Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2017 жылға арналған республикалық бюджеттен "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 13 ақпандағы № 52 қаулысы.

      "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабын және "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 775 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2017 жылға арналған республикалық бюджеттен "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы нысаналы трансферттердің бекітілген сомаларын заңнамада белгіленген тәртіппен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударуды қамтамасыз етсін.

      3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:

      1) ағымдағы нысаналы трансферттердің бөлінген сомаларын уақтылы және мақсатты пайдалануды;

      2) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін ағымдағы нысаналы трансферттердің бөлінген сомаларының пайдаланылуы туралы есептер беруді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
2017 жылғы 13 ақпандағы
№ 52 қаулысымен
  бекітілген

Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2017 жылға арналған республикалық бюджеттен "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2017 жылға арналған республикалық бюджеттен "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына және "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 775 қаулысына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар 027 "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қамсыздандыру және олардың төлемдерін жүргізу" республикалық бюджеттік бағдарламасы (бұдан әрі – 027-бағдарлама) бойынша 141 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" кіші бағдарламасы (бұдан әрі – 141-кіші бағдарлама) бойынша көзделген "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің пайдалану тәртібін айқындайды.

      3. Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің республикалық бюджеттен "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалануы 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы әлеуметтік қызметтер – өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру үшін жағдайларды қамтамасыз ететін және оның қоғам өміріне қатысуына басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешені;

      2) ассистенттер – шартты ақшалай көмек алу үшін аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе облыстық, республикалық маңызы бар қаладағы ауданның әкіміне жүгінген үміткермен консультациялар, әңгімелесу өткізу үшін уәкілетті орган шартты негізде тартатын адамдар;

      3) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар – шартты ақшалай көмек алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген үміткермен консультациялар, әңгімелесу өткізу үшін уәкілетті орган шартты негізде тартатын адамдар;

      4) әлеуметтік келісімшарт – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматы не оралман, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында көзделген жағдайларда өзге адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;

      5) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшесі) – он алты жастан бастап "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа дейінгі, еңбекке және белгілі бір біліктілік деңгейіндегі, көлемдегі және сападағы жұмысты орындауға қабілетті адам немесе отбасы мүшесі;

      6) жан басына шаққандағы орташа табыс – айына отбасының әрбір мүшесіне келетін отбасының жиынтық табысының үлесі;

      7) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге адамдарды халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау шаралары;

      8) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем;

      9) облыстың уәкілетті органы – "Өрлеу" жобасын іске асыруды үйлестіруді және оның мониторингін жүзеге асыратын облыстың жергілікті атқарушы органының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы;

      10) отбасына көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – халықты жұмыспен қамту орталығы шартты ақшалай көмек алуға үміткер адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп әзірлеген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар кешені;

      11) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты – "Өрлеу" жобасына қатысу үшін отбасы атынан өкілдік ететін еңбекке қабілетті жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;

      12) отбасының жиынтық табысы – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5757 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесіне сәйкес есептелетін, шартты ақшалай көмек тағайындауға өтініш білдірген айдың алдындағы үш айда ақшалай, сол сияқты заттай нысанда алынған табыстың жалпы сомасы;

      13) орталық атқарушы орган – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      14) "Өрлеу" жобасы – отбасының (адамның) еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысуы және қажет болған жағдайда, еңбекке қабілеттілерін қоса алғанда, отбасы мүшелерінің (адамның), әлеуметтік бейімделуден өтуі шартымен отбасына (адамға) шартты ақшалай көмек беру жөніндегі іс-шаралар кешені;

      15) өтініш беруші (үміткер) – "Өрлеу" жобасына қатысу үшін өз атынан және отбасы атынан өтініш білдіретін адам;

      16) республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі – азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі шараларды қаржыландыруды және олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыратын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган;

      17) уәкілетті орган – шартты ақшалай көмек тағайындауды жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (басқармасы), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі;

      18) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

      19) аудандық (қалалық) комиссия – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13867 болып тіркелген "Кейбір үлгілік құжаттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 7 маусымдағы № 482 бұйрығымен бекітілген халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия туралы үлгілік ережеге сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты ауданның, қаланың, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында іске асыру мақсатында құрылатын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі комиссия;

      20) халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі − орталық) − "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын мемлекеттік мекеме;

      21) шартты ақшалай көмек (бұдан әрі – ШАК) – отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартының талаптары бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің алпыс пайызынан төмен жеке тұлғаларға немесе отбасыларға мемлекет беретін ақшалай нысандағы төлем.

      5. Республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі белгіленген тәртіппен бекітілген төлемдер бойынша 027-бюджеттік бағдарламаны және 141-кіші бағдарламаны қаржыландырудың жеке жоспарының негізінде облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді аударуды жүргізеді.


2. Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2017 жылға арналған республикалық бюджеттен "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібі

      6. Облыстық бюджеттер, Астана және Алматы қалалары бюджеттері "Өрлеу" жобасы бойынша ШАК-ты ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді:

      1) ШАК төлеуге;

      2) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың және ассистенттердің қызметтеріне ақы төлеуге пайдаланады.

      Уәкілетті орган "Өрлеу" жобасына қатысушылармен жұмыс істеуге жәрдемдесу үшін кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалатын өтеулі қызметтер көрсету шарттары немесе мемлекеттік сатып алу шарты негізінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың және ассистенттердің көрсетілетін қызметтерін сатып алады. Аталған көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәсілін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісінің келісімінсіз таңдайды.

      Әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың және ассистенттердің "Өрлеу" жобасын іске асырумен байланысты көрсетілетін қызметтеріне, оның ішінде жол жүру мен басқа да шығыстарын төлеу, сондай-ақ қызмет көрсету уақытын есептеу шарттары мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі шартта көзделеді.

      Ассистенттердің көрсетілетін қызметтерін сатып алу құнына еңбекақы және іссапар шығыстары, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың көрсетілетін қызметтеріне еңбекақы төлеу шығыстары қосылады.

      7. Облыстың уәкілетті органы келіп түсетін нысаналы трансферттерді 047 "Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттеріне "Өрлеу" жобасы бойынша ШАК-ты ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" бюджеттік бағдарламасы бойынша көздейді, оған сәйкес облыстың уәкілетті органы бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аудандық бюджеттерге, облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді аударуды жүргізеді.

      8. Уәкілетті орган келіп түсетін нысаналы трансферттерді 025 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасы және 048 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасы бойынша көздейді. Көрсетілген бағдарламалар бойынша осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген шығыстар жүргізіледі.

      ШАК төлеу осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген мөлшерде 025 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасының тиісті кіші бағдарламалары және 048 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі.

      9. ШАК еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің (адамның) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысуы және қажет болған жағдайда отбасы мүшелерінің (адамның) әлеуметтік бейімделуден өтуі шартымен отбасына (адамға) тағайындалады.

      ШАК тағайындау отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты қолданылатын мерзімде оны алуға жүгінген айдан бастап жүзеге асырылады. Қоса берілген құжаттармен өтініш берген ай жүгіну айы болып есептеледі.

      Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты қолданылатын және ШАК төленетін кезеңде атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатыла тұрады.

      Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шаралары "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 1, 2, 4-тармақтарында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында көзделген іс-шаралар арқылы отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтамасыз етуді көздейді.

      Отбасы мүшелерін (адамды) әлеуметтік бейімдеу "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабында айқындалған мүгедектерді әлеуметтік оңалту шараларын, "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың өзге де шараларын қамтиды.

      10. Отбасының әрбір мүшесіне (адамға) арналған ШАК мөлшері отбасының (адамның) жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда (республикалық маңызы бар қалада, астанада) белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің алпыс пайызы арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Бұл ретте жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен отбасына (адамға) ШАК төлеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) отбасының жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда (республикалық маңызы бар қалада, астанада) белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма жергілікті бюджет қаражаты есебінен (025 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасы 015 "Жергілікті бюджет қаражаты есебінен" кіші бағдарламасы, 048 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасы 015 "Жергілікті бюджет қаражаты есебінен" кіші бағдарламасы бойынша) қаржыландырылады;

      2) облыстарда (республикалық маңызы бар қалада, астанада) белгіленген кедейлік шегі мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің алпыс пайызы арасындағы айырма, сондай-ақ отбасының жан басына шаққандағы табысы арасындағы айырма, егер ол облыстарда (республикалық маңызы бар қалада, астанада) белгіленген кедейлік шегінен және ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын жағдайда республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен (025 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасы 011 "Республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен" кіші бағдарламасы, 048 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасы 011 "Республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен" кіші бағдарламасы бойынша) қаржыландырылады.

      ШАК алушылардың шоттарына төлемдер 025 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасы және 048 "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіру" бюджеттік бағдарламасының екі кіші бағдарламасы бойынша бір мезгілде жүзеге асырылады.

      Жан басына шаққандағы орташа табыс ШАК тағайындауға өтініш білдірген айдың алдындағы үш айда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты қолданылатын мерзім ішінде қайта қаралмайды.

      Отбасының құрамы өзгерген жағдайда ШАК мөлшері көрсетілген мән-жайлар басталған кезден бастап, бірақ оны тағайындаған кезден кейін ғана қайта есептеледі.

      ШАК ай сайын немесе үміткердің өтініші бойынша үш ай үшін бір мезгілде төленеді.

      Біржолғы ШАК төлеу туралы шешімді уәкілетті орган аудандық (қалалық) комиссияның ұсынымдарын ескеріп қабылдайды.

      ШАК-тың біржолғы сомасы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты бойынша міндеттерді орындауға байланысты іс-шараларға, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға (үй малын, құсын және т.б. сатып алу), дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға (бұрынғы қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға шығындардан басқа) пайдаланылады.

      11. Үміткер "Өрлеу" жобасына қатысу үшін жеке өзінің немесе отбасының атынан тұрғылықты жері бойынша орталыққа немесе ол болмаған жағдайда аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгінеді.

      12. Орталық, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі не ассистент үміткер өтініш білдірген күні оған "Өрлеу" жобасына қатысу шарттары туралы консультация береді. Үміткер "Өрлеу" жобасына қатысуға келісім берген кезде орталық, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі не ассистент әңгімелесу жүргізеді.

      Әңгімелесу жүргізу кезінде:

      1) ШАК алу негіздемесі;

      2) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына мұқтаждығы;

      3) жеке мұқтаждықтарын ескере отырып, отбасы мүшелеріне олардың әлеуметтік бейімделу шаралары айқындалады.

      Әңгімелесу нәтижелері бойынша орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша әңгімелесу парағы ресімделеді.

      13. Әңгімелесу парағына қол қойған үміткер орталық атқарушы орган бекітетін нысандарға сәйкес "Өрлеу" жобасына қатысуға өтініш пен отбасылық және материалдық жағдайы туралы сауалнама толтырады, оған мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат, сондай-ақ оралмандар үшін – оралман куәлігі;

      2) орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша отбасы құрамы туралы мәліметтер;

      3) отбасы мүшесіне қамқоршылықтың (қорғаншылықтың) белгіленгенін растайтын құжат (қажет болған кезде);

      4) әр отбасы мүшесіне тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат немесе мекенжай анықтамасы немесе аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің анықтамасы;

      5) орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша жеке қосалқы шаруашылығының болуы туралы мәліметтер.

      14. Егер өтініш беруші жүгінген кезде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті және (немесе) он сегіз жасқа дейiнгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны алушы болып табылған жағдайда, сондай-ақ оларда қамтылған ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алу мүмкін болған кезде, осы Қағидалардың 13-тармағының 3), 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсыну талап етілмейді.

      15. Осы Қағидалардың 13-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың:

      1) аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгінген кезде – салыстырып тексеру үшін төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады;

      2) орталыққа жүгінген кезде – төлнұсқалары ұсынылады, олар сканерленеді және өтініш берушіге қайтарылады, ал электрондық құжаттар орталық қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

      Үміткер толтыратын осы Қағидалардың 13-тармағының 2) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады.

      Орталық құжаттардың электрондық көшірмелері мен мәліметтердің сапасын және олардың өтініш беруші ұсынған түпнұсқаларына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      16. Үміткер осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген тиісті құжаттарды ұсынғаннан кейін орталық осы Қағидалардың 29-тармағында көзделген азаматтар санаттарын қоспағанда, үміткерді және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыс іздеуші ретінде тіркейді және көрсетілген тіркеу күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей оларды жұмыспен қамтудың мемлекеттік шараларымен қамтамасыз етеді.

      17. Орталық үміткердің қатысуымен үміткердің және отбасы мүшелерінің жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйелерге сұрау салуды қалыптастырады.

      Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар сұратылатын мәліметтерді растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде орталық өтінішті орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша журналға тіркейді, содан кейін өтініш берушіге құжаттардың қабылданғаны туралы белгісі бар үзбелі талон беріледі.

      ШАК тағайындау немесе "Өрлеу" жобасына қатысуға өтініш беру фактісін растайтын мемлекеттік ақпараттық жүйелерден мәліметтер алу кезінде үміткерге дереу орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

      18. Орталық немесе аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде іс макетін қалыптастырады және "Өрлеу" жобасына қатысуға үміткер өтініш берушінің материалдық жағдайын зерттеп-қарауды жүргізу үшін учаскелік комиссияларға береді.

      19. Учаскелік комиссиялар құжаттар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берушінің материалдық жағдайын зерттеп-қарауды жүргізеді, орталық атқарушы орган бекітетін нысандар бойынша зерттеп-қарау актісін және учаскелік комиссия қорытындысын жасайды және учаскелік комиссия қорытындысын орталыққа немесе аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне береді.

      20. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтініш берушілердің құжаттарын учаскелік комиссияның қорытындысымен қоса, олар қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей орталыққа береді.

      Орталық аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдау күні үміткерді және осы Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген азаматтар санаттарын қоспағанда, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыс іздеуші ретінде тіркейді және жұмыс іздеуші ретінде тіркелген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыспен қамтудың мемлекеттік шараларымен қамтамасыз етеді.

      21. Үміткер және отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс іздеуші ретінде тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жұмыспен қамтудың мемлекеттік шараларымен қамтылмаған жағдайда, орталық бес жұмыс күні ішінде үміткердің және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыссыз ретінде тіркеуге қою туралы шешім қабылдайды және орталық атқарушы орган бекіткен нысан бойынша жазба журналына үміткер және отбасының еңбекке қабілетті мүшелері туралы мәліметтерді енгізеді.

      Жазба журналына мәліметтері енгізілген адамдар жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларымен қамтамасыз етіледі.

      22. Өтініш беруші және (немесе) оның отбасы мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі шараларға мұқтаж болған жағдайда, оны ұсыну туралы шешім орталықтың және уәкілетті органның құзыреті шегінен шықса, өтініш беруші ұсынған құжаттарды орталық халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссияның қарауына бір жұмыс күні ішінде жібереді.

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша аудандық (қалалық) комиссия күнтізбелік жеті күн ішінде үміткердің ұсынған құжаттарын қарайды, тиісті шешім қабылдайды және оны орталыққа жолдайды.

      23. Орталық учаскелік комиссиядан алынған қорытындының, сондай-ақ қажет болған жағдайда, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша аудандық (қалалық) комиссия ұсынымдарының негізінде өтініш беруші ұсынған өтініштің, құжаттардың электрондық көшірмелері бар өтініш берушінің электрондық іс макетін бір жұмыс күні ішінде қалыптастырады, отбасының әрбір мүшесіне ШАК-тың айлық мөлшерін айқындайды.

      24. Отбасының әр мүшесіне ШАК-тың айлық мөлшері айқындалғаннан кейін орталық екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіні және (немесе) оның отбасы мүшелерін орталық атқарушы орган бекітетін нысандарға сәйкес жеке жоспарды әзірлеу және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасасу үшін шақырады.

      25. Жеке жоспар өтініш берушімен және (немесе) отбасы мүшелерімен бірлесіп әзірленеді, онда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімделу бойынша (көрсетілген бейімделуді қажет ететін отбасы мүшелері бар болған жағдайда) іс-шаралар қамтылады және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартына қосымша болып табылады.

      26. Орталық отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасасқан күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіден қабылданған құжаттарды, ШАК тағайындау туралы шешімнің жобасын және тараптар қол қойған әлеуметтік келісімшартты уәкілетті органға жібереді.

      27. Уәкілетті орган ШАК тағайындау үшін ұсынылған құжаттарды қарауға қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады және құжаттарды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ШАК тағайындау немесе оны тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ орталық немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі арқылы үміткерге тағайындау немесе себептерін көрсете отырып тағайындаудан бас тарту туралы жазбаша хабарлайды.

      ШАК тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімнің және ШАК тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы хабарламаның нысандарын орталық атқарушы орган бекітеді.

      28. Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты екі данада жасалады, оның біреуі өтініш берушіге тіркеу журналына қол қойғызып беріледі, екіншісі уәкілетті органда сақталады.

      Тіркеу журналының нысанын орталық атқарушы орган бекітеді.

      29. Мынадай жағдайларды:

      1) стационарлық, амбулаториялық (санаторийлік) емделу (тиісті медициналық ұйымдардан растайтын құжаттар ұсынылған кезде) кезеңін;

      2) отбасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын басқа да еңбекке қабілетті мүшелер болған кезде отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекті, өзге адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж қарттарға күтім жасауды жүзеге асыруды;

      3) тұрақты жұмысы бар адамдарды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысу ШАК алу үшін міндетті шарт болып табылады.

      30. Мыналар:

      1) жан басына шаққандағы табыстың ең төменгі күнкөріс деңгейінен алпыс пайызға артық болуы;

      2) өтініш берушінің және (немесе) отбасы мүшесінің (мүшелерінің) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасаудан бас тартуы;

      3) өтініш берушінің қолдану мерзімі өткен құжаттарды және (немесе) құжаттардың толық емес топтамасын ұсынуы;

      4) өтініш берушінің және (немесе) отбасы мүшесінің (мүшелерінің) учаскелік комиссияның отбасылық және материалдық жағдайына зерттеу жүргізуінен бас тартуы;

      5) өтініш берушінің және (немесе) отбасы мүшесінің (мүшелерінің) дәйексіз (жалған) құжаттарды және жалған ақпаратты ұсыну фактілерінің анықталуы;

      6) өтініш берушінің және (немесе) отбасы мүшесінің (мүшелерінің) атаулы әлеуметтік көмек төлемін тоқта тұрудан бас тартуы ШАК тағайындаудан бас тарту негіздемелері болып табылады.

      31. Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты:

      1) отбасы мүшелерін әлеуметтік бейімдеу бойынша іс-шараларды ұзарту қажет болған;

      2) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартының мерзімі аяқталған кезде еңбекке қабілетті адамдар (отбасының еңбекке қабілетті мүшелері) тартылған жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының мерзімі аяқталмаған;

      3) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшелері) өзіне байланысты емес себептер бойынша (екі айдан артық жұмысқа уақытша жарамсыздық, жазатайым оқиға, дүлей апат) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты бойынша міндеттемелерді орындамаған;

      4) жеке қосалқы шаруашылықты және (немесе) дара кәсіпкерлік қызметті дамытудың жоспарланған көрсеткіштеріне жету үшін қолдау қажет болған жағдайларда оны қосымша алты айға дейін ұзарту мүмкіндігімен алты айға жасалады.

      Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын ұзарту туралы шешімді уәкілетті орган отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей өтініш берушінің жазбаша өтінішхаты немесе халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша аудандық (қалалық) комиссияның ұсынымдарын ескере отырып қабылдайды.

      Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын ұзарту орталық атқарушы орган бекіткен нысан бойынша оған қосымша келісім түрінде ресімделеді

      Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты ұзартылған кезде ШАК мөлшері қайта қаралмайды.

      32. Уәкілетті орган ШАК тағайындау туралы шешімдердің негізінде алушыға ШАК төлеуді жүзеге асырады.

      33. ШАК тағайындау туралы хабарлама өтініш беруші уәкілетті органға немесе аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне өзі жүгінген кезде беріледі.

      34. ШАК төлеуді уәкілетті орган алушылардың банктік шоттарына аудару арқылы жүзеге асырады.

      35. Уәкiлеттi орган:

      1) "Өрлеу" жобасына қатысушы отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты және (немесе) әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамаған;

      2) келісімшартты жасау және (немесе) орындау кезінде дәйексіз мәліметтер беруіне байланысты отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты бұзылған;

      3) алушының банктік шоты бойынша үш айдан астам қозғалыс болмаған;

      4) ШАК алушылардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кету фактісі туралы мәліметтер, оның ішінде "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан анықталған;

      5) қайтыс болған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдар туралы мәліметтер, оның ішінде "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан келіп түскен;

      6) жеке басын куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімі өтіп кеткен;

      7) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы ұсынатын хабарсыз кеткен, іздестіріліп жатқан адамдар фактісі, оның ішінде "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан анықталған;

      8) қамқоршылықтан (қорғаншылықтан) босатылған және шеттетілген адамдар туралы мәліметтер түскен;

      9) адам (отбасы) өзінің бастамасы бойынша "Өрлеу" жобасына қатысудан бас тартқан жағдайда, ШАК төлемін тоқтату туралы шешім қабылдайды, оның нысанын орталық атқарушы орган бекітеді.

      ШАК төлеу осы тармақта көрсетілген мән-жайлар туындағаннан кейін келесі күннен бастап тоқтатылады.

      Бұл ретте ШАК-ты заңсыз тағайындауға әкеп соқтырған дәйексіз мәліметтер ұсыну анықталған жағдайда адамға (отбасына) оны тағайындаған кезеңге ШАК төлеу тоқтатылады. Уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен артық төленген сомаларды қайтару жөнінде шаралар қабылдайды.

      36. Республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердің игерілуін, мақсатты пайдаланылуын және тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) уәкілетті орган:

      қайтыс болғандар мен қайтыс болды деп жарияланғандардың тiзiмдерiн ай сайын салыстырып тексеруді, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң азаматтық хал актiлерiн тiркеу жөнiндегi органдары, аудандық маңызы бар қалалар, кент, ауыл, ауылдық округтер әкiмдері ұсынатын "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорында қайтыс болды деп тіркелгендерді және әділет органдары ұсынатын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткендердің тiзiмдерiн ағымдағы айдың 25-күнінен кешіктірмей электрондық салыстырып тексеруді;

      банктік шоттарында үш және одан да көп ай бойы қозғалыс болмаған ШАК алушылардың тiзiмдерiн соңғы операцияның күнiн көрсете отырып, тоқсан сайын салыстырып тексеруді;

      орталық атқарушы орган бекітетін нысандар бойынша облыстың уәкілетті органына: жасасқан отбасының белсенділігін арттырудың келісімшарттары және әлеуметтік келісімшарттар; ШАК тағайындалғаны және төленгені; ШАК алушылар туралы есептерді есепті айдан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынуды жүзеге асырады;

      2) ассистент:

      әлеуетті өтініш берушілерді, оның ішінде ауылдық елді мекендерге бара отырып (айына кемінде бес рет немесе шарттың қолданылуы кезеңінде алпыс рет), "Өрлеу" жобасына қатысудың шарттары туралы хабардар етуді (үш айда кемінде жүз еңбекке қабілетті адам);

      халықты "Өрлеу" жобасына тартуға жәрдемдесуді;

      уәкілетті органмен және аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімімен келісу бойынша "Өрлеу" жобасына қатысуға өтініш берген адаммен (отбасымен) өмірлік қиын жағдайдан шығудың ықтимал жолдары туралы әңгімелесу жүргізуді және әңгімелесу парағын толтыруды;

      "Өрлеу" жобасына қатысушыны әңгімелесу жүргізу, қажетті құжаттарды толтыруға, жұмыс іздеуге, отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты бойынша міндеттемелердің орындалуына жәрдемдесу арқылы ШАК-қа өтініш білдірген кезден бастап және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартының мерзімі түпкілікті аяқталғанға дейін сүйемелдеуді;

      отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты талаптарының орындалуын мониторингілеуді, отбасына баруды және онда көзделген міндеттемелердің орындалуы туралы белгі жасауды;

      ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне дейінгі мерзімде орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын сүйемелдеу туралы есепті уәкілетті органға ұсынуды жүзеге асырады.

      3) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант:

      "Өрлеу" жобасын іске асыру шеңберінде ШАК алу үшін орталыққа жүгінген үміткерлермен әңгімелесу өткізуді;

      отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын іске асыру кезеңінде әңгімелесу жүргізу, қажетті құжаттарды толтыруға, жұмыс іздеуге жәрдемдесу, отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты жөніндегі міндеттемелерді орындау арқылы адамды (отбасын) сүйемелдеуді;

      атқарылған жұмыс туралы есеп жасауды және мониторингілеуді;

      халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдармен жұмыс істеуге уәкілетті басқа да органдар мен ұйымдардың мамандарымен өзара іс-қимыл жасауды;

      ШАК алу үшін орталыққа өтініш білдірген үміткерлерге әлеуметтік қорғау, мүгедектерді оңалту, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері жөнінде консультациялық қызметтер көрсетуді;

      өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға жан-жақты көмек көрсетумен байланысты мәселелерді шешуге жәрдемдесуді;

      мұқтаж адамдар мен олардың отбасыларына өмірлік қиын жағдайды еңсеру, әлеуметтендіру және интеграциялау үшін қажетті жағдай жасауға жәрдемдесуді, олардың қажетті әлеуметтік қолдау шараларын алу құқықтары мен мүдделерін қорғауды;

      мұқтаж адамдарға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі қызметті және ассистенттердің жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады;

      4) орталық жанындағы аудандық (қалалық) комиссия:

      ШАК тағайындау кезінде мүдделі органдар мен ұйымдар қызметін үйлестіруді;

      біржолғы ШАК төлемін ұсыну туралы ұсынымдар әзірлеуді;

      жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу бойынша шараларды ұсыну туралы ұсынымдар әзірлеуді жүзеге асырады.

      37. Облыстардың, Алматы және Астана қалаларының әкімдері жартыжылдықтың қорытындысы бойынша есепті айдан кейінгі айдың 30-күнінен кешіктірмей және жылдың қорытындысы бойынша есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген нәтижелер туралы есепті республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне ұсынады.

  Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2017 жылға арналған республикалық бюджеттен "Өрлеу" жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидаларына қосымша

Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты бойынша міндеттерді орындаумен байланысты, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құсын және т.б. сатып алу), жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға арналған (бұрынғы қарыздарды өтеу, жылжымайтын тұрғын үй сатып алу шығындарынан басқа) іс-шаралар тізбесі

      1. Жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға және дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға пайдаланылатын тұрғын емес үй-жайларды, жер учаскелерін жалдау.

      2. Жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға және дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға пайдаланылатын және адамның (отбасының) меншігіндегі немесе оған жалға берілген ғимаратты (ғимарат бөлігін), құрылысты ағымдағы жөндеу.

      3. Негізгі құралдарды (ғимараттарды, ғимарат бөлігін), құрылыстарды, көлік құралдарын, жабдықтарды, жиһаздарды (оның ішінде кеңсеге арналған), құрал-саймандарды сатып алу (салу және реконструкциялау).

      4. Сатып алынатын негізгі құралдарды міндетті сақтандыру кезінде сақтандыру жарналарын төлеу.

      5. Сатып алынған негізгі құралдарды, шикізаттарды, материалдарды, отынды, қосалқы бөлшектерді, тауарларды, жануарлар мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізу, жинау, орнату, жөндеу және т.б.

      6. Шикізатты, шығыс материалдарын, отын, қосалқы бөлшектерді, ыдыстар, тауардың ыдысы мен буып-түю материалдарын сатып алу.

      7. Минералды тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, жер учаскелеріне төгуге топырақ, құм, қара топырақ, тұқымдар, көшет материалдарын (балық көшеттерімен қоса), жем, ветеринариялық препараттарды сатып алу.

      8. Кәсіпкерлік қызметті лицензиялау және өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді сертификаттау.

      9. Телефон байланысына (телефон орнату) және интернет желісіне қолжетімділікті ұйымдастыру.

      10. Жабдықтар сатып алу және электр, газ, су құбырына және өзге де инженерлік-коммуникациялық желілерге қосу.

      11. Бағдарламалық жасақтамаларды сатып алу.

      12. Ауыл шаруашылығы жануарларын, оның ішінде үй құстарын, аралар, үй қояндарын, мамық жүнді аңдарды, балықтарды және өсімдік шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде бадана, түйнектер және гүл көшеттерін, саңырауқұлақтар мен қозықұйрықтар (мицелия) сатып алу.

      13. Мелиорация жұмыстарын жүргізу.

      14. Біржолғы ШАК төлеудің нысаналы мақсатына сәйкес келетін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссия ұсынған және мақұлдаған өзге де шаралар.

      15. Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау жөнінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің құнын төлеу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады