Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қалалық даму саясатына шолу" жобасын іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 300 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қалалық даму саясатына шолу» жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қалалық даму саясатына шолу» жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2015 жылғы 25 сәуірдегі
№ 300 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қалалық даму саясатына шолу» жобасын іске асыру туралы келісім

      Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» немесе бірге «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ)
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Шарттың нысанасы

      1. ЭЫДҰ осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада көзделген «Қалалық даму саясатына шолу» жобасын (бұдан әрі - жоба) жүзеге асырады.
      2. Жоба ЭЫДҰ-ның 2015 - 2016 жылдарға арналған жұмыс және бюджет бағдарламасына енгізу үшін осы Келісімнің нысанасы болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаға қатысты ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.
      4. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған сәттен бастап - 18 ай.

2-бап. Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 2-қосымшада көрсетілгендей жобаны іске асыруға байланысты шығыстарды өтеуге ЭЫДҰ есептік шотына 375741 сомасында (үш жүз жетпіс бес мың жеті жүз қырық бір) евро жарна беруге міндеттенеді.
      2. Жарна мынадай кестеге сәйкес төленеді:
      1) 225445 (екі жүз жиырма бес мың төрт жүз қырық бес) евро мөлшерінде 60 % бірінші жарна осы Келісім күшіне енген және ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынған сәттен бастап 30 күн ішінде толық көлемде төленеді;
      2) 150296 (жүз елу мың екі жүз тоқсан алты) евро мөлшеріндегі 40 % екінші жарна 2016 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей және ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғанда төленеді.
      3) ЭЫДҰ бұл жарнаны қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасының 6,3 %-ы мөлшеріндегі әкімшілік шығындардың өтелуін төлеуді көздейтін ЭЫДҰ-ның қаржылық регламентіне және басқа тиісті қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіреді. Жалпы қабылданған бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес шығыс ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

3-бап. Жұмыстардың сипаттамасы және есептілік

      1. ЭЫДҰ жобаның осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада сипатталғандай жүзеге асырылуына жауапты болады.
      2. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында жобаның барысы туралы есеп береді.
      3. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы жылдық есеп береді.
      4. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында қорытынды есепті береді.
      5. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы қорытынды есеп береді.
      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 3-қосымшада сипатталғандай ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптар сақталатынымен келіседі.

4-бап. Ақпарат алмасу

      Тараптар бір біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмек пен ақпарат береді.
      Тараптар арасындағы кез келген ақпаратпен алмасу мына мекенжайларға жіберіледі:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі - 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Орынбор көшесі, № 8 үй, тел.: + 7 (7172) 74 22 41, email: info@minplan.kz;
      ЭЫДҰ үшін: 75775, Франция, Париж қаласы, тел.: +331 4524 1576, email: william.tompson@oecd.org.

5-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері тек ЭЫДҰ-ның меншігі болып қалады.
      2. Құжаттардың жіктелуіне және жіктеуден шығарылуына қатысты, үшінші тараптардың құқықтарын, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталатын болса, ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін пайдалануға, көшіруге және таратуға айрықша емес, қайтарып алынбайтын құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі де толықтай қорытынды есепті өз веб-сайтында орналастыра және тарата алады.
      3. ЭЫДҰ-мен жекелеген келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаны басқа тілге аударуы мүмкін.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажеттілікке қарай үнемі ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын тиісті түрде таниды.
      5. ЭЫДҰ осындай жарияланымның тілі мен үлгісіне қарамастан, қорытынды есепті бірінші жариялау құқығын өзіне қалдырады.
      6. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануын қамтитын болады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің рәмізі жарияланымның мұқабасының артқы бетінде немесе жоғарыда көрсетілген мақұлдаудың жанында жарияланымның ішінде орналастырылады.
      7. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылады. ЭЫДҰ көрсетілген деректер мен ақпаратты өз есебін дайындау мақсатында және жобаны жүзеге асыруға қолдануға және/немесе енгізуге құқылы.

6-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан, сондай-ақ оның қолданылуынан, жарамдылығынан немесе бұзылуынан немесе осыларға қатысты туындайтын және келіссөздер жолымен шешу мүмкін емес кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық Аралық соттың тұрақты палатасының осы Келісімді жасасу күніне қолданыстағы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар үшін Төрелік сотының факультативтік қағидаларына сәйкес міндетті күші бар соңғы төрелік талқылауымен шешіледі. Төрешілердің саны - біреу. Төреші Тараптар арасындағы уағдаластық арқылы таңдалады. Егер төрелік талап етілгеннен кейін үш айдың ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, төреші Тараптардың бірінің талабы бойынша жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес тағайындалады. Төрелік сот Франция, Парижде өтеді, барлық іс-жүргізу және ұсынылатын түсініктемелер ағылшын тілінде болуы тиіс.

7-бап. Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісім Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген түзетулер арқылы өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.

8-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді, одан туындайтын барлық міндеттемелерді екі Тарап орындағанға дейін жарамды болады.
      Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндерде сәйкессіздік болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып саналады.

      Қазақстан Республикасының            Экономикалық
          Үкіметі тарапынан           ынтымақтастық және даму
                                          ұйымы тарапынан

      Ерболат Досаев                       Рольф Альтер
Қазақстан Республикасының   Мемлекеттік басқару және аумақтық даму
Ұлттық экономика министрі           директоратының директоры

Қолы:...................    Қолы:...................

Күні:...................    Күні:...................

Энтони Дж. Роттьер
Атқарушы директор

Қолы:...................

Күні:...................

Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Экономикалық ынтымақтастық 
және даму ұйымы арасындағы   
«Қалалық даму саясатына шолу» 
жобасын іске асыру туралы келісімге
1-қосымша           

Қалалық даму саясатына шолу (бұдан әрі — шолу)

      I. Зерттеу жүргізу қажеттілігінің өзектілігі мен негіздемесі
      Қалаларды дамыту проблемалары саны өсіп келе жатқан дамыған және дамушы елдердің өңірлік саясатында айрықша орын алады. Қалалар мен оларға сәйкес қала аудандарының ұлттық экономика үшін маңыздылығы оларды әлемдік экономикадағы басты ойыншыларға айналдырды. Нәтижесінде көптеген елдердің үкіметтері өз елдерінің экономикалық әлеуетін пайдалануда қалаларды дамытуды мемлекеттік қолдау жолымен жаңа мүмкіндіктер іздестіруде.
      ЭЫДҰ-ға барлық мүше елдерде шоғырланған аумақтарды дамыту бойынша мемлекеттік шаралар қабылданады. Мақсаты дәстүрлі қалалық проблемаларды (қаланың өсуі, қараусыз қалған аудандар мен кедейліктің пайда болуы сияқты), бәсекеге қабілеттілік, қалалық маркетинг, экологиялық тұрақтылық және инновация стратегиясын әзірлеу сияқты жаңа мәселелерді шешу болып табылады.

      II. Зерттеудің мақсаты
      Зерттеудің мақсаты - Қазақстан қалаларының даму саясатын, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерді қоса алғанда, кешенді бағалау, сондай-ақ оларды жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу.

      III. Зерттеудің міндеттері
      1. Өңірлік мәселелер бойынша, оның ішінде Қазақстандағы ЭЫДҰ-ның алдыңғы және ағымдағы жұмыстарының жинақталған тәжірибесі негізінде қалалардың тұрақты даму саясатының кешенді бағалануын айқындау әдіснамасын әзірлеу.
      2. Өңірлік мәселелер бойынша, оның ішінде Қазақстандағы ЭЫДҰ-ның алдыңғы және ағымдағы жинақталған тәжірибесі негізінде салыстырмалы перспективада өңірлік және ұлттық экономикаларды дамытуда аумақтардың рөлін талдау және бағалау.
      3. Халықаралық салыстыруларды ескере отырып, әлеуметтік- экономикалық үрдістерді, өсудің әлеуетін және пайдаланбаған мүмкіндіктерді талдау және бағалау (ЭЫДҰ-ның өңірлік және қалалық деректер базасын, оның ішінде ЭЫДҰ-ға кіретін және кірмейтін экономикалардан бақылау өңірлері мен қалалық аумақтарды іріктеп алуды пайдалана отырып).
      4. Мынадай:
      өңірлік бәсекеге қабілеттілікті нығайту;
      әлеуметтік интеграция және орнықты дамыту;
      кластерлерді және өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту;
      адами капиталды қалыптастыруда жоғары білімнің рөлін арттыру;
      еңбек ресурстарын және оларға байланысты басқару тетіктерін дамыту;
      көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту;
      әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту;
      жер пайдалануды реттеу;
      туризмді дамыту;
      тікелей шетел инвестициялары көлемін ұлғайту; су ресурстарын басқаруды қоса алғанда, орнықты дамыту; шағын кеңістікте даму; климатты өзгерту және жасыл даму;
      қала аумағының қала құрылысы мақсатына сәйкес жер пайдалану рәсімдерін үйлестіру (тек селитебті аймақ болып айқындалған аумақтар шегінде тұрғын үй құрылысына (жаппай құрылыс салуға) жер бөлу рәсімдерін нақты реттеу) мақсаттарында саясат пен стратегияны әзірлеуді дамытуға үлес қосуы мүмкін ұсыныстар.
      5. Өңірлік басқару, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы деңгейлес және сатылас институционалдық қатынастарды, жеке сектормен және азаматтық қоғаммен әріптестік қатынастарды қоса алғанда, қалаларды дамытуға ықпал ететін мемлекеттік басқару мәселелерін пысықтау.
      6. Мыналар:
      көліктік және инженерлік инфрақұрылымды өңірлік жоспарлауды жетілдіру;
      әлеуметтік инфрақұрылымды өңірлік жоспарлауды жетілдіру;
      рекреациялық инфрақұрылымды және туризмді өңірлік жоспарлауды жетілдіру;
      әрбір өңірде халықтың барлық тобы үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қолжетімділікті жақсарту;
      мемлекеттік ресурстарды барынша тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
      ірі, орташа және шағын қалаларды, сондай-ақ моноқалалар мен шекара маңында шоғырланған аумақтарды дамытуға арналған стратегияны айқындау;
      биліктің әртүрлі деңгейлері арасындағы үйлестіруді жақсарту;
      Қазақстан Республикасы аумағында халықты шоғырландыру процестерін реттеу;
      қалалардың қосымша қаржыландыруды, оның ішінде бағалы қағаздар шығару есебінен қаржыландыруды тартуы;
      қалалардың инвестициялық тартымдылығын, оның ішінде аумақтардың брендингі есебінен арттыру;
      кластерлерді және өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеу.

      IV. Жұмысты орындау кезеңдері, есеп берудің мерзімі мен нысаны
      Жобаны іске асыру барысы туралы бірінші есеп баяндау нысанында бірінші жыл аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде, ал жобаның қорытынды есебі жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде дайындалатын болады.
      Есеп осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген мекенжайға электронды және қағаз жеткізгіштермен ресми түрде жолданады.

      V. Кесте
      Жұмысты ұйымдастыру туралы жалпы идеяны ұсынатын жобаға арналған алдын ала кесте төменде берілген. Осы кесте бүкіл процесті іске асыру кезінде пысықталуы мүмкін.

Кезең

Есепті уақыт

Іс-шаралар

Проблемалар шеңберін сызу

1-ай

Шолудың басты тақырыптарын алдын ала талқылау.

Сауалнама

1-ай

Базалық есепті дайындау үшін ЭЫДҰ-ның егжей-тегжейлі сауалнама әзірлеуі және жергілікті командаға жіберуі.

Саясат туралы деректер мен ақпараттар есебі

1-4-айлар

Жергілікті команданың елдің негізгі үрдістері мен ағымдағы саясаты туралы базалық есептің сандық және сапалық деректерін дайындауы.

Бірінші миссия

5-ай

Басты ойыншылардан сұхбат алу мақсатында ЭЫДҰ командасы жүргізетін бес күндік зерттеу.

Шолудың алғашқы жазылған нұсқасын дайындау

4-12-айлар

Шолудың алғашқы жазылған бірінші нұсқасын дайындау.

Келесі миссия

9-10-айлар

Алғашқы жазылған нұсқаны дайындау барысындағы ЭЫДҰ-ның келесі миссиясы (5 күн).

Шолудың алғашқы жазылған нұсқасын аяқтау

11-12-айлар

ЭЫДҰ-ның шолудың алғашқы жазылған нұсқасын аяқтауы.

Алғашқы жазылған нұсқаны талқылау

12-13-айлар

ЭЫДҰ-ның жергілікті командаға фактілер мен пікірлерді тексеру үшін шолудың алғашқы жазылған нұсқасын жолдауы; жергілікті команданың жоба бойынша өз ескертулерін жолдауы.

Шолудың жобасы және ұсынымдар бойынша жұмыстарды аяқтау

14-ай

ЭЫДҰ-ның шолу бойынша жұмысты аяқтауы.

ЭЫДҰ комитетіне таныстыру*

15-ай

ЭЫДҰ Аумақтық даму саясаты комитетіне (бұдан әрі - АДСК) мүше елдердің түсініктеме беруі және Комитеттің мақұлдауы үшін шолуды таныстыру.

Аяқталған есепті жариялау

АДСК мақұлдағаннан кейін*

Нәтижелерді және ресми жарияланымды ұсына отырып, шолу бойынша жұмысты аяқтау; таныстыру елде өтуі мүмкін.

* Түпкілікті шолуды ЭЫДҰ Аумақтың даму саясаты комитеті немесе оның жұмыс топтарының біреуі бекітуі тиіс.

Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Экономикалық ынтымақтастық 
және даму ұйымы арасындағы   
«Қалалық даму саясатына шолу» 
жобасын іске асыру туралы келісімге
2-қосымша          

Қоса берілетін евродағы бюджет

Атауы

Барлығы (евро)

Персонал бойынша шығыстар

221457

Операциялық шығыстар (А.Т., үй-жайды жалға алу және т.б.)

31752

Сапарлар

76860

Зияткерлік көрсетілетін қызметтер

15000

Өзге де шығыстар (жарияланым, аудармалар, және т.б.)

7000

ЭЫДҰ гранттарының әкімшілігі

23672

Шығыстардың жалпы сомасы

375741

      Ескертпе: бір бюджеттік желінің кез келген артық шығысы жалпы бюджет шеңберінде қала отырып, басқа бюджеттік желіге жұмсалмаған қаражат есебінен өтеледі.

      Осы бюджет жоғарыда 3-бапта көрсетілгендей, орыс тіліне аударуды қоса алғанда, зерттеуді дайындауға байланысты ЭЫДҰ шығыстарына сәйкес келеді.

      Осы бюджет мыналарды:
      1) жергілікті команданы ұйымдастыруды және оның жұмысын қаржыландыруды;
      2) логистиканы/елдегі далалық зерттеулерді жүргізуге арналған ұйымдастырушылық шығыстарды (бюджетпен жабылған қонақ үй, Қазақстанға келетін және Қазақстаннан кететін рейстер, Қазақстандағы ішкі рейстер және ЭЫДҰ командасының тұру шығыстарын қоспағанда);
      3) шолуды Қазақстанда жариялауға байланысты, осы іс-шара(лар)ға ЭЫДҰ қызметкерлерінің қатысуына арналған шығыстардан басқа шығыстар (шолу алдындағы таныстырылымдар немесе конференциялар) құнын;
      4) Қазақстан өкілдерінің ЭЫДҰ жиналыстарына іс-сапарларын;
      5) сапарлар барысында ЭЫДҰ командасы аудармашылары шығыстарының құнын қамтымайтынын атап өткен жөн.

      Зерттеулердің нәтижелерін мүдделі тараптар талқылайды, ЭЫДҰ Қазақстан Үкіметімен зерттеу нәтижелерімен бөлісетін болады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Экономикалық ынтымақтастық 
және даму ұйымы арасындағы   
«Қалалық даму саясатына шолу» 
жобасын іске асыру туралы келісімге
3-қосымша          

ШЫҒЫНДАР ТУРАЛЫ СТАНДАРТТЫ ЕСЕП

ЭЫДҰ
Экономикалық ынтымақтастық
және даму ұйымы

Сіздің сілтеме: донор және сілтеме: XXX
Біздің сілтеме: XXX
Сала: XXX

Сілтеме: Шығындар саласының сипаты

Жарна сомасы XXX евро

КК/АА/ЖЖ бастап КК/АА/ЖЖ дейінгі кезең

Шығындар атауы

Евро

Персонал бойынша шығыстар

XXX

Операциялық шығыстар
(А.Т., үй-жайларды жалдау және т.б.)

XXX

Сапарлар

XXX

Зияткерлік көрсетілетін қызметтер

XXX

Жарияланымдар мен аудармаларға арналған басқа шығыстар (жарияланымдар, аудармалар және т.б.)

XXX

ЭЫДҰ гранттарының әкімшілігі

XXX

Шығындардың жалпы сомасы


ЭЫДҰ                                                             ЭЫДҰ
Директоры                                 Бухгалтер бөлімінің басшысы  Шығындар саласы                                                     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады