Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 347 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Ұзақбайұлы Маминге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.11.2016 № 646 қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 347 қаулысымен   
мақұлданған      

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі
      1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шартта бекітілген стратегиялық ынтымақтастықты дамытудағы Тараптар мемлекеттерінің ұзақ мерзімді мүдделерін назарға ала отырып,
      «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағына Қырғыз Республикасының қосылуы жөніндегі іс-шаралар жоспары («жол картасы») туралы» 2014 жылғы 29 мамырдағы № 74, сондай-ақ «Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуын ескере отырып, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының бірыңғай экономикалық кеңістігіне Қырғыз Республикасының қосылуы жөніндегі іс-шаралар жоспары («жол картасы») туралы» 2014 жылғы 10 қазандағы № 75 (бұдан әрі - жол карталары) мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешімдерінің маңыздылығын тани отырып,
      2014 жылғы 7 қарашада Астана қаласында қол қойылған «Еуразиялық интеграция жағдайында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы» Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының Жоғары Мемлекетаралық кеңесінің № 2 шешімін басшылыққа ала отырып,
      еуразиялық экономикалық интеграция жолындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен ілгерілеуді тереңдетуге мүдделілікті негізге ала отырып,
      Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылуын ескере отырып, төмендегілер туралы келісті:
      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 01.11.2016 № 646 қаулысымен.

1-бап

      Қазақстан тарапы Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы процесіне жәрдемдесу мақсатында Қырғыз тарапына 100 млн. АҚШ долларына барабар көмек көрсетеді.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген көмек қырғыз Тарапына жол карталарында көзделген іс-шараларды кезең-кезеңмен іске асыруға беріледі және Тараптар арасындағы техникалық жәрдем көрсету туралы жекелеген хаттамаларға сәйкес мынадай нысандарда көрсетілуі мүмкін: көрсетілетін қызметтер, жабдықтар, тауарлар, оқыту, ақшалай қаражат.

3-бап

      Қырғыз Тарапына көмек көрсету тәртібі, сондай-ақ оны іске асыруды бақылау тетігі Тараптар арасындағы жекелеген хаттамалармен айқындалады.

4-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты келіспеушіліктер мен дауларды Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы реттейді.
      Егер Тараптардың бірі жолдаған келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен күннен бастап 6 ай ішінде Тараптар келіспеушіліктер мен дауларды реттемесе, онда дау Тарапының кез келгені бұл даулар мен келіспеушіліктерді Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары Мемлекетаралық кеңесіне қарау үшін бере алады.

5-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 6-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді және осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген хаттаманы орындағаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Тараптар осы Келісімнен туындайтын барлық міндеттемелерді орындағаннан кейін осы Келісім қолданысын тоқтатады.
      «_____ жылғы «__» ___________ ____________________ қаласында екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде жасалды әрі барлық мәтіндердің күш бірдей.
      Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 01.11.2016 № 646 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының         Қырғыз Республикасының
           Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады