"Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекет меншігіндегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 9 ақпандағы № 64 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекет меншігіндегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекет меншігіндегі және
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі
объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің
тізбесін бекіту туралы

      «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 94-бабының 4-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекет меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесі;
      2) иеліктен шығаруға жатпайтын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесі бекітілсін.
      2. «Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 12 тамыздағы № 894 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 52-53, 526-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2016 жылғы    
№ Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН    

Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекет меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесі

      1. Жер (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте болуы мүмкін жерден басқа), оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар.
      2. Мемлекеттік қадағалау желісі және оның мүлкі.
      3. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері.
      4. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару талаптарына сәйкес оларды кері сатып алу міндеттемесімен мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатылғандарды қоспағанда), ішкі су жолдары және оларда орналасқан кеме қатынасы үшін пайдаланылатын кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстары, маяктар, кеме қатынасының қауіпсіздігін реттейтін және оған кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер, шлюздер, әуе қозғалысын басқару органдарының аэронавигациялық құрылғылары, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты инженерлік желілер, сондай-ақ метрополитен.
      5. Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары.
      6. Қаланың, ауданның қызмет көрсетілетін аумағындағы жалғыз мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы болып табылатын, ауылда медициналық-санитариялық алғашқы көмек, мамандандырылған көмек көрсететін (қан, ана мен баланы қорғау, радиациялық медицина орталықтары, онкологиялық, туберкулез, АИТВ жұқтырған және ЖИТС-пен ауыратын ауруларды және инфекциялық, психикалық науқастарды емдеу объектілері) денсаулық сақтау ұйымдары.
      7. Халықты әлеуметтік қорғау объектілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлері, балаларға, қарттарға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және оларға теңестірілген адамдарға арналған санаторийлер, интернаттар мен госпитальдар, сондай-ақ қарттарға, мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға арналған мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер (ұйымдар)1.
_________________________
1 Осы тармақ 2020 жылға дейін қолданылады.
      8. Мемлекеттік меншік болып табылатын және азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған азаматтық қорғаныс объектілері мен мүлкі, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет объектілері мен мүлкі.
      9. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоспағанда, мемлекеттік меншік болып табылатын, экономика салаларының ұйымдарына жедел басқару, шаруашылық жүргізу құқығында бекітілген және қорғаныс мұқтаждарын қамтамасыз етуге және жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған объектілер мен мүлік.
      10. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоспағанда, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелеріне жедел басқару құқығында бекітілген әскери мүлік.
      11. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдар.
      12. Арнаулы мемлекеттік органдар бейбіт уақытта пайдаланбайтын жылжымайтын мүлік.
      13. Мемлекет меншігіндегі Ұлттық архив қорының құжаттары, сондай-ақ мемлекеттік архивтер мен олардың филиалдарының ғимараттары, үй-жайлары мен жабдықтары.
      14. Мемлекет меншігіндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттары.
      15. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін, Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың білім алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін мемлекеттік ұйымдар.
      16. Мемлекеттік мәдениет ұйымдары, мемлекет меншігіндегі ұлттық мәдени игілік объектілері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері.
      17. Ұлттық әл-ауқат қорының акциялары.
      18. Атом энергиясын пайдаланатын объектілер:
      1) «Ядролық физика институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағындағы атом энергиясын пайдаланатын объектілер:
      ВВР-К реакторлық кешені;
      радиохимиялық кешен (24, 24а ғимараттар);
      У-150М циклотрон базасындағы жеделдету кешені;
      УКП-2-1 үдеткіш кешені;
      ЭЛВ-4 үдеткіш кешені;
      C-30 үдеткіш кешені;
      ДЦ-60 үдеткіш кешені;
      ядролық жарылыстар жүргізілетін технологиялық алаңдар – «Лира» объектілері;
      2) Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің «Геофизикалық зерттеулер институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағындағы атом энергиясын пайдаланатын объект – «Бурабай» геофизикалық обсерваториясы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады