Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 26 қазандағы № 626 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  Б.Сағынтаев

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2016 жылғы 26 қазандағы
№ 626 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының одан әрі даму тұжырымдамасының және 2008 жылғы 14 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық дамуының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясының ережелеріне сүйене отырып,
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы тау-кен металлургия саласының басым рөлін ескере отырып,
      ерікті және өзара тиімді кооперациялық байланыстар мен мемлекетаралық мамандандыру қағидаттарына негізделген осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласындағы кәсіпорындардың үйлестірілген жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығын мойындай отырып,
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласындағы өнімдерінің нарығындағы бәсекелестік ортасының даму қажеттілігін тани отырып,
      халықаралық міндеттемелерді және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін «тау-кен металлургия саласы» термині металл кендерін барлау және өндірумен, оларды байытумен және металл өнімдерін (қара, түсті, жерде сирек кездесетін металлургия және олардың қорытпалары) өндірумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың жиынтығы деп түсініледі.
      «Тау-кен металлургия саласының өнімі» термині өндірілген металл кендері, олардың концентраттары, металдар (қара, түсті, жерде сирек кездесетін) олардың қорытпалары және дайын металл бұйымдар деп түсініледі.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласының кәсіпорындары мен ұйымдарына саланың экономикалық тиімділігін, технологиялық және инновациялық жаңаруын, ресурстық және энергия үнемдеу және экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған өзара тиімді кооперациялық байланыстарды қалыптастыруға жәрдемдесу болып табылады.

3-бап

      Тараптар тау-кен металлургия саласында мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастығын дамытудың басым бағыттарын айқындау және келісу;
      тау-кен металлургия саласының шаруашылық субъектілері арасындағы өзара тиімді кооперациялық байланыстарын қалыптастыруға жәрдемдесу;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласын тұрақты дамытуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірлескен бағдарламалары мен жобаларын іске асыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
      тау-кен байыту кешендерінің іздеу-барлау жұмыстарын және құрылысын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорындар, компаниялар құруға ықпал ететін шешімдерді әзірлеу және қабылдау;
      тау-кен металлургия саласын дамытуды жүйелі талдау;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласындағы өнімдерін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында ілгерілетудегі кедергілерді айқындау және оларды еңсеру бойынша шешімдерді әзірлеу;
      тау-кен металлургия саласы үшін кадрларды даярлау, кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастық;
      тау-кен металлургия саласының инновациялық технологиялары мен өнімдерін жобалау және енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар үшін бірлескен ғылыми орталықтар құруға ықпал ететін шешімдер әзірлеу.

4-бап

      Тараптар тау-кен металлургия саласындағы мемлекеттік саясаттың жасалуына және жүзеге асырылуына жауапты өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдары арқылы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы мен халықаралық шарттарын сақтау кезінде осы Келісімге сәйкес өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптар өзінің уәкілетті (құзыретті) органдарының тізбесін айқындайды және бұл туралы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге хабарлайды. Уәкілетті (құзыретті) органдардың тізбесін өзгерту туралы Тараптардың әрқайсысы осындай шешім қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде дипломатиялық арналар бойынша депозитарийге жазбаша хабарлайды.

6-бап

      Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары өзара келісілген бірлескен шешімдерді және іс-шараларды тұжырымдау үшін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласын дамыту мәселелері бойынша консультациялар жүргізу, ақпарат, пікір алмасу жолымен ынтымақтастықты жүзеге асырады.

7-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік саясаты жөніндегі кеңесі осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастығы мәселесі бойынша өзара іс-қимылдың үйлестірушісі болып табылады.

8-бап

      Тау-кен металлургия саласындағы бірлескен іс-шаралар мен бағдарламаларды қаржыландыру тиісті министрліктерге және ведомстволарға, оларға жүктелген функцияларды орындауы үшін ұлттық бюджеттерде көзделген қаражаттар шегінде, сондай-ақ бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту есебінен жүзеге асырылады.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың олар үшін қатысушысы оның мемлекеті болып табылатын, басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімді қабылдау және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялар мен келіссөздері немесе Тараптар келіскен басқа да рәсімдер арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім, оған қол қойған Тараптардың оны күшіне енгізу үшін қажетті мемлекетішілік ресімдерді орындауы туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік ресімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім, ол күшіне енгеннен кейін, қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы ТМД-ға қатысушы кез-келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Қосылушы мемлекет үшін Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Әрбір Тарап депозитарийге Келісімнен шығуға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісім күшінде болған уақытта туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      ___________ қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстан
Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Украина
Үкіметі үшін

Молдова Республикасының
Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады