Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттіктің инспекцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 сәуірдегі № 227 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 22 қыркүйектегі № 830 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 22.09.2023 № 830 қаулысымен.

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" 2016 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттіктің инспекцияларын ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрi

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 15 сәуірдегі
№ 227 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттіктің инспекцияларын ұйымдастыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттіктің инспекцияларын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" 2016 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және 1994 жылғы 26 шілдеде қол қойылған және Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2344 Жарлығымен ратификацияланған Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiк арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепiлдiктерді қолдану туралы келісімге (бұдан әрі – Кепілдіктер туралы келісім) және 2004 жылғы 6 ақпанда қол қойылған және Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 19 ақпандағы № 229 Заңымен ратификацияланған Кепiлдiктер туралы келiсiмге Қосымша хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің инспекцияларын ұйымдастыру тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) материалдық-теңгерімдік есепке алу құжаттары – ядролық материалдардың мүкәммалдық мөлшерінің өзгерістерін, ядролық материалдарды өлшеу нәтижелерін, ядролық материалдардың мүкәммалдық мөлшерін, ядролық материалдың тіркелген мүкәммалдық мөлшерін және ядролық материалдың іс жүзіндегі нақты мөлшерін өзгертуді анықтаған кезде жасалған нақтылаулар мен түзетулер туралы ақпаратты қамтитын құжаттар;

      2) пайдалануды есепке алу құжаттары – оның негізінде ядролық материалдың мөлшері мен құрамының өзгерістері анықталатын ядролық қондырғыны пайдалану деректерін қамтитын құжаттар;

      3) уәкілетті орган – атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2. Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттіктің инспекцияларын ұйымдастыру

      3. Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiк (бұдан әрі – МАГАТЭ) Қазақстан Республикасының аумағында инспекция жүргізу үшін уәкілетті органға алдын ала жазбаша хабарлама жібереді.

      4. Уәкілетті орган МАГАТЭ-ның инспекция жүргізу туралы хабарламасын алғаннан кейін мынадай іс-шараларды жүргізеді:

      1) бір жұмыс күні ішінде инспекцияланатын ұйымға алдағы инспекция туралы хабарлама жібереді. Хабарламада Кепілдіктер туралы келісімнің 82-бабына сәйкес инспекция түрі, МАГАТЭ инспекторларының паспорттық деректері, инспекцияны жүргізу мерзімдері және МАГАТЭ инспекторлары жоспарлаған іс-шаралар тізбесі көрсетіледі;

      2) инспекцияланатын ұйымның МАГАТЭ инспекторларымен өзара іс-қимылын үйлестіруді жүзеге асырады.

      Кепілдіктер туралы келісімнің 70-бабына сәйкес арнаулы мақсаттағы инспекция жүргізу кезінде МАГАТЭ инспекторларына уәкілетті орган қызметкерінің ілесіп жүруін қамтамасыз етеді.

      5. Инспекцияланатын ұйым МАГАТЭ-ның жоспарланған инспекциясы туралы хабарламаны алғаннан кейін:

      1) МАГАТЭ инспекторларымен жұмыстарды жүргізуге жауапты адамдарды тағайындайды;

      2) МАГАТЭ инспекциясын жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді;

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетін алдағы инспекция туралы хабардар етеді.

      6. Инспекцияланатын ұйым МАГАТЭ инспекциясын жүргізу кезінде:

      1) МАГАТЭ инспекторларының жұмысы үшін үй-жай береді;

      2) МАГАТЭ инспекторларын қажетті жеке қорғану және гигиена құралдарымен қамтамасыз етеді;

      3) денсаулықты сақтау мен қауіпсіздік техникасы жөніндегі қағидалар туралы нұсқама жүргізеді;

      4) МАГАТЭ инспекторларына қажетті құжаттаманы, оның ішінде ұйымда ядролық материалдарды есепке алуға және бақылауға жауапты адам қол қойған, инспекциялау күнінің алдындағы күнгі жағдай бойынша материалдық-баланстық және пайдалануды есепке алу құжаттарын және кәсіпорынның ұйымдық құрылымына қатысты ақпаратты ұсынады;

      5) ведомстволық бағынысты аумақта жүріп тұруы үшін МАГАТЭ инспекторларын байланыспен және көлікпен қамтамасыз етеді;

      6) ведомстволық бағынысты аумақта МАГАТЭ инспекторларына ілесiп жүруді қамтамасыз етеді;

      7) инспекция жүргізу уақытында МАГАТЭ инспекторлары жоспарлаған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;

      8) инспекция жүргізілетін орындарға келуді қамтамасыз етеді;

      9) инспекторлардың есепке алу құжаттарын қарауын, егер олар ағылшын, испан, орыс немесе француз тілдерінде жүргізілмесе, жеңілдету мақсатында шаралар қабылдайды;

      10) МАГАТЭ инспекциялық жұмыстарын жүргізу үшін оның ішінде өлшеу және байқау жабдықтарын орнату және пайдалану, мөрлер мен басқа да араласуды индикациялау құрылғыларын орнату, көзбен байқауды жүргізу және келісілген орындарды суретке түсіру үшін жағдайды қамтамасыз етеді;

      11) МАГАТЭ инспекторлары сынамаларды іріктеген жағдайда, оларды сақтауды және келісілген мерзімде МАГАТЭ көліктік қызмет көрсететін тасымалдаушыға беруді жүзеге асырады.

      7. Инспекция жүргізілгеннен кейін ұйым 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға МАГАТЭ инспекторлары жүргізген жұмыстар туралы есепті ұсынады.

      8. Уәкілетті орган МАГАТЭ-дан ақпаратты алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде ұйымды МАГАТЭ инспекторлары жүргізген инспекцияның нәтижелері туралы хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады