспективалық жоспарлардың жобаларына қосу үшін келесі күнтізбелік жылы не одан кейінгі үш жылда жасасу көзделетін халықаралық шарттар бойынша тұжырымдамаларды жыл сайын 25 қыркүйектен кешіктірмей Министрлікке енгізеді.

      5. Тұжырымдамалар Министрлікке қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

      6. Орталық мемлекеттік органдар жоспарлардың жобаларына қосу үшін тұжырымдамаларды уақтылы ұсынбаған жағдайда, Министрлік оларды қарамай кері қайтарады.

      7. Жоспарлардың жобаларына қосу үшін халықаралық шарттарды жасасу бойынша ұсыныстар болмаған жағдайда, тиісті мемлекеттік орган көрсетілген мерзімде Министрліктің атына аталған мерзімнен кешіктірмей ұсыныстардың жоқ екені туралы хат жібереді.

      8. Министрлік ұсынылған тұжырымдамаларды 25 қазанға дейін қарап, халықаралық шарттарды жасасудың сыртқы саяси орындылығы туралы қорытынды береді.

      9. Халықаралық шарт жасасудың сыртқы саяси орындылығы болмаған жағдайда, Министрлік бұл туралы тұжырымдаманы ұсынған орталық мемлекеттік органды хабардар етеді.

      10. Халықаралық шарт жасасудың сыртқы саяси орындылығы болған жағдайда, Министрлік оны халықаралық шарт жасасудың ұсынылатын мерзіміне байланысты тиісті жоспар жобасына енгізеді.

      11. Жоспарлардың жобаларын әзірлеу кезінде Министрлік жоғары дәрежедегі халықаралық іс-шаралар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қатысуымен өтетін халықаралық іс-шаралар кестелерін ескереді.

      12. Жоспарлардың жобалары жыл сайын 10 қарашадан кешіктірілмей Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына шығарылады.

      13. Жоспарлардың жобалары Комиссия туралы ережеде көзделген тәртіппен Комиссия шешімімен мақұлданады.

      14. Комиссия мақұлдаған ағымдағы және перспективалық жоспарлар 25 қарашадан кешіктірілмей Қазақстан Республикасының Президентіне келісуге жіберіледі.

      15. Қазақстан Республикасының Президентімен келісілген ағымдағы және перспективалық жоспарлар (бұдан әрі – келісілген жоспарлар) он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Парламентіне жіберіледі.

      16. Келісілген жоспарларға өзгерістер:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Комиссияның шешімі негізінде енгізіледі.

      Орталық мемлекеттік орган келісілген ағымдағы жоспарда көзделмеген халықаралық шартты жасасу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына бастамашылық жасағанға дейін, аталған орталық мемлекеттік орган Министрлікке келісілген ағымдағы жоспарға өзгеріс енгізу шұғылдығының негіздемесін және тиісті тұжырымдаманы алдын ала жібереді.

      Министрлік ұсынылған негіздеме мен тұжырымдаманы қарап, оларды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде халықаралық шарт жасасудың сыртқы саяси орындылығы туралы қорытынды береді.

      Орталық мемлекеттік орган тиісті өтінішті Қазақстан Республикасының Президентіне жіберген кезде Министрліктің халықаралық шартты жасасудың сыртқы саяси орындылығы туралы қорытындысын қоса береді.

      17. Орталық мемлекеттік органдардың ағымдағы және перспективалық жоспарларды орындауын жалпы бақылауды және ақпараттық қамтамасыз етуді Министрлік жүзеге асырады.


  Қазақстан Республикасының
  халықаралық шарттарын
  жасасудың ағымдағы және
  перспективалық жоспарларын
  әзірлеу қағидаларына
  1-қосымша

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың 2014 жылға арналған ағымдағы жоспары

Р/с

Халықаралық шарт жасасуды ұсынатын орталық мемлекеттік органның атауы

Жасасу ұсынылатын халықаралық шарттың атауы

Халықаралық шарт жасасудың болжамды мерзімдері

Халықаралық шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындаудың болжамды мерзімдері

Ескертпелер

Қазақстан Республикасының атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар

(мемлекетаралық)







Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар

(үкіметаралық)







Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар

(ведомствоаралық)











Қазақстан Республикасының

халықаралық шарттарын

жасасудың ағымдағы және

перспективалық жоспарларын

әзірлеу қағидаларына

2-қосымша

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың 2015 – 2017 жылдарға арналған перспективалық жоспары

Р/с

Халықаралық шарт жасасуды ұсынатын орталық мемлекеттік органның атауы

Жасасу ұсынылатын халықаралық шарттың атауы

Халықаралық шарт жасасудың болжамды мерзімдері

Халықаралық шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындаудың болжамды мерзімдері

Ескертпелер

Қазақстан Республикасының атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар

(мемлекетаралық)







Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар

(үкіметаралық)







Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар (ведомствоаралық)








Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады