Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 4 наурыздағы № 132 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.04.2017 № 188 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 4 наурыздағы
№ 132 қаулысымен
мақұлданған

      Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі,

      Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында сыртқы саяси, әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық және өзге де ынтымақтастық барысында пайдаланылатын құпия ақпаратты, сондай-ақ осындай ынтымақтастық процесінде пайда болған құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуде Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Ұғымдардың анықтамасы

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:

      1) құпия ақпарат – Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын және (немесе) Түрікменстанның мемлекеттік құпияларын құрайтын, кез келген нысанда білдірілген, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес белгіленген тәртіппен қорғалатын және берілетін, сондай-ақ Тараптардың ынтымақтастығы процесінде пайда болған, санкциясыз таратылуы Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның қауіпсіздігі мен мүдделеріне нұқсан келтіруі мәліметтер;

      2) құпия ақпаратты қорғау – Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес құпия ақпаратты санкциясыз таратуға жол бермеу жөніндегі құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық, криптографиялық, бағдарламалық және өзге де шараларды қабылдау;

      3) құпия ақпараттың жеткізгіштері – құпия ақпарат нышандар, үлгілер, белгілер, техникалық шешімдер және процестер түрінде өз көрінісін табатын, оларды тануға және сәйкестендіруге мүмкіндік беретін материалдық объектілер, оның ішінде физикалық өрістер және интернет-ресурстар;

      4) құпиялылық белгісі – құпия ақпаратты жеткізгіште және (немесе) оған ілеспе құжаттамада қойылатын, олардың жеткізгішінде қамтылған мәліметтердің құпиялылық дәрежесі туралы куәландыратын деректеме;

      5) құпия ақпаратты құпиясыздандыру – құпия ақпаратты таратуға және оның жеткізгіштеріне қол жеткізуге қойылған шектеулерді алып тастау жөніндегі іс-шаралардың жиынтығы;

      6) уәкілетті орган – Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілетін және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты беруге, алуға, сақтауға, қорғауға және пайдалануға Тараптар өкілеттік берген мемлекеттік орган және (немесе) ұйым;

      7) құзыретті орган – Тараптың осы Келісімді іске асыруға жауапты мемлекеттік органы;

      8) құпия ақпаратқа рұқсат беру – жеке тұлғаның құпия ақпаратқа қол жеткізу құқығы немесе уәкілетті органның Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес берілген құпия ақпаратты пайдалана отырып жүзеге асыру құқығы;

      9) құпия ақпаратқа қол жеткізу – құпия ақпаратқа рұқсаты бар жеке тұлғалардың құпия ақпаратпен санкцияланған танысу процесі;

      10) шарт – Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын шарт (келісімшарт), оның шеңберінде құпия ақпаратты пайдалану, оның ішінде оқыту процесінде пайдалану көзделеді;

      11) үшінші тарап – осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын мемлекеттер, олардың үкіметтері және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ осы Келісімді қолданудан тыс саладағы Тараптар мемлекеттерінің жеке және заңды тұлғаларымен қатар осы мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары.

2-бап Құпиялылық дәрежелерінің салыстырмалылығы

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес құпиялылық дәрежелері және оларға сәйкес келетін құпиялылық белгілері мынадай түрде салыстырылады деп белгілейді:

Қазақстан Республикасында

Түрікменстанда

Орыс тілінде
қалыптасқан сөз баламасы

"Аса маңызды"

"Ayratyn аhmiyetli"

"Особой важности"

"Өте құпия"

"Innan gizlin"

"Совершенно секретно"

"Құпия"

"Gizlin"

"Секретно"

3-бап Құзыретті органдар

      1. Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;

      Түрікменстан Тарапынан Түрікменстан Ұлттық қауіпсіздік министрлігі құзыретті орган болып табылады.

      2. Егер Тараптардың құзыретті органдарының атауы, міндеттері немесе құрылымы өзгерсе, соңғылары дереу бұл туралы бір-бірін келісілген байланыс арналар арқылы хабардар етеді.

      3. Осы Келісім шеңберінде құпия ақпаратты қорғау қызметін ұйымдастыру, басқару және бақылау Тараптардың құзыретті органдарына жүктеледі.

4-бап Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шаралар

      1. Тараптар:

      1) ынтымақтастық процесінде басқа Тарап берген және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты қорғауға;

      2) алынған құпия ақпараттың құпиялылық белгісін оны беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз өзгертпеуге;

      3) ынтымақтастық процесінде алынған және (немесе) пайда болған құпия ақпаратқа қатысты өзінің осындай құпиялылық дәрежесіндегі (осы Келісімнің 2-бабына сәйкес салыстырылған) құпия ақпаратына қатысты қолданылатын сондай қорғау шараларын қолдануға;

      4) Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары мен (немесе) ұйымдары ынтымақтастығы барысында алынған және (немесе) дайындалған құпия ақпаратты тек осы Келісімді жүзеге асыру мақсатында немесе оның шеңберінде жасалған және Тараптар мақұлдаған шарттарды (келісімшарттарды) пайдалануға;

      5) алынған, сондай-ақ ынтымақтастық процесінде пайда болған құпия ақпаратқа берген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тараптың қол жеткізуіне жол бермеуге міндеттенеді.

      2. Құпия ақпаратқа, оны беру кезінде, оның ішінде оқыту процесінде көзделген мақсатта ол қызметтік міндеттерін орындау үшін қажетті тұлғаларға ғана оларда құпия ақпаратқа тиісті құпиялылық дәрежесінің рұқсаты болған кезде рұқсат беріледі.

      3. Қажет болған жағдайда құпия ақпаратты қорғау бойынша қосымша талаптар (құпия ақпаратпен жұмыс істеу бойынша міндеттемелер жазылған және оны қорғау шаралары көрсетілген) тиісті шарттарға қосылады.

      4. Егер тұлғаларға немесе ұйымдарға құпия ақпаратқа рұқсат шарттың негізінде берілсе, онда осы тұлғалар немесе ұйымдар осы Келісімде көрсетілген міндеттемелерді атқарады.

5-бап Құпия ақпаратты беру

      1. Тараптардың уәкілетті органдарының шартты жасасу кезіндегі ұйымдастыру әрекеттері құзыретті органдардың келісімімен жүзеге асырылады.

      Егер бір Тараптың уәкілетті органы құпия ақпаратты екінші Тараптың уәкілетті органына беруге ниеттенсе, онда ол өз Тарапының құзыретті органынан екінші Тараптың уәкілетті органының құпия ақпаратқа рұқсаты бар екенін жазбаша растауын алдын ала сұратады.

      Бір Тараптың құзыретті органы екінші Тараптың құзыретті органынан екінші Тараптың уәкілетті органының құпия ақпаратқа рұқсаты бар екенін жазбаша растауды сұратады.

      2. Тараптар құпия ақпаратты беру туралы шешімді Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес әрбір жеке жағдайда қабылдайды.

      3. Тараптардың уәкілетті органдарының әрекеттері олармен тікелей Тараптардың заңнамаларына және шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Құпия ақпаратты Тараптың бір мемлекетінен Тараптың басқа мемлекетіне беру дипломатиялық арналар арқылы, фельдъегерлік қызметпен немесе соған уәкілеттік берілген өзге қызметпен Тараптардың мемлекеттері арасында қолданыстағы келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Құпия ақпаратты беру осы баптың 4-тармағында айқындалған қызметтермен беруге болмайтын жағдайда уәкілетті органдар Тараптардың мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес тасымалдау тәсілі, бағыты және алып жүру нысаны туралы уағдаласады.

6-бап Құпия ақпаратпен жұмыс істеу

      1. Берілген жеткізгіштердегі құпия ақпаратты алуға жауапты уәкілетті орган осы Келісімнің 2-бабына сәйкес салыстырылатын құпиялылық белгісін қосымша қояды.

      Алынған құпия ақпаратты басқа тілге аударған, оны көшірген немесе көбейткен жағдайда құпия ақпараттың жеткізгішіне түпнұсқаның құпиялылық белгісіне сәйкес келетін құпиялылық белгісі қойылады.

      Берілген құпия ақпарат негізінде пайда болған құпия ақпараттың жеткізгішінде берілген құпия ақпараттың құпиялылық белгісінен төмен емес құпиялылық белгісі қойылады.

      2. Құпия ақпарат оны алған уәкілетті органда өзінің құпия ақпаратына қатысты талаптарға сәйкес есепке алынады және сақталады.

      3. Құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін және оның жеткізгішіндегі тиісті құпиялылық белгісін оны берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша келісімінсіз өзгертуге болмайды.

      Тараптардың ынтымақтастығы процесінде пайда болған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесі Тараптардың уәкілетті органдарының өзара келісімі бойынша айқындалады немесе өзгертіледі.

      Ынтымақтастық процесінде пайда болған құпия ақпаратты құпиясыздандыру Тараптардың уәкілетті органдарының келісімі бойынша жүзеге асырылады.

      Құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін өзгерту немесе оны құпиясыздандыру туралы оны берген Тараптың уәкілетті органы мүмкіндігінше қысқа мерзімде екінші Тараптың уәкілетті органын жазбаша хабардар етеді.

      4. Құпия ақпаратты көшіру (көбейту) құпия ақпаратты (олардың жеткізгіштеріне) берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

      5. Құпия ақпаратты (оның жеткізгіштеріне) жою/немесе қайтару Тараптардың уәкілетті органдарымен алдын ала келісіледі, ал жою процесінің өзі оны жаңарту мен қалпына келтірудің мүмкін болмауын қамтамасыз етуге тиіс. Құпия ақпараттың (оны жеткізгіштерінің) жойылғаны туралы оны берген Тараптың уәкілетті органына жазбаша хабарланады.

7-бап Шарттар

      Тараптардың уәкілетті органдары жасайтын шарттарға жеке бөлім қосылады, онда мыналар айқындалады:

      1) ынтымақтастық процесінде пайдалану жоспарланып отырған құпия ақпараттың тізбесі мен оның құпиялылық дәрежесі;

      2) ынтымақтастық процесінде берілетін және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты қорғау ерекшеліктері, оны пайдалану шарттары;

      3) дағдарысты жағдайларды шешу тәртібі;

      4) ынтымақтастық процесінде берілетін және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан болуы мүмкін нұқсанды өтеу тәртібі.

8-бап Құзыретті органдардың әрекеті

      1. Тараптардың құзыретті органдары өз құзыреттері шегінде тікелей әрекет жасайды және осы Келісімді жүзеге асыру мақсатында олардың біреуінің сұрау салуы бойынша бірлескен кеңестер өткізеді.

      2. Тараптардың құзыретті органдары құпия ақпаратты қорғау саласындағы тиісті нормативтік құқықтық актілермен осы Келісімнің ережелерін жүзеге асыру қажеттілігі көлемінде алмасады.

9-бап Сапарлар

      1. Тараптың біреуінің уәкілетті органдары өкілдерінің олардың басқа Тараптың құпия ақпаратына қолжетімділігін көздейтін сапары қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамаларында белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

      Мұндай баруға тек осы Келісімнің 4-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғаларға ғана рұқсат беріледі.

      2. Сапарлардың, оның ішінде көп мәрте қайталанатын сапарлардың ықтимал жүзеге асырылуы туралы өтініш болжанып отырған сапар мезгіліне дейін 1 (бір айдан) кешіктірмей жолданады.

      Болжанып отырған сапар туралы арналған өтініш мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) уәкілетті орган өкілінің тегі мен аты, туған күні мен жері, азаматтығы және паспортының нөмірі;

      2) уәкілетті орган өкілінің лауазымы және ол жұмыс істейтін ұйымның атауы;

      3) тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсатының бар-жоғы туралы ақпарат;

      4) сапардың болжанып отырған күні мен жоспарланған ұзақтығы;

      5) сапардың мақсаты, құпия ақпаратқа қатысы бар болжанып отырған талқыланатын мәселелердің тізбесі;

      6) бару жоспарланған уәкілетті органдардың атауы;

      7) уәкілетті орган өкілінің кездесуі болжанып отырған тұлғалардың лауазымдары, тектері мен есімдері (бар болса).

      3. Бір Тараптың уәкілетті органының өкілдері басқа Тараптың құпия ақпаратпен жұмыс істеу қағидаларымен танысады және бұл қағидаларды бұзбайды.

10-бап Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға арналған шығындар

      Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығындарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.

11-бап Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптардың бұзылуы және нұқсан мөлшерін айқындау

      1. Басқа Тараптың уәкілетті органы ынтымақтастық процесінде берген және (немесе) пайда болған құпия ақпараттың рұқсатсыз таралуына әкеп соқтырған құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптар бұзылған жағдайда тиісті Тараптың уәкілетті немесе құзыретті органы екінші Тараптың уәкілетті немесе құзыретті органына бұл туралы дереу хабарлайды, тиісті тексеру жүргізеді және құпия ақпаратты берген Тараптың құзыретті органына бұзушылық болған аумақтағы Тараптың мемлекеттік заңнамасына сәйкес тексеру нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы ақпарат береді.

      2. Құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан келтірілген нұқсанның мөлшері мен оны өтеу тәртібі Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес олар қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттарда, сонымен қатар консультациялар барысында айқындалады.

12-бап Басқа халықаралық шарттарға қатысы

      Осы Келісім әрбір Тараптың олар қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқығы мен міндеттемелерін қозғамайды.

13-бап Даулы мәселелерді шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың құзыретті органдары арасында келіссөздер арқылы шешіледі.

      Кез келген дау реттелгенге дейін Тараптар осы Келісім бойынша бұрын қабылданған міндеттемелерді сақтауды жалғастырады.

14-бап Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамамен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 15-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

15-бап Келісімнің күшіне енуі және қолданысының тоқтатылуы

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған кезден бастап күшіне енеді және белгіленбеген мерзім кезеңіне қолданылады.

      2. Тараптардың әрқайсысы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оның қолданысын тоқтату туралы өзінің ниетін жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.

      3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда ынтымақтастық процесінде берілген және (немесе) пайда болған құпия ақпаратқа қатысты осы Келісімнің 4-бабында көзделген қорғау шаралары ол құпиясыздандырылғанға дейін қолданылуын жалғастырады.

      201__ жылғы ___ __________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер мен даулар туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының

Түрікменстанның

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады