Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Болат Серғазыұлы Сәрсенбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға уәкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.05.2016 № 316 қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 23 қазандағы
№ 1127 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Демократиялық
Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық,
ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан
босату туралы келісім
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мүмкіндігін қарастыра отырып,
Тараптар мемлекеттерінің азаматтарын, жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттар иелерінің өзара сапарларын өзара негізде жеңілдетуге тілек білдіре отырып,
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес іс-әрекет жасай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім ұғымында, Тараптар мемлекеттерінің аумағына жол жүру үшін мынадай құжаттар жарамды болып табылады:
1. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
1) дипломатиялық паспорт;
2) қызметтік паспорт.
2. Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының азаматтары үшін:
1) дипломатиялық паспорт;
2) ресми паспорт.
2-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттар иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күнге дейінгі мерзімге визасыз келе алады, кете алады және транзитпен өте алады.
3-бап
Тараптардың әрқайсысы мемлекеттері азаматтарының дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттарының қолданылу мерзімі, бір Тарап мемлекетінің азаматы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген кезден бастап кемінде 6 (алты) ай болуы тиіс.
4-бап
Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорт иелері халықаралық қатынастар үшін ашылған кез келген өткізу пункттері арқылы мемлекеттік шекарадан екінші Тарап мемлекетінің аумағына/аумағынан келе алады, транзитпен өте алады және кете алады.
5-бап
Екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелген дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге тағайындалған Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорт иелері, олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда, визалық тәртіптен босатылмайды және екінші Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде тиісті кіру визаларын келгенге дейін алуы тиіс.
6-бап
Тараптардың әрқайсысы егер қолайсыз деп танылса, екінші Тарап мемлекеті азаматтарының, жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттары иелерінің өз мемлекетінің аумағына келуіне рұқсат беруден бас тарту немесе болу мерзімін тоқтату құқығын өзінде сақтайды.
7-бап
Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде өздерінің жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорт үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттарға өзгерістер енгізген жағдайда, паспорттар қолданысқа енгізілгенге дейін бұл туралы күнтізбелік 60 (алпыс) күннен кешіктірмей екінші Тарапты хабардар етуге міндетті.
8-бап
Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспортын екінші Тарап мемлекетінің аумағында жоғалтқан жағдайда, ол қажетті шаралар қабылдау үшін бұл туралы болу мемлекетінің құзыретті органдарына хабарлауға міндетті. Бұл ретте осы азамат мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі оған жаңа жол жүру құжатын береді және бұл туралы болу мемлекетінің құзыретті органдарын хабардар етеді.
9-бап
1. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігін, қоғамдық денсаулығын немесе қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында, осы Келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұру құқығын өзінде қалдырады.
2. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру жөніндегі шешімнің күшіне енуіне дейін және осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жою туралы 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде басқа Тарапқа хабарланады.
3. Мұндай тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген, жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттары бар азаматтардың құқықтық жағдайына әсер етпейді.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасында консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
11-бап
Осы Келісімге тараптардың өзара келісімі бойынша аталған Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және осы Келісімнің 12-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
12-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап 2 (екі) ай өткеннен кейін өз күшін жоғалтады.
201_ жылғы « » ___________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, сингал, орыс және ағылшын тілдерінде 2 (екі) түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық
Үкіметі үшін Социалистік Республикасының
Үкіметі үшін