Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 3 қазандағы № 567 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі

Б. Сағынтаев

   


Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2016 жылғы 3 қазандағы № 567 қаулысымен мақұлданған




Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
      екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мақсатында
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау үшін бүгінгі және келешек ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігін сезіне отырып,
      ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнатуға және Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау саласындағы мәселелерді реттеуге ықпал етуге ниеттене отырып,
      1971 жылғы 2 ақпандағы Ең алдымен суда жүзетiн құстардың тiршiлiк ету орны ретiнде халықаралық мәнi бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияны, 1992 жылғы 17 наурыздағы Өнеркәсіптік авариялардың шекарааралық ықпалдары туралы конвенцияны, 1992 жылғы 17 наурыздағы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияны, 1992 жылғы 9 мамырдағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын, 1992 жылғы 5 маусымдағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Биологиялық әралуандық туралы конвенциясын, 1994 жылғы 17 маусымдағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Күрделі қуаңшылық және/немесе шөлейттенуден қиындық көріп жүрген елдерде, әсіресе Африкада шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясын, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнің арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм, 2010 жылғы 7 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімді негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:
 

1-бап

      Осы Келісім Тараптардың Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі қызметін регламенттейді.
 

2-бап

      Осы Келісімде қолданылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар:
      1) "Жайық трансшекаралық өзенінің бассейні" – гидравликалық тұрғыдан байланысты су айдындары мен су ағындары Жайық өзеніне су ағатын су жинау аумағы;
      2) "Жайық трансшекаралық өзені" – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара сызығын кесіп өтетін немесе мемлекеттік шекара сызығында орналасқан өзен;
      3) "трансшекаралық әсер ету" – физикалық көзі толық немесе ішінара Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында орналасқан, трансшекаралық сулардың жай-күйінің адам әрекеті салдарынан өзгеруі нәтижесінде туындайтын екінші Тарап мемлекетінің қоршаған ортасы үшін кез келген елеулі зиянды салдар;
      4) "экожүйе" (экологиялық жүйе) – бiрыңғай функционалдық тұтастық ретiнде өзара әрекет ететін организмдердiң және олар мекендейтiн ортаның өзара байланыстағы жиынтығы.
 

3-бап

      Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:
      Жайық өзені бассейнінің экожүйесін жақсарту және трансшекаралық ластануын болдырмау жөніндегі бірлескен іс-қимылдар мен іс-шаралар жоспарын дайындау;
      Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау саласында жаңа технологияларды қолдануға ықпал ету;
      Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау саласында ғылыми-зерттеу ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер ынтымақтастығына ықпал ету;
      тұяқты жануарларды, суда жүзетін құстар мен балықтарды қоса алғанда, Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің жануарлар әлемін сақтау бойынша ұсыныстар дайындау;
      Жайық трансшекаралық өзенінің алқаптық бөлігінде заңсыз ағаш кесумен, орман зиянкестері мен ауруларымен және орман өртімен күрес жөнінде ұсыныстар дайындау;
      Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің ормандылығын көбейту жөнінде іс-шаралар ұйымдастыруға ықпал ету;
      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі шаралар туралы жұртшылықты хабардар ету;
      Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін климаттың өзгеруіне бейімдеу жөнінде ұсыныстарды дайындау;
      Жайық трансшекаралық өзені экожүйесінің нүктелік көздерден, сол сияқты диффуздық көздерден ластану жүктемесін азайту жөнінде іс-шаралар ұйымдастыруға ықпал ету;
      Жайық трансшекаралық өзені бассейні экожүйесінің жай-күйі туралы ақпарат алмасу және төтенше жағдайлар туындаған кезде Жайық трансшекаралық өзені бассейнінде трансшекаралық әсерді жою және азайту жөнінде Тараптардың бірлескен шараларды қабылдау тетігін жасау;
      өзара мүддені білдіретін өзге де ынтымақтастық салалары.
 

4-бап

      Жайық трансшекаралық өзенінің су ресурстарын сақтау, қорғау және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық 2010 жылғы 7 қыркүйекте Өскемен қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісім шеңберінде жүзеге асырылады.
 

5-бап

      1) Осы Келісімді іске асыру бойынша Тараптардың құзыретті органдары:
      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;
      Ресей тарапынан – Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі болып табылады.
      2) Тараптардың құзыретті органдарының атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
 

6-бап

      Осы Келісімді үйлестіру және іске асыру мақсатында Тараптар Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
      Комиссия Тараптар тағайындайтын екі тең төрағаның басшылығымен жұмыс істейді.
      Комиссия құрамын Тараптардың тең өкілеттілігі қағидаты негізінде тең төрағалар айқындайды.
      Комиссия отырыстарын жылына кемінде бір рет өткізеді. Комиссияның бірінші отырысы тең төрағаларды тағайындау туралы Тараптардың өзара хабарламасынан кейін алты айдан кешіктірмей өткізіледі.
      Комиссия отырыстары Тараптар мемлекеттерінің аумағында кезекпен өткізіледі.
      Комиссия шешімдері хаттамалармен ресімделеді.
      Комиссияның және оның жұмыс органдарының жұмыс тәртібі Комиссия қабылдайтын Ережемен регламенттеледі.
      Комиссия қажеттілігіне қарай өз қызметін оның басшылығымен жүзеге асыратын жұмыс топтарын құрады, сондай-ақ Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мәселелері бойынша құзыретті халықаралық ұйымдармен және донорлармен өзара іс-қимыл жасайды.
      Комиссия отырысын ұйымдастыру және өткізу бойынша шығыстарды қабылдаушы Тарап көтереді. Комиссия отырысына өз өкілдерінің қатысуына байланысты шығыстарды жіберуші Тарап көтереді.
 

7-бап

      Комиссия функциялары:
      осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-қимылды үйлестіру;
      осы Келісімнің 3-бабында тізбеленген бағыттар бойынша ынтымақтастықты Тараптардың жүзеге асыру тәртібін айқындау;
      осы Келісімді орындауға байланысты өзге де функциялар болып табылады.
 

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
 

9-бап

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыру шеңберінде басқа Тараптан өзі алған ақпаратты үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.
 

10-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты қаржылық шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде өздері көтереді.
 

11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
 

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер және/немесе консультациялар арқылы шешеді.
 

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде- біреуі кезекті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      201_ жылғы "__" _________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтін де тең түпнұсқалы болып табылады.
 

      Қазақстан Республикасының

Ресей Федерациясының

      Үкіметі үшін

Үкіметі үшін

   

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады