Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Инвестициялық саясатқа екінші шолу" жобасын іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 249 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Инвестициялық саясатқа екінші шолу» жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Инвестициялық саясатқа екінші шолу» жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                      К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2015 жылғы 22 сәуірдегі
№ 249 қаулысымен    
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Инвестициялық саясатқа екінші шолу» жобасын іске асыру туралы келісім

      Осында және бұдан әрі жеке алғанда «Тарап» немесе бірлесіп «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Келісім нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) «Инвестициялық саясатқа екінші шолу» жобасын (бұдан әрі - жоба) жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.
      3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 18 ай.

2-бап
Бюджет және қаржыландыру тетігі

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаны іске асыруға жұмсалатын шығыстарды жабу есебінен ЭЫДҰ-ға 269764 (екі жүз алпыс тоғыз мың жеті жүз алпыс төрт) евро сомасында жарна беруге міндеттенеді.
      2. Жарна екі кезеңде, атап айтқанда:
      1) 215811 (екі жүз он бес мың сегіз жүз он бір) евро сомасындағы бірінші жарна осы Келісімге қол қойылғаннан кейін және ЭЫДҰ-дан төлеуге тиісті шотты алғаннан кейін;
      2) 53953 (елу үш мың тоғыз жүз елу үш) евро сомасындағы екінші жарна ЭЫДҰ-дан төлеуге тиісті шотты алғаннан кейін келесі қаржы жылында төленеді.
      3. ЭЫДҰ бұл жарнаны ЭЫДҰ-ның қаржылық ережелеріне және басқа да тиісті қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіреді, олар қазіргі кезде әкімшілік шығындарды жарнаның жалпы сомасының 6,3 % өтеуді көздейді. Шығыс жалпы қабылданған бухгалтерлік есепке алу қағидаттарына сәйкес ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудиттің бүкіл уақытында тексерілуі мүмкін.

3-бап
Жұмыстардың сипаттамасы және есептілік

      1. ЭЫДҰ жобаны қоса беріліп отырған техникалық ұсынысқа сәйкес жүзеге асырады.
      2. ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне әрбір қаржылық жыл аяқталғаннан кейін үш ай ішінде қысқартылған есеп нысанында атқарылған жұмыстардың сипаттамасын қамтитын мазмұндық есеп және шығыстар туралы жылдық есеп береді.
      3. Жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне атқарылған жұмыс туралы қорытынды мазмұнды есеп және шығыстар туралы қорытынды қаржылық есеп береді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі шығындар туралы есепте қаржылық есеп беруге қойылатын талаптар ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес сақталғандығымен келіседі.

4-бап
Ақпарат алмасу

      Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмек пен ақпаратты ұсынады.
      Тараптар арасындағы кез келген байланыс мына мекенжайларға жіберіледі:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      010000 Қазақстан, Астана қ., сол жағалау, Үкімет үйі,
      телефон: +7(7172) 74-50-19, факс: + 7 (7172) 74-58-70.

      ЭЫДҰ:
      Стивен Томсен, Инвестициялар басқармасы,
      2, Андре Паскаль көш., 75775, Париж қ., Седекс 16, Франция

      (2 rue Andre-Pascal 75775, Paris, Cedex 16, France),
      эл. адрес: stephen.thomsen@oecd.org.

5-бап
Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері тек ЭЫДҰ-ның меншігі болып қалады.
      2. Құжаттардың жіктелуіне және жіктеуден шығарылуына қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталған кезде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін пайдалануға, көшіруге және таратуға айрықша емес, қайтарып алынбайтын құқықты береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі де толықтай қорытынды есеп ретінде өз веб-сайтында орналастырып, тарата алады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-мен келісіп, басылымды басқа тілдерге аудара алады.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажет жерде ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын үнемі тиісті түрде мойындайды.
      5. ЭЫДҰ мұндай жарияланымның тілі мен нысанына қарамастан қорытынды есепті бірінші жариялау құқығын өзіне қалдырады.
      6. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды қамтитын болады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің рәмізі жарияланым мұқабасының артқы бетінде немесе жоғарыда көрсетілген растаудың жанында жарияланымның ішінде орналастырылады.
      7. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылады. ЭЫДҰ көрсетілген деректер мен ақпаратты өз есебін дайындау мақсатында және жобаны жүзеге асыру үшін неғұрлым кеңірек пайдалануға және/немесе енгізуге құқылы.

6-бап
Дауларды реттеу

      Келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмайтын, пайда болуын, нақтылығын және бұзылуын қоса алғанда, осы Келісімді түсінуден, қолданудан немесе орындаудан туындайтын немесе соған байланысты кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық Аралық соттың тұрақты палатасының осы Келісімді жасасу күніне қолданыстағы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар үшін төрелік соттың факультативтік қағидаларына сәйкес міндетті күші бар соңғы төрелік талқылауымен шешіледі. Судьялардың саны - біреу. Судья Тараптар арасындағы өзара уағдаластық арқылы таңдалады, егер төрелік талап етілгеннен кейін үш айдың ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, судья Тараптардың бірінің талабы бойынша жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес тағайындалады. Төрелік сот Париж қаласында (Франция) өтеді және барлық іс жүргізу және ұсынылатын түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.

7-бап
Басымдықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ештеңе халықаралық ұйым ретіндегі ЭЫДҰ артықшылықтары мен иммунитеттерінен бас тарту деп түсіндірілмеуі тиіс.

8-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісім Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген түзетулер арқылы өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.

9-бап
Күшіне енуі

      Осы Келісім екі Тарап та қол қойған күннен бастап күшіне енеді және екі Тарап та осы Келісімнен туындайтын барлық міндеттемелерін толық орындағанға дейін күшінде қалады.

      Әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының    Экономикалық ынтымақтастық
       Үкіметі үшін                  және даму ұйымы үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен    
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы  
арасындағы «Инвестициялық саясатқа екінші шолу»
жобасын іске асыру туралы келісімге      
қосымша                  

Техникалық ұсыныс

Мазмұны

      1. Қысқаша шолу (мәселенің мән-жайы).
      2. Жобаның сипаттамасы және күтілетін нәтижелер.
      3. Әдіснама және іске асыру процесі.
      4. Мерзімдері.
      5. Бюджет.

1. Қысқаша шолу (мәселенің мән-жайы)

      2011 жылы ЭЫДҰ-ның Инвестиция комитеті Қазақстанның инвестициялық саясатына бірінші шолу өткізді, оның негізінде ЭЫДҰ Хатшылығы тиісінше құжат (ұсыным) дайындады.
      Бұл құжатты Тараптар 2011 жылғы желтоқсанда Париж қаласындағы отырыста талқылады, одан кейін 2012 жылғы сәуірде Қазақстанның инвестициялық саясатына шолу (бұдан әрі - шолу) ретінде басылып шығарылды.
      Қазақстанның инвестициялық саясатын одан әрі оңтайландыру үшін шолуда мынадай 12 бағытқа ерекше назар аударылады:
      1) инвесторлардың халықаралық коммерциялық төрелікке қолжетімділігін кеңейту;
      2) мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту;
      3) инвестициялық ахуалдың тартымдылығын арттыру;
      4) ауыл шаруашылығына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту;
      5) бизнесті жауапты жүргізу тәжірибесін дамыту;
      6) шетелдік инвесторларға әкімшілік және сыбайлас жемқорлық жүктемесін төмендету үшін жағдайлар жасау, шетелдік инвесторлардың ұлттық нарыққа шығуын неғұрлым тиімді сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
      7) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласын жетілдіру;
      8) қызметтердегі, тауарлар мен жұмыс күшіндегі жергілікті қамтуға қойылатын талаптардың икемділігін және шынайылығын қамтамасыз ету;
      9) сауда саясатын ырықтандыру;
      10) инвестициялар үшін салық және кеден режимін жақсарту;
      11) мемлекет қатысатын компанияларда корпоративтік басқаруды жетілдіру;
      12) мемлекеттің экономикадағы қатысуын және экономиканың жекелеген секторларында (телекоммуникация, бұқаралық ақпарат құралдары, банк секторы, көлік) шетелдік инвесторлар үшін кедергілерді азайту.
      2012 жылғы ақпанда ЭЫДҰ Бас хатшысы Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Ө. Исекешевтің Халықаралық инвестициялар мен көпұлтты кәсіпорындар туралы ЭЫДҰ Декларациясына (бұдан әрі - ЭЫДҰ Декларациясы) (2011 ж. 25.05 редакцияда) Қазақстанның қосылу мүмкіндігін қарау және ЭЫДҰ-ның Инвестиция комитетінің тиісті жұмысына қатысуы туралы өтініш хатын алды.
      Жоғарыда аталған хатта Қазақстан көпұлтты кәсіпорындар үшін ЭЫДҰ басшылық қағидаттарында (бұдан әрі - басшылық қағидаттар) жазылған бизнесті жауапты жүргізу (бұдан әрі - БЖЖ) қағидалары мен стандарттарын таратуды қоса алғанда, ЭЫДҰ Декларациясының барлық міндеттемелерін орындауға әзір екендігін мәлімдеді.
      Қазіргі уақытқа дейін ЭЫДҰ-ның мүшесі болып табылмайтын он екі ел ЭЫДҰ Декларациясына қосылып, «қатысушы» дәрежесіне ие болды: Аргентина, Бразилия, Колумбия, Коста-Рика, Мысыр, Иордания, Латвия, Литва, Марокко, Перу, Румыния және Тунис.
      ЭЫДҰ-ның Инвестиция комитеті Қазақстанның ЭЫДҰ Декларациясына қосылуы халықаралық инвестициялық қоғамдастықпен саяси диалог құру негізінде елдің әлемдік экономикалық қоғамдастыққа ықпалдасуын жеделдетуге ықпал етеді деп есептейді.
      Жоғарыда көрсетілгенге сәйкес ЭЫДҰ Кеңесі ЭЫДҰ-ның Инвестиция комитеті 2011 жылы өткізілген шолу ұсынымдарының нәтижелері бойынша Қазақстан атқарып отырған жұмысты бағалауды қараған жағдайда Қазақстанды ЭЫДҰ Декларациясына қосылуға және ЭЫДҰ Инвестиция комитетінің жұмысына қатысуға шақыратын болып шешті.
      Осыған байланысты, Қазақстанның инвестициялық саясатына екінші шолу (бұдан әрі - екінші шолу) өткізілетін болады, оның нәтижелері Қазақстанның ЭЫДҰ Декларациясында қамтылған барлық талаптарды сақтауға қабілеттілігі мен әзірлігін растайтын болады. Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес Қазақстан екінші шолуды қаржыландыруды қамтамасыз етуге жауапты болады.

2. Жобаның сипаттамасы және күтілетін нәтижелер

      1. Жалпы ұзақтығы - 18 ай.
      2. Жалпы құны - 269764 евро.
      3. Жалпы мақсаты: Қазақстанның ЭЫДҰ Декларациясына қосылуға және ЭЫДҰ-ның Инвестиция комитеті жұмыстарына қатысуға дайын және қабілетті екенін растау үшін шолу (2011 жылы өткізілген) ұсынымдардың нәтижелері бойынша Қазақстан жүргізетін жұмыстар прогресін бағалау.
      Ұлттық байланыс орталығының (бұдан әрі - ҰБО) қызметін қамтамасыз ету, БЖЖ қағидаттарын, стандарттарын және Қазақстанның инвестициялық саясатын жетілдіру жөніндегі (оның ішінде, сауда және бәсекелестік саласындағы саясат, салық салу, корпоративті басқару, адами ресурстарды дамыту, қаржы, инфрақұрылым, жасыл өсімді қолдауға арналған инвестицияны көтермелеу саясаты сияқты саясаттың басқа да бағыттарын қоса алғанда) ұсынымдарын тарату екінші шолудың негізгі бөлімдері болып табылады.
      4. Инвестициялық саясаттың екінші шолуын өткізуге жауапты үйлестірушіні бекіту, ол инвестициялық қызметке жауапты министрлік болуға тиіс.
      5. Күтілетін нәтижелер:
      1) Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы ЭЫДҰ Декларациясына Қазақстанның қосылу мүмкіндігін қарау;
      2) ЭЫДҰ-ның Инвестициялар комитетінің жұмыстарына қатысу мүмкіндігін қарау;
      3) Қазақстанның инвестициялық саясатын жетілдіру жөніндегі ұсынымдар.

3. Әдіснама және іске асыру процесі

      Екінші шолуды іске асырудың әдіснамасы мен процесі мынадай тәртіппен жүзеге асырылатын болады:
      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЭЫДҰ «Инвестициялық саясатқа екінші шолу» жобасын іске асыру туралы келісімге қол қояды.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ сарапшыларымен үнемі байланыста жұмыс істейтін және Қазақстан мен ЭЫДҰ сарапшылары арасында бірыңғай байланыс нүктесі болатын, екінші шолуды өткізуге жауапты үйлестірушіні тағайындайды.
      3. Жұмысты үйлестіру Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі Е.К. Сағадиевтың басшылығымен Инвестициялық саясат және капитал салуды тарту жөніндегі жұмыс тобының (бұдан әрі - жұмыс тобы) есебінен қамтамасыз етіледі.
      Мүдделі министрліктердің, агенттіктердің, ведомстволар мен жекеменшік сектор өкілдері, сондай-ақ ЭЫДҰ сарапшылары жұмыс тобының мүшелері болып табылады.
      4. Жұмыс тобы екінші шолуды өткізу барысын талқылау үшін кемінде үш рет жиналады.
      Семинарлардың бірі басшылық қағидаттарында жазылған, БЖЖ қағидаттары мен стандарттарын тарату үшін ҰБО қызметінің қамтамасыз ету тәжірибесін түсіндіруге арналады.
      5. Жұмыс тобы ЭЫДҰ сарапшыларымен бірінші жұмыс отырысы (Астана қаласы) кезінде екінші шолу шеңберінде шешім қабылдау және жұмыс тобы мен ЭЫДҰ сарапшылары арасында міндеттерді бөлу үшін кездеседі.
      Жұмыс тобы 2011 жылы өткізілген шолу ұсынымдарының нәтижелері бойынша Қазақстанның жүргізген жұмыстарының прогресін зерделеу үшін тиісті министрліктердің, агенттіктер мен жекеменшік сектор өкілдерімен консультация жүргізеді.
      6. Екінші шолудың толық жобасы дайын болғаннан кейін, ЭЫДҰ Хатшылығы жұмыс тобының отырысына (Астана қаласы) алдын ала тұжырымдамаларды ұсынады. Екінші шолуды өткізуге жауапты үйлестіруші Астана қаласында кездесулерді ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді, қатысушыларды шақырады және мүдделі тараптардан жобаға нақты ескертулер мен пікірлер жинайды.
      7. Екінші шолуды іске асыру басталғаннан кейін 10-15 айдан соң, жоғарғы деңгейдегі лауазымды тұлғаның басшылығымен казақстандық делегация Париж қаласында ЭЫДҰ Инвестиция комитеті өткізетін екінші шолу жобасының алдын ала шолуына қатысады.
      Қазақстанның мемлекеттік органдары екінші шолудың алдын ала жобасына жазбаша түсіндірмелер береді.
      8. Талқылау сатысы аяқталғаннан кейін екінші шолу жобасы жариялау үшін пысықталады.
      ЭЫДҰ Қазақстанның инвестициялық саясатының екінші шолуын 2016 жылы Астана қаласында ресми түрде таныстырады (екінші шолу басталғаннан соң 18 айдан кейін).
      Қазақстан үшін ЭЫДҰ Декларациясына қосылу және ЭЫДҰ Инвестиция комитетінің жұмыстарына қатысу бойынша ЭЫДҰ Инвестиция комитетінің ұсынымдары екінші шолудың нәтижелері болады деп болжанады.

4. Мерзімдері

      Екінші шолуды өткізудің жалпы ұзақтығы шамамен 18 айды құрайды. Екінші шолуды өткізудің нақты іс-шараларын орындау мерзімі төмендегі кестеде көрсетілген, бірақ жобаның жүзеге асырылуына қарай өзгертілуі мүмкін:

№1 кесте: Екінші шолуды іске асыру жоспары

Мерзім

Кезең

Іс-шаралар

Қазақстанның қатысуы

2015 жылғы қыркүйек-желтоқсан

Прогресті диагностикалау

Екінші шолуды ресми бастау.
Астана қаласында семинар.

ЭЫДҰ командасының тиісті министрліктер, агенттіктер және жекеменшік сектор өкілдерімен кездесуін ұйымдастыруға жәрдем көрсету



Бірінші шолудың ұсынымдары бойынша Қазақстанның қол жеткізген прогресін мұқият зерделеу

Қажетті ақпарат пен деректерді жинақтау мен ұсынуға жәрдем көрсету

2016 жылғы қаңтар-мамыр

Қазақстан үшін негізгі ұсынымдармен жұмыс жасау және тереңдетілген талдау

Астана қаласында семинар.
ЭЫДҰ
сарапшыларының мүдделі тараптармен, сондай-ақ жекеменшік сектор өкілдерімен кездесуі

ЭЫДҰ командасының тиісті министрліктер, агенттіктер мен жекеменшік сектор өкілдерімен кездесуін ұйымдастыруға жәрдем көрсету

Басшылық қағидаттарында жазылған БЖЖ қағидалары мен стандарттарын тарату үшін ҰБО қызметін қамтамасыз ету тәжірибесін түсіндіру

Қажетті ақпараттарды және деректерді ұсыну мен жинақтауға жәрдем корсету

ЭЫДҰ талдау үшін қажетті ақпаратты жинайды

Екінші шолу жобасына мүдделі тараптардан қандай да бір жазбаша ескертулерді жинақтауда жәрдем көрсету

2016 жылғы маусым немесе қазан

Алдын ала шолу
(таныстыру)

Париж қаласында алдын ала шолу. Екінші шолудың жобасын таныстыру.

Екінші шолудың жобасын талқылау үшін Қазақстан делегациясының Париж қаласына іссапарын қамтамасыз ету

Алдын ала шолудан кейін екі ай ішінде

Екінші шолудың жобасын пысықтау

Париж қаласындағы семинарда ұсынылған екінші шолудың жобасын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және басқа да мүдделі тараптардың талқылауы. Талқылау аяқталған соң екінші шолудың жобасы жариялау үшін пысықталады

Мемлекеттік органдардың және басқа да мүдделі тараптардың екінші шолудың жобасына ұсыныстар мен ескертулер ұсынуы

Алдын ала шолудан кейін үш айдан соң

Екінші шолуды ресми таныстыру

Астана қаласында Қазақстанның инвестициялық саясатына екінші шолуды ресми таныстыру (жоғарғы деңгейдің қатысуымен)

Орынды қамтамасыз ету және қатысушыларды, оның ішінде БАҚ-ты шақыру

5. Бюджет

      Қазақстанның инвестициялық саясатының екінші шолуын өткізудің жалпы бюджеті 269 764 евро құрайды, ол екі төлемге бөлінген, 2015 жылға - 215 811 евро, 2016 жылға - 53 953 евро.

№ 2 кесте: екінші шолуды өткізудің бюджеті.

Санаты

Жалпы есептік құны (евро)

ЭЫДҰ қызметкерлеріне арналған шығындар

173 017

Ғимаратқа, АТ-ға арналған және өзге де шығындар

18 581

Кездесулер шығындары мен іссапар шығыстары

54 000

Жариялау мен аударуға арналған шығындар

3 900

Өзге де шығыстар

3 271

ЭЫДҰ-ның әкімшілік алымы (6,3 %)

16 995

Шығыстар жиыны:

269 764

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады