Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2013 жылғы 31 мамырда Минскіде жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі келісім бекітілсін.
1-1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктерін қоспағанда, облыстардың жергілікті атқарушы органдары шекара маңы аймағын табиғи өрттерден бірлесіп қорғау бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті (құзыретті) органдар болып айқындалсын.
Ескерту. Қаулы 1-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 03.05.2019 № 247 қаулысымен.1-2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қабылданған шешім туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетін хабардар етсін.
Ескерту. Қаулы 1-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 03.05.2019 № 247 қаулысымен.2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 сәуірдегі № 212 қаулысымен бекітілген |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын одан әрі дамыту тұжырымдамасының ережелерін негізге ала отырып,
1998 жылғы 11 қыркүйектегі Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 2004 жылғы 15 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының тұжырымдамасын негізге ала отырып,
шекара маңындағы аумақтарда орман, дала, шымтезек өрттерінің және құрғақ өсімдіктерді заңсыз жағудың (бұдан әрі – табиғи өрттер) профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі жұмысты жақсартудың маңыздылығын тани отырып және олардан келетін залалды азайту мақсатында,
табиғи өрттерге қарсы күрес бойынша өзара көмек көрсету және тәжірибе алмасу мақсатында,
табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру бойынша өзара іс-қимыл жасауды дамытуға ұмтылыс білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекеттің аумағында аумақтарды табиғи өрттерден бірлесіп қорғау аймағын белгілейді, оған осы Келісімге қатысушы шектес мемлекеттердің арасындағы мемлекеттік шекараның шебінен ені 10 километр жер белдеуі (бұдан әрі – шекаралық аймақ) енеді.
Мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеуді аяқтамаған осы Келісімнің қатысушы-елдерінің тараптары шекаралық аймақты мемлекеттік шекараның жергілікті жерде өтуінің өзара келісілген шартты шептері бойынша белгілейді.
Тараптар осы Келісімге сәйкес өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдары арқылы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы мен халықаралық шарттарын сақтаған кезде осы Келісімге қатысушы мемлекеттер аумақтарының шекара маңы аймағын табиғи өрттерден бірлесіп қорғау жөніндегі ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2-бап
Тараптар өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдарының тізбесін айқындайды және бұл туралы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарлама тапсыру кезінде депозитарийге хабарлайды. Уәкілетті (құзыретті) органдар тізбесінің өзгеруі туралы Тараптардың әрқайсысы осындай шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде депозитарийді жазбаша хабардар етеді.
3-бап
Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары осы Келісімнің 1-бабына сәйкес белгіленген шекара маңы аймағын табиғи өрттерден бірлесіп қорғау жөнінде мынадай іс-шаралар кешенін жүзеге асырады:
мамандандырылған диспетчерлік қызметтерді (бұдан әрі – байланыс пункттері) құрады;
табиғи өрттердің профилактикасын бақылауды қамтамасыз етеді, шекара маңы аймағында табиғи өрттерді болдырмау және жою жөніндегі іс-шараларды келіседі және іске асырады;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы, оның ішінде шекара маңы аймағындағы табиғи өрттердің осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің аумағына таралуын болғызбау мақсатында оларды сөндіруді ұйымдастыру жөнінде шаралар қолданады;
қызметкерлер үшін табиғи өрттерді болғызбау және жою жөнінде оқу курстарын ұйымдастырады;
трансшекаралық өрттер туындаған кезде өзара іс-қимыл жасау жөніндегі мемлекетаралық оқу-жаттығулар ұйымдастырады және өткізеді;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің табиғи аумақтарының өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша шекара маңы аймағының тұрғындарына түсіндіру жұмысын жүргізеді;
шекара маңы аймағы аумағында минералдандырылған жер белдеулерін, өртке қарсы орлар жасауды және олардың күтімін қоса алғанда, табиғи аумақтарды өртке қарсы жайластыру бойынша тұрақты негізде іс-шаралар жүргізеді;
өрт қаупі бар маусым бойы жерүсті, авиациялық және ғарыштық құралдармен шекара маңы аймағының жай-күйіне мониторинг ұйымдастырады және байланыс пункттері арқылы алынған деректермен алмасады;
осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасады.
4-бап
Әрбір Тараптың уәкілетті (құзыретті) органы өз мемлекетінің аумағында табиғи өрт пайда болған және табиғи өрттің осы Келісімге қатысушы шектес мемлекеттің аумағына таралу қаупі болған жағдайда немесе осы Келісімге қатысушы шектес мемлекеттің аумағындағы шекара маңы аймағында табиғи өрт байқалған жағдайда, табиғи өртті жою жөнінде қажетті шаралар қолдану мақсатында байланыс пункті арқылы басқа Тараптың уәкілетті (құзыретті) органына бұл туралы дереу хабарлайды.
Осы Келісімге қатысушы бір мемлекеттің аумағынан табиғи өрттің басқа мемлекеттің аумағына таралу қатері болған жағдайда екі Тараптың уәкілетті (құзыретті) органдары бір-бірінен, оның ішінде өрт сөндіру күштері мен құралдарын өзара тарту жөнінде көмек сұрай алады, сондай-ақ өрттің себептері мен салдарын бірлесіп зерделей алады.
Өрттің себептері мен салдарын бірлесіп зерделеу нәтижелері бойынша Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына және осы Келісімге сәйкес шаралар қолданады.
5-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аймағындағы табиғи өрттерді сөндіруге өзара көмек көрсету үшін Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары өрт сөндіру, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тартады.
Табиғи өрттерді жою үшін Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органының өрт сөндіру, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары контингентінің осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекарасын кесіп өтуі осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелері мен заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы Келісімге қатысушы шектес мемлекеттің шекара маңы аймағындағы табиғи өртті жоюға қатысқан өрт сөндіру, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары контингентінің персоналын әлеуметтік қорғау, денсаулығына немесе өміріне келтірілген нұқсанды өтеуді қоса алғанда, осы Келісімге қатысушы-жіберуші мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды уәкілетті (құзыретті) органдарға өздерінің функцияларын орындауға ұлттық бюджеттерде көзделетін қаражат шеңберінде, сондай-ақ бюджеттен тыс көздер есебінен осы Келісімге қатысушы мемлекеттер жүзеге асырады.
Өзара іс-қимыл жасаудың қаржылық тетігі Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдарының екіжақты уағдаластықтарына, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалады.
7-бап
Осы Келісім оның мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша тиісті хаттамамен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және ол осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енеді.
9-бап
Осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа рәсім арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
11-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің, сондай-ақ оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген басқа мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
12-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығуға дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2013 жылғы 31 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін Армения Республикасының Үкіметі үшін Беларусь Республикасының Үкіметі үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін | Молдова Республикасының Үкіметі үшін Ресей Федерациясының Үкіметі үшін Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін Түрікменстан Үкіметі үшін Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін Украина Үкіметі үшін |