Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1142 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 7 ақпандағы № 37 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 07.02.2019 № 37 қаулысымен.
      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасының ішкi iстер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Iшкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1142 қаулысымен
бекітілген

Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметінің мәртебесін, өкілеттіктерін, сондай-ақ ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметінің (бұдан әрі – ЖПҚ) жұмысын ұйымдастыру мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін айқындайды.

      2. ЖПҚ өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары бөлімшелерінен, кәмелетке толмағандар істері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерден, жол-патрульдік полициясынан, табиғатты қорғау полициясынан, қабылдау-бөлу орындарынан және арнаулы қабылдау орындарынан тұрады және ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді.

      4. ЖПҚ қызметкерлерінің қызмет өткеру шарттарын қоса алғанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері деген бірыңғай құқықтық мәртебесі бар.

      5. ЖПҚ қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасында регламенттеледі.

      6. Жергілікті полиция қызметінің жұмысын үйлестіруді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі дара басшылық және субординация (бағыныстылық) қағидаты негізінде ішкі істер органдарының қызметін регламенттейтін бірыңғай нормативтік құқықтық және әдістемелік базаға сәйкес жүзеге асырады.

      7. ЖПҚ қаржыландыру облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

2. ЖПҚ негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

      8. ЖПҚ міндеттері:

      1) құқық бұзушылықтар профилактикасы;

      2) қоғамдық тәртіпті сақтау;

      3) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу;

      5) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу;

      6) қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру;

      7) ішкі істер органдарының қабылдау-бөлу және арнайы қабылдау орындарында адамдарды ұстау;

      8) ЖПҚ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері алдында қоятын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де міндеттер.

      9. ЖПҚ функциялары:

      1) құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, зерделеуге, жоюға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырады;

      2) қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша шаралар кешенін жүзеге асырады;

      3) жол жүрісін және оның қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады;

      5) қылмыстық теріс қылықтарды тергеп-тексеруді жүзеге асырады;

      6) әкімшілік қамауға алынған және белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басты куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды қабылдауды және ұстау жағдайын қамтамасыз етеді;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      10. ЖПҚ құқықтары және міндеттемелері:

      ЖПҚ "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде:

      1) жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауды, құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, ал бұл талаптарды орындамаған жағдайда тиiстi мәжбүрлеу шараларын қолдануға;

      2) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын, сондай-ақ орындалуын бақылау iшкi iстер органдарына жүктелген, белгiленген қағидалардың сақталуын тексеруге қажеттi басқа да құжаттарды тексеруге;

      3) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін iс жүргізуде жатқан материалдар мен iстер бойынша iшкi iстер органдарына шақыруға, олардан түсінік және айғақтар, құжаттар, олардың көшiрмелерiн алуға, ал, келмеген кезде белгіленген тәртіппен күштеп келтіруге;

      4) жеке және заңды тұлғаларға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұйғарымдар, ұсынымдар енгізуге;

      5) қоғамдық тәртіпті сақтауда ерекше көзге түскен азаматтарды көтермелеуге;

      6) қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен наразылық танытудың заңсыз нысандарының жолын кесуге;

      7) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактiсiн және масаң күйде болғанын анықтау үшін адамдарға куәландыру жүргiзуге, ал, мүмкін болмаған жағдайда – куәландыру үшін медициналық мекемелерге жеткізуге;

      8) көлік құралдарын тоқтатуға және тексеріп қарауға, адамдарды көлік құралдарын басқарудан шеттетуге, көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүрісін уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға;

      9) төтенше жағдайлардың салдарын жою, терроризмге қарсы операцияны, күзету, көпшілік, карантиндік іс-шараларын өткізу, іздеу салуда жүрген адамдарды ұстау, кепілге алынғандарды босату, қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген адамдардың ізіне түсу, жарылғыш заттар, оқ-дәрілер және жарғыш құрылғылар, улы және радиоактивті заттар табылғандығы туралы мәліметтерді тексеру, жаппай тәртіпсіздіктің және жеке тұлғалардың қауіпсіздігіне, инфрақұрылым объектілерінің тыныс-тiршiлiгіне қауіп төндіретін, қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де топтасқан әрекеттердің жолын кесу кезінде жергілікті жер учаскелерін қоршауға алуды жүргізуге;

      10) күзетілетін, көпшілік іс-шаралар өткізілетін орындарға кіру (келу) кезінде жеке тұлғаларды, олардың заттарын, көлік құралдарын және өткізілетін жүктерді тексеріп қарауды, оның ішінде техникалық құралдарды пайдаланып тексеріп қарауды жүргізуге, олар өткізілетін орындарға тыйым салынған нәрселер мен заттары бар адамдар мен көлік құралдарын кіргізбеуге;

      11) жедел-профилактикалық, іздестіру және өзге де арнаулы іс-шараларды өткізу кезінде бақылау-өткізу пункттерін орнатуға;

      12) карантиндік, санитариялық-эпидемияға қарсы және табиғатты қорғау іс-шараларына қатысуға;

      13) төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтерiнiң күштерi мен құралдарын, көлiк және басқа да материалдық-техникалық құралдарды, ұйымдардың байланыс және химиялық қорғану құралдарын тартуға;

      14) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамның ізіне түсу, оқиға орнына бару, төтенше немесе соғыс жағдайы қолданылған кезеңде, қарулы қақтығыс жағдайында, төтенше жағдайларды жою кезінде, сондай-ақ меншік иелеріне материалдық залал келтірілген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен оның орнын толтыра отырып, егер кiдiрту адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіруі мүмкін болатын болса, жедел медициналық көмекке мұқтаж адамдарды медицина ұйымдарына жеткiзу үшiн көліктің кез келген түрін (дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардың көлік құралдарынан басқа) пайдалануға;

      15) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтайтын орындарға тексерулер жүргізуге;

      16) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу актілерін және ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалануға;

      17) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды ұстау жөнінде іс-шаралар жүргізуге;

      18) жеке тұлғаларды әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ішкі істер органдарына жеткізуге;

      19) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған әскери қызметшілерді ұстауға және оларды әскери полиция органдарына, әскери бөлімдер командирлеріне немесе жергілікті әскери басқару органдарының бастықтарына тапсыруға;

      20) қаруды, оқ-дәрілерді, есірткіні, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ өзге де тыйым салынған нәрселер мен заттарды алып қоюға;

      21) жеке адамдардың қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған деп күдік келтірілген адамдардың ізіне түсу кезінде не сол жерде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасалды немесе жасалуда, жазатайым оқиға болды деп санау үшiн жеткiлiктi мәлiметтер болса, дүлей зілзалалар, апаттар, авариялар, эпидемиялар, эпизоотиялар және жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде жеке тұлғалардың жеке басының қауiпсiздiгi мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн тұрғын және өзге де үй-жайларға, аумақтарға және жер учаскелерiне (дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардан басқа) кедергiсiз кiруге, оларды қарап тексеруге;

      22) егер жеке тұлғалардың тұрғын жайларда, жергілікті жердің белгілі бір учаскелерінде болуы адамның өмірі мен денсаулығына, меншік объектілеріне қатер төндіретін болса, ұйымдардың жұмысын бұзса, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүрісіне кедергі келтіретін болса, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын, тергеу амалдары мен көпшілік іс-шараларды жүргізген жағдайларда олардың сол жерлерге кіруін немесе онда болуын шектеуге, оған уақытша тыйым салуға;

      23) қабылдау-бөлу және арнайы қабылдау орындарында ұсталатын, профилактикалық есепте тұрған адамдарды криминалистік есепке қою үшін суретке түсiруге, дактилоскопия жасауға, дыбыс жазбасын, кино- және бейне түсiрiлiмiн жүргізуге;

      24) ЖПҚ жұмысын жария ету үшін бұқаралық ақпарат құралдарын тартуға;

      25) дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асыруға;

      26) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      ЖПҚ "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде:

      1) адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға;

      2) оқиға туралы, жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қабылдауға, тіркеуге және қарауға, заңнамада белгіленген тәртіппен өтініш берушіге қабылданған шешім туралы хабар беруге;

      3) құқыққа қарсы қолсұғушылықтан, оқиғалардан және жазатайым жағдайлардан зардап шеккен, сондай-ақ өздерінің өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті дәрменсiз не өзге де күйдегі жеке тұлғаларға көмек көрсетуге;

      4) құқық бұзушылық профилактикасының жалпы және жеке шараларын жүзеге асыруға;

      5) патрульдеуді жүзеге асыруға;

      6) жол жүрісі қағидаларының және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жататын нормативтердің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға, жол жүрісін реттеуге;

      7) әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға;

      8) қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетi мен қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде жүрген адамдарды медициналық ұйымдарға немесе ішкі істер органдарына жеткiзуге;

      9) сот шешімімен тағайындалған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларынан жалтарып жүрген адамдарды іздеуді жүзеге асыруға, оларды ұстауға және арнаулы медициналық мекемелерге жеткізуге;

      10) үш жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған қадағалаусыз қалған балаларды, сондай-ақ ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу орталықтарына жеткізуге;

      11) көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге;

      12) жаппай тәртіпсіздіктің, топтасып бағынбаушылықтың жолын кесуге;

      13) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс, төтенше немесе соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;

      14) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болудың және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүрудің белгіленген қағидаларын сақтауын бақылауға;

      15) жеке тұлғалардың азаматтық қару мен оның патрондары айналымының белгіленген қағидалары сақтауын бақылауды жүзеге асыруға;

      16) терроризмге қарсы операциялар мен күзет іс-шараларын жүргізуге қатысуға;

      17) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасайтын адамдарды ұстауға;

      18) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, оларды жоюға бағытталған шаралар қолдануға;

      19) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыруға;

      20) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сот актілерін, судьялардың талаптарын, прокурордың қаулыларын, нұсқамаларын және талаптарын орындауға;

      21) атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуда сот орындаушыларына көмек көрсетуге;

      22) адамдарды ішкі істер органдарының қабылдау-бөлу және арнайы кабылдау мекемелерінде ұстауға, оларды күзетуді қамтамасыз етуге;

      23) ішкі істер органдарының қабылдау-бөлу және арнайы қабылдау орындарында ұсталатын адамдардың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын және денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге;

      24) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғауды және құпиялылық режимiнiң сақталуын ведомстволық бақылауды қамтамасыз етуге;

      25) ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге;

      26) дербес деректерді қорғауды қамтамасыз етуге;

      27) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

3. ЖПҚ жұмысын ұйымдастыру

      11. ЖПҚ аумақтық ішкі істер органдарының құрылымдық бөлімшесі болып табылады, оның құзыретіне құқық бұзушылық профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мәселелері жатады.

      12. Жергілікті полиция қызметінің бастығы ЖПҚ күштері мен құралдарына басшылық етуді жүзеге асырады, ол ЖПҚ жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауаптылықта болады.

      13. ЖПҚ (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, қаланың, қаладағы ауданның) бастығын тиісті мәслихаттың келісімімен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығының лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, ауданның (қаланың, қаладағы ауданның) ЖПҚ бастығы лауазымына – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы ұсынады.

      ЖПҚ бастықтарының лауазымдарына кандидаттар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес ішкі істер органдарының кадрлық резервінде тұрған полиция қызметкерлерінің қатарынан ұсынылады.

      14. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығын келісу және тағайындау тәртібі:

      1) Ішкі істер министрі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы лауазымына кандидатты тағайындау туралы ұсыныс енгізеді;

      2) әкім Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі ұсынған кандидатураны мақұлдаған жағдайда, бес жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті мәслихатының сессиясына оны келісу туралы ұсыныс енгізеді, бас тартқан жағдайда – бас тарту себептерін негіздей отырып, қабылданған шешім туралы Ішкі істер министріне хабар береді;

      3) мәслихаттың оң шешімі алынған кезде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі ЖПҚ бастығының лауазымына тағайындау туралы өкімді екі данада шығарады. Өкімнің екінші данасы ішкі ведомстволық рәсімдер жүргізу үшін бір тәулік ішінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің атына жіберіледі. Мәслихат ұсынылған кандидатураны келісуден бас тартқан кезде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі мәслихат шешімі шығарылған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін негіздей отырып, Ішкі істер министріне хабар береді.

      15. Ауданның (қаланың, қаладағы ауданның) ЖПҚ бастығын келісу және тағайындау тәртібі:

      1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне ауданның (қаланың, қаладағы ауданның) ЖПҚ бастығының лауазымына кандидатты тағайындау туралы ұсыныс енгізеді;

      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы ұсынған кандидатураны мақұлдаған жағдайда, бес жұмыс күні ішінде ауданның (қаланың, қаладағы ауданның) тиісті мәслихатының сессиясына оны келісу туралы ұсыныс енгізеді, бас тартқан жағдайда – бас тарту себептерін негіздей отырып, қабылданған шешім туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығына хабар береді;

      тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мәслихат құрылмаған жағдайда ұсыныс келесі жоғары тұрған деңгейдегі мәслихаттың қарауына енгізіледі;

      3) мәслихаттың оң шешімі алынған кезде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі ауданның (қаланың, қаладағы ауданның) ЖПҚ бастығының лауазымына тағайындау туралы өкімді екі данада шығарады. Өкімнің екінші данасы ішкі ведомстволық рәсімдер жүргізу үшін бір жұмыс күні ішінде Ішкі істер департаментінің атына жіберіледі. Мәслихат ұсынылған кандидатураны келісуден бас тартқан кезде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі мәслихат шешімі шығарылған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығына хабар береді.

      16. Мәслихат сессиясын жүргізу тәртібі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында регламенттеледі.

      17. Облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің ЖПҚ бастықтарының лауазымдарына кандидатураларды қараудың жалпы мерзімі ішкі істер органдарының ұсынысы әкімдікке түскен кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспайды.

      18. ЖПҚ бастығының лауазымы аумақтық ішкі істер органы бастығының орынбасары лауазымына теңестіріледі.

      19. ЖПҚ бастығының лауазымында болу мерзімі тағайындалған кезден бастап бес жылдан аспауға тиіс.

      20. Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі басшыларының лауазымда болу мерзімін тиісінше Ішкі істер министрінің, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана ЖПҚ басшысының ұсынуы бойынша тиісті мәслихаттың келісімімен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі ұзартуы мүмкін.

      21. ЖПҚ бастықтары "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекшеліктерге сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.

      22. Әкім және (немесе) мәслихат ЖПҚ бастығының жұмысын тәртіптік жазалау шарасы ретінде атқарып отырған лауазымынан босатуға әкеп соқтыратын қанағаттанарлықсыз деп таныған жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі ЖПҚ бастығының лауазымында одан әрі болу туралы мәселені ішкі істер органдарының тәртіптік комиссиясында қарау үшін тиісінше Ішкі істер министріне, облыстың, республикалық маңызы қаланың, астананың ЖПҚ бастығына хабар береді.

      Тәртіптік комиссияның шешімі үш күн мерзімде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне жолданады.

      23. ЖПҚ бастықтарын қызметтен босату "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      24. ЖПҚ құрамына кіретін бөлімшелердің қызметкерлерін тағайындау Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметі саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      25. Жергілікті полиция қызметінің бөлімшелерінде тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйін бақылауды жүзеге асыруды ішкі істер органдарының аумақтық өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері қамтамасыз етеді.

      26. Дағдарыстық, табиғи, әлеуметтік немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда аумақтық ішкі істер органдарының бастықтары ЖПҚ бөлімшелерің басшылық етуді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің үйлестіруімен жүзеге асырады.

      27. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі ЖПҚ қызметін ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде:

      1) ЖПҚ қаржыландыруды, оның ішінде материалдық-техникалық жарақтауды қамтамасыз етеді;

      2) тиісті аумақта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды ұйымдастырады және оның жай-күйіне жауаптылықта болады;

      3) мәслихатпен бірлесіп, жылына екі реттен сиретпей ЖПҚ бастығының тиісті есептерін тыңдайды және оның қызметін бағалайды;

      4) азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға тарту жөнінде шаралар қабылдайды;

      5) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      6) қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтардың профилактикасы, тұрмыстық, рецидивтік және жасөспірімдер қылмыстылығы саласында тиісті аумақты дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге жауаптылықта болады;

      7) жергілікті полиция қызметінің алдында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер қояды, оның орындалуын бақылайды.

      28. ЖПҚ қызметкерлерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген міндеттерді орындауға тартуға жол берілмейді.

      29. Бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды және заңмен қорғалатын мүдделерді қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      30. ЖПҚ бастығының өкілеттіктері:

      1) ЖПҚ қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті нұсқаулар, өкімдер береді, өз құзыреті шегінде ішкі істер органдарының атынан бұйрықтар шығарады;

      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды, әкімшілік жазалауды қолданады, қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша процестік құжаттарды мақұлдайды;

      3) ЖПҚ құрылымдық бөлімшелері туралы ережені және ЖПҚ қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      4) ЖПҚ құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері арасында тәрбие жұмысын ұйымдастырады, олардың тәртіпті, заңдылықты, құпиялылық режимді сақтауын және кәсіптік деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді;

      5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне ауданның, қаладағы ауданның, облыстық маңызы бар қаланың ЖПҚ бастықтарын тағайындау туралы ұсыныс енгізеді;

      6) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады, шағымдар мен арыздарды қарайды, олар бойынша шешім қабылдайды, тәртіп пен заңдылықтың бұзылу фактілері бойынша қызметтік тексеруді тағайындайды;

      7) ЖПҚ-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың іске асырылуына жауаптылықта болады;

      8) ЖПҚ қызметкерлері жасаған тәртіптік теріс қылықтар бойынша қызметтік тексерулерді бекітеді;

      9) жылына екі реттен сиретпей өкілді және атқарушы органдар алдында, жылына бір рет халық алдында есеп береді;

      10) өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      31. ЖПҚ бастығы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

4. ЖПҚ қайта ұйымдастыру және тарату

      32. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі ЖПҚ қайта ұйымдастыруды және таратуды "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады