"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 тамыздағы № 716 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. «Прокуратура туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 156-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 184-құжат; 1998 ж., № 15, 208-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 21, 774-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 6, 142-құжат; 2001 ж., № 20, 257-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 15, 39-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 15-16, 63-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; № 24, 121-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 16, 128-құжат; № 19, 145-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 15, 97-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат):
      1) 4-бап мынадай мазмұндағы 14-1) және 14-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «14-1) құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұрғандардың кәсіби деңгейін жоғарылатуды жүзеге асырады;
      14-2) құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіреді және жүргізеді;»;
      2) 5-баптың 2-тармағының 3-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-1) тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық кестесіне»;
      3) 9-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасының прокуратурасы жанынан прокуратура органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін ведомстволар, мекемелер, білім беру ұйымдары құрылуы мүмкін.»;
      4) 11-бапта:
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) Қазақстан Республикасының прокуратурасын ұйымдастыру мен оның қызметiнiң мәселелерi мен материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру шараларының тәртiбiн реттейтiн Қазақстан Республикасы прокуратурасының органдары, ведомстволары, білім беру ұйымдары мен мекемелерiнiң барлық қызметкерлерi және жұмыскерлері орындауға мiндеттi бұйрықтар, нұсқаулар, өкiмдер, ережелер мен нұсқаулықтар шығарады;»;
      5-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5-1) Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының прокуратурасы жанынан ведомстволарды, білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату, олардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныс енгізеді;»;
      7-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7-1) мекемелер, ведомстволар және білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарларын, облыстар прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлардың орынбасарларын, сондай-ақ аудандар, қалалар прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорларды қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;»;
      мынадай мазмұндағы 11-2) тармақшамен толықтырылсын:
      «11-2) прокуратураның білім беру ұйымдарында оқуға қабылдаудың тәртібін айқындайды;»;
      5) 12-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейінгі мерзімде жартыжылдық тексеру жүргізудің жиынтық кестесін орналастырады.»;
      6) 47-2-баптың 6) және 7) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) шет мемлекеттердің құзыретті мекемелерінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау органдарының қатысуымен ұстап беру, қылмыстық қудалау, тергеу әрекеттерін жүргізу, сотталғандарды, мәжбүрлі түрде емдеу жүргізу үшін жүйке ауруларымен ауыратын адамдарды ауыстыру, қылмыстың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге, қылмыскерлерді іздестіруге, жазаны орындауға бағытталған өзге де іс-қимылдарды орындау мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетуге;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шет мемлекеттердің құзыретті мекемелеріне Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының ұстап беру, қылмыстық қудалау, тергеу әрекеттерін жүргізу, сотталғандарды, мәжбүрлі түрде емдеу жүргізу үшін жүйке ауруларымен ауыратын адамдарды ауыстыру мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсету, қылмыстың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге, қылмыскерлерді іздестіруге, жазаны орындауға бағытталған өзге де іс-қимылдарды орындау жөніндегі тапсырмаларын, өтінімдерін, өтініштерін жіберуге;»;
      7) 47-4-бап алып тасталсын;
      8) 52-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) прокуратура органдарының қызметкерлері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі;»;
      9) 57-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры, прокуратура ведомстволарының, білім беру ұйымының басшылары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар бағынышты қызметкерлерге белгiленген үлгiдегi куәлiктердi бередi.
      3. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының, оған бағынышты прокуратуралар мен ведомстволардың, прокуратураның білім беру ұйымының Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өз атауы қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған мөрлерi, қазынашылық органдарында тиiстi шоттары болады.».
      2. «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 1, 4-құжат; № 19, 145-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 5, 41-құжат; № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 7, 34, 36-құжаттар; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат):
      1) 1-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) аттестаттаудан кейінгі даму – құқық қорғау органы қызметкерінің аттестаттау нәтижелері бойынша дара кәсіби өзін-өзі даярлауын ұйымдастыру;»;
      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «1-1) ауыстыру – қызметкердің лауазымдық жағдайы мен функционалдық міндеттерінің өзгеруі;»;
      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «2-1) басшылық лауазым – өзіне бағынысты ұжымның немесе жекелеген қызметкерлердің қызметін ұйымдастыру жөніндегі өкілеттіктер берілген құқық қорғау органының құрылымдық бірлігі;»;
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «3-1) бәсекеге қабілеттіліктің интегралдық көрсеткіші – қызметке кандидаттың және қызметкердің лауазым үшін негізгі параметрлер есебіне және кәсіби жетістіктерінің объективті көрсеткіштеріне негізделген кәсіби әлеуетінің формальдандырылған сандық мәні;»;
      мынадай мазмұндағы 4-1), 4-2) және 4-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      «4-1) деректердің ведомстволық банкі – құқық қорғау органының қызметке кандидаттар және кадр резервіне алынған қызметкерлер туралы мәліметтер жинақталған ақпараттық базасы;
      4-2) жас қызметкерлер – құқық қорғау қызметіне алғаш орналасқан, қызметке тұрған күнінен бастап бір жыл мерзім ішінде өту кезеңінде жүрген адамдар;
      4-3) жас қызметкерлердің бейімделуі – жас қызметкерлердің кәсіби дағдыларды меңгеру, корпоративтік мәдениет стандарттарына қосылу, құқық қорғау органындағы қызметке бейілділікті қалыптастыру процесі;»;
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) кадр резерві – басшылық лауазымдарына тағайындау үшін қажетті кәсіби және жеке басының қасиеттеріне ие қызметкерлердің белгіленген тәртіппен қалыптастырылған тобы;»;
      мынадай мазмұндағы 5-1), 5-2), 5-3) және 5-4) тармақшалармен толықтырылсын:
      «5-1) кадрлық әлеует – жедел-қызметтік міндеттерді сапалы әрі уақтылы шешу үшін қажетті жеке құрамның кәсіби құзыреттілігі мен моральдық-психологиялық жай-күйінің сипаттамасы;
      5-2) кадрлық болжам – кадрларды дамыту және олардың болашақ жай-күйінің бағыттары туралы дәлелді ұсыныстар жүйесі;
      5-3) кадрлық жоспарлау – құқық қорғау органдарының тиісті лауазымдары кадрларына қажеттілікті жүйелі түрде талдау және білікті мамандардың қажетті санымен қамтамасыз ету процесі;
      5-4) кәсіби құзыреттер моделі – қызметкердің белгіленген стандарттарға сәйкес міндеттерді орындау мүмкіндіктері мен қабілетін айқындайтын білімі, тәжірибесі мен өзін ұстау модельдері;»;
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) құқық қорғау қызметі – құқық қорғау органдары лауазымдарындағы мемлекеттік қызметтің ерекше түрі, сондай-ақ осы Заңның 44-бабында көзделген жағдайларда қызмет өткеру;»;
      мынадай мазмұндағы 7-2) тармақшамен толықтырылсын:
      «7-2) құқық қорғау органының корпоративтік мәдениеті – өзін ұстаудың белгіленген нормалары мен қағидаларының, жұмысқа көзқарастың, қызметкерлердің лауазымдық жағдайы мен функционалдық міндеттеріне қарамастан араласу тәсілдерінің жиынтығы;»;
      мынадай мазмұндағы 10-1) және 10-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «10-1) қызметтік тергеп-тексеру – қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау мақсатында, ол туралы материалдар мен мәліметтерді жинау және тексеру жөніндегі қызмет;
      10-2) лауазым бойынша разряд – қызметкерлердің қол жеткізген нәтижелері негізінде айқындалатын және еңбек ақысын саралауға әсер ететін кәсіби біліктілік дәрежесі;»;
      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «11) мансаптық өсу – лауазымдық ауыстыру және кәсіби даму кезеңдеріне сәйкес қызметкердің қызмет бабында көтерілуі;»;
      12) және 12-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «12) ротация – қызмет мүддесіне орай кадрлық әлеуетті ұтымды пайдалану мақсатында жүзеге асырылатын, басшылық лауазымдарды атқаратын қызметкерлерді жоспарлы ауыстыру;
      12-1) ротацияны жоспарлау – қызметкерді жоспарлы лауазымдық ауыстыру және кәсіби дамыту кезеңдерін айқындауға бағдарланған процесс;»;
      мынадай мазмұндағы 12-2) және 12-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      «12-2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдардың сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге бағытталған қызметті жүзеге асыратын жедел-тергеу бөлімшелері;
      12-3) тәлімгер – жас қызметкер бекітілетін, оған кәсіби дайындық пен дамуға тәжірибелік көмек көрсететін қызметкер;»;
      мынадай мазмұндағы 16-1) және 16-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «16-1) ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал – құқық қорғау органы алдына қойылатын міндеттерді дұрыс түсінумен, осы міндеттерді бірлесіп шешу қабілетімен және ықыласымен, ұжымдағы жұмыс жайлылығының деңгейімен, тілектестік және шынайы өзара қарым-қатынастармен, ұжымның оңды дәстүрлерімен және корпоративтік мәдениетпен сипатталатын психологиялық ниет;
      16-2) ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды әлеуметтік мониторингілеу – деректерді статистикалық өңдеу әдістерін пайдалана отырып, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі туралы ақпарат алуға бағытталған әлеуметтік процестер мен құбылыстарды жүйелі зерделеу;»;
      2) 2-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заңмен көзделген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметін реттейтін заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері болып табылады.»;
      3) мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:
      «5-1-бап. Кадрлық қызмет
      1. Кадрлық қызмет өз құзыреті шегінде:
      1) құқық қорғау органдарының кадрларға қажеттілігін талдайды және жоспарлайды;
      2) құқық қорғау органы құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасын орындау жөніндегі іс-әрекетін үйлестіреді;
      3) аттестаттау және конкурстық іріктеу жүргізу, қызметте ілгерілету, қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту, қызметкерлерді жұмыстан босату рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      4) құқық қорғау қызметіне кандидаттарды алдын ала қарауды және іріктеуді ұйымдастырады, қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруімен байланысты құжаттарды ресімдейді;
      5) құқық қорғау қызметінде болумен байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;
      6) қызметкерлердің тағылымдамадан өтуін, тәлімгерлікті, қызметін бағалауды, оқытуды, қайта даярлауды (мамандығын өзгертуді) және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, көтермелеуді қолдану тәртібін әзірлейді;
      7) қызметкерлердің дербес деректерін, бағалау, аттестаттау және оқытудан өту нәтижелері туралы мәліметтерді есепке алуды жүзеге асырады;
      8) ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
      9) құқық қорғау органының басшысы бекітетін әдістемеге сәйкес кадрлық қамтамасыз ету мен кадр саясаты субъектілерінің жұмыс сапасы нәтижелерін бағалайды;
      10) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларды өткізуді ұйымдастырады;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
      4) 7-бапта:
      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Құқық қорғау органдарына қызметке (оқуға) қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды алдын ала зерделеуді құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілермен айқындалатын тәртіпте кадрлық қызметтер жүзеге асырады.
      Кадрларға деген қажеттілікті қанағаттандыру үшін мамандықтардың тізбесі кадрлық жоспарлауды есепке ала отырып құқық қорғау органының басшысымен бекітіледі.
      2. Құқық қорғау органдарына қызметке тұруда кандидаттың бәсекеге қабілеттілігінің интегралдық көрсеткіштері және оның кәсіби құзыреттілік моделіне сәйкестік деңгейі есепке алынып, конкурстық негізде жүзеге асырылады. Қызметке кандидаттар, бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері болған тұлғалардан басқа, тағылымдамадан өтуге міндетті.
      Лауазым үшін негізгі параметрлерді айқындау, бәсекеге қабілеттіліктің интегралдық көрсеткішін есептеу тәртібі, сондай-ақ кәсіби құзыреттілік моделінің стандарттарын бағалау әдістері мен мезгілділігі құқық қорғау органының басшысымен бекітіледі.
      Конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесін, конкурс пен тағылымдама өткізудің шарттары мен тәртібін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша құқық қорғау органының басшысы белгілейді.
      Құқық қорғау органдарының орталық аппараттарында, ведомстволарында конкурс жүргізу кезінде хабарландырулар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарда жарияланады. Аумақтық бөлімшелерде конкурс өткізу туралы хабарландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таралатын құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарда жарияланады.
      Конкурстық іріктеуден өтпеген азаматтарды лауазымдарға қабылдаған лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауапкершілікке тартылады.»;
      5 және 6-тармақтар мынадай мазмұнмен толықтырылсын:
      «5. Құқық қорғау органының кадр бөлімшелері қызметке кандидаттардың деректердің ведомстволық банкін жүргізеді, олардың бәсекеге қабілеттілігінің интегралдық көрсеткішін көрсетеді.
      6. Деректердің ведомстволық банкін қалыптастырудың және онымен жұмыс істеудің тәртібін құқық қорғау органының басшысы белгілейді.»;
      5) 9-баптың 6-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Осы міндет егер қызметкер денсаулық жағдайы бойынша – әскери-дәрігерлік комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы қорытындысы негізінде қызметтен шыққан не құқық қорғау органдары штатының қысқартылуына немесе қайта құрылуына не жойылуына байланысты басқа лауазымды пайдаланудың мүмкіндігі болмаған жағдайда, сонымен қатар оны басқа құқық қорғау органына не арнайы мемлекеттік органға ауыстырған жағдайда қолданылмайды.»;
      6) 12-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Құқық қорғау қызметіне бірінші рет тұратын адамдар үшiн тиiстi лауазымға тағайындала отырып, үш айға дейінгі сынақ мерзiмi белгіленеді.
      Сәйкестіліктің кезеңдік бақылауының нәтижесі бойынша сынақ мерзімі алты айға дейін ұзартылуы мүмкін.
      Прокуратура органдарына бірінші рет қызметке тұратын адамдар үшін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен бір жылға дейінгі сынақ мерзімі белгіленеді.
      Жас қызметкерлерді бейімдеу және тәлімгерлікті жүзеге асыру тәртібі құқық қорғау органының басшысымен айқындалады.»;
      7) 13-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Қызметкерлердің дер кезінде Ант қабылдауы, қызметкерлердің Ант қабылдауын ұйымдастыру мен есебін жүргізу құқық қорғау органдары кадрлық қызметтің басшыларына жүктеледі.»;
      8) 15-бапта:
      1-тармақта:
      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «17) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті жүзеге асыруына;»;
      мынадай мазмұндағы 18) және 19) тармақшалармен толықтырылсын:
      «18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген тәртіппен тиісті уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалануға;
      19) ұсталғандарды және қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүруге құқығы бар.»;
      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      «4. Ұсталғандарды және қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру тәртібі құқық қорғау органының басшысымен бекітіледі.»;
      9) 16-баптың 1-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік қызметтің Әдептік кодексінің талаптарын сақтауға;»;
      10) 22-бапта:
      7-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген адамдар қызметке жаңадан қабылданған (оқуға түскен) кезде, басқа құқық қорғау органынан iссапарға жiберу тәртiбiмен қабылданған адамдар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген адамдар, әскери қызметшілер бұрынғы қызмет орны бойынша берілген немесе белгіленген өздерiнде бар сыныптық шенмен, арнаулы немесе әскери атақпен, біліктілік сыныбымен лауазымға тағайындалады (оқуға қабылданады), олар кейіннен жаңа қызмет (оқу) орны бойынша берілетін немесе белгіленетін арнаулы атаққа немесе сыныптық шенге теңестіріледі.»;
      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Бұрын «ішкі қызмет аға прапорщигі», «өртке қарсы қызметтің аға прапорщигі», «ішкі қызмет прапорщигі», «өртке қарсы қызметтің прапорщигі», «әділет аға прапорщигі», «әділет прапорщигі» әскери немесе арнаулы атақтары берілген адамдар осы Заңда көзделген негіздер бойынша өз қызметтерін тоқтатқанға дейін осы атақтарда қызметтерін жалғастыруға құқылы.»;
      11) 22-1-бапта:
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      «1-1. Мемлекеттік органдарда және халықаралық ұйымдарда іс-сапарда жүрген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің және экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлеріне кезекті біліктілік сыныптары білімі мен еңбек сіңіру мерзімі ескеріліп, біліктілік сыныбында белгіленген еңбек сіңіру мерзімінің өтуінен кейін жүйелі тәртіппен белгіленеді.»;
      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Біліктілік сыныбын бергенге дейін бұрын құқық қорғау органдарында қызмет істеген тұлғалар қызметке қайта қабылданар кезде, басқа құқық қорғау органынан іссапарға жіберу тәртібімен қабылданған тұлғалар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген тұлғалар, әскери қызметкерлер оларда бар сыныптық шендер, арнаулы немесе бұрынғы қызметінде алған әскери атақ бойынша лауазымға тағайындалады.»;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Бірінші біліктілік сыныптарын құқық қорғау органының басшысы белгілейді.
      Орта және аға басшы құрамның кезекті біліктілік сыныптары:
      1) 4-санатты біліктілік сыныбына дейін қоса алғанда – уәкілетті басшы;
      2) 1-санатты біліктілік сыныбына дейін қоса алғанда – құқық қорғау органының басшысы береді;»;
      12) 23-бап мынадай мазмұндағы 11-тармақпен толықтырылсын:
      «11. Мемлекеттік органдарда және халықаралық ұйымдарда іс-сапарда жүрген қызметкерлерге кезекті арнайы атақтар немесе сыныптық шендер білімі мен еңбек сіңіру мерзімі ескеріліп, арнайы атақта немесе сыныптық шенде белгіленген еңбек сіңіру мерзімі өткеннен кейін жүйелі тәртіппен беріледі.»;
      13) 24-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сіңіру мерзімі қызметкерге тиісті арнаулы немесе әскери атақ, сыныптық шен берілген күннен бастап есептеледі, бұл ретте еңбек сіңіру мерзіміне лауазымдардағы қызметтің нақты уақыты, сондай-ақ қатар осы Заңның 44-бабында көзделген жағдайда қызмет өткеруі және қызметкердің бала күтімі бойынша ол үш жасқа толғанға дейін жалақысы сақталмай демалыста болу мерзімі кіреді.
      Қызметкерді кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен беруге ұсыну негізсіз кешіктірілген жағдайда, тиісті арнаулы атақ немесе сыныптық шен, оның алдындағы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі өткеннен кейінгі күннен бастап беріледі.»;
      14) 26-баптың 4-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Бұл ретте атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан, сыныптық шеннен немесе біліктілік сыныбынан мерзiмiнен бұрын немесе бiр саты жоғары арнаулы атақтар, сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптарын беру (белгілеу) құқық қорғау органындағы қызметiнiң бүкіл кезеңi iшiнде әрбiр негiз бойынша екi реттен артық жүргiзiлмейдi.»;
      15) 28-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «28-бап. Соттың айыптау үкімі бойынша арнаулы атақтардан,
               сыныптық шендерден немесе біліктілік сыныптарынан
               айыру
      1. Қызметкерлерге қатысты арнаулы атақтардан, сыныптық шендерден немесе біліктілік сыныптарынан айыру туралы соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмiн орындауды:
      1) капитанға дейін, 1-сыныпты заңгерді, 4-дәрежелі біліктілік сыныбын қоса алғанда – уәкілетті басшы жүзеге асырады;
      2) полковникке дейін, аға кеңесшіні, 1-дәрежелі біліктілік сыныбын қоса алғанда – құқық қорғау органының басшысы жүзеге асырады;
      3) жоғары басшы құрамы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Арнаулы атақтан, сыныптық шеннен немесе біліктілік сыныбынан заңсыз айырған жағдайларда, соттың шешіміне сәйкес бұрынғы атағын, біліктілік сыныбын қалпына келтiру туралы бұйрықты құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы шығарады.
      3. Арнаулы атақтан, сыныптық шеннен немесе біліктілік сыныбынан заңсыз айырылған кезең қалпына келтiрiлген арнаулы атақта, сыныптық шенде немесе біліктілік сыныпта еңбек сiңiру мерзiмiне кiредi. Арнаулы атағынан, сыныптық шенінен немесе біліктілік сыныбынан заңсыз айырылған адамдарға материалдық залал толық көлемде өтеледi.»;
      16) 29-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «29-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы құрам
               лауазымдарына орналасудың жалпы қағидалары
      1. Қатардағы, кiшi, орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар орналасуға жататын лауазымдарды және осы лауазымдарға сәйкес келетiн арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендердi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      2. Орта, аға және жоғары басшы құрам лауазымдарына тағайындалатын адамдар оларға арнаулы атақ, сыныптық шен берiлгенге, біліктілік сыныбы белгіленгенге немесе құқық қорғау органдарының кадрларына қабылданғанға дейiн атқаратын лауазымы бойынша қызметтiк мiндеттерiн атқарады.
      3. Лауазымға тағайындауды, қызметi бойынша жоспарлы ауыстыруды тұлғаның мансаптық өсудің барлық кезеңдерінен міндетті өтіп, қойылатын біліктілік талаптарына, лауазымға қойылатын талаптарға қатаң сәйкес келген жағдайда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы жүргiзедi. Мансаптық өсу жүйесі мен өлшемдері құқық қорғау органының басшысымен айқындалады.
      Конкурстық негiзде орналасатын құқық қорғау органдарының лауазымдар тiзбесi, құқық қорғау органдарында конкурс және тағылымдама өткізу шарттары мен тәртiбi, сондай-ақ құқық қорғау органдарының лауазымдар санаттарына қойылатын бiлiктiлiк талаптары мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органдармен келiсіліп құқық қорғау органының басшысымен бекітіледі.
      4. Лауазымға тағайындау және қызмет бойынша ауыстыру қызметкердің кәсіби құзыреттер моделі және бәсекеге қабілеттілігінің интегралдық көрсеткіші негізінде жүзеге асырылады.
      5. Орта және аға басшы құрамдағы адамдарды лауазымға тағайындау және қызметі бойынша ауыстыру кезiнде оларды негiзгi мамандығы бойынша не бар тәжiрибесiне сәйкес пайдалану қамтамасыз етiледi, ал олар үшін жаңа мамандықтағы лауазымдарда пайдалану қажет болған кезде олар тағайындау алдында тиiстi курстарда (жиындарда) қайта даярлаудан өтуге тиiс.
      6. Бос басшылық лауазымдары туралы мәліметтер мен оларға тұруға кандидаттарға қойылатын талаптар құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртіпте ведомстволық ақпараттық-анықтамалық жүйелерде орналастырылады.
      7. Құқық қорғау органын кадрлық қызметпен уақытылы және толық жасақтау үшін құқық қорғау органының басшысы бекітетін әдістемеге сәйкес кадрлық болжам жүзеге асырылады.
      8. Құқық қорғау қызметінің учаскелерінде, бағыттарында іс-қимылдарды тәртіпке келтірудің ұтымды деңгейіне қол жеткізу мақсатында, құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртіпте жұмыс стандарттары (қызметкердің нақты жұмыс учаскесіндегі әрекетінің нәтижелеріне қойылатын алгоритм, қағидалар және талаптар) белгіленеді.»;
      17) 30-бапта:
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына басшылыққа және арнаулы пәндер бойынша педагогтік қызметке тағайындалған кезде, олардың білім беру ұйымдарына тағайындалғанға дейiнгi атқарған негiзгi соңғы лауазымдары бойынша айлықақысы сақталады. Әрбiр нақты жағдайда лауазымдық айлықақыны сақтау туралы шешiмдi лауазымға тағайындалғанға дейiн, білім беру ұйымы басшылығының ұсынуы және құқық қорғау органы орталық аппаратының кадр қызметінің қорытындысы бойынша, құқық қорғау органының басшысы қабылдайды.
      Сақталған лауазымдық айлықақыны төлеу лауазымы төмендетiлген кезде тоқтатылады.»;
      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
      «4-1. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды басқа лауазымдарға, сондай-ақ басқа жергілікті жерге ауыстыру қажет болған кезде бұл туралы шешімді олардың келісімімен осы адамдардың даярлығы мен қызметтік тәжірибесін, сондай-ақ оларда және олардың отбасы мүшелерінде денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімдердің жоқтығын ескере отырып, тиісті уәкілетті басшылар қабылдайды.»;
      18) 31-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «31-бап. Ротациялау
      1. Құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органының басшылық лауазымдарын атқаратын қызметкерлерін ротациялау жүзеге асырылады.
      Басшылық лауазымдардың тізбесін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      Құқық қорғау органының басшылық лауазымын атқаратын ротацияланатын қызметкерлерге қызметтік міндеттерін орындау мерзіміне жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үй беріледі.
      2. Ротациялау құқық қорғау органы басшысының шешімі бойынша жоспарлы негізде бес жылда бір рет жүзеге асырылады. Қабылданған шешім бұйрықпен ресімделеді. Қызметке басқа жерге ротациялауға – қызметкердің жазбаша келісімімен, ал қызмет мүддесі үшін – лауазымда болу мерзіміне қарамастан және қызметкердің келісімінсіз жол беріледі.
      Ротациялау мына схемалардың бірі бойынша жүргізіледі:
      1) деңгейаралық («орталық-аймақ», «аймақ-орталық»);
      2) өңіраралық («аймақ-аймақ»);
      3) сектораралық («орталық-орталық»).
      3. Мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары (қорғаншы болып табылатындар) немесе асырауында қарт ата-анасы не онымен тұрақты бірге тұратын және 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелері бар лауазымды адамдар ротациялауға жатпайды. Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
      4. Ротациялауға жататын басшылық лауазымдарының тізбесі және оларды ауыстыру тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.»;
      19) 33-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «33-1-бап. Құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резерві
      1. Құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резерві құқық қорғау органдарының жоғары тұрған бос басшылық лауазымдарына орналастыру үшін қызметкерлерді сапалы іріктеу мақсатында қалыптастырылады.
      Құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервін қалыптастыру тәртібін және оның лауазымдар тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      2. Құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұратын қызметкерлер прокуратураның білім беру ұйымында кәсіптік қайта даярлаудан өтеді және біліктілігін арттырады.
      20) 34-бапта:
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Құқық қорғау органының кадр резерві кейіннен бос басшылық лауазымдарға орналастыру үшін жоспарлы негізде жасалады.»;
      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру жауапкершілігі құқық қорғау органының басшысына немесе уәкiлеттi басшыға және кадр қызметіне жүктеледі. Құқық қорғау органдарында кадр резервін кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға орналастыру қажеттігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
      6. Кадр резервіне енгізуді құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметкердің бәсекеге қабілеттілігінің интегралдық көрсеткіші негізінде жүзеге асырады.»;
      9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Құқық қорғау органының кадр қызметі кадр резервіне енгізілген қызметкерлердің тізімін және деректердің ведомстволық банкін жүргізеді.
      10. Кадр резервін қалыптастыру тәртібін, кадр резервіне енгізілетін қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарды және кадр резервіне енгізілген қызметкерлердің деректердің ведомстволық банкімен жұмысты құқық қорғау органының басшысы айқындайды.»;
      21) 36-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Қызметкерлерді кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары мен ғылыми мекемелерінде, құқық қорғау органдарының қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі мамандандырылған мекемелерінде, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдары мен мекемелерінде жүзеге асырылады.
      Қызметкерлерді кәсіптік даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың мазмұны мен тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.»;
      22) 37-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Кадр резервіне енгізу үшін кандидаттарды іріктеу қызметкерлердің кәсіби қасиеттерін, олардың қызметінің нәтижелерін зерделеу және бағалау, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.
      Кадр резервіне енгізу үшін кандидаттардың кәсіби қасиеттерін бағалау ықтимал лауазым бойынша кәсіби құзыреттілік және бәсекеге қабілеттіліктің интегралдық көрсеткіші моделінің негізінде жүргізіледі.»;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Кадр резервіне енгізуге кандидаттарды іріктеуді кадр қызметтері жүзеге асырады. Кадр резервіне енгізілгендердің тізімін құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы бекітеді және ол деректердің ведомстволық банкіне енгізіледі. Тиісті лауазымға ұсыну үшін кадр резервіне енгізілген қызметкерлердің саны екі адамнан кем болмауға тиіс.»;
      23) 38-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Қызметкерді қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттету туралы құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрығы шығарылады. Қызметкер қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттету туралы бұйрықпен шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей танысуға тиіс. Бұйрықпен танысуы қызметкердің қолымен куәландырылады.
      Қызметкерді қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттету туралы бұйрықпен жеке таныстыру мүмкін болмаған жағдайда құқық қорғау органының кадрлық қызметі оған хабарлама хатпен қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттетілгені туралы бұйрықтың көшірмесін жолдауға міндетті.»;
      24) 43-бапта:
      1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Құқық қорғау органының штаты қысқартылған кезде қысқартылатын лауазымды атқарып жүрген қызметкермен құқықтық қатынастар:»;
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      «1-1. Құқық қорғау органы қайта ұйымдастырылған жағдайда жаңадан құрылған органның басшылығы қайта ұйымдастырылған органның қызметкеріне оның біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынады.
      Қызметкер қызметті одан әрі өткеруден бас тартқан жағдайда осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылады.»;
      25) 46-1-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «8 Қызметкер ұсынылған лауазыммен келіспейтінін жазбаша баяндаудан бас тартқан кезде құқық қорғау органының кадр қызметі қызметкердің жеке ісіне қосылатын акт ресімдейді.
      Қызметкер ұсынылатын лауазымға орналасудан бас тартқан жағдайда, ол қызметтен шығарылуға жатады.»;
      26) мынадай мазмұндағы 46-2-баппен толықтырылсын:
      «46-2-бап. Қызметті бағалау
      1. Қызметкерлер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау үшін олардың қызметіне жыл сайынғы бағалау жүргізіледі.
      2. Қызметкерлердің қызметін жыл сайынғы бағалау нәтижелері сыйлықақы беру, көтермелеу, оқыту, мансаптық өсу, ротациялау, сондай-ақ сараланған еңбекақы белгілеу бойынша шешімдер қабылдау үшін негіз болып табылады. Еңбекақы төлеуді саралау әрбір лауазым бойынша разрядтарға сәйкес жүргізіледі.
      Қызметкерлердің қызметін бағалау нәтижелері үш жыл бойы оларға аттестаттауды жүргізу бойынша шешімдер қабылдау үшін негіз болып табылады.
      3. Қызметкерлердің қызметін бағалау тәртібін, разрядтар беру тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.»;
      27) 47-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Бәсекеге қабілеттіліктің интегралдық көрсеткішін ескере отырып, қызметкердің кәсіби құзыреттер моделіне сәйкестігі аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемшарты болып табылады.»;
      28) 48-бапта:
      1, 2, 3, 4, 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Аттестаттауды өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының тапсырмасы бойынша тиісті кадр қызметтерімен аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
      2. Дайындық:
      1) аттестаттау өткізудің кестесін әзірлеуді;
      2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды;
      3) тест мерзімдерін және оны өткізетін орынды айқындауды;
      4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындауды қамтиды.
      Тесттілеуден өтудің тәртібі мен шарттары, кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша нормативтер, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәні (бұдан әрі - шекті мән) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      3. Құқық қорғау органының кадр қызметі осы Заңға сәйкес аттестатталуға жататын қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.
      4. Басшы аттестатталуға тиіс қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімін кадр қызметінің ұсынысы бойынша бекітеді.
      5. Кадр қызметі аттестаттауды өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда қызметкерлерді жазбаша хабардар етеді.
      6. Аттестатталуға жататын қызметкерге оның қызметтік мінездемесі ресімделеді және аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірілмей кадр қызметіне жіберіледі.»;
      9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр қызметіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.
      10. Кадр қызметі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейін бір апта мерзімнен кешіктірмей жібереді.»
      29) 49-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Басшы аттестаттау комиссиясының құрамын және оның жұмыс кестесін кадр қызметінің ұсынысы бойынша бекітеді.»;
      3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Кадр қызметінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады, оны комиссия басшысы айқындайды.»;
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр қызметтерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері енгізіледі.»;
      30) 50-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Кадр қызметі аттестаттау комиссиясының шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді, қызметкер шешіммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.»;
      31) мынадай мазмұндағы 53-1-баппен толықтырылсын:
      «53-1-бап. Қызметкерді аттестаттаудан кейінгі кезеңде дамыту
      1. Аттестаттаудан өткен қызметкерге қатысты қызметкердің кәсіби құзыретінің деңгейін арттыруға бағытталған аттестаттаудан кейінгі дамыту бағдарламасы жасалады.
      2. Бағдарлама осы Заңда айқындалған мерзімдерге сәйкес қызметкерді келесі аттестаттауға дейін қолданыста болады және оны құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы бекітеді.»;
      32) 7-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «7-тарау. Құқық қорғау органдарындағы қызметтік тәртіп және
                моральдық-психологиялық ахуал»;
      33) 54-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      «4. Тәртіптік теріс қылықтардың ауырлығын бағалау жүйесі мен тәртіптік жауапкершілікті қалыптастыру тәртібін (тәртіптік практикадағы профилактикалық функцияларды күшейту) Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.»;
      34) мынадай мазмұндағы 54-1-баппен толықтырылсын:
      «54-1-бап. Құқық қорғау органдары ұжымдарындағы
                 моральдық-психологиялық ахуал
      1. Ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін зерделеу мақсатында жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізіледі, оған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің сауалнамасы кіреді.
      Социологиялық мониторинг нәтижелері бойынша моральдық-психологиялық ахуалды оңтайландыру бағдарламасы жасалады.
      Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің тәртібі мен әдістемесін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      2. Құқық қорғау органының басшысы, құқық қорғау органының уәкілетті басшысы және басшылық лауазымдар атқаратын қызметкерлер өздері не сеніп тапсырылған бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне дербес жауапты болады.»;
      35) 55-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қызметкерге осы бапта көзделген көтермелеуді қолдану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.»;
      36) 57-бапта:
      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадрлық қызметі жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
      Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадрлық қызметі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.»;
      14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «14. Іссапарға жіберу қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, қызметкерге ол еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өтсе, тәртiптiк жаза қолданылмайды.
      15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болу, уәкілетті органдардың және лауазымды адамдардың шешімдеріне, актілері мен ұсынымдарына, тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылатын қызметтік тергеу актілеріне (қорытындыларына, нәтижелеріне) шағымдану, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімін тоқтатыла тұрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің немесе арнайы зерттеулердің (сараптамалардың) нәтижелері болмаған кезде қызметтік тергеп-тексеру және жаза қолдану мерзімінің қолданысы тоқтатыла тұруы мүмкін.»;
      37) 60-бапта:
      1-тармақта:
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау мақсатында міндетті болса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау міндетті болса, құқық бұзушыларды жеткізу;»;
      мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
      «8) егер көлік жүргізуші қызметкердің тоқтату бойынша заңды талаптарына бағынбаса, көлік құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату үшін қолдануға құқығы бар.»;
      мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:
      «1-1. Қызметкерлердің осы Заңда атыс қаруы мен өзгеде қаруды қолдану рұқсат етілген барлық жағдайларда дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.
      1-2. Арнайы құралдың түрі, оны қолдану уақытының басталуы мен қарқындылығы қалыптасқан жағдай, құқық бұзушылық сипаты және құқық бұзушының тұлғасы ескеріле отырып айқындалады.»;
      38) 61-баптың 1-тармағында:
      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «2-1) құқық қорғау органының атыс қаруын және өзге де қаруын, арнаулы көлік құралын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу;»;
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) азаматтарға қару қолдану ниеті туралы ескерту, дабыл белгісін беру немесе көмекке шақыру үшін;»;
      39) 62-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «62-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды,
               дене күшін қолдану шарттары
      1. Атыс қаруы және өзге де қару, арнайы құралдар, дене күші осы Заңда көзделген жағдайларда, қалыптасқан жағдай негізге алына отырып қолданылады.
      2. Қызметкерлер атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдануға байланысты жағдайларда әрекеттерге жарамдылығына арнайы даярлықтан, кезең-кезеңмен тексеруден өтуге міндетті.
      3. Қажетті қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында немесе қылмыс жасаған адамды ұстаған кезде, қызметкер қажетті арнайы құралдардың немесе қарудың жоқтығында кез келген қол асты құралдарды пайдалануға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен құралдандыруда тұрмаған өзге де қаруды қолдануға құқылы.
      4. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолданған кезде қызметкерлер:
      1) атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдануды кешіктіру азаматтардың, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, өзге де ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болатын немесе қалыптасқан жағдайда мұндай ескерту орынсыз немесе мүмкін емес болып табылған жағдайларды қоспағанда, атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдану ниеті туралы ескертуге, бұл ретте оларды қолдану көзделіп отырған адамдарға өзінің талаптарын орындау үшін жеткілікті уақыт беруге міндетті.
      Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды және дене күшін бөлімшенің (топтың) құрамында қолданған жағдайда көрсетілген ескертуді бөлімше (топ) басшысы немесе арнайы атағы, сыныптық шені, біліктілік сыныбы жоғары қызметкер жасайды;
      2) жеке адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қабылдауға;
      3) атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшыға дереу баяндауға міндетті.
      5. Адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр салдарларға әкеп соққан атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолданылған әрбір оқиға туралы прокурор дереу хабардар етіледі.
      6. Қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін өз өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып қолдануы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.»;
      40) 65-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Жиi және ұзақ ауыратын қызметкерлердің, егер еңбекке жарамсыз болған күндерiнiң саны он екі айда сол бiр ауру бойынша үзiлiссiз төрт айға дейiнгі немесе жыл iшiнде әртүрлi аурулар бойынша бес айға дейiнгi уақытты құрайтын болса, қызметтi одан әрi өткеруге жарамдылығын анықтау үшiн құқық қорғау органының кадрлық қызметтің емдеу-профилактика мекемелерінiң ұсыныстары бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияға медициналық куәландырылуға жiбередi.»;
      41) 66-баптың 4-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Қызметкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаты, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан немесе қызметкер құқық қорғау қызметінен шығарылған күнінен бір жыл өткенге дейін міндеттерін атқару кезінде алған жарақаты, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан болған мүгедектік белгіленгенде бір жолғы өтемақы:»;
      42) 77-баптың 3-тармағы мныдай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
      «Қызметкердің бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыста болған уақыты құқық қорғау қызметiндегi өтiлiне, арнаулы атақ, сыныптық шен немесе біліктілік сыныбын беру үшiн еңбек сiңiрген жылдарына есептеледi.
      Құқық қорғау органында ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларды өткізу кезінде атқарған лауазымы қысқартылған жағдайда, біліктік талаптарына сәйкес болғанда қызметкерге осы жергілікті жерде басқа бос лауазымға орналасуға мүмкіндік беріледі.»;
      43) 80-баптың 1-тармағында:
      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «17) ұсынылған лауазымға орналасудан бас тартуына және құқық қорғау органының қарамағында болу мерзімінің өтуіне байланысты;»;
      мынадай мазмұндағы 18) тармақшамен толықтырылсын:
      «18) құқық қорғау органының таратылуына байланысты жұмыстан шығарылады.»;
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Мынадай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін көзбе-көз түсіретін әрекеттер, атап айтқанда: қызметкерлердің (оның құқық қорғау органына тиесілігін айқындауға мүмкіндік беретін) қоғамдық орындарда айналадағыларға анық белгілі болған алкогольдік не есірткілік масаң күйде болуы; қызметкерлердің автокөлік құралдарын алкогольдік не есірткілік масаң күйде басқаруы; шұғыл сипаттағы ақпаратты тергеуге зиян келтірумен жария ету; қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану; құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, тыңдаушыларының және курсанттарының арасында жарғыға сәйкес келмейтін, жағымсыз қоғамдық резонанс тудырған қарым-қатынастары құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.».
      3. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 8, 49-құжат):
      2-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Техникалық жағынан ақаусыз және одан әрі қолдануға жарамды өз еркімен өтеулі түрде тапсырылған қару-жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруы, сондай-ақ газды қару Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен құқық қорғау органдарына тапсырылуы мүмкін.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады