Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Регламентi туралы" 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 және "Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы" 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 380 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 қарашадағы № 672 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілсін:

      1) күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен.

      2) "Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 380 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):

      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында:

      "Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді дамыту пайымы" деген 1-бөлімде:

      "Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметтің реттелуін талдау" деген кіші бөлімде:

      он жетінші бөлік мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) ақпараттық құралдар – ақпараттық құралдар санының бақылаусыз өсуі, ақпарат жинауға біркелкі тәсілдің болмауы, ақпараттық құралдардың және оларды орындау мерзімдерінің қайталануы. Тиісті заңнамалық актілерде тізбесі белгіленетін рұқсаттарға және мемлекеттік бақылау салаларына қарағанда ақпараттық құралдардың бірыңғай тізбесі жоқ. Ақпараттық құралдар заңдық, сол сияқты заңға тәуелді түрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерде бар.";

      жиырмасыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2015 жылғы 29 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі кәсіпкерлік саласындағы, оның ішінде кәсіпкерлер мен мемлекеттің өзара іс-қимылымен байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастардың, мемлекеттік реттеу және кәсіпкерлікті қолдау мәселелерінің кешенді реттелуін қамтамасыз етеді. Ол бұл ретте бірыңғай қағидаттарды, жеке кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді, индустриялық-инновациялық, инвестициялық қызметті, арнайы экономикалық аймақтарды мемлекеттік қолдау шараларын бекіте отырып, тиісті заңдардың ережелерін біртектілік қағидаты бойынша жүйелендірді.";

      мынадай мазмұндағы жиырма бірінші – жиырма жетінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Бұрын жүргізілген рұқсат беру жүйесін және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалау тиісті реттегіш құралдарды түгендеуді және заңдардың тиісті тізбелеріне енбеген барлық өзге де рұқсаттар мен бақылау функцияларын заңсыз деп тану арқылы оларды заңдар деңгейінде ғана бекітуді қамтамасыз етті.

      Мұндай тәсіл бір жағынан кәсіпкерлер үшін заңға тәуелді, оның ішінде ведомстволық актілер деңгейінде ауыртпалық салатын жаңа реттегіш құралдарды еркін енгізуден кепілдікті қамтамасыз етті.

      Қолданыстағы заңнаманы талдау барлық қажетті нормативтік құқықтық базаның заңнамалық деңгейде бар екенін көрсетті.

      Сонымен бірге, ақпараттық құралдардың бір бөлігі болып табылатын хабарламалар түгенделіп, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген.

      Хабарламалар кең тараған ақпараттық құрал болып табылады және әдетте, мемлекет оларды қауіптіліктің төмен деңгейімен байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың қызметтің осындай түрлерін жүзеге асыратын субъектілерге қатысты жүзеге асыру үшін қызметтің немесе іс-қимылдың осындай түрлерінің басталуы немесе тоқтатылуы туралы ақпарат алуын талап ететін қызметтің немесе іс-қимылдың түрлеріне, мемлекеттік бақылау мен қадағалауға қатысты қолданады.

      Алайда хабарламалар ақпараттық құралдардың тек шағын бөлігі ғана болып табылады, ал осы Тұжырымдамаға сәйкес оларды одан әрі жүйелендіру мен оңтайландыру тәсілдері айқындалатын болады.

      Енгізілетін және қолданыстағы реттегіш құралдардың реттеушілік әсерін талдау мәлімделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің негізгі құралы болып табылады. Өз кезегінде реттеушілік әсерді талдау мемлекеттік реттеу проблемаларын шешудің неғұрлым тиімді тәсілдерін таңдауға және қолданыстағы реттеудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін талдаушылық рәсім болып табылады.";

      "Әлемдік тәжірибе мен күшті және әлсіз жақтарды елдік салыстырмалы талдау" деген кіші бөлім мынадай мазмұндағы он тоғызыншы – отыз алтыншы бөліктермен толықтырылсын:

      "Ақпараттық құралдарды пайдалану кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуының неғұрлым жеңіл нұсқаларының бірі болып табылады.

      Сонымен бірге, әлемнің көптеген дамыған елдерінде ақпараттық міндеттемелер деп аталатын дәл осы ақпараттық құралдар реттеушілік реформалар шеңберінде көп жағдайда реформалаудың объектілері болып табылады. Ақпараттық міндеттемелердің шығасылары бизнестің әкімшілік шығасыларының құрылымында негізгілері болып табылады.

      Мұндай шығасылардың салмағын есептеу үшін кейбір дамыған елдер стандартты шығындардың голландық моделін пайдаланады. Аталған модель ел заңнамасына талдау жүргізу және кейіннен реттеу субъектілеріне сауалнама жүргізу арқылы нақты реттеуші актілерден туындайтын уақыт және қаржы шығындарының нақты құнын айқындауға мүмкіндік береді.

      Әдетте, шығындарды есептеу реформаларды жүргізгенге дейін және одан кейін шығасыларды салыстыру арқылы нақты салалардағы реформалардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл ретте барлық реттеу субъектілерінің (кәсіпкерлер, әлеуметтік топтар және т.б.) де, сол сияқты мемлекеттің де шығындарын бағалауға болады.

      Голландық модель өзінің өміршеңдігін көрсетті және Германия, Дания, АҚШ сияқты елдерде, Нидерландының өзінде және басқа да көптеген елдерде реформалар жүргізу кезінде пайдаланылды.

      Қазақстанда бұл модель бизнестің операциялық шығасыларын бағалау үшін Президенттің оларды 2011 жылмен салыстырғанда 2015 жылға қарай 30%-ға қысқарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2010 – 2014 жылдары енгізіліп, сыналды.

      Зерттеуді Ұлттық экономика министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық талдау орталығы жүргізді.

      Бұл модельді ақпараттық құралдар реформасының тиімділігін бағалау үшін де қолдануға болады.

      Өз кезегінде ақпараттық құралдарды реттеушілік мақсаттарда қолдану мемлекеттік органдардан авторизациялауды (санкциялауды) қажет етпейтіндігі және көп жағдайда ешқандай қосымша күрделі салымдарды талап етпейтіндігі біріктіреді. Ақпараттық құралдарды пайдалану ақпаратты дұрыс жинаудан (алудан), ұйымдастырудан және беру бойынша талаптарды орындаудан тұрады. Мұндай әрекеттер, негізінен реттеу субъектісінің жұмыс уақытының шығасыларына әкеп соғады.

      Нысандарды толтыру, есептілік деректерін ұйымдастыру, дұрыстығын тексеру, мониторинг үшін ашық құжат айналымы нақ осы кәсіпкерлік субъектілері басшыларының пропорционалды тұрғыдан көп уақытын алады. Бұл уақыт өндірісті басқаруға, персоналмен жұмыс істеуге немесе басқа да өнімді мақсаттарға емес, билік органдарының талаптарымен жұмыс істеуге жұмсалады. Дәл сондықтан ақпараттық құралдармен байланысты шығасыларды әкімшілік шығасылар деп жиі атайды.

      Дүниежүзілік банктің ақпараты бойынша халықаралық практикада ақпараттық құралдармен жұмыс істеудің ең алғашқы, әрі пысықталған терең нұсқаларының бірі АҚШ-та 1980 жылы қабылданған Қағаз айналымын азайту туралы актіні орындау практикасы (Paper Reduction Act) болып табылады.

      Ақпарат жинау осы актінің назар аударатын объектісі болып табылады. Ақпарат жинау былай айқындалады: "Алу, алуға себептер жасау, сұрау салулар, үшінші тұлғаларға ақпарат немесе жұртшылыққа біртекті мәселелерді қою ретінде нысанына немесе форматына қарамастан кез келген ұйымның фактілерін, көзқарастарын ашуға қойылатын талаптар немесе АҚШ-тың ведомстволарынан, ұйымдарынан немесе федералдық үкімет қызметшілерінен басқа, он не одан көп адамнан ақпараттың немесе есептіліктің біртекті типін талап ету.";

      Осы анықтамадан көрініп тұрғандай, осы Акті қолданылатын субъектілер тек кәсіпкерлік субъектілері ғана емес, басқа да азаматтар және өңірлік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қоса алғанда, басқа да ұйымдар болып табылады.

      Ақпараттық құралдардан түсетін пайданы мойындай отырып, осы Акт ақпараттық құралдармен байланысты шығасыларға айқын анықтама береді. Шығасылар "субъектілер нұсқаулықтарды зерделеу (А) үшін ресурстарды қоса алғанда, федералдық үкіметтің кез келген агенттігіне ақпаратты дайындау, қолдау немесе ұсыну үшін бөлетін уақыт, күш-жігер немесе қаржылық ресурстар; технологиялар мен жүйелерді сатып алу, орнату және пайдалану (Б); бұрыннан бар нұсқаулықтар мен талаптарды орындаудың қолданыстағы әдістерін өзгерту (В); дереккөздерді іздеу (Г); ақпарат толтыру және оның жиналуын қайта қарау (Д); және ақпарат беру (Е)" ретінде айқындалады.

      АҚШ-та ақпараттық құралдардың шығасылары олардың себептері бойынша сыныпталады. Айталық, осындай себептердің төрт санаты айқындалған, атап айтқанда: (1) заңнаманың жаңа талаптары; (2) үкімет агенттіктерінің іс-қимылдары; (3) субъектілер санындағы немесе ақпарат жинау әдістеріндегі өзгерістердің салдарынан өзгерістер немесе қайта есептеулер; (4) қателіктер немесе талаптардың орындалмауы, сондай-ақ тоқтау мен қайта бастау.

      АҚШ-та ақпараттық құралдар шығасыларының өлшем бірлігі ретінде жұмсалған уақыт сағаттары алынады. Мысалы, АҚШ-тың Басқару және Бюджет Офисінің 2011 қаржы жылындағы есебінде бүкіл халық ақпараттық талаптарды орындауға 9.14 миллиард сағат жұмсағаны айқындалған, ол 2010 қаржы жылында жұмсалған 8.78 миллиард сағаттан 355 миллион сағатқа немесе 4%-ға көп.

      Қазақстанда АҚШ-тың осы тәжірибесін барлық ақпараттық құралдарды жүйелендіру және оларды кейіннен оңтайландыру қажеттілігі тұрғысынан қолдануға болады.

      Бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттік реттеудің айтарлықтай реформалары жүргізілді, бірақ әлі де болса әкімшілік реттеудің жоғары ауыртпалығы сақталып отыр.";

      "Осы тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері" деген кіші бөлімде:

      екінші бөлік мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7) кәсіпкерлерді мемлекеттік реттеу ауыртпалығын төмендету;

      8) ақпараттық құралдарды жүйелендіру және оңтайландыру.";

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Ақпараттық құралдарды реформалаудың басты мақсаты ақпараттық міндеттемелердің санын азайту, ақпарат жинау әдістерін оңтайландыру, жеке ақпараттық құралдарды сапалы жақсарту арқылы бизнестің осы құралдармен байланысты шығасыларын төмендету болып табылады. Мұндай реформалау:

      ақпараттық міндеттемелерді олармен байланысты шығасылардың жақсы өлшенетін индикаторларын пайдалану арқылы мониторингтеу жүйесі жасалған;

      ақпараттық құралдарды оңтайландыруға жүйелі тәсілді енгізген жағдайда мүмкін болады.";

      "Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясатын енгізу кезеңдері" деген кіші бөлімде:

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасында реттегіш құралдарды реформалау қазірдің өзінде жүргізілуде. Бірінші кезеңді аяқтау үшін бақылау мен қадағалау жүйесін реформалауды аяқтау, мүмкін болатын жерде өзін-өзі реттеу жүйесін әзірлеу және оны енгізу, сондай-ақ ақпараттық құралдарды реформалауды жүргізу қажет.";

      мынадай мазмұндағы он бесінші – жиырма бірінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Жоғарыда көрсетілген кезеңдер мен іс-қимылдардың жүйелілігі шеңберінде ақпараттық құралдардың реформасына қатысты оның кезеңдерінің мынадай реттілігі ұсынылады.

      1-кезең. 2016 – 2017 жылдар.

      Бірінші кезеңде Қазақстанда бар және пайдаланылатын барлық ақпараттық құралдарға түгендеу жүргізу қажет.

      Түгендеу жүргізу процесінде мемлекеттік органдар ақпараттық құрал арқылы жиналатын ақпараттың пайдаланылуын айқындағаны жөн.

      2-кезең. 2018 – 2019 жылдар.

      Түгендеу жүргізгеннен кейін барлық ақпараттық құралдарға ұлттық дерекқорларда жиналған ақпараттың қайталануы мен талап етілуі тұрғысынан орталықтандырылған талдау жүргізу қажет. Тиісті оңтайландыруды барлық ақпараттық құралдар бойынша бір мезгілде жүргізу қажет.

      Алдыңғы кезеңдер орындалғаннан кейін сақталатын барлық ақпараттық құралдар ақпараттық құралдардың (талаптардың) бірыңғай тізбесінде жинақталатын болады.";

      "Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саласының негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері" деген 2-бөлімде:

      тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты осы құралдарды қолданудың құрамы мен рәсімдерін және олардың өміршеңдік циклін регламенттейді, реттеу құралдарының сыныптамасын белгілейді, жаңа құралдардың пайда болуының қажетті жағдайларын, оларды негіздеу мен келісу, жария талқылау рәсімін белгілейді, оларды пайдалану мақсаттарына қол жеткізуге, оларды жою немесе ауыстыру рәсіміне мониторинг жүргізілетін тәуекелдер мен параметрлерді талдау нәтижелерін пайдалану арқылы қолданылатын құралдарды таңдаудың барабарлығын белгілейді.";

      жетпіс үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2015 – 2016 жылдарға арналған перспективалық жоспарына сәйкес "Өзін-өзі реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, 2015 жылғы 12 қарашада қабылдануы қамтамасыз етілді.";

      сексен сегізінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мұндай комиссиялардың құрамына консультативтік-кеңесші органның, реттеушілік функцияларды орындауға талдау жүргізілетін мемлекеттік органның, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері енгізілуге тиіс.";

      тоқсан сегізінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Консультативтік-кеңесші органды Премьер-Министрдің бірінші орынбасары төрағалық ететін, жұмыс істейтін Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның базасында құру көзделеді, оның мүшелері мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары деңгейіндегі мемлекеттік органдардың, ұлттық кәсіпкерлер қауымдастықтарының, тұтынушылардың, сондай-ақ басқа да мүдделі органдар мен ұйымдардың өкілдері болып табылады.";

      бір жүз отыз бірінші бөлікте:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган жұмысының негізгі екпіндерінің бірі ретінде өңірлік деңгейде тұтынушылар шағымдарын қарауды айқындау. Ол үшін барлық өңірлерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелеріне тиісті өкілеттіктер беру қажет. Бұл адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтірудің нақты фактілері бойынша неғұрлым жедел және уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді, сондай-ақ халықтың көрсетілген уәкілетті органның қызметіне сенімін арттырады.

      Сонымен бірге, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға тұтынушылардың құқықтарын бұзудан туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу құқығын беру мәселесін қарау ұсынылады. Осылайша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган кәсіпкерлер мен құқықтары бұзылған тұтынушылар арасында бітімгершілік келісімдерді бекіте алған болар еді;";

      7) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) тұтынушылардың құқықтық сауаттылығы деңгейін арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық орындарда (кинотеатрлар, телевизия, қоғамдық көлік) осы бағыттағы мемлекет саясатын және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның жұмысын кеңінен жариялау қажет;

      8) жалған жарнаманы (әсіресе интернет желісінде) анықтау және онымен күресу де тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның және жетекшілік ететін бағыттар бойынша барлық басқа да мемлекеттік органдар жұмысының басымдықтары болуға тиіс.";

      мынадай мазмұндағы кіші бөліммен толықтырылсын:

      "Ақпараттық құралдар реформасының тәсілдері.

      Мемлекеттік реттеушілік саясат шеңберінде ақпараттық құралдармен жұмыстың мақсаты кәсіпкерлік субъектілерінің ақпараттық міндеттемелерімен байланысты шығасыларды қысқарту, ақпаратты жинау мен өңдеуді оңтайландыру, мемлекеттік билік органдарының үздік ақпараттандырылуы болып табылады. Ол үшін осы жұмыстың мынадай басым бағыттарын айқындау ұсынылады:

      1) ақпараттық құралдарды пайдалануда тәртіп орнату және қайталануды болдырмау үшін олардың айқын функционалдық сыныптамасын жүргізу;

      2) ақпараттық құралдарды пайдалану жүйесін әзірлеу, олардың тиімді жұмыс істеуі мен мақсаттарға қол жеткізу шекарасын айқындау;

      3) кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін қажетті ақпараттық талаптар мен ақпараттық құралдардың шығасыларын қысқарту және оңтайландыру;

      4) ақпараттық талаптарды орындауға байланысты бизнестің әкімшілік шығасыларын бағалау.

      Ақпараттық құралдарды реформалау қажетті институционалдық және әдіснамалық базаны құруды болжайды.

      Барлық ақпараттық құралдарды толық қамту, сыныптау және олардың тізбесін сапалы қалыптастыру үшін консультативтік-кеңесші органның жанында мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен сарапшылық топ құрылады.

      Мемлекеттік органдар ақпараттық міндеттемелерге түгендеу жүргізеді, ол үшін осы құралдың тобын, ұсынылатын ақпараттың пайдаланылуын, индикативтік шығасыларды айқындау арқылы ақпараттық құралды орындау кезеңдері бойынша әрбір ақпараттық құралды (талапты) талдау жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік органдар ақпараттық міндеттемелердің мынадай элементтерін (кезеңдерін) орындауға жұмсалатын жұмыс уақытының мыналар сияқты индикаторлық мәнін анықтауы керек:

      1) нұсқаулықтарды зерделеу;

      2) технологиялар мен жүйелерді сатып алу, орнату және пайдалану;

      3) дереккөздерді іздеу;

      4) ақпарат толтыру және оны жинауды қайта қарау;

      5) ақпарат беру.

      Түгендеу қорытындысын сарапшылық топ қарайды және талқылаудың қорытындысы бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізу тиімділігіне қарай әрбір ақпараттық құралды жою немесе қайта қарау туралы шешім қабылданады.

      Түгендеу қорытындысы бойынша оларды функционалдық белгісі бойынша сыныптау ұсынылады.

      Ол үшін мынадай топтарға бөлуді пайдалану ұсынылады:

      1) үшінші тұлғалар алдында заңнама талаптарының орындалуы. Мысалы, таңбалау, декларациялау, міндетті нұсқаулықтар, қызмет көрсету қағидалары, тұтынушыларға міндетті түрде берілуі тиіс өзге де ақпарат, банкроттық рәсімдер шеңберіндегі, меншік құрылымының өзгеруі туралы ақпарат, үшінші тұлғаларға міндетті түрде берілуі тиіс жеке кәсіпкерлік субъектілері туралы өзге де ақпарат;

      2) мемлекеттік билік органдарына тұрақты берілетін міндетті есептілік (салықтық, статистикалық және қаржылық мерзімді есептілікті қоспағанда);

      3) мемлекеттік органдарға бір реттік ақпарат беру (тіркеу, рұқсат беру рәсімдері немесе мемлекеттік органдарға өзге де өтініш білдіру шеңберінде мемлекеттік органдарға ұсынылатын нысандар, үзінділер, декларациялар, хабарламалар, жеке кәсіпкерлік субъектілері толтыратын өзге де құжаттар).

      Аталған санатқа тізбесі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қосымшада бекітілген кәсіпкерлік қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар да жатады.

      Ақпараттық құралдардың қорытынды тізбесі консультативтік-кеңесші органның қарауына шығарылады.

      Ақпараттық құралдарды пайдалануды нақты талаптарға немесе ақпараттық міндеттемелерге егжей-тегжейлі талдау жүргізу кезінде одан әрі оңтайландыруға болады. Осындай талдаудың басты өлшемшарты ұсынылатын ақпаратты оның реципиентінің (әдетте, мемлекеттік орган) пайдалануы болып табылады. Кейде жеке кәсіпкерлік субъектілері мүлдем қолданылмайтын немесе оны пайдаланудың пайдалылығы шектеулі болып табылатын ақпаратты ұсынады. Ақпараттың осындай типтерінен тұратын ақпараттық талаптар бірінші кезекте қайта қаралуға тиіс.

      Көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстанда да бизнес субъектілерінің интеграцияланған дерекқорлары құрылған немесе құрылуда. Осындай дерекқорларды пайдалану жеке кәсіпкерлік субъектілерінен талап етілетін ақпарат санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, өйткені тұрақты және тарихи ақпараттың бірқатары осы дерекқорларда бар болады және осы базаларды түрлі мемлекеттік органдардың талаптарымен интеграциялау жеке кәсіпкерлік субъектілерінің талаптарды ұсынуының қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

      Бұл жағдай ақпараттық құралдарға түгендеу жүргізу және оларды одан әрі оңтайландыру кезінде ескерілуге тиіс.

      Ақпараттық құралдарды оңтайландыру бойынша жоғарыда баяндалған қадамдар толық енгізілген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін ақпараттық талаптардың санын қысқартуға әкеледі.

      Келесі қадам шығасыларды қысқарту тұрғысынан ақпараттық міндеттемелерді қайта қарау болып табылады.

      Халықаралық тәжірибе мен Қазақстан тәжірибесі мемлекеттің саяси басшылығы осындай қысқартудың белгілі бір сандық мақсаттарын қойған жағдайларда осындай қысқарту мүмкін әрі нәтижелі болатынын көрсетіп отыр.

      Мысалы, қалған ақпараттық құралдарды сандық қысқартудан және оларға түгендеу жүргізілгеннен кейін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің уақыт шығасыларын және тиісінше қаржылық шығындарын қысқарту мақсатын айқындауға болады.";

      Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Тұжырымдаманы мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы іске асыру болжанады:

      1. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі.

      2. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі.

      3. "Қоғамдық бірлестіктер туралы" 1996 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      4. "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      5. "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      6. "Өзін-өзі реттеу туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы

      7. "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады