Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 1 маусымдағы
№ 323 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі
Тараптар мемлекеттерінің қорғаныс қабілетін нығайтудың маңызды элементі ретінде әскери-техникалық ынтымақтастықты орнатудың маңыздылығын мойындай отырып,
екі мемлекет арасындағы әскери-техникалық саладағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар арасындағы тең құқықтылық және өзаралық қағидаттары негізінде әскери-техникалық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты орнату және одан әрі дамыту болып табылады.
2-бап
Ынтымақтастық салалары
1. Тараптар ынтымақтастықты мынадай салаларда жүзеге асырады:
1) Тараптар мемлекеттері қарулы күштерінің мұқтажы үшін қару-жарақ пен әскери техниканы өзара жеткізу;
2) қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу, шығару, жаңғырту және жөндеу;
3) өндіріс технологияларын берумен қару-жарақ пен әскери техниканы шығару, жаңғырту, жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі бірлескен кәсіпорындар құру;
4) қару-жарақ пен әскери техника саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және жобалау жұмыстарын жүргізу;
5) әскери-техникалық кадрлар мен мамандарды даярлау және оқыту;
6) қару-жарақ пен әскери техника үлгілеріне бірлескен сынаулар жүргізу;
7) қару-жарақ пен әскери техниканы кәдеге жарату жөніндегі жұмыстарды бірлесіп жүргізу;
8) Тараптардың өзара келісімі бойынша басқа да салалар.
2. Ынтымақтастықтың жекелеген салаларын іске асыру мақсатында Тараптар жекелеген шарттар (келісімшарттар) жасасуы мүмкін.
3-бап
Ынтымақтастық нысандары
Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) әскери-техникалық бағдарламаларды әзірлеу;
2) Тараптардың уәкілетті органдары мен уәкілетті ұйымдары арасында шарттар (келісімшарттар) жасасу;
3) Тараптар делегацияларының және өкілдерінің ресми және жұмыс сапарлары;
4) әскери-техникалық салада консультациялар өткізу, ақпарат және тәжірибе алмасу;
5) оқыту курстарына және бағдарламаларына қатысу;
6) қару-жарақ пен әскери техника көрмелеріне қатысу;
7) осы Келісімнің 8-бабына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы шығару және жөндеу жөніндегі техникалық құжаттама алмасу;
8) Тараптардың өзара келісімі бойынша ынтымақтастықтың басқа да нысандары.
4-бап
Уәкілетті органдар мен ұйымдар
1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Пәкістан тарапынан – Пәкістан Ислам Республикасының Қорғаныс өнімі министрлігі болып табылады.
2. Тараптардың уәкілетті ұйымдары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өз мемлекеттерінің қарулы күштері мүддесінде қару-жарақ пен әскери техникаға қатысты қызметті жүзеге асыруға құқығы бар ұйымдар болып табылады.
3. Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
5-бап
Бірлескен комиссия
1. Тараптар әрбір Тараптан 6 (алты) мүшеден тұратын және Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары және Пәкістан тарапынан Пәкістан Ислам Республикасы Қорғаныс өнімі министрлігінің хатшысы басқаратын Қазақстан-Пәкістан әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
2. Комиссияның отырыстары жылына бір рет Тараптар келіскен мерзімдерде Қазақстан Республикасының және Пәкістан Ислам Республикасының аумағында кезекпен өткізіледі.
6-бап
Жеткізу, сапаны бақылау және қабылдау шарттары
1. Қару-жарақ пен әскери техниканы әкелу/әкету импортты/экспортты бақылау саласындағы ұлттық заңнамаларға және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу көлемі, бағасы және тәртібі Тараптардың уәкілетті органдары және/немесе уәкілетті ұйымдары арасында жасалатын жеке шарттармен (келісімшарттармен) регламенттеледі.
3. Жеткізулер өз қарулы күштеріне қатысты қолданылатын техникалық сипаттамаларға не жеке шартта (келісімшартта) көзделген сипаттамаларға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Осы Келісім шеңберінде жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың сапасын бақылау және оны қабылдау қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Осы Келісім шеңберінде жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың болуын және мақсатты пайдаланылуын бақылау ұлттық заңнамаларға және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
7-бап
Шығыстар
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру бойынша шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
8-бап
Ақпаратты және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау
1. Осы Келісім шеңберінде алынған немесе жасалған құпия ақпаратпен алмасу және оны қорғау Тараптар арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы жеке шарт шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Тараптар осы Келісімді іске асыру шеңберінде жасалатын немесе берілетін ақпаратты және зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қамтамасыз етуге міндеттенеді.
3. Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты осы ақпаратты ұсынған Тарапқа залал келтіретіндей пайдаланбауға міндеттенеді.
4. Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған немесе бірлесіп жасалған қару-жарақты, әскери техниканы немесе оларды шығару, жаңғырту және жөндеу жөніндегі техникалық құжаттаманы беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа сатпауға және бермеуге міндеттенеді.
9-бап
Даулар мен келіспеушіліктер
Осы Келісімнің ережелерін қолданудан немесе түсіндіруден туындайтын немесе оған қатысы бар барлық даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешіледі.
10-бап
Өзгерістер немесе толықтырулар енгізу
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Өзгерістер немесе толықтырулар осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
11-бап
Күшіне ену, қолданылу мерзімі және оны тоқтату
1. Осы Келісім Тараптардың оның күшiне енуi үшін қажеттi мемлекетiшілік рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енедi.
2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер ол тоқтатылмаса, автоматты түрде келесі бесжылдық кезеңдерге ұзартылатын болады.
3. Тараптардың кез келген бастапқы немесе қайта басталған бесжылдық кезең аяқталғанға дейін алты ай бұрын осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабарламаны екінші Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша жолдау арқылы осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады.
4. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, егер Тараптар өзгелер туралы келіспесе, оны іске асыруға байланысты және ол қолданылған кезеңде туындаған Тараптардың қаржылық міндеттемелері және басқа іс-шаралар оларды орындағанға және аяқтағанға дейін күшінде қалады және қолданылады.
5. Егер Тараптар өзгелер туралы келіспесе, осы Келісімнің 8-бабының ережелері 5 жыл бойы күшінде қалады.
20__ жылғы «___» ______________ қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін