"Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 25 қарашадағы № 1232 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы және оның
             арналымы

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы (бұдан әрі – Ұлттық ұлан) Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi және жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған.
      2. Ұлттық ұланның туы және рәмізі болады. Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының, құрамаларының, әскери бөлімдерінің және жоғары әскери оқу орнының белгіленген үлгідегі Жауынгерлік тулары болады.
      Ұлттық ұланның туы мен рәмізінің, өңірлік қолбасшылықтарының, құрамалары мен әскери бөлімдерінің, жоғары әскери оқу орындарының Жауынгерлік туларының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      2-бап. Ұлттық ұлан қызметiнiң құқықтық негiзi

      1. Ұлттық ұлан қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және өзге де құқықтық нормативтiк актiлер құрайды.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда Ұлттық ұланның өз өкілеттіліктерін жүзеге асыруы кезінде оның қызметіне араласуға тыйым салынады.

      3-бап. Ұлттық ұлан қызметінің қағидаттары

      Ұлттық ұланның қызметі Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет қағидаттарының, сондай-ақ:
      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғаудың мiндеттiлiгi;
      2) Ұлттық ұлан қатарында қызметтi ұйымдастырудағы көзқарастардың бiртұтастығы;
      3) дара басшылық пен субординацияның (бағыныстылықтың);
      4) саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiнен тәуелсiз болудың негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Ұлттық ұланның міндеттері және өкілеттіктері

      4-бап. Ұлттық ұланның міндеттері

      1. Ұлттық ұланға мынадай міндеттер жүктеледі:
      1) маңызды мемлекеттiк объектiлердi және тасымалдау кезiнде арнайы жүктердi күзету;
      2) ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтауға, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдайдың және соғыс жағдайының құқықтық режимдерін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысу, терроризмге қарсы операция жүргізуге қатысу, табиғи, техногенді және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатысу;
      3) сотталған әйелдердің, кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуге арналған түрмелерді және тергеу изоляторларын қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі аралас мекемелерін күзету;
      4) сотталған әйелдердің, кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуге арналған түрмелерді және тергеу изоляторларын қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі аралас мекемелерінде ұсталатын адамдардың, сондай-ақ олардың аумағындағы азаматтардың жүріс-тұрысын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
      5) сотталған және қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру;
      6) соғыс кезiнде Қазақстан Республикасының аумағын қорғау жүйесiнде жекелеген мiндеттердi орындау;
      7) қарулы қылмыскерлерді залалсыздандыру, Қазақстан Республикасының аумағында заңмен көзделмеген әскерилендірілген немесе қарулы құрылымдар (топтар), ұйымдасқан қылмыстық топтардың (сыбайластар) әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операцияларға қатысу;
      8) ауыр және аса ауыр қылмыстардың, диверсиялардың, терроризм актілерінің, қарулы қақтығыстардың жолын кесу және тайталасушы тараптарды ажырату;
      9) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындау.
      2. Ұлттық ұланға өзге де міндеттер Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктеледі.
      3. Ұлттық ұланды Қазақстан Республикасы заңнамасында жүктелмеген міндеттерді орындауға тартуға тыйым салынады.

      5-бап. Ұлттық ұланның өкілеттіктері

      1. Ұлттық ұлан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүктелген міндеттер шегінде:
      1) азаматтардың өмірін, құқықтарын, бостандықтарын және қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз етеді;
      2) маңызды мемлекеттiк объектiлердi және арнайы жүктердi күзетуді қамтамасыз етеді;
      3) қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі аралас мекемелерін күзетуді қамтамасыз етеді, олардың әкімшіліктерінің басшылығымен сотталғандарды қадағалауды жүзеге асырады, сотталғандар мен күзетпен ұсталатын адамдарды бақылайды және айдауылдайды;
      4) патрульдік-бекеттік қызметті атқару арқылы қоғамдық қауіпсіздікті және оның ішінде бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге сақтауға қатысады;
      5) заңсыз әскерилендірілген немесе қарулы құрылымдар (топтар), террористік ұйымдар, ұйымдасқан қылмыстық топтар (сыбайластар) әрекетінің жолын кесу жөніндегі, сондай-ақ кепілге алынған адамдарды босату жөніндегі арнайы операцяларға қатысады;
      6) мемлекеттік билікті басып алу немесе зорлық-зомбылық арқылы конституциялық құрылысты өзгерту әрекеттері кезінде бұзылған конституциялық құқық тәртібін қалпына келтіруге, құқыққа қарсы іс-әрекеттерді жасаудың нәтижесінде, оның ішінде ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдардың негізінде бұзылған мемлекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін қалпына келтіруге қатысады;
      7) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде күзеттен және қадағалаудан, айдауылдау кезінде әскери қарауылдардан қашқан адамдарды іздестіруге қатысады;
      8) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға қатысады;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше және әскери жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысады;
      10) төтенше және соғыс жағдайы жағдайларында, сондай-ақ қарулы жанжал жағдайларында соғыс (ұрыс) қимылдарын жүргізеді және міндеттер орындайды;
      11) маңызды мемлекеттiк объектiлердi қоспағанда, Ұлттық ұлан күзететін объектілердегі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарын жоюға қатысады;
      12) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарын жою аймағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және карантиндер кезінде режимдік-шектеу іс-шараларына қатысады;
      13) азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасасу арқылы авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға қатысады;
      14) Ұлттық ұланның құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану жоспарын әзірлеуге қатысады және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерімен бірлесіп әрекет етуге дайындықты ұйымдастырады;
      15) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірлескен шешімдерінде айқындалған тәртіппен Ұлттық ұлан күзететін объектілерге жақын және олар орналасқан жерлерде шекаралық іздеулерге және операцияларға қатысады;
      16) Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен бөлімшелерін пәтерлендіруді, әскери объектілерін салуды және реконструкциялауды ұйымдастырады және жүзеге асырады, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін тұрғын алаңмен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша шараларды қабылдайды;
      17) белгіленген тәртіппен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің оларға жүктелген міндеттерді орындауымен байланысты өміріне, денсаулығына, ар-намысына, абыройына және мүлкіне қол сұғушылықтардан Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің және олардың отбасы мүшелерінің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
      18) белгіленген тәртіппен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін құқықтық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді, олардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған іс-шараларды әзірлейді және жүзеге асырады, Ұлттық ұланда санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды ұйымдастырады;
      19) Ұлттық ұланның құзыреттері шегінде мемлекеттік органдармен, өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасады;
      20) Ұлттық ұланның құзыреттеріне жататын мәселелер бойынша шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      21) Ұлттық ұланға қатысты бөлікте Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын іске асыру жөніндегі іс-шараларды орындайды;
      22) белгіленген тәртіппен Ұлттық ұлан қызметінің мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      23) Ұлттық ұланның құрылысы және даму жоспарларын әзiрлеуге және іске асыруға, сондай-ақ оның ұйымдастырушылық-штаттық құрылымын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауға қатысады;
      24) Ұлттық ұлан қызметі процесінде тұрақты сақталатын құжаттарды және өзге де құжаттамалық материалдарды жинауды (жинақтауды), сақтауды, есепке алуды қамтамасыз етеді;
      25) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.
      2. Ұлттық ұлан өз құзыреті шегінде:
      1) азаматтардан және лауазымды адамдардан қоғамдық тәртіпті сақтауды, құқық бұзушылықтарды және Ұлттық ұланның өкілеттіктерін жүзеге асыруға кедергі жасайтын іс-әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, осы талаптарды орындамаған жағдайда осы Заңда көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
      2) қылмыстық немесе өзге де құқық бұзушылықтардың жасалуына күдікті жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеруге;
      3) анықтау және тергеу органдарының өкілдері келгенге дейін қылмыстық құқық бұзушылық іздерінің сақталуын қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауға;
      4) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған немесе оларды жасауға оқталған адамдарды не олардың жеке бастарын анықтау мақсатында ұстауға және ішкі істер органдарына жеткізуге;
      5) сотталғандарды және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылдау үшiн қабылдау кезінде және оларды iздестiру барысында ұстағаннан кейiн тiкелей қарап тексеруді жүргiзуге;
      6) қылмыстық-атқару жүйесінің Ұлттық ұлан күзететін орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі аралас мекемелерінде ұсталатын адамдардың жүріс-тұрысын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға, онда ұсталатын адамдардан Қазақстан Республикасының заңнамасында және соттың үкімінде оларға жүктелген міндеттерді орындауды талап етуге;
      7) қылмыстық-атқару жүйесінің Ұлттық ұлан күзететін мекемесіне іргелес аумақтарда әкімшілік немесе қылмыстық заңнаманы қолдануға жататын әрекеттер жасаған адамдарды ұстауға және оларды ішкі істер орындарына жеткізуге, олардың жеке басын тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
      8) қылмыстық-атқару жүйесінің Ұлттық ұлан күзететін мекемесінің аумағында және режимдік талаптар орнатылған оған іргелес аумақтарда жүрген адамдарды, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеріп қарауды, сондай-ақ мекеменің ішкі тәртібі қағидаларында көзделмеген, тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюды жүргізуге;
      9) ерекше жағдайлар режимін енгізу кезінде көлік қозғалысын уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, қылмыстық-атқару жүйесінің Ұлттық ұлан күзететін мекемесінің аумағына және оған іргелес аумаққа азаматтарды өткізбеуге немесе оларды қалуға не кетуге міндеттеуге;
      10) осы елді мекенде әскери полиция органдары болмаған жағдайларда қоғамдық тәртiпті бұзған әскери қызметшiлердi ұстауға және оларды әскери коменданттарға немесе әскери бөлiм командирлерiне тапсыруға;
      11) көшпелі сот отырыстарына айдауылданатын адамдарды және ұсталған қашқан сотталғандарды немесе күзетпен ұсталатын адамдарды күзетпен ұстау орындарына және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне уақытша орналастыру үшін тапсыруға;
      12) күзет, бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға шығу (кіру) кезінде жеке тұлғаларды, олардың заттарын, көлік құралдарын және тасымалданған жүктерді, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып, тексеріп қарауға, іс-шара өткізіліп жатқан орындарға тыйым салынған бұйымдары мен заттары бар адамдарды және көлік құралдарын жібермеуге;
      13) карантиндік, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысуға;
      14) терроризмге қарсы операцияға және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысу кезінде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануға;
      15) Ұлттық ұлан күзететін объектілерге, арнайы жүктерге, коммуникациядағы құрылыстарға, Ұлттық ұланның қоймаларына, әскери базаларына, әскери басқару органдарына, Ұлттық ұланның құрамалары, әскери бөлімдері (бөлімшелері), жоғары әскери оқу орындары, сондай-ақ олардың объектілері тұрақты немесе уақытша орналасқан аумаққа, техникаға және өзге де мүлікке (бұдан әрі – Ұлттық ұлан күзететін объектілер) қол сұққан адамдарды ішкі істер органдарына тапсырғанша үш сағатқа дейінгі мерзімге ұстауға және Ұлттық ұланның қызметтік үй-жайларына қамауға алуға, аталған адамдардың жеке басын тексеріп қарауды, олардың көлік құралдарын және заттарын тексеріп қарауды жүргізуге, аталған адамдардан сақтауға және пайдалануға тыйым салынған құжаттарды және заттарды алып қоюға;
      16) Ұлттық ұлан күзететін объектілерде белгіленген қағидаларды бұзған көлік құралдарына, жүзу құралдарына (кемелер) тексеріп қарауды жүргізуге;
      17) Ұлттық ұлан күзететін объектілердің қызметкерлерін және аталған объектілерге келетін азаматтардың жеке басын тексеріп қарауды, сондай-ақ олардың заттары мен көлік құралдарын, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып тексеріп қарауды жүргізуге;
      18) жеке тұлғалардың қауiпсiздiгiне нақты қатер төнген кезде ол жерде қылмыстың немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды немесе жасалуда, жазатайым оқиға болды деп пайымдауға жеткілікті мәліметтер болған кезде, төтенше жағдайлар кезінде жеке тұлғалардың жеке қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрғын және өзге де үй-жайларға, аумақтарға және жер учаскелерiне (дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардан басқа) кедергiсiз кiруге, оларды қарап тексеруге;
      19) егер жеке тұлғалардың тұрғын үйлерде, жергілікті жердің белгілі бір учаскелерінде болуы адамның өмірі мен денсаулығына, меншік объектілеріне қауіп төндіретін болса, ұйымның жұмысын бұзатын болса, көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын, тергеу әрекеттері мен бұқаралық іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ету кезіндегі жағдайларда кедергі келтіретін болса, олардың сол жерлерге кіруін немесе болуын шектеуге, уақытша тыйым салуға;
      20) ұсталған қашқан сотталғандардың немесе күзетпен ұсталатын адамдардың, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікті (айыпты) адамдардың ізіне түсу үшін, егер қалыптасқан жағдайда адамдардың өміріне немесе денсаулығына нақты қауіптер төндіретін болса, меншік иелеріне материалдық залалды өтей отырып, кәсіпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға тиесілі байланыс құралдарын, көлік құралдарын (дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардың байланыс құралдарынан, көлік құралдарынан басқа) немесе азаматтардың өз келісімімен көлікті кедергісіз пайдалануға;
      21) күзетпен ұсталатын адамдарды және қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікті (айыпталушы) адамдарды іздестіру кезінде, жаппай тәртіпсіздіктердің және қоғамдық тәртіпті топтасып бұзудың және өзге де қоғамға қарсы іс-әрекеттердің жолын кесу кезінде, сондай-ақ басқа да әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде күзетілетін аумаққа құқыққа қайшы тәсілмен кірген немесе ол жерден кетіп қалған адамдардың ізіне түсу кезінде, жергілікті жердің аудандарын, жекелеген құрылыстарды және объектілерді қоршауды (тосқауыл қоюды), қажет болған кезде жеке тұлғаларды, олардың заттарын, көлік құралдарын және тасымалданатын жүктерді, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып, тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
      22) төтенше жағдайлар кезінде көшелерде және жолдарда көлік құралдарының және жаяу жүргіншілердің қозғалысына уақытша тыйым салуға немесе шектеуге, азаматтардың өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғау мақсатында оларды тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
      23) қаруды, оқ-дәрілерді, есірткі құралдарын, психотропты заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ өзге де тыйым салынған бұйымдар мен заттарды алып қоюға;
      24) заңда тиісті ақпаратты алудың өзгеше тәртібі белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардан және меншiк нысанына қарамастан ұйымдардан Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің пайдалануы үшін қажетті ақпаратты және материалдарды өтеусіз және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып алуға;
      25) коменданттық сағат аяқталғанға дейін оның режимін бұзған азаматтарды, ал өзімен бірге өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды, бұдан басқа жеке басын анықтағанға дейін, бірақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімнен аспайтын мерзімге ұстауға;
      26) Ұлттық ұланның әуе кемелеріне өтеусіз аэронавигациялық қызмет көрсетуге;
      27) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес қызметтік қаруды және арнайы құралдарды сақтауға, алып жүруге және қолдануға;
      28) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда және тәртіппен дене күшін, қаруды, арнайы құралдарды, әскери және арнайы техниканы қолдануға;
      29) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
      3. Ұлттық ұланның әскери қызметшiлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерiн бұзған жағдайда, Ұлттық ұлан бұл құқықтарды қалпына келтiруге, келтірілген залалдың орнын толтыруға, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кінәлілердің жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз етуге міндетті.

3-тарау. Ұлттық ұланның құрамы және қызметін ұйымдастыру

      6-бап. Ұлттық ұланның құрамы

      1. Ұлттық ұлан:
      1) Ұлттық ұланның әскери басқару органдарынан;
      2) жедел мақсаттағы құрамалар мен әскери бөлімдерден;
      3) маңызды мемлекеттік объектілерді және арнайы жүктерді күзету жөніндегі арнайы әскери бөлімдерден;
      4) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету және айдауылдау жөніндегі құрамалар мен әскери бөлімдерден;
      5) арнайы моторландырылған құрамалар мен әскери бөлімдерден;
      6) Ұлттық ұланның әскери полициясынан;
      7) Ұлттық ұланның жоғары әскери оқу орнынан;
      8) Ұлттық ұланның қызметін қамтамасыз ететін әскери бөлімдерден (оқу-жаттығу, байланыс, тылдық, медициналық, техникалық қамтамасыз ету және басқа);
      9) авиациялық бөлімдерден;
      10) арнайы мақсаттағы әскери бөлімдерден (бөлімшелерден) тұрады.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығын (бұдан әрі – Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы) Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы басқарады және ол Ұлттық ұланды әскери басқарудың жедел-стратегиялық органы болып табылады.
      3. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы:
      1) жедел-стратегиялық жоспарлауды, Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік және күнделікті қызметін қолдануды және басқаруды жүзеге асырады;
      2) Ұлттық ұланның жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлiгін сақтау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;
      3) қоғамдық тәртіпті сақтауды, маңызды мемлекеттік объектілерді, арнайы жүктерді, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзетуді және оларда қадағалауды жүзеге асыруды, күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылдауды ұйымдастырады;
      4) Ұлттық ұланның Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерімен, басқа да әскерлерімен және әскери құралымдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану жоспарын, қорғаныс мақсатында Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау жоспарын, Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жарақтаудың, дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге, Ұлттық ұланның құзыреті шегінде аумақтық қорғаныс міндеттерін жоспарлауға және орындауға қатысады;
      6) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуде жәрдем көрсету жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;
      7) қарулы қақтығыстар, төтенше жағдайлар жағдайларында қызметтік-жауынгерлік міндеттерді, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы күреске қатысуға және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге байланысты міндеттерді орындайтын Ұлттық ұланды басқаруды қамтамасыз етеді;
      8) Ұлттық ұланның әскерлерін инспекциялауды жүзеге асырады;
      9) Ұлттық ұланның құзыреті шегінде мемлекеттік нысаналы бағдарламаларды әзірлеуге және орындауға қатысады;
      10) өз құзыреті шегінде Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметі мәселелері бойынша ведомстволық құқықтық актілер шығарады және олардың орындалуын бақылайды;
      11) Ұлттық ұланның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға қатысады;
      12) Ұлттық ұланда заңдылық пен құқық тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелері мен азаматтық персоналдың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етеді;
      13) Ұлттық ұланды мерзімді қызметтегі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және азаматтық персоналдың қабылдануын ұйымдастырады және жүргізеді;
      14) Ұлттық ұлан үшін, оның ішінде шет елдерде халықаралық шарттар негізінде кадрлар даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды, әскери атақтар беруді жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің қарауына номенклатураға сәйкес лауазымға тағайындау және әскери атақтар беру жөніндегі ұсыныстарды енгізеді;
      15) Ұлттық ұланды қару-жарақтың, әскери техниканың қажетті түрлерімен, оқ-дәрімен және басқа да материалдық құралдармен қамтамасыз етуді ағымдағы және перспективалық жоспарлауды, оларды пайдалануды, олардың сақталуын, есепке алынуын, есептен шығарылуын және кәдеге асырылуын ұйымдастырады, сондай-ақ бейбіт уақытта Ұлттық ұланды жұмылдыра өрістету үшін осы құралдар қорының жинақталуы мен орналастырылуын жоспарлайды;
      16) әскери қызметшілер мен жеке құрамның жоғары моральдық-психологиялық, жауынгерлік және адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметін моральдық-психологиялық қамтамасыз ету бойынша және әскери қызмет қауіпсіздігінің қажетті жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастырады;
      17) Ұлттық ұланның құрылысын және оны дамыту, олардың ұйымдық-штаттық құрылымын жетiлдiру жоспарларын әзiрлейді және iске асырады;
      18) Ұлттық ұланды құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, Ұлттық ұланның мүддесін сотта, өзге де мемлекеттік органдарда қорғауды үйлестіреді және қамтамасыз етеді;
      19) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, әскери қызметтен босатылған азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған профилактикалық, емдеу, сауықтыру және оңалту іс-шаралар кешенін жүзеге асырады;
      20) Ұлттық ұланға қатысты бөлігінде, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады;
      21) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Ұлттық ұлан бөлімдерінің күзетуіне жататын маңызды мемлекеттік объектілердің, көлік коммуникацияларындағы құрылыстардың және арнайы жүктердiң тізбесін айқындау жөнінде ұсыныстар дайындайды;
      22) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін пәтерлерге орналастыруды, Ұлттық ұлан объектілерінің күрделі құрылысын ұйымдастырады;
      23) мыналарды:
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы туралы ережені;
      Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, жоғары әскери оқу орнының штатын, әскери қызметшілер жүктемесінің нормативтерін, штаттық нормативтерді, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланындағы лауазымдар номенклатурасын;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының міндеттерді орындауы жөніндегі нұсқаулығын;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери-дәрігерлік комиссиясы туралы ережені;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының кадрларын даярлауды жүзеге асыратын жоғары әскери оқу орнына қабылдау қағидаларын;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидаларын;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілеріне сыныптық біліктілік беру, оны арттыру, растау, төмендету және сақтау тәртібін;
      Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында әскери қызмет өткеру нұсқаулығын;
      Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді.
      4. Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілі бір аумақта өз қызметін жүзеге асыратын әскери басқарудың жедел-аумақтық органы болып табылады.
      5. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысына тікелей бағынысты құрамалар мен әскери бөлімдерді қоспағанда, құрамалар мен әскери бөлімдер Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының құрамына кіреді.

      7-бап. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы

      1. Ұлттық ұланды тікелей әскери басқаруды Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы жүзеге асырады, ол:
      1) Ұлттық ұланның тұрақты жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін сақтап отырады;
      2) әскердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетіне, жедел және жауынгерлік даярлығына, озық тәжірибені енгізуге, материалдық базаны дамытуға және жеке құрам үшін қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасауға басшылық жасайды;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскерді мерзімді қызметтегі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтау, олардың запасқа шығарылуын ұйымдастыру жөніндегі жоспарларды бекітеді;
      4) өз құзыреті шегінде бұйрықтар, директивалар және өзге де құқықтық актілер шығарады;
      5) Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
      6) белгіленген адам саны шегінде Ұлттық ұланның әскери басқару органдарының, құрамаларының, әскери бөлімдерінің және жоғары әскери оқу орындарының құрылымын және штатын бекітеді;
      7) қарулы қақтығыстар, төтенше жағдайлар, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы күреске қатысуға және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге байланысты міндеттер кезінде күштер құрамы мен құралдарын айқындайды;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және азаматтық персоналын тәртіптік жазаға тартады;
      9) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және азаматтық персоналын көтермелейді, оның ішінде ведомстволық наградалармен наградтайды;
      10) Ұлттық ұланды қаруландыруға әскери және өзге де техника мен басқа да мүлікті қабылдауды қамтамасыз етеді, жарамсыз болып қалған немесе әскери (бюджеттік) есептегі жоғалған материалдық құндылықтар мен ақшалай қаражатты Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен есептен шығарады;
      11) өз орынбасарларына, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының қолбасшыларына, құрамалардың және әскери бөлімдердің командирлеріне, жоғары әскери оқу орнының бастығына өкілеттік береді;
      12) Ұлттық ұланда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты ұйымдастырады;
      13) Ішкі істер министріне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарларын, Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылық әскерінің қолбасшылары және олардың орынбасарларын, Ұлттық ұлан жоғары әскери оқу орнының бастығын, Ұлттық ұлан құрамаларының командирлерін лауазымға тағайындау және лауазымнан босату туралы ұсыныстар енгізеді;
      14) мемлекеттік органдарда және халықаралық ұйымдарда Ұлттық ұланның мүддесін білдіреді;
      15) офицерлерді полковник әскери атағын беруге ұсынады;
      16) әскери қызметшілерге белгіленген тәртіппен жоғары әскери атақтар беруге қолдау көрсетеді;
      17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің әскери қызмет өткеру, әскери қызметшілерді ротациялау мәселелерін шешеді, лауазымдарға тағайындайды, лауазымдарынан босатады, подполковникті қоса алғанға дейінгі және атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір саты жоғары кезекті әскери атақтарды, оның ішінде мерзімінен бұрын береді, Ішкі істер министріне офицерлік құрамның әскери атақтарын төмендету жөнінде ұсыныстар енгізеді, запасқа немесе отставкаға шығарады;
      18) Ішкі істер министріне Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және азаматтық персонал адамдарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынады;
      19) Осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      8-бап. Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылық әскерінің
             қолбасшысы

      Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылық әскерінің қолбасшысы:
      1) өңірлік қолбасшылық әскерін оларға жүктелген қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау бойынша, сондай-ақ оның құрамына кірмейтін, белгіленген тәртіппен жедел бағынысына, оның ішінде даярлау және міндеттерді орындау кезеңіне уақытша берілген құрамаларды, әскери бөлімдерді және бөлімшелерді басқаруды жүзеге асырады;
      2) әскердің жедел және жауынгерлік даярлығына, жауынгерлік, тыл және техникалық жағынан қамтамасыз етудің барлық түрлеріне, озық тәжірибені енгізуге, материалдық базаны дамытуға және жеке құрам үшін қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасауға басшылық етеді;
      3) жауапкершілік аймағында төтенше жағдай енгізілген және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда өз құзыреті шегінде қарамағындағы құрамалар мен әскери бөлімдердің күштері мен құралдарын тартуға шешімдер қабылдайды;
      4) бұйрықтар мен өкімдер шығарады;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығы құрамына кіретін құрамалар мен әскери бөлімдердің әскери қызметшілерінің әскери қызмет өткеру және азаматтық персоналды қабылдау мәселелерін шешеді;
      6) лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады, кезекті әскери атақтар береді, жоғары сержанттық құрамды қоспағанда, капитанды қоса алғанға дейінгі келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді запасқа немесе отставкаға шығарады.

      9-бап. Ұлттық ұланды тұрақты орналасқан пункттерінен тыс
             жерлерде міндеттерді орындауға тарту

      1. Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамаларын, әскери бөлiмдерiн және арнайы моторландырылған бөлiмдерiн тұрақты орналасқан пункттерінен тыс жерлерде қоғамдық тәртiптi сақтау жөніндегі мiндеттердi орындауға немесе iшкi iстер органдарына төтенше жағдайдың құқықтық режимін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы операцияға және төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жоюға қатысуға, сондай-ақ заңсыз әскери құралымдарға қарсы күресу, қақтығыс ауданын оқшаулау және тосқауыл қою, аса қауiптi құқық бұзушылықтарды, диверсияларды, терроризм актілерін, қарулы қақтығыстарды тыю және тайталасушы тараптарды ажырату, заңсыз әскери құралымдарды қарусыздандыру және жою, қақтығыс ауданындағы халықтан қаруды алып қою, қақтығыс ауданына iргелес аудандарда қоғамдық тәртiптi сақтау және қауiпсiздiктi күшейту жөніндегі iс-шараларды жүргiзу үшiн тарту Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
      2. Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамаларының, әскери бөлімдерiнiң және арнайы моторландырылған бөлiмдерiнiң жеке құрамын тұрақты орналасқан пункттерінен тыс жерлерде осы бапта көрсетiлген оларға жүктелген мiндеттердi орындауға тартудың ұзақтығы үш айдан аспауға тиiс.

4-тарау. Ұлттық ұланның қызметі саласындағы мемлекеттік реттеу

      10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Ұлттық ұланның штат саны лимитін бекітеді;
      2) Ұлттық ұланды материалдық-техникалық ресурстармен, азық-түлiкпен, заттай мүлiкпен, қару-жарақпен, оқ-дәрiмен, әскери және арнайы техникамен, байланыс құралдарымен және басқа да арнайы техникалық құралдармен жарақтауды қамтамасыз етеді;
      3) Ұлттық ұланның бөлiмдерi күзетуге тиіс маңызды мемлекеттік объектiлердiң, тасымалдық коммуникациялардағы құрылыстардың және арнайы жүктердiң тiзбесiн айқындайды;
      4) мемлекеттік органдарға, мекемелерге және ұйымдарға жұмылдыруды жариялауға, төтенше жағдай және соғыс жағдайы режимдерінің енгізілуіне байланысты көлік құралдарын, байланыс құралдарын және өзге де материалдық-техникалық құралдарды дайындау және Ұлттық ұланға беру жөніндегі тапсырмаларды белгілейді, сондай-ақ басқа да жұмылдыру тапсырмаларын белгілейді;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер пайдалану құқығын бекіте отырып әскери қалаларды, оқу орталықтарын және басқа да объектілерді орналастыру және салу үшін жер учаскелерін береді;
      6) Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерiн, запастағы (отставкадағы) адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк және құқықтық қорғау, материалдық және тұрмыстық қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданады;
      7) Ұлттық ұланның қызметiн қамтамасыз етудiң басқа да мәселелерiн шешедi;
      8) Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен оған жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      11-бап. Мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың,
              мекемелердің және ұйымдардың құзыреті

      1. Мемлекеттік органдар, кәсіпорындар, мекемелер, меншік нысанына қарамастан ұйымдар, лауазымды адамдар Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне олардың қызметтік міндеттерін орындауына жәрдем көрсетуге міндетті.
      2. Мемлекеттік органдар, кәсіпорындар, мекемелер, меншік нысанына қарамастан ұйымдар және олардың лауазымды адамдары төтенше жағдайлар, төтенше жағдайды енгізу өз өкілеттіктері шегінде:
      1) мемлекеттік органдардың иелігіндегі әуежайларда, аэродромдарда, қону алаңдарында Ұлттық ұланның міндеттерді орындайтын әуе кемелеріне әуе кеңістігін бірінші кезекте пайдалану, қону, аялдау, ұшу, навигациялық, метеорологиялық және ұшуларды қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де ақпаратты алу құқығын тегін береді;
      2) жүктелген міндеттерді орындау кезінде Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен бөлімшелерін басқару үшін байланыс желілері мен арналарын тегін береді;
      3) Ұлттық ұланның әскери эшелондарын (көліктерін) уақытылы жөнелту және дербес жүретін әскери қызметшілерін тасымалдау мақсатында Ұлттық ұланның арнайы тасымалдау органының өтінімдері бойынша бірінші кезектегі тәртіппен қолма-қол ақшасыз есептесу бойынша және қосымша төлемдер алмай жылжымалы құрам, тасымалдау құралдары, жолаушылар поездарындағы орындар бірлігінің (оның ішінде жоспардан тыс тасымалдауларды жүзеге асыру үшін) қажетті санын бөледі;
      4) Ұлттық ұланның арнайы тасымалдау органдарына мұндай ақпарат жабық сипатта болған және мемлекеттік құпияларды қорғауға қатысты заңнамалық және өзге де актілерде көзделген негізде және тәртіппен ұсынылуға жататын жағдайларды қоспағанда, әскери эшелондардың (көліктердің) және командалардың жөнелтілгені және қозғалысы туралы қажетті ақпаратты береді.
      3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі:
      1) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін ведомстволық әскери оқу орындарында даярлауға жәрдемдеседі;
      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      12-бап. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі:
      1) Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетіне жедел басшылықты жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң және Үкіметінiң актілерін орындау үшiн Ұлттық ұланның қызметтiк-жауынгерлік іс-әрекетін және құрылымын жетiлдiру, ұйымдастырушылық іс-шараларды өткізу жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде Ұлттық ұланның құрылымын және орын ауыстыруын белгілейді;
      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Ұлттық ұланның жалпы санын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;
      5) Ұлттық ұланның тұрақты жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін ұстау бойынша шаралар қабылдайды, оларды қызметтік-жауынгерлік қолдану жөніндегі құжаттарды бекітеді;
      6) Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшілерді шақыруды және оларды Ұлттық ұлан қатарынан шығаруды ұйымдастыруға қатысуын қамтамасыз етеді;
      7) Қазақстан Республикасының Президентіне Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымына тағайындауға және Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне жоғары әскери атақтар беруге ұсыным енгізеді;
      8) Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерiн және азаматтық персоналын мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсынады;
      9) Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарларын, Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылық әскерінің қолбасшылары мен олардың орынбасарларын, Ұлттық ұланның жоғары әскери оқу орнының бастығын, Ұлттық ұлан құрамаларының командирлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, Ұлттық ұланның офицерлерін қызметтен шығарады, офицерлік құрамның алғашқы әскери атағын және «полковник» әскери атағын береді;
      10) мыналарды:
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы туралы ережені;
      Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының штатын, әскери қызметшілер жүктемесінің нормативтерiн, штаттық нормативтерді, Ұлттық ұландағы лауазымдар номенклатурасын;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының кадрларын даярлауды жүзеге асыратын жоғары әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидаларын;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілеріне сыныптық біліктілік беру, жоғарылату, растау, төмендету және сақтап қалу тәртібін;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының міндеттерді орындау жөніндегі нұсқаулығын;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери-дәрігерлік комиссиясы туралы ережені;
      Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында әскери қызмет өткеру нұсқаулығын;
      Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді.
      осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      13-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың,
              астананың жергiлiктi атқарушы органдарының
              құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) өз құзыреті шегінде ведомстволық бағынысты аумақта Ұлттық ұланның әскери басқару органдарын, құрамаларын, әскери бөлiмдерi мен бөлiмшелерін құру және орналастыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Ішкi iстер министрінің ұсыныстарын қарауға қатысады;
      2) Ұлттық ұланның бөлімшелері ведомстволық бағынысты аумақта төтенше жағдайларды жою жөніндегі міндеттерді орындау кезінде жеке құрамды орналастыруға арналған орындармен өтеусіз қамтамасыз етеді, азық-түлікпен, көлік, медициналық, коммуналдық және өзге де қажетті көрсетілетін қызметтермен үздіксіз қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      3) Ұлттық ұланның тұрмыс-тiршiлiгi үшiн тиiстi жағдайлар жасайды, Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерi мен қызметшілерінің және олардың отбасы мүшелерiнiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз етедi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес офицерлерге және әскери қызметтi келісімшарт бойынша өткеретін әскери қызметшiлерге тұрғын үй бөледi;
      4) Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының, құрамалары мен әскери бөлiмдерiнiң қолбасшылығына Ұлттық ұланға әскери қызметке шақыруды ұйымдастыруда жәрдем көрсетедi;
      5) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрімен келісім бойынша Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлімдерінің, арнайы моторландырылған әскери бөлімдерінің күштері мен құралдарын тұрақты орналасқан жері бойынша табиғи немесе техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою үшін тартады.

      14-бап. Облыстардың және республикалық маңызы бар
              қалалардың, астананың iшкi iстер
              департаменттерінің бастықтары

      Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың iшкi iстер департаменттерінің бастықтары:
      1) Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының келісімі бойынша Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлімдерінің, арнайы моторландырылған әскери бөлімдерінің күштері мен құралдарын аталған құрамалар мен әскери бөлімдердің қызметтік мақсатын ескере отырып, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің шекарасы шегінде жеке құрамның оқуына және демалуына жағдай жасай отырып, қоғамдық тәртіпті сақтау және ішкі істер органдарымен бірлесіп қатысу үшін тартады;
      2) құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлерi мен бiрлесiп Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлiмдерi және арнайы моторландырылған бөлiмдерi үшiн олардың санына қарай қызметтiк мiндеттердiң көлемiн айқындайды;
      3) Ұлттық ұланның әскери бөлiмдері мен әскери құрамалары командирлерінің, жедел мақсаттағы бөлiмдерi мен арнайы моторландырылған бөлiмдерi командирлерiнiң қызметтiк-жауынгерлік іс-әрекеттің нәтижелерi туралы ақпаратын тыңдайды;
      4) Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің командирлеріне Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің (бөлімшелер), оның ішінде Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінен келетіндердің қызмет етуі үшін тиісті жағдайлар жасауға, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін құқықтық қорғау кепілдіктерін сақтауға жәрдем көрсетеді.

5-тарау. Ұлттық ұланда әскери қызмет өткеру және еңбек қатынастары

      15-бап. Ұлттық ұланның кадрлары

      1. Ұлттық ұланның кадрлары әскери қызметшілерден және азаматтық персонал адамдардан тұрады.
      2. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің қажетті кәсіби, құқықтық және дене шынықтыру даярлығының болуы, табельдік қаруды, арнайы құралдарды және өздеріне бекітілген техниканы шебер меңгерулері тиіс.
      3. Ұлттық ұланда әскери қызмет өткеруші әскери қызметшiлердiң әскери атақтары, айырым белгiлері және олар үшiн белгiленген киім нысаны болады. Оларға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнде қызмет өткеру жағдайын реттейтін нормативтiк құқықтық актiлер және осы Заңда көзделген қарулы күштердің жалпы әскери жарғыларының, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері және әскери құрылымы алынып тасталғандары мен толықтырулары ескерiлген талаптары қолданылады.
      4. Ұлттық ұлан азаматтық персоналының еңбек қызметі Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес реттеледі.

      16-бап. Ұлттық ұландағы әскери қызмет

      1. Ұлттық ұлан жеке құраммен «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, сондай-ақ эксаумақтық қағидат бойынша әскери қызметке шақыру арқылы жасақталады.
      2. Ұлттық ұланға әскери қызметке кірген азаматтар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларымен белгіленген тәртіпте әскери ант қабылдайды.

      17-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшiлерiнiң құқықтық
              жағдайы

      1. Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерi осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да құқықтық актілерінде айқындалған өздеріне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде билік өкiлi болып табылады және олар мемлекет қорғауында болады, заң бойынша олардың құзыретіне жататын шешімдерді дербес қабылдайды және олардың орындалуын жүзеге асырады.
      2. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қажетті қорғаныс және өте қажеттілік туралы нормалар қолданылады.
      3. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің заңды талаптарын азаматтар мен лауазымды адамдар міндетті түрде орындаулары тиіс.
      4. Осы Заңның талаптарын орындамау, Ұлттық ұланның өздеріне жүктеген міндеттерін орындауына кедергі жасау, әскери қызметшілердің абыройы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу, әскери нышандарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.
      5. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде тікелей бастықтарына ғана бағынады.
      6. Офицерлерге және келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әкери қызметшілерге, қызметтік жағдайын және әскери қызмет өткеретінін куәландыратын қызметтік куәлік беріледі.

      18-бап. Ұлттық ұланның кадрларын даярлау және кәсіби
              деңгейін арттыру

      1. Ұлттық ұланға офицерлер даярлауды Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімшарттарына сәйкес шетел мемлекеттерінің жоғары оқу және әскери оқу орындары жүзеге асырады.
      2. Сержанттар мен сарбаздарды даярлау және қайта даярлау Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан және Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының оқу әскери бөлімдерінде (орталықтарында), сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімшарттарына сәйкес шетел мемлекеттерінің оқу және әскери оқу орындарында жүзеге асырылады.
      3. Ұлттық ұланның офицерлік құрамының және сарбаздар мен сержанттар лауазымдарында келісімшарт бойынша қызмет өткеретін әскери қызметшілерінің кәсіби деңгейін арттыру білім беру ұйымдарында, оның ішінде Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдеріне және келісімшарттарына сәйкес шетелдік әскери оқу орындарында жүзеге асырылады.

      19-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің әскери қызмет
              міндеттерін орындауы

      1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жағдайларда әскери қызмет міндетін атқарушы болып есептеледі.
      2. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің лауазымдық және арнайы міндеттері және оларды орындау тәртібі осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде, жалпы әскери жарғыларда және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
      3. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қарауыл, гарнизон, застава, әскери жасақша құрамында, сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін тартылатын әскери бөлімдердің құрамында әскери қызмет міндеттерін орындауы жауынгерлік кезекшілікті атқару болып табылады.
      4. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жауынгерлік кезекшілікті атқару тәртібі және шарттары, сондай-ақ олардың жауынгерлік кезекшілікті атқарғаны үшін төленетін үстемеақының (қосымша ақшалай төлем) мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      5. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жауынгерлік кезекшілікті атқару ұзақтығы әскери қызметшінің қарауыл, гарнизон, застава, әскери жасақша құрамында, сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін тартылатын әскери бөлімдердің (бөлімше) құрамында нақты болған уақытымен айқындалады.
      6. Ұлттық ұланның Қазақстан Республикасынан тыс бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға тікелей қатысқан және ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілеріне осындай қатысу кезеңі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      20-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің халықаралық
              құқық нормаларын сақтауы

      Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қызметтік міндеттерін орындау кезінде және Қазақстан Республикасынан тыс бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау бойынша халықаралық міндеттерді орындау кезінде халықаралық құқық нормаларына және Қазақстан Республикасының адам құқығын қорғау, қылмысқа қарсы күрес, қамауға алынғандармен жұмыс істеу саласындағы шарттық міндеттемелеріне сәйкес азаматтардың жеке қадір-қасиетін, құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін сыйлайды.

6-тарау. Ұлттық ұланның мәжбүрлеу шараларын қолдануы

      21-бап. Дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды,
              жауынгерлік және арнайы техниканы қолдану
              шарттары және шектері

      1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде егер өздеріне жүктелген міндеттерді басқа тәсілмен орындау мүмкін болмаса, дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдануға құқылы.
      2. Дене күші, арнайы құралдар, қару, әскери және арнайы техника қалыптасқан жағдайға байланысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда қолданылады.
      3. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдануға байланысты іс-әрекетке жарамдығына және зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі көмек көрсете білуге арнайы даярлықтан, сондай-ақ жүйелі түрде тексерістен өтуге міндетті.
      4. Ұлттық ұланның әскери қызметшісі дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, жауынгерлік және арнайы техника қолданған кезде:
      1) дене күші, арнайы құралдар, қару, әскери және арнайы техника қолдануды кешіктіру азаматтардың, әскери қызметшілердің немесе ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін немесе қалыптасқан жағдайда ескерту мүмкін болмаған немесе орынсыз болып табылатын жағдайларды қоспағанда, дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдану ниеті туралы ескертуге, бұл ретте адамдарға өз талаптарын орындауға жеткілікті уақыт беруге;
      2) дене жарақатын алған адамдарға дәрігерге дейінгі көмек көрсетуді қамтамасыз етуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте прокурорды кейіннен хабардар ету, өзінің тікелей командиріне (бастыққа) дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, жауынгерлік және арнайы техниканы қолданудың салдарынан алған жарақаттар немесе қайтыс болған барлық жағдайлар туралы кешіктірмей баяндауға міндетті.
      5. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, жауынгерлік және арнайы техниканы өкілеттілігін асыра қолдануы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      22-бап. Дене күшін қолдану

      Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, өзін-өзі қорғау, оларды жасаған адамдарды ұстап алу, Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарсылықты еңсеру үшін, егер қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесудің өзге де тәсілдері Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қызметтік міндеттерін орындауын қамтамасыз етпейтін болса, дене күшін, оның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға құқылы.

      23-бап. Арнайы құралдарды қолдану

      1. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің:
      1) азаматтарға, әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жасалған шабуылды тойтару;
      2) Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің және қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі қызметтік міндеттерін немесе азаматтық борышын атқарып жүрген өзге де адамдардың заңды талаптарына бағынбаушылықтың немесе қарсылық көрсетудің жолын кесу;
      3) қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде үстінен түскен, жасырынуға немесе қарсылық көрсетуге әрекет еткен адамдарды ұстап алу;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздер бойынша адамдарды ұстап алу;
      5) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың, олардың аумағындағы азаматтардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірген (айыпталған) адамдарды, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап алу және аумақтық ішкі істер органдарына жеткізу, сондай-ақ бағынбаған немесе қарсылық көрсеткен, сол сияқты қашуы, айналасындағыларға және өзіне зиян келтіру мүмкін немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшісіне қарсылық көрсетеді деп ұйғаруға негіз болса, сотталғандарды, күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылдау және күзету;
      6) әскери қалашықтарға, әскери эшелондарға (көліктерге) және көлік колонналарына, Ұлттық ұлан күзететін объектілерге жасалған шабуылдарды тойтару;
      7) кепілге алынған адамдарды құтқару, басып алынған ғимараттарды, үй-жайларды, құрылыстарды, көлік құралдарын және жергілікті жердің учаскелерін босату;
      8) меншік нысанына қарамастан көлік құралдарының, байланыс құралдарының, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың жұмысын бұзатын, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жұмысына іріткі салатын жаппай тәртiпсiздiк пен әрекеттердің жолын кесу;
      9) жүргізушілері полиция қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің тоқтату туралы заңды талаптарын орындамаған көлік құралдарын тоқтату үшін арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.
      2. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қолданатын арнайы құралдар ретінде:
      1) резеңке таяқтар – осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда;
      2) көзден жас ағызатын газ – осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда;
      3) қол кісендері – осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда қолданылуы мүмкін. Қол кісендері болмаған кезде әскери қызметшілер байлау үшін қолда бар құралдарды қолдануға құқылы;
      4) алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құралдары – осы баптың
1-тармағының 1), 4), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда;
      5) тосқауылдарды бұзу құралдары – осы баптың 1-тармағының 4), 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда;
      6) көлікті мәжбүрлеп тоқтату құралдары – осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайларда;
      7) қызметтік иттер – осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда қолданылуы мүмкін.
      3. Арнайы құралдардың барлық түрлері сондай-ақ осы Заңның 24-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда қолданылуы мүмкін.
      4. Арнайы құралдың түрі, оны қолдануды бастау уақыты және қарқыны қалыптасқан жағдайды, құқық бұзушылықтың сипатын және құқық бұзушының жеке басын ескере отырып айқындалады.
      5. Жүктілік белгілері байқалатын әйелдерге, анық мүгедектiк белгiлері бар көрiнiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты, аталған адамдар топтасып немесе өзге де шабуыл жасаған, қарсылық көрсеткен, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жағдайларды қоспағанда, арнайы құралдарды қолдануға тыйым салынады.

      24-бап. Қару қолдану

      1. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің:
      1) азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан оларды қорғау;
      2) әскери қызметшілерге, ішкі істер, сот және прокуратура органдарының қызметкерлеріне жасалған, олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылды тойтару, сондай-ақ олардың қаруын және әскери техниканы иелену әрекетінің жолын кесу және өміріне немесе денсаулығына қатер төнген кезде өзге де адамдарды қорғау үшін;
      3) әлеуметтік сипаттағы, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі, тергеу изоляторларындағы, түрлемелердегі төтенше жағдайды тоқтату үшін, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету кезінде;
      4) кепілге алынған адамдарды құтқару, басып алынған күзетілетін объектілерді, арнайы жүктерді, коммуникациялардағы құрылыстарды және әскери техниканы босату;
      5) азаматтардың өмірі мен денсаулығына не меншікке қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасау кезінде үстінен түскен, жасырынуға әрекет жасаған, сондай-ақ қарулы қарсылық көрсеткен адамдарды ұстап алу;
      6) өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалған адамдардың; бас бостандығынан айыруға сотталғандардың күзетпен ұтаудан қашуының жолын кесу, сондай-ақ олардың күшпен босану әрекеттерiнің жолын кесу үшін;
      7) егер жүргізушісі өз әрекеттерімен азаматтардың немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы жеке құрамының өміріне немесе денсаулығына қатер төндірсе не ішкі істер органдары қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарамастан, жүргізушісі тоқтатудан бас тартса, сондай-ақ егер сотталған адам көлік құралын қашу үшін пайдаланса, көлік құралын зақымдау арқылы тоқтату;
      8) азаматтарға немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы қару пайдаланған немесе қолданған жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды бейтараптандыру;
      9) әскери қалашықтарға, әскери эшелондарға (көліктерге), көлік колонналарына, күзетілетін объектілерге, арнайы жүктерге, коммуникациялардағы құрылыстарға, күзетшілерге, қарауылдың (нарядтың) басқа да адамдарына немесе қарауыл үй-жайына, азаматтардың тұрғын үй-жайларына, мемлекеттік билік органдары, меншік нысанына қарамастан кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер орналасқан үй-жайларға топтасқан немесе қарумен шабуылдарды тойтару (оның ішінде көлік құралдарын пайдалана отырып тойтару);
      10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы қарулы жанжалдарды және басқа да арандатушылықтарды тоқтату;
      11) қарулы адамдардың құқыққа қарсы әрекеттерін тоқтату және осы адамдардағы қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, олардың жарылатын немесе имитациялайтын құрылғыларын, арнайы жасалған техникалық құралдарды, оңай тұтанатын және жанатын сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, арнайы құралдарды және әскери техниканы, қолданылуы Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің және (немесе) ішкі істер органдары қызметкерінің, өзге де адамдардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін дене жарақаттау үшін арнайы жасалған басқа да заттарды тапсыру туралы Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан осындай адамдардың қарсылығын басу;
      12) азаматтарды қару қолдану ниеті туралы ескерту, дабыл сигналын беру және көмекке шақыру;
      13) азаматтардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қатер төндіретін жануарды залалсыздандыру;
      14) өзге тәсілдермен бұл әрекеттердің жолын кесу мүмкін болмаса, адамдардың күзетілетін объектілердің, бекеттердің және басқа да жауынгерлік қызмет атқару орындарының аумақтарына құқыққа қарсы тәсілмен кіру немесе оларды тастап шығу әрекеттерінің жолын кесу үшін қару қолдануға құқығы бар.
      2. Қаруды, жарылғыш заттарды, олардың жарылатын немесе имитациялайтын құрылғыларын, арнайы жасалған техникалық құралдарды, оңай тұтанатын және жанатын сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, әскери және арнайы техниканы, көлік құралдарын, ұшу аппараттарын, теңіз немесе өзен кемелерін қолдана отырып, жасалған шабуылды тойтару кезінде, күзетпен ұстаудан қарумен не көлік құралдарымен, ұшу аппараттарымен, теңіз немесе өзен кемелерімен қашқан кезде, сондай-ақ түнгі мезгілде немесе көру шектеулі болған жағдайда сотталған адам (күзетпен қамауға алынған адамдар) қашқан кезде, жүріп келе жатқан көлік құралдарынан, теңіз немесе өзен кемелерінен қашқан кезде қару ескертусіз қолданылады.
      3. Жүктілік белгілері байқалатын әйелдерге, анық мүгедектiк белгiлері бар адамдарға және жас балаларға қатысты, аталған адамдар топтасып немесе өзге де қарумен шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жағдайларды қоспағанда, қаруды қолдануға тыйым салынады.

      25-бап. Әскери және арнайы техниканы қолдану

      1. Ұлттық ұланның қару-жарағында тұрған әскери және арнайы техника:
      1) кепілге алынған адамдарды құтқару, басып алынған күзетілетін объектілерді, арнайы жүктерді, коммуникациялардағы құрылыстарды және әскери техниканы босату;
      2) өзге тәсілмен бұл әрекеттің жолын кесу мүмкін болмаған жағдайда, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан оларды қорғау;
      3) егер жүргізуші ішкі істер органдары қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарамастан тоқтатудан бас тартса, төтенше жағдай режимінде көлік құралын тоқтату;
      4) әскери қалашықтарға, әскери эшелондарға (көліктерге), көлік колонналарына, күзетілетін объектілерге, арнайы жүктерге, коммуникациялардағы құрылыстарға, азаматтардың тұрғын үй-жайларына, мемлекеттік билік органдары, меншік нысанына қарамастан кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер орналасқан үй-жайларға топтасқан немесе қарумен шабуылдарды тойтару (оның ішінде көлік құралдарын пайдалана отырып тойтару);
      5) қарулы адамдардың құқыққа қарсы әрекеттерін тоқтату және осы адамдардағы қаруды және әскери техниканы тапсыру туралы Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің заңды талаптарын орындаудан бас тарқтан осындай адамдардың қарсылығын басу үшін қолданылады.
      2. Осы Заңның 23-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда, әскери бөлім командирінің немесе оның орынбасарының нұсқауы бойынша суатқыштар мен броньды машиналар қолданылуы мүмкін.

      26-бап. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен олардың
              отбасы мүшелерінің жеке қауіпсіздігінің
              кепілдіктері

      1. Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің осы Заңның 24-бабында көзделген жағдайларда ғана қаруын шығаруға және оны әзірлікке келтіруге құқығы бар.
      2. Адамның Ұлттық ұланның әскери қызметшісі көрсеткен қашықтықты қысқартып, оған қарумен не дене жарақатын салуға болатын затпен жақындау әрекеттерін жасау, сондай-ақ әскери қызметшінің қаруын иелену соңғысына осы Заңның 24-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қару қолдану құқығын береді.
      3. Ұлттық ұланның әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын әскери қызметшілері негізделген кәсіби тәуекелге құқылы. Негізделген кәсіби тәуекел кезінде келтірілген зиян құқық бұзушылық болып табылмайды.
      Егер Ұлттық ұланның әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және (немесе)төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын әскери қызметшісі жасаған әрекет қалыптасқан жағдайдан объективті туындаса және қойылған мақсатқа тәуекелмен байланысты емес іс-әрекеттер мен қол жеткізу мүмкін болмаса, бұл ретте Ұлттық ұланның төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын әскери қызметшісі зиян келтіруді болдырмау үшін барлық мүмкін болатын шараларды қабылдаса, кәсіби тәуекел негізді болып танылады.
      4. Ұлттық ұланның әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын әскери қызметшілері, егер:
      1) қажетті қорғаныс немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралар шегінен аспаса;
      2) оның көрiнеу заңсыз бұйрықтарды немесе өкiмдердi орындау үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауын қоспағанда, ол белгіленген тәртіппен берілген, өзі үшін міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау үшін әрекет етсе;
      3) ол негізделген кәсіби тәуекел немесе айрықша қажеттілік жағдайында әрекет етсе, дене күшін, арнайы құралдарды, әскери және арнайы техниканы қолдануға, осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде көзделген қаруды қолдануға (пайдалануға) байланысты келтірілген зиян үшін жауапты болмайды.
      5. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің жеке қауіпсіздігі мүддесінде көпшілік алдында сөз сөйлеуде, бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлттық ұлан құрамалары мен әскери бөлімдерінің орналасқан немесе көшірілген жері туралы мәліметтерді таратуға жол берілмейді, сондай-ақ Ұлттық ұланның қарулы қылмыскерлер, заңсыз қарулы құралымдар және өзге де ұйымдасқан қылмыстық топтар (қоғамдастықтар) әрекетінің жолын кесуге қатысқан әскери қызметшілері туралы мәліметтердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері туралы мәліметтердің құпиялылығы қамтамасыз етіледі.

7-тарау. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері

      27-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, олардың                      отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері

      1. Ұлттық ұланда әскери қызмет атқарудың ерекше сипаты және әскери қызметшілердің осы Заңда белгіленген жауапкершілігі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін қосымша әлеуметтік құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесінің туберкулезге қарсы мекемелерінде қызмет атқаратын әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында осы санаттағы медициналық қызметкерлер үшін белгіленген жеңілдіктер қолданылады.
      3. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін осы Заңның 9-бабына сәйкес тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде міндеттерді орындауға тарту кезеңінде еңбек сіңірген жылына есептелетін әскери қызмет мерзімінің бір күні үш күн есебіне саналады және үш еселенген мөлшерде ақшалай қаражат төленеді.

      28-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, олардың
              отбасы мүшелерінің тұрғын үй құқықтары

      1. Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерді және олармен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алғаны (жалдағаны) үшін өтемақы төлеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
      2. Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қызметтік міндеттерін жүзеге асыруға байланысты қаза тапқан жағдайда қаза тапқан әскери қызметші отбасының есепке қойғандағы негіздер бойынша тұрғын алаң алу құқығы сақталады, тұрғын алаң әскери қызметшінің қаза тапқан күнінен бастап бір жылдан кешіктірілмей беріледі. Асыраушысынан айырылған әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұруға жарамды басқа тұрғын үй-жай өтеусіз берілмейінше, олар тұрып жатқан тұрғын үй-жайларынан шығарылмайды.

8-тарау. Қорытынды ережелер

      29-бап. Ұлттық ұланды қаржыландыру

      Ұлттық ұланды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      30-бап. Ұлттық ұланды материалдық-техникалық жағынан
              қамтамасыз ету

      1. Ұлттық ұланды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орталық органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.
      Ұлттық ұланды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      2. Ұлттық ұлан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары үшін белгіленген тәртіппен және нормалар бойынша қару-жарақпен, авиациялық, автомобильдік, броньды танк және басқа да әскери техникамен және материалдық құралдармен қамтамасыз етіледі.
      3. Маңызды мемлекеттік объектiлердi, коммуникациялардағы объектiлердi, тасымалдау кезінде арнайы жүктерді, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерiнің объектiлерiн күзету жөніндегі мiндеттердi орындайтын әскери бөлiмдерге (бөлiмшелерге) әскери қалашықтарды, жеке құрамды, қару-жарақты, техника мен әскери-техникалық мүлiкті, сондай-ақ басқару органдары орналастырылатын ғимараттар мен құрылыстарды объектiлерiн Ұлттық ұлан күзететiн министрлiктер, ведомстволар (мекемелер) бөледі немесе салады.
      4. Тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындауға тартылатын Ұлттық ұланның бөлiмшелерi жаппай қоғамдық-саяси іс-шаралар өткізілген кезде бюджет қаражаты есебінен пәтерлерге жайғастыруға арналған тұрғын үй-жайлармен, көрсетілетін коммуналдық қызметтермен, байланыс желілерімен арналарымен, автокөлікпен және жанар-жағармай материалдарымен, қосымша тамақпен қамтамасыз етіледі.
      5. Ұлттық ұлан мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мұнай өнімдерін беру жөніндегі бірыңғай оператордан сатып алады.

      31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері туралы» 1992 жылғы 23 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 11-12, 290-құжат; № 24, 592-құжат; 1993 ж., № 8, 179-құжат; 1995 ж., № 1-2, 17-құжат; № 23, 155-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 23, 416-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 8, 233, 247-құжаттар; 2001 ж., № 13-14, 174-құжат; № 20, 257-құжат; № 24, 336-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 155-құжат; 2007 ж., № 15, 107-құжат; 2008 ж., № 10-11, 39-құжат; 2010 ж., № 7, 32-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 11, 102-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 5, 41-құжат; 2013 ж., № 2, 8-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; 2014 жылғы 10 шілдеде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады