"Өзін-өзі реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 1432 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Өзін-өзі реттеу туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік және кәсіби қызмет субъектілерінің өзін-өзі реттеуін дамытумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, өзін-өзі реттеуші ұйымдардың құрылу және жұмыс істеу, оған мүше болу (қатысу) шарттарын және олардың құқықтық жағдайларын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) өзін-өзі реттеу – жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын еріктілікке немесе міндеттілікке негізделген кәсіпкерлік немесе кәсіби қызметті олардың дербес реттеуіне бағытталған осы Заңда көзделген шаралар кешені;
      2) өзін-өзі реттеуші ұйым – Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген қауымдастық (одақ) немесе өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы қызметтің, саланың, экономикалық қызмет түрлерінің, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығының жалпыға ортақ болуы қағидаты бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті не міндетті мүше болуына немесе реттелетін кәсіби қызмет субъектілерінің міндетті мүше болуына (қатысуына) негізделген коммерциялық емес ұйым;
      3) өзін-өзі реттеу субъектілері – өзін-өзі реттеуші ұйымдар, өзін-өзі реттеуші ұйымдардың мүшелері (қатысушылары);
      4) уәкілетті орган – өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
      5) реттеуші мемлекеттік органдар – өзін-өзі реттеу енгізілген немесе енгізу жоспарланған нақты саладағы не аядағы кәсіпкерлік немесе кәсіби қызметті реттеуге жауапты мемлекеттік органдар.
      6) кәсіби қызмет – Қазақстан Республикасының заңдарымен реттелетін кәсіби қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның қызметі;
      7) өтемақы қоры – өзін-өзі реттеуші ұйым, оның мүшелері (қатысушылары) тұтынушылар мен өзге де тұлғалар алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайларда кепілдендірілген төлемдерді жүзеге асыруға арналған резерв;
      8) өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы – тұлғалардың (мүшелердің, қатысушылардың) жеке мүдделілігі олардың кәсіби (мүшелілік) міндеттерін орындауға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін және (немесе) өзін-өзі реттеуші ұйымның осындай жеке мүдделілігі мен заңды мүдделілігі арасында қайшылықтың туындауына немесе өзін-өзі реттеуші ұйымның заңды мүдделеріне зиян келтіруге алып келетін қайшылықтардың туындауына әкеп соқтыратын жағдай;
      9) жеке мүдделілік – өзін-өзі реттеуші ұйымның және (немесе) оның мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін, өзін-өзі реттеуші ұйым мүшесінің (қатысушысының), өзін-өзі реттеуші ұйымның басқару органының құрамына кіретін тұлғаның, еңбек шартының немесе азаматтық-құқықтық шарттың негізінде іс-әрекет ететін қызметкердің материалдық және (немесе) өзге де мүдделілігі.

      2-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы
      заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық, Кәсіпкерлік кодекстерінен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағы қағидалардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Өзін-өзі реттеуді енгізудің түрлері мен
      ерекшеліктері

      1. Өзін-өзі реттеу ерікті немесе міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделуі мүмкін.
      2. Өзін-өзі реттеу субъектілеріне неғұрлым жоғары талаптар белгілей отырып, кәсіпкерлік немесе кәсіби қызмет салаларындағы мемлекеттік реттеумен қатар ерікті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу қолданылады.
      3. Кәсіпкерлік немесе кәсіби қызмет саласындағы міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу осы Заңда айқындалған тәртіппен, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері негізінде мемлекеттік функцияларды іске асырумен не мемлекеттік органдар атқаратын белгілі бір функциялардың берілу қажеттігімен байланысты қызмет салаларына енгізіледі.
      4. Міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу үшін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес нақты саладағы реттеуші мемлекеттік орган мен мүдделі тұлғалар өздері әзірлейтін құжаттардың жобаларына қатысты реттеушілік әсерді талдау рәсімдерін алдын ала жүргізулері тиіс.
      Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу немесе нақты айқындалған проблемаларды шешу үшін реттеудің баламалы тәсілдерін бағалау арқылы міндетті өзін-өзі реттеуді пайдалану бөлігінде мемлекеттік саясаттың пәрменділігін және тиімділігін арттыру реттеушілік әсерді талдаудың мақсаты болып табылады.
      Міндетті өзін-өзі реттеу енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін реттеушілік әсерді талдау жүргізіледі.
      Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша міндетті өзін-өзі реттеудің тиімділігіне қарай ол алынып тасталуы немесе өзгеше тәсілмен қайта қаралуы мүмкін.
      5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, заңды және жеке тұлғаларды кәсіби қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуші бір ұйымға біріктіруге жол берілмейді.
      6. Өзін-өзі реттеуші ұйымдар ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету саласында құрылуы мүмкін емес.

      4-бап. Қазақстан Республикасында өзін-өзі реттеу
             қағидаттары

      1. Мыналар:
      1) заңдылық – барлық мүдделі тұлғалардың құқықтары сақталған жағдайда, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзін-өзі реттеуді енгізу және оны жүзеге асыру;
      2) теңдік – өзін-өзі реттеу субъектілерінің тең құқықтары мен міндеттерінің болуы;
      3) өзін-өзі қаржыландыру – Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған мүшелік жарналар мен өзге де көздер негізінде өзін-өзі реттеуші ұйымның қызметін қаржыландыру;
      4) жауапкершілік – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда өзін-өзі реттеуші ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) іс-әрекеттерімен келтірілген залалдар үшін үшінші тұлғалардың алдында мүліктік жауапкершілікті кепілдендіру тетіктерін пайдалану;
      5) қызметтің ашықтығы – мүдделі адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігі қамтамасыз етілетін өзін-өзі реттеуші ұйымдардың барынша ашық қызметі;
      6) беделге байланысты тәуелділік (беделдік тәуелділік) – өзін-өзі реттеуші ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) өздерінің іскерлік және кәсіби беделіне тәуелділігі;
      7) өзара көмек және мүдделерді қорғау – өзін-өзі реттеуші ұйымдардың өзінің мүшелеріне (қатысушыларына) көмек көрсетуі, сондай-ақ олардың мүдделерін қорғауы;
      8) тәуелсіздік – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, өзге де ұйымдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан өзін-өзі реттеуші ұйымдар қызметіне араласуға жол берілмеу өзін-өзі реттеудің жалпы қағидаттары болып табылады.
      2. Мыналар:
      1) бірігу еркіндігі – өзін-өзі реттеуші ұйымға ерікті түрде бірігу үшін адамдардың таңдауы;
      2) саланың тұтастығы – өндірілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің), технологияның, өндіріс объектілерінің жұмыс істеу циклі кезеңінің ұқсастығы (ұқсас немесе аралас сипаттамалары) тән қызмет түрлерінің бірдейлігі белгісі бойынша кәсіпкерлерді біріктіру ерікті өзін-өзі реттеудің негізгі қағидаттары болып табылады.
      3. Мыналар:
      1) тиімділік – мемлекеттік реттеу мақсаттарына неғұрлым тиімдірек қол жеткізген жағдайда ғана, өзін-өзі реттеуді енгізу жүзеге асырылады;
      2) қайталануды болдырмау – өзін-өзі реттеуші ұйымдардың мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қосарланған бақылауды болдырмау мақсатында мемлекеттік органдар мен өзін-өзі реттеуші ұйымдар құзыретінің нақты аражігін ажырату міндетті өзін-өзі реттеудің негізгі қағидаттары болып табылады.

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫ МЕН ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ФУНКЦИЯЛАРЫ

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) өзін-өзі реттеуді дамыту бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен оған жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган:
      1) өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) реттеушілік әсерді талдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша әдістемелік көмекті және реттеуші мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
      3) реттеуші мемлекеттік органдар дайындайтын реттеушілік әсерді талдаулар нәтижелеріне сараптамалық қорытындылар береді және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолдайды.
      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      7-бап. Реттеуші мемлекеттік органдардың құзыреті

      Реттеуші мемлекеттік органдар:
      1) өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлейді және уәкілетті органмен келіседі;
      2) реттеушілік әсерді талдауды жүзеге асырады;
      3) тиісті салада (аяда) өзін-өзі реттеуші ұйымдардың тізілімін жүргізеді;
      4) міндетті мүшелігіне негізінделген өзін-өзі реттеуші ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын келіседі;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      8-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың Қазақстан
             Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен
             өзара іс-қимылы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен өзін-өзі реттеуші ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, оның шінде:
      1) нормативтік құқықтық актілерге сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және шетел мемлекеттерінде өзін-өзі реттеуші ұйымдардың және олардың мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді, қорғайды;
      2) өзін-өзі реттеуші ұйымдар қызметінің қағидалары мен стандарттарын әзірлеуге жәрдемдеседі;
      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түскен осы өзін-өзі реттеуші ұйымдардың қызметіне және олардың мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын өзін-өзі реттеуші ұйымға сараптама жүргізу үшін жолдайды;
      4) Қазақстан Республикасының халықаралық төрелiк және төрелік сот туралы заңнамасына сәйкес өзін-өзі реттеуші ұйымдардың мүшелері (қатысушылары) арасында, сондай-ақ олар мен өзін-өзі реттеуші ұйымдар мүшелері (қатысушылары) өндірген тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) тұтынушылар, өзге тұлғалар арасында туындайтын дауларды шешу үшін аралық және төрелік сот қызметтерін береді.

      3-тарау. ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕУШІ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ

      9-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның қызметін құру және оны
             тоқтату

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйым кәсіпкерлік немесе кәсіби қызметті жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлғаның бастамасы бойынша не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады және өз қызметін тоқтатады.
      Өзін-өзі реттеуші ұйым «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен өз еркімен (жалпы жиналыстың шешімі бойынша) және мәжбүрлі түрде (сот шешімі бойынша) таратылуы мүмкін.
      2. Аудиторлық қызметі саласындағы өзін-өзі реттеуші ұйымдарды құрудың шарттары мен тәртіптері «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ерекшелігіне сәйкес анықталады.
      3. Мүшелікке кірудің және шығудың шарттары мен тәртіптері Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында айқындалады.
      Міндетті өзін-өзі реттеу кезінде олардың мүшелерінің (қатысушыларының) санына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
      4. Міндетті мүшелікке (қатысушылыққа) негізделген өзін-өзі реттеуші ұйым таратылған жағдайда оның мүшелері (қатысушылары) үш айдың ішінде кіру жарнасын төлемей, міндетті мүшелікке (қатысушылыққа) негізделген басқа өзін-өзі реттеуші ұйымға кіруге міндетті.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде мұндай мүшелер (қатысушылар) кәсіпкерлік немесе кәсіби қызметті жүзеге асыруға құқылы.
      5. Ерікті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеуші ұйымның қызметін бастау, сол сияқты тоқтату үшін негіз белгілі саладағы реттеуші мемлекеттік органға жіберілген осы туралы хабарлама болып табылады.
      Хабарламаны жіберу «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Міндетті мүшелікке (қатысушылыққа) негізделген өзін-өзі реттеуші ұйымның қызметін бастау, сол сияқты тоқтату үшін негіздер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

      10-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысы

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысы:
      1) өзін-өзі реттеуші ұйымның атауын, орналасқан жерін, қызметінің мәні мен мақсатын;
      2) өзін-өзі реттеуші ұйымның ұйымдық құрылымы
      3) мүшелікке (қатысуға) кіру, одан шығу, мүшелікті (қатысуды) жою шарттары мен тәртібі;
      4) өзін-өзі реттеуші ұйым органдарын қалыптастыру тәртібі, құзыреті мен өкілеттілік мерзімі;
      5) өзін-өзі реттеуші ұйым органдарының, мүшелерінің (қатысушыларының) есептілік тәртібі, мерзімі және олардың қызметін бақылау;
      6) өзін-өзі реттеуші ұйым мен оның мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен міндеттері, оның ішінде олар қабылдайтын қағидаларды және стандарттарды орындаудың міндеттілігі;
      7) өзін-өзі реттеуші ұйым мүлкін қалыптастыру көздері, мүлікті басқару бойынша оның құқықтары;
      8) кіру және мүшелік жарнаны төлеу тәртібі, оларды нысаналы пайдалану және бұл туралы есептілік;
      9) ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы өзінің мүшелерін (қатысушыларын) хабардар ету тәртібі;
      10) өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
      11) өзін-өзі реттеуші ұйымды қайта ұйымдастыру және тарату, оны таратқан кездегі мүлкінің жағдайы туралы шешім қабылдау тәртібін көздеуі тиіс.
      2. Жарғыда өзін-өзі реттеуші басқа ұйымға мүшелікті (қатысушылықты) шектеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер көзделуі мүмкін.

      11-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың тізілімі

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың тізілімі - өзін-өзі реттеуші ұйымдарды, олардың деректемелері және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген хабарламалардың негізінде қалыптастырылатын олардың қызмет түрі, олардың филиалдары туралы мәліметті қамтитын өзін-өзі реттеуші ұйымдардың тізбесі.
      2. Мемлекеттік органдар өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру үшін хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардан аталған ақпараттарды растауды қосымша талап етпей, өзін-өзі реттеуші ұйымдар туралы ақпарат алуға міндетті.
      3. Өзін-өзі реттеуші ұйымдар туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға, оның ішінде мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін электрондық анықтама нысанында беріледі.

      12-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың басқару органдары

      Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың басқару органдары:
      1) өзін-өзі реттеуші ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы;
      2) өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы;
      3) өзін-өзі реттеуші ұйымның атқарушы органы;
      4) бақылау органы (тексеру комиссиясы) болып табылады.
      Өзін-өзі реттеуші ұйымда тұрақты жұмыс істейтін алқалы органның функциясын өзін-өзі реттеуші ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы жүзеге асыруы мүмкін.

      13-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің
              (қатысушыларының) жалпы жиналысы

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа заңдарымен және оның жарғысымен өзінің құзыретіне жатқызылған өзін-өзі реттеуші ұйым қызметінің мәселелерін қарауға өкілетті өзін-өзі реттеуші ұйымның жоғарғы басқару органы болып табылады.
      2. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы жылына кемінде бір рет өзінің жарғысында белгіленген кезеңділікпен және тәртіппен шақырылады.
      3. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне мынадай мәселелер жатады:
      1) өзін-өзі реттеуші ұйым жарғысын бекіту, оған өзгерістер енгізу;
      2) өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының мүшелерін сайлау, аталған органның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату немесе оның жекелеген мүшелерінің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату;
      3) өзін-өзі реттеуші ұйымның атқарушы органның қызметін жүзеге асыратын тұлғаларды лауазымға тағайындау, оларды лауазымынан мерзімінен бұрын босату, атқарушы органдар құру және оның қызметін тоқтатумен тең;
      4) ықпал ету шараларын, оларды қолданудың тәртібі мен негізін, өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттеуші ұйымға мүшелік (қатысу) шартын бұзуы туралы істі қарау тәртібін бекіту;
      5) өзін-өзі реттеуші ұйым қызметінің басым бағыттарын, қалыптастыру қағидаттарын және оның мүлкін пайдалануды айқындау;
      6) өзін-өзі реттеуші ұйымның басқару және өзін-өзі реттеуші ұйымның атқарушы органының тұрақты жұмыс істейтін алқалы органының есебін бекіту;
      7) өзін-өзі реттеуші ұйымның сметасын бекіту, оған өзгерістер енгізу, өзін-өзі реттеуші ұйымның жылдық бухгалтерлік есептілігін бекіту;
      8) өзін-өзі реттеуші ұйымның қызметін өз еркімен тоқтату туралы шешім қабылдау;
      9) өзін-өзі реттеуші ұйымды қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдау, таратушыны немесе тарату комиссиясын тағайындау;
      10) тұлғаның өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелеріннен (қатысушыларынан) шығарып тастаудың негізсіздігіне шағымын қарау және осындай шағымдар бойынша шешім қабылдау жатады;
      11) Қазақстан Республикасының заңдары мен өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысына сәйкес өзге де шешімдер қабылдау.
      4. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының функциясын жүзеге асырған жағдайда өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы үш айда кемінде бір рет өткізіледі.

      14-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін
              алқалы басқару органы

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы жеке тұлға - өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінен (қатысушыларынан) және (немесе) заңды тұлға өкілдері - өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінен (қатысушыларынан) қалыптасады.
      Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органына Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында көзделген жағдайларда, тәуелсіз мүшелер (қатысушылар) кіруі мүмкін.
      2. Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының мүшесі алдын ала жазбаша нысанда өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелерді объективті түрде қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін және аталған мүшенің жеке мүдделілігі мен өзін-өзі реттеуші ұйымдардың заңды мүдделері арасында өзін-өзі реттеу субъектілерінің заңды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін қайшылық туындайтын немесе туындауы мүмкін қақтығыс туралы мәлімдеуге міндетті.
      3. Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының мүшесі мүдделер қақтығысы және осыған байланысты өзін-өзі реттеу субъектілерінің заңды мүдделеріне зиян келтіру мүмкіндігі туралы мәлімдеу міндетін бұзған жағдайда өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы осы мүшенің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
      4. Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының әрбір мүшесі дауыс беру кезінде бір дауысқа ие.
      5. Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының сандық құрамы оны қалыптастыру, қызмет ету, шешімдер қабылдау тәртібі мен шарттары өзін өзі реттейтін ұйымның жарғысымен белгіленеді.
      6. Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының құзыретіне мынадай мәселелер жатады:
      1) өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары мен стандарттарын бекіту, оларға өзгерістер енгізу;
      2) өзін-өзі реттеуші ұйымның мамандандырылған органдарын құру, олар туралы ережелерді және олардың қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту;
      3) өзін-өзі реттеуші ұйымның бухгалтерлік есебі мен қаржылық (бухгалтерлік) есептілігін жүргізуді тексеру үшін аудиторлық ұйымды тағайындау, өзін-өзі реттеуші ұйымның атқарушы органының қызметіне тексеру жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
      4) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысына өзін-өзі реттеуші ұйымның атқарушы органының лауазымына тағайындау үшін кандидатты немесе кандидаттарды ұсыну;
      5) өзін-өзі реттеуші ұйым құрған аралық соттағы адамдардың өтініштері бойынша қаралатын дауға қатысушылар таңдауы үшін кандидатуралары аралық судья ретінде ұсынылуы мүмкін адамдардың тізбесін бекіту;
      6) Қазақстан Республикасы заңдарында немесе өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында көзделген негіздерде өзін-өзі реттеуші ұйымға мүше болып кіру немесе өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелері (қатысушылары) қатарынан шығару туралы шешім қабылдау;
      7) өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында көзделген өзге де мәселелер.

      15-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның атқарушы органы

      Өзін-өзі реттеуші ұйымның атқарушы органының құзыретіне өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының және оның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының құзыретіне жатпайтын шаруашылық және өзге де кез келген қызмет мәселелері жатады.

      16-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның мамандандырылған
              органдары

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйымның мамандандырылған органдары:
      1) өзін-өзі реттеуші ұйымы жарғысында айқындалған тәртіппен өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысында сайланатын бақылау органы (тексеру комиссиясы);
      2) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттеуші ұйым стандарттары мен қағидаларының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асыратын орган;
      3) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі орган болып табылады.
      Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген өзін-өзі реттеуші ұйымның мамандандырылған органдары Қазақстан Республикасы заңдарында немесе өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында көзделген жағдайларда құрылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өзін-өзі реттеуші ұйымның мамандандырылған органдарынан басқа өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органының шешімдерімен уақытша немесе тұрақты негізде өзге де мамандандырылған органдарды құру көзделуі мүмкін.
      3. Өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы құрған әрбір мамандандырылған орган өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы бекіткен тиісті ереженің негізінде әрекет етеді.
      4. Өзін-өзі реттеуші ұйымның мамандандырылған органдары өз функцияларын дербес жүзеге асырады.
      5. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттеуші ұйым қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асыратын орган жүргізген өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін тексерулердің нәтижелері негізінде өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі орган өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелері (қатысушылары) әрекеттеріне шағымдарды, сондай-ақ өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өз қызметін жүзеге асыру кезінде өзін-өзі реттеуші ұйым қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны туралы істерді қарайды.
      6. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі орган өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органына ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсынымдарды жолдайды.
      7. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау тәртібін өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы белгілейді.

      17-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның құқықтары

      Өзін-өзі реттеуші ұйымның мынадай негізгі:
      1) өз мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен мүдделерін білдіруге және қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және өзге де жеке және заңды тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда олардың өкілдері болу;
      2) өзін-өзі реттеу субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін, олар қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді толығымен немесе ішінара жою не өзгерту туралы мемлекеттік органдарға жүгіну;
      3) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын, мемлекеттік органдардың және өзге де жеке және заңды тұлғалардың актілеріне сотқа шағымдану;
      4) сотта және сотқа дейінгі, оның ішінде төрелiк төрелік аралық сотта дауларды шешуге қатысу;
      5) басқа, заңңамада тыйым салынбаған көздерден мүшелік жарналарды жинауға және өзін-өзі реттеуші ұйымының мүлкін қалыптастыру;
      6) өзін-өзі реттеуші ұйымы мүшелерін (қатысушыларын) кәсіптік оқытуды, аттестаттау жүргізуді ұйымдастыру;
      7) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіпте Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобалары сараптау бойынша жұмысына қатысу;
      8) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелері (қатысушылары) үшін міндетті стандарттар мен қағидаларды бекіту;
      9) өзін-өзі реттеуші ұйым стандарттары мен қағидаларының талаптарын, өзін-өзі реттеуші ұйымға мүшелік (қатысу) шарттарын сақтауы бөлігінде өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерін (қатысушыларын) бақылау;
      10) заңда және өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидаларында өз мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты көзделген ықпал ету шараларын қолдану;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсат беру бақылауын жүргізу;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында тексерулер жүргізу;
      13) Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзған адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу;
      14) баспа қызметімен айналысу, өз жұмысын баспада және бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ұйымдарда жариялау;
      15) өзін-өзі реттеуші ұйымға меншік құқығында тиесілі мүлікті иемденуге, пайдалануға және иелік ету;
      16) заңнамада белгіленген тәртіппен орталық және жергілікті мемлекеттік билік органдарынан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан ақпарат сұрату және осы органдардан өзін-өзі реттеуші ұйымның өзіне Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген функцияларды орындауы үшін қажетті ақпаратты алу құқықтары бар.
      17) Қазақстан Республикасының заңнамасында және өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында өзін-өзі реттеуші ұйымның өзге де құқықтары белгіленуі мүмкін.

      18-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның міндеттері

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйым:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысын және ол қабылдаған стандарттар мен қағидаларды сақтауға;
      2) өкілеттіктері шегінде тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу шараларын қабылдауға;
      3) мүшелердің (қатысушылардың) арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге;
      4) өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында айқындалған шарттарда және тәртіппен ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы мүшелерді (қатысушыларды) хабардар етуге;
      5) өз қызметінің және өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етуге;
      6) уәкілетті органмен және нақты саладағы реттеуші мемлекеттік органмен міндетті өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша әзірленетін стандарттар мен қағидаларды келісуге;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында немесе өзге құжаттарында белгіленген тәртіппен, кейін реттеуші мемлекеттік органдарға ұсына отырып, есептер нысанында өзін-өзі реттеуші ұйымға ұсынылатын ақпараттың негізінде өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін талдауды жүзеге асыруға;
      8) белгілі бір саладағы реттеуші мемлекеттік органның назарына оның мүшесінің (қатысушының) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары мен стандарттарын бұзғаны туралы, сондай-ақ өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қолданылған ықпал ету шаралары туралы жеткізуге міндетті.
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында және жарғыда өзін-өзі реттеуші ұйымның өзге де міндеттері белгіленуі мүмкін.
      2. Өзін-өзі реттеуші ұйымның өзін-өзі реттеуші ұйымның мүдделері мен оның мүшелері (қатысушылары) мүдделерінің қақтығысы туындауына немесе осындай қақтығыстың туындау қаупін төндіретін қызметті жүзеге асыруға және әрекеттерді жасауға құқығы жоқ.
      3. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіпте, осы Заңның 27-бабының 1-тармағында көзделген мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету тәсілдерінің біреуін пайдалану арқылы өзін-өзі реттеуші ұйым өзінің міндеттемелері және өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауапты болады.

      19-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары мен
              стандарттары

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары – өзін-өзі реттеуші ұйымның және өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын құжат.
      2. Өзін-өзі реттеуші ұйымның стандарты – өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірыңғай және міндетті қағидаттарды, олардың тауарлары (жұмыстары мен көрсетілетін қызметтері) мен қызмет түрінің сипаттамаларын жалпыға бірдей және бірнеше рет пайдалану талаптарын белгілейтін құжат.
      3. Өзін-өзі реттеуші ұйым мынадай:
      1) мүшелердің (қатысушылардың) жалпы жиналысының қызметін, оны шақыру тәртібін ұйымдастыру және шешім қабылдау;
      2) мүшелерге (қатысушыларға) қойылатын нақты талаптарды айқындау;
      3) оның мүшелері (қатысушылары) ұсынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру;
      4) тұтынушыларды тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты жаңылыстыруға әкеп соқтыратын әрекеттердің алдын алу;
      5) шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      6) мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану;
      7) өзін-өзі реттеуші ұйым қызметінің ашықтығы және ақпаратқа қолжетімділігі;
      8) мемлекеттік органдармен қарым-қатынастарда мүшелердің (қатысушылардың) мүдделерін қорғау мақсаттарын қамтамасыз етуге бағытталған, оның барлық мүшелерінің (қатысушылары) орындауы үшін міндетті қағидалар мен стандарттарды әзірлеуге құқылы.
      4. Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың қағидалары және стандарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмеуі тиіс.
      Бұл ретте, өзін-өзі реттеуші ұйымдардың қағидалары және стандарттарын қабылдау мемлекеттік органдардың өзін-өзі реттеуші субъектілерінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді олардың құзыреті шегінде қабылдауы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
      5. Өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары және стандарттары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының, іскерлік этика қағидаларының талаптарына сәйкес келуге, өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының), олардың қызметкерлері мен өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы органы мүшелерінің мүдделер қақтығысын жоюға немесе азайтуға тиіс.
      6. Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың қағидалары және стандарттары өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзге де кәсіпкерлік немесе кәсіби қызмет субъектілеріне залал келтіретін қызметті жүзеге асыруына тыйым салуды белгілеуге тиіс, сондай-ақ жосықсыз бәсекелестікке, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушыларға және өзге тұлғаларға моральдық зиян немесе залал келтіретін әрекеттерді, өзін-өзі реттеуші ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) іскерлік беделіне не өзін-өзі реттеуші ұйымдардың іскерлік беделіне залал келтіретін іс-қимылдарды жасауға кедергі келтіретін талаптарды белгілеуге тиіс.
      Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың қағидалары өзін-өзі реттеуші ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) жауапкершілігін және оған тарту тәртібін көздеуге тиіс.
      7. Міндетті мүшелікке негізінделген өзін-өзі реттеуші ұйымдардың қағидалары және стандарттары уәкілетті органмен және нақты саладағы реттеуші мемлекеттік органмен міндетті түрде келісуге жатады.
      8. Қағидалар және стандарттар өзін-өзі реттеуші ұйымның интернет-ресурсында не Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында міндетті түрде орналастыруға жатады.
      Заңмен қорғалатын құпияны қамтитындарын қоспағанда, толық жазылмаған қағидаларды және стандарттарды жариялауға жол берілмейді.

      20-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымға мүшелік (қатысу)

      1. Өзін өзі реттеуші ұйымға мүшелік (қатысу) ерікті негізде не кәсіби немесе кәсіпкерлік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруға не өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығына енуге рұқсаттың міндетті шарты болып табылатын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда міндетті болуы мүмкін.
      2. Кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттеуші ұйымға мүшелер (қатысушылар) жеке кәсіпкерлер және белгіленген тәртіпте тіркелген және кәсіпкерлерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар болып табылады.
      3. Кәсіби қызмет саласындағы өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелері (қатысушылары) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттелетін кәсіби қызметпен айналысуға құқығы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар болып табылады.
      4. Мүшелікке (қатысуға) қабылдау және мүшелікті (қатысуды) тоқтату тәртібі өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
      Өзін-өзі реттеуші ұйымға мүшелікке қабылдаудан бас тарту, мүшеліктен (қатысудан) шығару туралы шешімге Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте шағым жасалуы мүмкін.

      21-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымға жарналар

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйым міндетті жарналардың мынадай түрлерін:
      1) өзін-өзі реттеуші ұйымға мүшелікке кіру кезінде төленетін кіру жарналарын;
      2) тұрақты мерзімдік негізде төленетін мүшелік жарналарды белгілеуге құқылы.
      Мұндай жарналар өзін-өзі реттеуші ұйымның меншігі болып табылады, олардың мөлшері мен жинау тәртібін өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
      2. Кіру жарнасының мөлшері мүшелік жарнаның мөлшерінен аспауға тиіс.
      Міндетті мүше болуға негізделген өзін-өзі реттеуші ұйым үшін кіру және мүшелік жарналарының болмауы немесе болуы, сондай-ақ олар болған жағдайда шекті мөлшерлері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      22-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның ақпаратқа
              қолжетімділікті қамтамасыз етуі және өзін-өзі
              реттеуші ұйымның ақпараттың заңсыз
              пайдаланылуынан қорғауы

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйым Интернет-ресурстарда немесе бұқаралық ақпарат құралдарында қағидаларды және стандарттарды орналастыру арқылы мынадай:
      1) өз мүшелерінің (қатысушыларының) құрамы туралы;
      2) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) олар өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар мен өзге адамдар алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету шарттары туралы, тәсілдері мен тәртібі туралы;
      3) өзін-өзі реттеуші ұйымдағы мүшелігін (қатысуын) тоқтатқан мүшелер (қатысушылар) туралы және олардың мүшелігін (қатысуын) тоқтатудың негіздері туралы;
      4) өзін-өзі реттеуші ұйымғы мүшелік (қатысу) шарттары туралы;
      5) өзін-өзі реттеу ұйымның стандарттары мен қағидаларының мазмұны туралы;
      6) өзін-өзі реттеу ұйымның басқару органдарының және мамандандырылған органдарының құрылымы мен құзыреті туралы;
      7) өзін-өзі реттеу ұйымның мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы және өзін-өзі реттеуші ұйымның тұрақты жұмыс істейтін алқалы органы қабылдаған шешімдер туралы;
      8) өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру бөлігінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары және стандарттары талаптарын бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту жағдайлары туралы (мұндай ақпарат болған жағдайда);
      9) өзін-өзі реттеуші ұйым соттарға берген кез келген талап қоюлар мен өтініштер туралы;
      10) өзін-өзі реттеуші ұйым жүргізген өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін тексеру нәтижелері туралы;
      11) өзін-өзі реттеуші ұйымның жылдық бухгалтерлік есептілігі және Қазақстан Республикасының заңдарында осындай аудиттің міндеттілігі белгіленген жағдайларда оның аудитінің нәтижелері туралы;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттеуші ұйымда көзделген өзге де ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Өзін-өзі реттеуші ұйым өз қызметкерлерінің ақпаратты заңсыз пайдалануы өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелеріне моральдық зиян және (немесе) мүліктік залал келтіруі немесе осындай зиян және (немесе) залал келтіруге алғышарттар жасауы мүмкін ақпаратты алу, пайдалану, өңдеу, сақтау және қорғау тәсілдерін көздеуге тиіс.
      3. Өзін-өзі реттеуші ұйым өз қызметкерлерінің қызметтік жағдайына байланысты оларға мәлім болған ақпаратты заңсыз пайдалануымен байланысты іс-қимылдары үшін өз мүшелерінің (қатысушыларының) алдында жауапты болады.

      23-бап. Өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы

      1. Мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелері (қатысушылары), өзін-өзі реттеуші ұйымның басқарушы органының құрамына кіретін тұлғалар, оның қызметкерлері өзін-өзі реттеуші ұйымның, ең алдымен оның қызметіне қатысты мүдделерді сақтауға міндетті және олардың кәсіби міндеттерін жүзеге асыруымен байланысты мүмкіндіктерді пайдаланбауға тиіс немесе мұндай мүмкіндіктерді өзін-өзі реттеуші ұйымның құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға қайшы келетін мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге тиіс.
      2. Мүдделер қақтығысын болдырмау немесе реттеу жөніндегі шаралар өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында, өзін-өзі реттеуші ұйымның стандарттарында және қағидаларында белгіленеді.

      24-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның өз мүшелерінің
              (қатысушыларының) қызметін бақылауы

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйым тексерулерді жүзеге асыру арқылы өз мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттеуші ұйымның стандарттары мен қағидаларының талаптарын, өзін-өзі реттеуші ұйымғы мүшелік (қатысу) шарттарын олардың сақтауы бөлігінде кәсіби немесе кәсіпкерлік қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
      2. Міндетті мүше болуға негізделген өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) тексеруді ұйымдастыру және жүргізу тәртібі уәкілетті органмен, нақты саладағы реттеуші мемлекеттік органмен міндетті түрде келісу бойынша өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидаларында белгіленеді.
      3. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшесінің (қатысушысының) өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын не нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзуы туралы шағым тексеру жүргізу үшін негіз болуы мүмкін.
      Бұл ретте, тексеру жүргізу барысында шағымда көрсетілген фактілер ғана зерттеуге жатады.
      4. Өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшесі (қатысушысы) тексеру жүргізу үшін өзін-өзі реттеуші ұйым айқындайтын тәртіппен өзін-өзі реттеуші ұйымның сұрауы бойынша қажетті ақпаратты ұсынуға міндетті.
      5. Өзін-өзі реттеуші ұйым, сондай-ақ тексеру жүргізуге қатысатын оның қызметкерлері мен лауазымды тұлғалары оны жүргізу барысында алынған мәліметтерді жария етпеуге және таратпауға жауапты болады.
      6. Егер тексеру жүргізу нәтижесінде тексеретін мүше өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелігінің (қатысушысының) қағидалары, стандарттары мен шарттары талаптарын, сондай-ақ өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін регламенттейтін қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу фактісін анықтаса, ұйымның басқарушы тұлғалары, тексеруді жүзеге асыратын өзін-өзі реттеуші ұйымның қызметкерлері және өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі орган мүшелері осы заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамның өмірі, денсаулығына және қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне ықтимал зиян келтіруге жол бермеу бойынша шараларды, сондай-ақ бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды осы заңда және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша шараларды қабылдауға міндетті.
      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шараларды қабылдау мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын болса, өзін-өзі реттеуші ұйымның басқарушы тұлғалары, тексеруді жүзеге асыратын өзін-өзі реттеуші ұйымның қызметкерлері және өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі органның мүшелері шаралар қабылдау үшін анықталған бұзушылықтар туралы тиісті мемлекеттік органдарды дереу хабардар етуге міндетті.
      7. Өзін-өзі реттеуші ұйым Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде және өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында белгіленген тәртіппен өз мүшелерінің (қатысушыларының) алдында өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне бақылауды жүзеге асырған кезде өзін-өзі реттеуші ұйым қызметкерлерінің заңсыз іс-қимылдары үшін жауапты болады.

      25-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің
              (қатысушыларының) жауапкершілігі

      1. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, ерікті мүше болуына негізделген өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысының, қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны үшін оның мүшесі (қатысушысы) өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары мен стандарттарына сәйкес жауапты болады.
      2. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, ерікті мүше болуына негізделген өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысының, қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны үшін оның мүшесі (қатысушы) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      3. Өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) жазалар қолдану, оларды алып тастау және шағымдану тәртібі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысы мен қағидаларында айқындалады.
      Өзін-өзі реттеуші ұйым мүшесіне (қатысушысына) теріс қылық жасағаны үшін бір ғана жаза қолданылуы мүмкін.
      4. Өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзу туралы істер бойынша iс жүргiзу атқарушы басқару органының құзыретіне жатады.
      5. Реттеуші мемлекеттік органдардың істі қозғау туралы ұсынымды өзін-өзі реттеуші ұйымға енгізу құқығы Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайында оны қарау олардың өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қарау уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген осы өкілдің келмей қалуы істі қарауға кедергі келтірмейді.
      6. Жаза қолдану туралы атқарушы басқару органының шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшесі (қатысушысы) шағым жасай алады.
      7. Егер жаза қолданған күннен бастап алты ай ішінде мүшеге (қатысушыға) жаңа жаза қолданылмаса, оған жаза қолданылмаған болып саналады.

      26-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның мүлкін қалыптастыру
              көздері

      1. Өзін-өзі реттеуші ұйымның мүлкін қалыптастыру көздері мыналар:
      1) өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелерінен (қатысушыларынан) түсетін тұрақты және біржолғы түсімдер (кіру, мүшелік және мақсатты жарналар);
      2) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;
      3) ашылуы ақылы негізде жүзеге асырылуы мүмкін ақпаратты ұсыну бойынша қызметтерді көрсетуден алынған қаражат;
      4) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кәсіпкерлік қызметіне, коммерциялық немесе кәсіптік мүдделеріне байланысты білім беру қызметтерін көрсетуден алынған қаражат;
      5) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кәсіпкерлік қызметіне, коммерциялық немесе кәсіптік мүдделеріне байланысты ақпараттық материалдарды сатудан алынған қаражат;
      6) банктік депозиттерге ақша қаражатын орналастырудан алынған кірістер;
      7) заңмен тыйым салынбаған басқа көздер болып табылады.
      2. Өзін-өзі реттеуші ұйымның мүшелерінен (қатысушыларынан) түсетін тұрақты және біржолғы түсімдердің тәртібі, егер өзгеше Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмесе, өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы отырысы бекіткен өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысымен және қағидаларымен айқындалады.
      3. Қазақстан Республикасы заңдарымен немесе өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысымен көзделген жағдайларда өзін-өзі реттеуші ұйымның бухгалтерлік есебі мен қаржылық (бухгалтерлік) есептілігін жүргізу міндетті аудитке жатады.

      27-бап. Мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету тәсілдері

      1. Міндетті мүше болуға негізделген өзін-өзі реттеуші ұйым:
      1) өтемақы қорын құру;
      2) азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру;
      3) өзін-өзі реттеуші ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жауапкершілігі;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген азаматтық-құқықтық жауапкершілікті кепілдендірудің өзге де тәсілдері арқылы өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар мен басқа тұлғалар алдында мүліктік, оның ішінде өзінің және өз мүшелерінің (қатысушыларының) жауапкершілігін қамтамасыз етудің жоғарыда көрсетілген тәсілдерінің бірін қолданады.
      2. Мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету шеңберінде:
      1) өзін-өзі реттеуші ұйым талаптардың негізділігі мен өндіріп алуды қанағаттандыру қажеттігін мойындаған жағдайда;
      2) сот немесе аралық сот не төрелік шешімі негізінде өндіріп алу жүргізіледі.
      3. Мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету шараларын пайдалану тәртібі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттеуші ұйымның жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысында бекітілген өзін-өзі реттеуші ұйымның қағидаларымен айқындалады.
      4. Ерікті мүше болуға негізделген өзін-өзі реттеуші ұйым осы баптың 1-тармағында көзделген мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету тәсілдерін қолдануға құқылы.

      28-бап. Өзін-өзі реттеуші ұйымның қызметін мемлекеттік
              бақылау (қадағалау)

      Өзін-өзі реттеуші ұйымдардың қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      29-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу
              саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы

      Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      30-бап. Осы Заңның күшіне ену тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады