"Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 28 қарашадағы № 746 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы

      1-бап. «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 23-II, 173-құжат; 2016 ж., № 7-I, 50-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1) 3-баптың 1-тармағының 5) тармақшасында:
      екінші, үшінші, төртінші және бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «сот қайта ұйымдастырылған, таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайтылған жағдайларда, егер жергілікті және басқа соттардың судьялары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда судья басқа сотқа, басқа мамандануға ауысудан бас тартқан жағдайда оларды атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
      сот қайта ұйымдастырылған, таратылған, өкілеттіктер мерзімі өткен жағдайларда, егер жергілікті және басқа соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда сот төрағасы, сот алқасының төрағасы басқа сотқа, басқа мамандануға ауысудан бас тартқан жағдайда оларды атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
      Жоғарғы Сот судьяларының саны азайтылған жағдайда, егер Жоғарғы Соттың судьялары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда Жоғарғы Соттың судьясы басқа сотқа, басқа мамандануға ауысудан бас тартқан жағдайда оларды атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
      өкілеттіктер мерзімі өткен жағдайларда, егер Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы басқа сотқа, басқа мамандануға ауысудан бас тартқан жағдайда оларды атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;»;
      жетінші абзац алып тасталсын;
      2) 17-бапта:
      2-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысы ұсынымдық сипатта болады және оны кандидат Кеңеске ұсынады.»;
      3-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысы ұсынымдық сипатта болады және оны кандидат Кеңеске ұсынады.»;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Аудандық сот төрағасы мен судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
      Облыстық сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
      Егер облыстық сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар өздері судья лауазымына үміттеніп отырған сот орналасқан өңірде жұмыс істеген немесе тұрған жағдайда, облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын қайтадан алу талап етілмейді.
      Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.
      Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысын алуға тиіс. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады