"Мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 754 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 3 наурыздағы № 102 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 954 қаулысымен



      Қазақстан Республикасы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны 2015 жылы ратификациялады, оған сәйкес мемлекет мүгедектердің ұтқырлықты жеңілдететін сапалы құралдарға, құрылғыларға және ассистивті технологияларға қол жеткізуін жеңілдету жолымен мүгедектердің жеке ұтқырлығын олардың барынша мүмкін дербестік дәрежесімен қамтамасыз етуге арналған тиімді шараларды қабылдауға міндетті.

      Мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 754 қаулысымен бекітілген.

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Тізбені еліміздің қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен жаңарту және толықтыру жұмыстарын жүргізіп келеді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 1036 қаулысымен Тізбеге өзгерістер енгізілді – 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап көру және/немесе есту органдары бұзылған мүгедектерге ескірген сурдо-, тифлотехникалық құралдардың (бейнекомпьютерлер, компьютерлік тифлокешендер, тифломагнитолалар, телефакстар, диктофондар) орнына көп функциялы заманауи ноутбуктер, ұялы телефондар сатып алынады.

      2017 жылы "Мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 754 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 3 наурыздағы № 102 қаулысымен көру қабілеті бұзылған адамдарға тифлотехникалық құралдардың (сөйлейтін термометр, тонометр, глюкометр, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап брайль қарпіне өз бетімен үйренуге болатын сөйлейтін құрал және т.б.); тірек-қимыл аппараты бұзылған және сыртқа шығару функциялары бұзылған мүгедектерге арналған міндетті гигиеналық құралдардың (катетер, сіңіргіш ақ жаймалар, стоманың айналасындағы теріні қорғау жəне тегістеуге арналған паста-герметик, қорғайтын крем, сіңіргіш ұнтақ, теріні тазартқыш, санитариялық құрылғысы бар кресло-орындық жəне т.б.) тізімі кеңейтілді, сондай-ақ дене бұзылуының салдарынан өзіне-өзі қызмет көрсетуі қиын мүгедектерге қосымша техникалық құралдар енгізілді (жейде, колготки, шұлық киюге арналған құрылғылар; белсенді ұстағыш және т.б.).

      Бұл мақсаттарға "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңда 4,8 млрд. теңге, оның ішінде 2017 жылы – 2,2 млрд. теңге, 2018 жылы – 2,6 млрд. теңге қарастырылған.


      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз