Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 2 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "себептерге", "себебін, ", "себебін", "процессуалдық" деген сөздер тиісінше "уәждерге", "уәжін, себебін,", "уәжін", "процестік" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасын зерделей келіп және қолданыстағы неке-отбасы заңнамасын бiркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасының бала асырап алу туралы ұлттық және халықаралық деңгейлердегі заңнамасы (бұдан әрі – бала асырап алу) Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) негізделеді және "Неке (ерлі-зайыптылық)" және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының кодексінен (бұдан әрі — Кодекс), "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 – II Заңынан, Бала құқықтары туралы Конвенциядан (Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы № 77-XIII қаулысымен ратификацияланған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1989 жылғы 20 қарашада қабылдаған) (бұдан әрі – Бала құқықтары туралы Конвенция), Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенциядан (Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 12 наурыздағы № 253-IV Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2010 жылғы 1 қарашада күшіне енген) (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенция), Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларынан, "Қазақстан Республикасының Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенциядан туындайтын міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2010 жылғы 21 қыркүйектегі № 966, "Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы" 2012 жылғы 30 наурыздағы № 380 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларынан, "Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 09 желтоқсандағы № 513, "Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы 29 маусымдағы № 407, "Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру туралы рұқсат беру мүмкіндігі (мүмкін еместігі) туралы қорытынды беретін комиссия қызметінің қағидаларын және құрамын бекіту туралы" 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 13, "Жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алуды ұйымдастыру және олар туралы ақпаратқа қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 16 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрықтарынан, "Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы (бұдан әрі – Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесі)" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығынан, "Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға тілек білдірген, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдарды, шетелдiктердi есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 14 маусымдағы № 11-1-2/262 бұйрығынан және өзге де тиісті нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      2. Бала асырап алу және оның күшін жою, бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы істерді баланың тұрғылықты (болатын) жеріндегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды және шешеді (Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 27-бабының үшінші бөлігі – бұдан әрі – АПК).

      Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын даулар бойынша азаматтық істерді қарайды және шешеді.

      Бала асырап алу туралы арыздар бойынша істер істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін мәлімделген кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің өтінішхаты бойынша республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, облыс орталықтарының шегінде орналасқан аудандық (қалалық) соттардың соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда, баланың тұрғылықты (болатын) жеріндегі аудандық (қалалық) сотта қаралуы мүмкін немесе оған берілуі мүмкін. (АПК-нің 27-бабының үшінші бөлігі).

      Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетел азаматтары, оның ішінде олар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайларда да, бала асырап алу туралы арызды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа береді.

      Арыз беруші қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), патронат тәрбиеші немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, бiлiм, тәрбие берудi, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын басқа да заңды өкілді алмастыратын адам болып табылатын жағдайларды қоспағанда, баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана бала асырап алу туралы арыз берген адамның баланың заңды өкілі құқықтарына ие болатынын назарға алған жөн (Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 12) тармақшасы).

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. Сот бала асырап алу туралы арызды қабылдай отырып, оның нысаны мен мазмұнының талап қоюға АПК-нің 148-бабында қойылған жалпы талаптарға, сондай-ақ АПК-нің 311-бабының талаптарына сәйкес келетін-келмейтінін тексереді.

      Осы санаттағы істердің ерекшелігін негізге ала отырып, сот асырап алушылардың өздері, олар асырап алуды қалайтын балалар туралы, балалардың тұрғылықты (тұратын) жері, олардың ата-аналары туралы, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарының бар-жоғы, асырап алынған балалардың тууы туралы актілер жазбасындағы ықтимал өзгерістер туралы өтініштерді, Кодекс бала асырап алушы болу мүмкіндігін байланыстыратын мән-жайлар туралы, оларды растайтын дәлелдемелерді, сондай-ақ тізбесі АПК-нің 312-бабында көрсетілген қажетті құжаттардың арыздың қосымшасында бар-жоғын тексеруі қажет.

      Арыз берушінің осы құжаттарды алу мүмкіндігі болмаған жағдайда сот оларды арыз берушінің өтінішхаты бойынша тиісті органдардан сұратып алуға тиіс.

      Балаларды туыстары асырап алған кезде арызда бала асырап алушылардың балалардың биологиялық ата-аналарымен туыстық байланыста болғаны туралы мәліметтер көрсетілуі және оған баланың биологиялық ата-аналары мен бала асырап алушылар арасындағы туыстық байланысты растайтын құжаттар (туу туралы куәліктер, тегін ауыстыру туралы құжаттар, туыстық қатынастарды анықтау туралы сот шешімдері және т.б.) қоса берілуі тиіс. Асырап алынатын баланың туыстарына жататын адамдар тобын айқындау кезінде сот Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 36) тармақшасын басшылыққа алуы тиіс, оған сәйкес үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық қатынастағы адамдар туыстар болып табылады. Туыстық байланыстарды растайтын дәлелдемелер болмаған кезде арыз қанағаттандырылуға жатпайды, мұндай жағдайда бала асырап алуға өзге де кедергілердің жоқтығы заңды маңызға ие болмайды. Арыз берушіге бала асырап алу үшін заңда белгіленген рәсімді сақтау қажеттігі туралы түсіндірген жөн.

      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Сотының 01.06.2023 № 18-НҚ нормативтік қаулысын қараңыз.

      Мемлекеттік жеңілдіктер мен артықшылықтарға қол жеткізуге, үкімді орындауды кейінге қалдыруға және бала асырап алуға байланысты емес өзге де артықшылықтарды алу үшін көпбалалы ана немесе көпбалалы отбасы мәртебесін алу мақсатында бала асырап алу фактілерін болдырмау үшін сот істі сот талқылауына дайындау тәртібімен бала асырап алу уәждерін анықтағаны жөн.

      АПК-нің 54-бабы екінші бөлігінің негізінде өздерін өз бетінше қорғай алмайтын асырап алынатын балаларға жататын азаматтарды қорғау талап етілген істер бойынша прокурордың азаматтық істі жүргізуге қатысуы міндетті, осыған байланысты бала асырап алу туралы іс прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралуға жатады.

      Қазақстан Республикасынан тысқары жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктер, оның ішінде Қазақстан Республикасында тұруға арналған ықтиярхаты барлар, бала асырап алу рәсімі басталарда Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының (Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің) жазбаша келісімін ұсынуға тиіс.

      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Соты 3-тармықтың сегізінші абзацының конституциялылығын тексеру жөнінде іс жүргізу бастады.

      Арызға бала асырап алушының (бала асырап алушылардың) өздері қол қоюға тиіс, бала асырап алушылардың мүддесі үшін кез келген адамның арыз беруіне жол берілмейді. Арыз электрондық құжат нысанында берілген кезде ол әр арыз берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

      Бала асырап алушылардың сот отырысына қатысу міндеттілігі АПК-нің 57, 58, 60-баптарының негізінде уәкілетті өкілдердің болуы құқығынан айырмайды, олар сенім білдірушінің жеке өзінің қатысуынсыз сот талқылауы сатысынан тыс қажетті дәлелдемелерді жинауға және ұсынуға, судьяның талабы бойынша қосымша дәлелдемелерді ұсынуға, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сұратып алуға көмектесу туралы мәселе қоюға құқылы.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      4. "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы кодексінің 610-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, жоғарыда көрсетілген баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 13) тармақшаларында көрсетілгеннен басқа ерекше іс жүргізу істері бойынша арыздардан (шағымдардан), Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі шеңберіндегі әкімшілік талап қоюлардан Республикалық бюджет туралы Заңмен белгіленген және мемлекеттік баж төленген күні қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі — АЕК) 0,5 мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.

      Баяндалған жағдайларға орай, бала асырап алу туралы арыздар бойынша істер талап қою ісін жүргізу тәртібімен емес, ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатындықтан, мемлекеттік баж бала асырап алушылардың (асырап алушы бір адам немесе ерлі-зайыпты жұп) және арызда көрсетілген асырап алынатын балалардың санына қарамастан АЕК-тің 0,5 мөлшерінде алынуға тиіс.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      5. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланы асырап алу кезінде ішкі істер органы немесе жергілікті атқарушы орган толтырған хаттаманың немесе баланың табылғаны туралы актінің болуы жеткіліксіз. Осындай баланы асырап алу туралы арызды қабылдау кезінде судья арызға баланың Кодекстің 196-бабына сәйкес тіркелуін растайтын тууы туралы акт жазбасы көшірмесінің және оның тууы туралы куәліктің арызға қоса тіркелген-тіркелмегенін тексеруге тиіс.

      Егер тауып алынған, тастанды (бас тартылған) бала асырап алу туралы арыз берілген сәтте Кодекстің 196-бабында көзделген тәртіппен тіркелмесе және істі сотқа дейін дайындау сатысында осы кемшілікті жоюдың мүмкін емес екендігі анықталса, онда сот АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, іс қозғауға кедергі келтіретін мән-жайларды жою үшін арызды кері қайтару туралы мәселені шешуге тиіс.

      6. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдіктердің асырап алуы туралы істерді қарай отырып, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, шетелдік азаматтар процестік құқықтарды пайдаланатынын және процестік міндеттерін Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей орындайтынын соттардың назарда ұстағандары жөн (АПК-нің 472-бабының екінші бөлігі).

      Қазақстан Республикасының ұйымдарына немесе шетелдік тұлғаларға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгілеген нысан бойынша берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық заңдастыру немесе апостиль болған жағдайда қабылдайды.

      Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы үшін 2001 жылғы 30 қаңтарда күшіне енген, шетелдің ресми құжаттарын заңдастыру талабын жоятын Конвенцияға (бұдан әрі — Конвенция) (Гаага қаласы, 1961 жылғы 5 қазан) қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда құжаттарды заңдастыру талап етілмейді.

      Конвенцияның 3 және 5-баптарының талаптарына сәйкес, Конвенцияға қатысушы мемлекеттерде ресми құжаттарды дипломатиялық немесе консулдық заңдастырудың орнына, лауазымды адамдардың қолдарының, құжаттағы мөрлер мен мөртаңбалардың төлнұсқалылығын растау үшін осы құжат жасалған мемлекеттегі құзыретті орган апостиль қояды. Сот осы Конвенцияның 4-бабында көзделген апостиль қою тәртібінің сақталуына назар аударуы қажет, нақтылы айтқанда: апостиль құжаттың өзіне немесе құжатпен бірге бекітілетін жеке параққа қойылады, ол аталған Конвенцияға қоса берілген үлгіге сәйкес болуға тиіс.

      Егер шетел агенттігі берген апостилдендірілген құжатты сотқа ұсыну кезінде оның шектеулі қолданылу мерзімі өтіп кеткен болса, онда мұндай құжатты жарамсыз дәлелдеме деп тану туралы мәселені шешу қажет.

      7. АПК-нің 314-бабы бойынша баланы асырап алу туралы істер баланы асырап алушылардың (асырап алушының) өздерінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын орган өкілдерінің, міндетті түрде қатысуымен қаралуға тиіс. Егер сот отырысына асырап алушылардың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын орган өкілдерінің, қатысуы заң бойынша міндетті болып табылса, онда асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын) немесе өзге де заңды өкілдерін, оның туыстары мен басқа да мүдделі адамдарды, сондай-ақ он жасқа толған баланың өзін сот қажетті жағдайларда іске қатысуға тарта алатынын назарда ұстаған жөн. Істі сот талқылауына дайындау кезінде судья баланың мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында аталған адамдарды іске қатысуға тарту туралы мәселені шешкені жөн. Іске қатысуға биологиялық ата-аналар тартылған кезде судья бала асырап алудың құқықтық салдарын түсіндіруге міндетті.

      Егер сот он жасқа толған асырап алынатын баладан оның қаралып отырған мәселе бойынша пікірін анықтау үшін сот отырысында сауал қоюдың орындылығы туралы тұжырымға келсе, онда сот баланың сотқа қатысып отыруы оған жайсыз әсер етпеуі үшін, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын органның пікірін алдын ала анықтап алғаны жөн. Сонымен қатар соттар Бала құқықтары туралы конвенцияның 12-бабының ережелерін және Кодекстің 62-бабын ескеруі тиіс, оларға сәйкес бала жасына қарамастан, өзінің мүдделерін қозғайтын барлық мәселелер бойынша өз пікірін еркін білдіруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкімшілік талқылау барысында тыңдалуға құқылы.

      Психологтың қатысуымен сот отырысында сауал қою кезінде бала пікірінің ата-аналарының бірінің немесе басқа да мүдделі адамдардың оған ықпал етуінің салдары болып табылатын-табылмайтынын, осы пікірді білдіру кезінде оның өзінің жеке мүдделерін ұғынатынын және оның пікірді қалай негіздейтінін анықтау қажет.

      Егер он жасқа толған бала денсаулық жағдайына байланысты (мысалы, бала кезінен мүгедек және жүріп-тұруы шектеулі болса), сот баланың мүдделерін ескере отырып, оның асырап алуға қатысты пікірін өзінің тұратын жері бойынша анықтай алады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      8. Баланың ата-аналары бар болған жағдайда олардың келісімі бала асырап алудың міндетті шарты болып табылады. Ата-аналардың баланы асырап алуға келісімі нотариалдық куәландырылған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала тұрған жердегі мекеме басшысы не бала асырап алынған жердегі немесе ата-аналар тұратын жердегi қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган растаған арызда көрсетiлуге тиiс, сондай-ақ бала асырап алу iсiн жүргiзу кезiнде сотта тiкелей бiлдiрiлуi мүмкiн. Ата-ананың бала асырап алуға сотта берген келісімі хаттамада (қысқаша хаттамада) көрсетілуге және ол оған өзі қол қоюға, сондай-ақ шешімде көрсетілуге тиіс. Істердің осы санаты жабық сот отырысында қаралатынын назарға ала отырып, сот арызданушылардың өтінішхаты бойынша процестің аудио-бейнежазбасын жүргізбеуге құқылы, мұндай жағдайда сот отырысының толық хаттамасы әзірленеді.

      Ата-аналардың құқықтарының басымдығын негізге ала отырып, олардың кез келгені өздерінің бала асырап алуға бұрын берген келісімді оны осыған мәжбүр еткен уәждерге қарамастан шешім шығарғанға дейін күшін жоя алатынын ескерген жөн (Кодекстің 93-бабы). Бұл жағдайда сот бала асырап алу туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.

      Заңның ата-аналардың бала асырап алуға келісімінің қажеттілігі туралы талабы Кодекстің 94-бабында көзделгеннен басқа жағдайларда, ата-аналары (ата-анасы) бар және қорғаншылықта (қамқоршылықта), отбасылардың қамқорлығында, тәрбие, емдеу, емдеу-профилактика мекемелерінде, халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінде және басқа да осындай мекемелерде тұрған балаларға да қолданылады.

      Кәмелеттік жасқа жетпеген, он алты жасқа толмаған ата-аналардың балаларын асырап алған кезде де заңды өкілдердің келісімі қажет. Кәмелетке толмаған ата-аналардың заңды өкілдері болмаған кезде немесе кәмелетке толмаған ата-ана баланы туған кезде медициналық ұйымда қалдырып кетсе және үш айдан астам уақыт бойы баланың тағдыры ешкімді толғандырмаса, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімі қажет.

      Кодекстің 77-бабының 7-тармағына сәйкес, ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала асырап алуға ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты ай өткен соң жол берiледi. Ата-аналарының біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған баланы асырап алуға екінші ата-анасының келісімімен жол беріледі.

      Қорғаншының (қамқоршының) немесе жоғарыда көрсетілген мекемелер басшыларының баланы асырап алуға келісім беруден бас тартуының, ата-аналардың асырап алудан бас тартуынан ерекшелігі, егер мұны баланың мүдделері талап етсе, соттың асырап алу туралы мәселені оңынан шешуіне кедергі болмайды (Кодекстің 93-бабының 1, 4-6-тармақтары).

      Кодекстің 94-бабы некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын ананың баладан бас тарту туралы белгіленген тәртіппен ресімделген жазбаша арызы медициналық ұйымда болған кезде соттың ата-аналардың асырап алуға келісімін растайтын басқа құжаттарды сұрату құқығын шектейді. Көрсетілген жағдайда сот ананың нотариалдық палатаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға, медициналық мекеменің басшысына сұрау салуды жіберу жолымен баланы асырап алуға келісімін кері қайтарып алған-алмағанын баладан бас тартуды және асырап алуға келісуді кімнің ресімдегеніне байланысты істі сотта қарау барысында тексергені жөн.

      Кодекстiң 95-бабына сәйкес он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет, оны ата-аналарының не баланың басқа да заңды өкілдерінің, прокурордың қатысуымен сот анықтайды.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      9. Егер баланы ерлi-зайыптылардың екеуi асырап алмаса, ерлi-зайыптылардың бiреуi баланы асырап алған кезде бала асырап алуға екінші жұбайдың жазбаша келiсiмi талап етiледi (Кодекстің 96-бабы).

      Асырап алу туралы арызды қарап жатқан сот ерлі-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынастарды тоқтатқанын, бір жылдан астам уақыт бойы бірге тұрмайтынын және арызданушының жұбайының тұрғылықты жері белгісіз екенін анықтаған жағдайлар бұған жатпайды. Аталған мән-жайлар АПК-нің 63-бабында көзделген дәлелдемелермен (ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық қарым-қатынастардың тоқтағаны туралы куәнің айғақтары, іздеу салудың нәтижелері туралы мекен-жай қызметтерінің, ішкі істер органдарының анықтамалары және т.б.), сондай-ақ осы жұбайды хабарсыз кеткен деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімімен анықталуы мүмкін.

      Жұбайлардың бірі баланы асырап алған кезде сот асырап алушының отбасында қалыптасқан жағдайды, басқа жұбайдың асырап алудан бас тарту уәжін, себебін, осы жұбайдың заң бойынша асырап алушы болу құқығын болдырмайтын мән-жайлардың бар-жоғын, анықталған мән-жайлар жиынтығының асырап алынатын баланың мүдделеріне сәйкес келетінін-келмейтінін анықтағаны жөн.

      10. Асырап алу балалардың мүдделерiне сай келетiн және балалар өздерінің туыстығы туралы білмеген, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, бір отбасында тәрбиеленген ағалы-iнiлілер мен апалы-сiңлiлілердi (қарындастарды) әртүрлi адамдардың асырап алуына жол берiлмейдi (Кодекстің 90-бабының 2-тармағы).

      Заңда аталған ереже тек ата-анасы бір аға-інілер мен апа-сіңлілерге (қарындастарға) ғана қолданылатыны, ал Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер (қарындастар) жақын туыстар болып табылатыны белгіленбегендіктен, Кодекстің 90-бабы 2-тармағының ережесін әртүрлі адамдардың ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілерді (қарындастарды) асырап алу жағдайларына да қолданған жөн. Осыған байланысты асырап алу туралы арызда немесе оған қоса берілген материалдарда асырап алынатын баланың ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілерінің (қарындастарының) бар-жоғы туралы көрсетілгеніне қарамастан, сот істі сот талқылауына дайындау сатысында асырап алынатын баланың ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) бар-жоғын және олар асырап алуға жататындығын анықтауы керек.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтардың асырап алуы туралы істі қарау кезінде соттар мыналарды:

      1) егер осы балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының тәрбиесіне (заңмен көзделген асырап алу, қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, баланы қабылдайтын отбасы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың өзге де нысандары), немесе туыстарының тұрған жеріне және азаматтығына қарамастан балалардың осы туыстарының асырап алуына беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана балаларды асырап алуға жол берілетінін назарда ұстағандары жөн (Кодекстің 84-бабының 4-тармағы).

      Көрсетілген мән-жайларды анықтау үшін соттар қорғаншылық пен қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын органнан баланы Қазақстан Республикасының азаматтары отбасының тәрбиесіне немесе баланың туыстарының азаматтығына және тұрған жеріне қарамастан осы туыстардың асырап алуына берудің мүмкін еместігін растайтын құжаттарды, асырап алынған баланы бастапқы, өңірлік және орталықтандырылған тіркеу туралы деректерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органынан асырап алынған баланың орталықтандырылған есепке қойылғаны туралы деректерді сұратуы қажет. Аталған құжаттарды зерттеу кезінде баланың қай уақыттан бастап есепте тұрғанын, орталықтандырылған есепке қоюдың үш айлық мерзімінің өткен-өтпегенін, баланың Қазақстан Республикасының азаматтарына немесе баланың туыстарына тәрбиелеуге немесе асырап алуға ұсынылған-ұсынылмағанын, егер ұсынылса, олардың отбасына қабылдап алудан қандай себептермен бас тартқанын тексеріп, осы баланы асырап алудан бас тартқан туыстардан және адамдардан олардың бала туралы мәліметтермен танысу және асырап алудан не отбасының тәрбиесіне қабылдаудан бас тарту туралы арызға қол қойған-қоймағандары туралы жауап алған жөн;

      2) Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы асырап алуға үміткер және асырап алу бойынша аккредиттелген агенттіктер арқылы белгіленген тәртіппен тіркелген адамдар өздері азаматы болып табылатын не тұрақты тұрғылықты жері бар мемлекеттің құзыретті органының олардың тұрмыс жағдайлары және асырап алушы болу мүмкіндігі туралы қорытындысын, құзыретті органның асырап алынған баланың Қазақстан Республикасынан қабылдайтын мемлекетке кіруіне рұқсатын сотқа ұсынуға тиіс. Сот осы азаматтардың тұрмыс жағдайы және асырап алушылар болу мүмкіндігі туралы асырап алу жөніндегі шетел ұйымдары (асырап алу жөніндегі агенттіктер) әзірлеген қорытындыны зерттеген кезде осы ұйымдарға тиісті мемлекеттің құзыретті органның атынан осындай қорытындыны әзірлеу өкілеттігі берілген-берілмегенін тексерулері қажет.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Адамның асырап алушы болу құқығын растайтын құжаттарды тексеру кезінде сотталғандығының болу немесе болмау фактісін баланы асырап алуды қалайтын адам тұратын елдің тек құзыретті органы растауға тиіс екенін назарда ұстаған жөн.

      Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты бар шетел азаматтары асырап алған жағдайда, сот осы азаматтардың Қазақстан Республикасында тұрған кезеңі үшін сотталғандығының бар немесе жоқ екені туралы олар азаматтары болып табылатын елдің және Қазақстан Республикасының құзыретті органдары әзірлеген құжаттарды сұратып алдыруға міндетті.

      Арыз берушілерде аурулар тізбесінде көрсетілген аурулардың бар-жоғын, олар болған жағдайда адам баланы асырай алмайтынын, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа ала алмайтынын тексере отырып, арыз берушілер тұратын елде берілген медициналық қорытындыны зерттеулері қажет. Қорытындылардың жарамдылығына және дәлелдеме ретінде жеткіліктілігіне күмән туған жағдайда, сот асырап алушыларға Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінде медициналық тексеруден өтуді ұсынуға құқылы.

      Жетім балаларға және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан бала асырап алынған жағдайда, сот асырап алуға үміткерлердің балаларды асырап алуға тілек білдірген адамдардың есебінде тұрғанына көзін жеткізуі қажет.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      12-1. Кодекстің 91-бабының 4-тармағында (баланың жақын туыстарын қоспағанда) (Кодекстің 91-бабы 2-тармағының 15) тармақшасы) белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген адамдар бала асырап алушы бола алмайды.

      Бұл шектеу бала асырап алушылар болып табылатын немесе болып табылған және оларға қатысты бала асырап алудың күші жойылмаған адамдарға және балалардың қорғаншылары (қамқоршылары) болып табылатын немесе болып табылған және оларға жүктелген міндеттерді орындаудан шеттетілмеген адамдарға қолданылмайды.

      Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлаудың міндетті екенін назарға алған жөн (Кодекстің 91-бабының 4-тармағы).

      Мұндай даярлықты жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдар, сондай-ақ жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары аталған ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      Психологиялық даярлық бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптар, психологиялық даярлық жөніндегі қызметті ұйымдастыру тәртібі және осындай даярлықтан өткені туралы сертификаттың нысаны "Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптарды, оларды психологиялық даярлау жөніндегі қызметті ұйымдастыру тәртібін және осындай даярлықтан өткені туралы сертификаттың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 27 сәуірдегі № 165 бұйрығымен бекітілген.

      Ескерту. 12-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында Қазақстан Республикасымен тең халықаралық міндеттемелері бар елдің азаматтарына ғана шетелдіктердің бала асырап алуына рұқсат етіледі. Көрсетілген мән-жайларды анықтау мақсатында, бала асырап алушы елдің Қазақстан Республикасы бекіткен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар Конвенцияларды бекіту және тану фактісін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен асырап алушы ел арасында жасалған құқықтық көмек көрсету туралы екіжақтылы келісімнің бар-жоғын тексеру қажет.

      14. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, балаларды асырап алуды қалайтын Қазақстан Республикасының азаматтары баланы жеке өздері таңдап алуға және олармен кемінде екі апта тікелей қарым-қатынаста болуға міндетті. Қазақстан Республикасынан тысқары жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары мен бала асырап алуға үміткер шетелдіктер баламен кемінде төрт апта тікелей қарым-қатынаста болуға тиіс. Көрсетілген адамдар осы мерзімді асырап алу туралы арызды сотқа бергенге дейін сақтауға тиіс.

      Заң асырап алушыларды асырап алынатын балалармен белгіленген мерзімдерде жеке өздері танысуын міндеттейтіндіктен, сот отырысы барысында сот арыз берушілердің асырап алынатын баламен араласу мән-жайын зерттеп, олардың арасында қарым-қатынастың орнығуына көз жеткізуге тиіс болғандықтан, осы мерзімдер өткенге дейін берілген асырап алу туралы арыз АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай, арыз берушіге кері қайтарылады.

      15. Сот АПК-нің 19-бабының екінші бөлігіне, 314-бабына сәйкес осы санаттағы барлық істерді сот шешімін жариялауды қоса алғанда жабық сот отырысында қарайды. Асырап алу туралы істерді жабық сот отырысында қарау заңмен көзделгенін назарға ала отырып, судья істі дайындау сатысында осындай шешім қабылдауға және бұл туралы істі сот талқылауына тағайындау туралы ұйғарымда көрсетуге тиіс.

      Сот істі сот отырысында қарауға қатысып отырған адамдарға оларға арызды қарау барысында белгілі болған мәліметтерді жарияламау туралы және асырап алудың құпиясын жария еткені үшін оларды қылмыстық жауаптылыққа тартудың мүмкін екендігін ескертуге тиіс, бұл туралы сот отырысының хатттамасында не қысқаша хаттамада жазбаша және сот отырысының аудиожазбасында көрсетілуге тиіс.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      16. Кодекстің 84-бабының 1-тармағы, 91-бабының 1-тармағына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға қатысты бала асырап алушылардың асырап алынатын баланың толық тән саулығы, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері ескеріле отырып, тек қана солардың мүддесінде асырап алуға жол беріледі.

      Бала асырап алу кезіндегі балалардың мүдделерін оларды тәрбиелеу және жан-жақты дамыту үшін қолайлы жағдайлар (материалдық, сол сияқты моральдық сипатта) жасау деп түсіну керек.

      Бала асырап алу туралы шешім шығару кезінде соттар бала асырап алушының, сондай-ақ онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің адмгершілік және басқа да жеке қасиеттерін (олардың жұмыстағы, тұрмыстағы мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтер, қылмыстық, әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілері және т.б.) бала асырап алушы мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайын, отбасында қалыптасқан өзара қарым-қатынастарды, бала асырап алушы мен бала арасында туындаған өзара қарым-қатынастарды, бала асырап алу мәселесі бойынша отбасы мүшелерінің көзқарасын, сонымен қатар болашақ бала асырап алушылардың материалдық және тұрғын үй жағдайларын тексеріп, ескеруі керек.

      Бұл мән-жайлар баланы бөгде адамдар, өгей әкесі, өгей шешесі, сондай-ақ баланың туыстары асырап алған кезде тең дәрежеде ескерілуге тиіс.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      17. Кодекстің 100-бабының 1 және 2-тармақтарының талаптарына сай, асырап алынған балалар және олардың ұрпағы — бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар мен олардың туыстары асырап алынған бала мен оның ұрпағына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерінде шыққан тегi бойынша туыстарына толығымен теңестiрiледi. Асырап алған бала жоғарыда көрсетілген құқықтардан айырылады және өзiнiң туған ата-аналарына қатысты мiндеттерден босатылады.

      Аталған құқықтық салдарлар асырап алушылардың осы баланың тууы туралы акт жазбасында ата-аналары ретінде жазылғанына қарамастан туындайды. Асырап алған баланың ата-аналарының бірі қайтыс болған кезде және осы ата-ана тарапынан жақын туыстар қайтыс болған ата-ананың туыстарының асырап алған балаға қатысты құқықтар мен міндеттерді баланың мүдделері үшін сақтауын сұрау жағдайы бұған жатпайды.

      Баланы бiр адам асырап алған кезде, егер бала асырап алушы ер адам болса — анасының тiлегi бойынша немесе, егер бала асырап алушы әйел болса — әкесiнiң тiлегi бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттердi де сот сақтауы мүмкiн (Кодекстің 100-бабының 3-тармағы). Осыған байланысты істі сот талқылауына дайындау кезінде соттардың аталған адамдарға асырап алған баланың ата-анасының бірінің немесе оның қайтыс болған ата-анасы туыстарының жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарын сақтау мүмкіндігін түсіндергендері жөн.

      Асырап алған баланың ата-аналардың бiреуiмен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастарының сақталуы жөнінде бала асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Асырап алушылардың (асырап алушының) арызы қанағаттандырылған асырап алу туралы шешімнің қарар бөлігінде арыз берушілердің (арыз берушінің) баланы асырап алу туралы өтінішінің қанағаттандырылғаны туралы, баланы нақтылы адамдардың (адамның) асырап алғанын тану туралы, сондай-ақ тууы туралы актіге тиісті өзгерістер енгізудің қажеттілігі туралы, оның ішінде асырап алушыларды (асырап алушыны) туу туралы жазбалар кітабында ата-ана ретінде жазу туралы, баланың тегін, атын, әкесінің атын, туған күні мен жерін өзгерту туралы, егер арызда осындай өтініш және 10 жасқа толған баланың келісімі болса, сондай-ақ асырап алған баланың ата-аналарының бірінің немесе оның қайтыс болған ата-анасының өзіндік мүліктік емес және мүліктік құқықтарының сақталуы туралы, егер осы мәселелерді сот арыз берушінің не мүдделі адамдардың өтініші бойынша оңынан шешсе, көрсету қажет. Асырап алған баланың тегі мен әкесінің аты өзгерген кезде деректер асырап алушылардың (асырап алушының) тегі бойынша көрсетіледі, асырап алған баланың тегі мен әкесінің атын қазақ халқының дәстүрлері бойынша одан кейін өзгертуді уәкілетті мемлекеттік орган белгіленген тәртіппен жүргізеді.

      Бала асырап алу кезінде баланың ұлтын өзгерту соттың құзыретіне кірмейді және Кодекстің 65-бабына сәйкес анықталады, ал сот баланың тұрғылықты жерін тек Қазақстан Республикасының аумағында ғана өзгертуі мүмкін (Кодекстің 98-бабының 1-тармағы).

      "Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 223-III Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағына сай, асырап алған бала туралы мәліметтер, оның дербес деректері өзгерген кезде жеке сәйкестендiру нөмiрі бала асырап алу туралы сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен шартты түрде алып тасталатынын назарда ұстаған жөн.

      Шешімнің қарар бөлігінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 7 қыркүйектегі № 551 бұйрығымен бекітілген Асырап алынған баланың өмір сүру, оқу, тәрбие жағдайлары туралы және денсаулық жағдайы туралы есепті ұсыну қағидалары мен мерзімдеріне және оның нысандарына сәйкес асырап алынған баланың өмір сүру, оқу, тәрбие жағдайлары туралы және денсаулық жағдайы туралы есепті ұсыну қажеттігі жөніндегі Кодекстің 86-бабы 4-тармағының ережелерін бала асырап алушыларға түсіндірілгені туралы көрсеткен жөн.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. Баланың мүдделерін тікелей қозғайтын ерекше мән-жайлар болған кезде, сот АПК-нің 244-бабына сәйкес, сот шешімін дереу орындаудың қажеттілігі туралы тұжырымға келу уәжін баяндап, арыз берушінің өтініші бойынша шешімді дереу орындауға жіберуге құқылы (мысалы, асырап алған баланы емдеу курсын жүргізу немесе ота жасау үшін дереу ауруханаға жатқызу талап етілсе және кешеуілдету баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе).

      20. Кодексте асырап алудың күшін жоюдың да, асырап алуды жарамсыз деп танудың да негіздері көрсетілген.

      Кодекстің 108-бабына сәйкес, баланың ата-аналарының, бала асырап алушының жұбайының, бала асырап алушылардың, 14 жасқа толған асырап алған баланың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың баланың мүддесі үшін бала асырап алудың күшiн жоюды талап етуге құқығы бар.

      Бала асырап алудың күшін жою туралы талап Кодекстің 106-бабының 1-тармағында көзделген негіздер болған кезде қойылады. Асырап алушыларда ата-аналық құқықтар мен міндеттер балалар олардан туғанда емес, асырап алудың нәтижесінде туындайтындықтан, талап қоюдың нысанасы ата-аналық құқықтардан айыру туралы емес, бала асырап алудың күшін жою туралы болуға тиіс екендігіне соттардың назарын аудару қажет.

      Кодекстің 106-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда асырап алудың күшін жоюға баланың келісімін анықтау талап етілмейді.

      Сот Кодекстің 106-бабының 2-тармағына сәйкес, баланың мүдделерін негізге алып және оның пікірін ескеріп, асырап алушының тәртібінде кінә болмаған кезде де баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы. Мұндай мән-жайларға, атап айтқанда, бала асырап алушы мен асырап алған баланың арасында олардың жеке қасиеттеріне байланысты өзара қарым-қатынастарының қалыптаспауын; асырап алғаннан кейін баланың денсаулық жағдайында тәрбиелеу процесін айтарлықтай қиындататын не бұған мүмкіндік бермейтін ақыл-естің кемдігінің немесе тұқым қуалаған ауытқушылықтың анықталуын, аталған кемшіліктердің бар екендігі туралы асырап алушының асырап алу кезінде ескертілмеуін; бала қатты бауыр басып қалған ата-аналарының әрекетке қабілеттілігінің қалпына келуін, баланың ата-аналарын ұмыта алмауын, мұның өзі оның көңіл-күй жағдайына кері әсер етуін және т.б. жатқызуға болады.

      Бала асырап алудың күшiн жою туралы талап қоюды сот бала асырап алушылардың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарайды (Кодекстің 107-бабының 2-тармағы).

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      21. Кодекстің 103-бабына сәйкес, бала асырап алу:

      1) бала асырап алу туралы сот шешiмі жалған құжаттар негiзiнде қабылданған;

      2) Кодекстің 93-бабында аталған адамдардың келісімінсіз бала асырап алған;

      3) некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) адам басқа жұбайының жазбаша келiсiмiнсiз бала асырап алған;

      4) Кодекстің 91-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.

      Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талапты асырап алған баланың ата-аналары, асырап алушының жұбайы, асырап алудан құқықтары бұзылған адамдар, прокурор және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қоя алады.

      Кодекстің 103-бабының 3-тармағына сәйкес бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы iстi қарау кезінде асырап алушылар, прокурор және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілі міндетті түрде қатысады.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      22. Баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде осы шешімнің үзінді көшірмесі бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберілуі тиіс, ал бала асырап алудың күшін жою және бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы сот шешімінен үзінді көшірме дәл осындай мерзімде тууды мемлекеттiк тiркеу орны бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жiберілуі тиіс екендігін ескеру қажет (Кодекстің 88-бабы және 105-бабының 4-тармағы).

      Шетел азаматтарының бала асырап алуының күшін жою не бала асырап алуды жарамсыз деп тану кезінде сот шешімінің үзінді көшірмесі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Балаларды қорғау және шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенцияның 21-бабының 1-тармағы негізінде туған еліне кері қайтару туралы мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетіне жіберілуге тиіс.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      22-1. Егер бала асырап алу, бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы немесе бала асырап алудың күшін жою туралы істерді қарау кезінде сот заңдылықты бұзу жағдайларын анықтаса не тараптың, процеске басқа да қатысушылардың, лауазымды немесе өзге де адамның әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін байқаса, ол АПК-нің 270-бабына сәйкес жеке ұйғарым шығарады.

      Ескерту. 22-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      23. Мыналардың күші жойылған деп танылсын:

      1) "Соттардың бала асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 нормативтік қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың бала асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде неке және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбiр мәселелерi туралы" 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 қаулысына өзгеріс және толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 10 нормативтік қаулысы;

      3) "Соттардың бала асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде неке және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 14 нормативтік қаулысы.

      24. Конституцияның 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қ.МӘМИ.
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Қ.ШАУХАРОВ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады