Басты сот талқылауын тағайындауды және сот отырысына дайындық әрекеттерді (бұдан әрі – басты сот талқылауын тағайындауға дайындау) реттейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 41-тарауының нормаларын дұрыс қолдануды және біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
1. Басты сот талқылауын тағайындауға дайындау кезінде қылмыстық процестің міндеттері сотқа дейінгі іс жүргізу барысында қылмыстық-процестік заң нормаларының сақталуын тексеру және қылмыстық істі сот процесінің жарыспалылық қағидатының негізінде жан-жақты, толық әрі объективті қарауға дайындау мен қамтамасыз етуге бағытталған мәселелерді шешу болып табылады.
2. Соттардың процестік мерзімдерді есептеу кезінде қылмыстық істің келіп түскен күнін оның сот ісін жүргізуге қабылданған күнінен ажырата білгендері жөн.
Кеңсе қызметкері есептік-тіркеу жұмысын орындап, іс автоматты түрде бөлінгеннен кейін, қылмыстық іс соттың іс жүргізуіне түсті деп есептеледі.
Судья іс бойынша ҚПК-нің 319-бабы екінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес қаулы немесе ҚПК-нің 321-бабы бесінші бөлігінің, 322-бабының талаптарына сәйкес алдын ала тыңдау нәтижелері бойынша қаулы шығарған сәттен бастап ол соттың іс жүргізуіне қабылданды деп есептеледі.
2-1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасауы және прокурор айыптау актісін жасаған сәттен адамды айыпталушы деп тану бөлігінде процестік шешімдерді тексеру кезінде соттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы № 88-VII Заңының 2-бабы 4) тармақшасының ережелерін негізге алғаны жөн, осы мәселелер бойынша жаңа ережелер:
ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және экономикалық тергеу қызметінің тергеушілері тергейтін аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген істерге қатысты 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап;
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бабының 29) тармағында көзделген сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істерге, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген істерге қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап;
алдын ала тергеу нысанында аяқталған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қатысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Соттар сот талқылауын дайындау бойынша заңда көзделген міндетті процестік әрекеттерді орындап, процестік шешімдер қабылдағаннан кейін ғана қылмыстық істі басты сот талқылауында қарауға кірісуге құқылы.
Бұл ретте судья мына жағдайларды ескеруі тиіс:
жекеше айыптау бойынша қылмыстық істі сотта қарауға дайындау жөніндегі судьяның өкілеттіктері ҚПК-нің 409-бабында және "Жеке айыптау істері бойынша сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 13 нормативтік қаулысының түсіндірмелерінде реттелген және мұндай істер бойынша алдын ала тыңдау өткізілмейді;
судья алқабилер қатысатын істер бойынша сот талқылауын тағайындауды дайындау жөніндегі әрекеттерді және алдын ала тыңдау тәртібін ҚПК-нің 635, 636 және 637-баптарында белгіленген ерекшеліктерді және "Алқабилерді қатыстырып қылмыстық істерді қарауды реттейтін заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 23 тамыздағы № 4 нормативтік қаулысының ережелерін ескере отырып жүзеге асырады және мұндай істер бойынша алдын ала тыңдауды өткізу міндетті болып табылады;
сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында кінәні мойындау туралы процестік келісіммен түскен іс бойынша судья ҚПК-нің 623-бабына және "Соттардың қылмыстық істер бойынша келісімдік тәртіпте іс жүргізу практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 4 нормативтік қаулысының түсіндірмелеріне сәйкес әрекеттерді жүзеге асырады. Судья ҚПК-нің 623-бабы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша шешім қабылдау үшін ҚПК-нің 321-бабында көзделген тәртіппен іс бойынша алдын ала тыңдауды өткізеді.
Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша ҚПК-нің 41-тарауында көзделген басты сот талқылауын тағайындау және алдын ала тыңдауды өткізу қағидалары қолданылмайды. Судья келіп түскен қылмыстық теріс қылық туралы істі дереу іс жүргізуге қабылдайды. Ол ҚПК-нің 529-бабына сәйкес сотқа келіп түскен сәттен бастап он бес тәуліктің ішінде немесе түскен күні мәні бойынша қаралып, ҚПК-нің 529-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларда осы баптың алтыншы бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтарында көрсетілген шешімдердің бірі қабылдануы тиіс.
4. Судья келіп түскен істі басты сот талқылауында қарауға дайындау барысында ҚПК-нің 41-тарауының нормаларына сәйкес келіп түскен сәттен бастап бес тәулік мерзімнен кешіктірмей іс материалдарын зерделеп, басты сот талқылауында оны қарауға кедергі келтіретін не қарауды болғызбайтын сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының қылмыстық-процестік заң талаптарын бұзуға жол берген-бермегенін, тараптардың шешуге жататын өтінішхаттары мен шағымдарының, алдын ала тыңдау өткізу үшін басқа да негіздердің бар-жоғын анықтауға міндетті. Сонымен қатар, судья қылмыстық істі кедергісіз, дұрыс шешу мақсатында осы мәселелер бойынша заңда көзделген процестік шешімдерді қабылдау және процестік әрекеттерді орындау қажеттілігінің бар-жоғын анықтайды.
5. ҚПК-нің 321-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болмаған кезде судья алдын ала тыңдауды тағайындамай және өткізбей жалпы немесе қысқартылған тәртіппен басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады. ҚПК-нің 382-бабында көзделген шарттар болған кезде судья алдымен басты сот талқылауын қысқартылған тәртіппен тағайындау мүмкіндігі туралы мәселені шешуі тиіс. Судья осы санаттағы істер бойынша басты сот талқылауын жалпы тәртіппен өткізу туралы шешімді, егер ол туралы тараптың басты сот талқылауын жалпы тәртіппен тағайындау туралы өтінішхаты болса немесе істің қысқартылған тәртіппен қаралуы қылмыстық істі жан-жақты, толық әрі объективті қарауға әсер етуі мүмкін болғанда, өзінің бастамасымен қабылдайды.
6. Егер басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейін іс сотқа келіп түскен кезден бастап бес тәулік мерзім өткенге дейін қылмыстық процесс тараптарының бірінен өтінішхат түссе, онда мәлімделген дәлелдер басты сот талқылауында қаралуға және тексерілуге жатады.
7. Алдын ала тыңдауды өткізудің негіздері мен тәртібіне қатысты ҚПК-нің 321-бабының бірінші бөлігінің талаптарын бұлжытпай сақтау қажеттілігіне соттардың назары аударылсын.
Судьяның алдын ала тыңдауды өткізу туралы қаулысы уәжді болуға тиіс.
Алдын ала тыңдауды жабық сот отырысында өткізуге ҚПК-нің 29-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер мен шарттар болған кезде ғана жол беріледі.
Мәлімделген әрбір өтінішхат бойынша судьяның шешімі алдын ала тыңдау қорытындылары бойынша қабылданған қаулыда көрсетіледі.
8. Егер келіп түскен қылмыстық істі зерделеу кезінде ҚПК-нің 87-бабының тиісті бөліктерінде көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық процеске өзінің қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайларды анықтаса, онда судья іс бойынша қандай да бір процестік әрекеттерді жасамастан және істі қарауға дайындаумен байланысты шешімдер қабылдамастан, ҚПК-нің 86-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес одан әрі іс жүргізуден бас тартуға міндетті және бұл жөнінде істі басқа судьяға белгіленген тәртіппен қайта бөлуді ұйымдастыру үшін сот төрағасының назарына дереу жазбаша нысанда жеткізеді.
Істі осы соттың барлық судьяларының қарауына кедергі келтіретін мән-жайлар анықталған кезде іс судьяның немесе сот төрағасының ұсынуы бойынша сол деңгейдегі басқа сотқа беру мәселесін шешу үшін жоғары тұрған сотқа алдын ала тыңдау өткізілместен жолдануға жатады.
9. Соттылығы бойынша сотқа келіп түскен істі сол деңгейдегі басқа сотқа ҚПК-нің 317-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздермен беруге айыпталушының келісімімен және процестің басқа қатысушыларының қарсылықтары болмаған кезде ғана жол берілетінін, осыған орай соттардың бұл мән-жайлардың алдын ала тыңдау барысында анықталатынын ескергендері жөн.
ҚПК-нің 307-бабының төртінші бөлігіне және 317-бабының бірінші бөлігіне сәйкес жалпы юрисдикциядағы сотқа келіп түскен кәмелетке толмағанға қатысты іс бойынша осы соттың істі қарауына кәмелетке толмаған айыпталушының, оның заңды өкілінің және қорғаушысының жазбаша келісімі болған кезде, судья алдын ала тыңдау кезінде олардың бұл өтінішхатты қолдайтындарын-қолдамайтындарын анықтауға міндетті және оның нәтижесіне, басқа кедергілердің болмауына қарай басты сот талқылауын тағайындау немесе істі соттылығы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберу туралы шешім қабылдауы тиіс.
10. ҚПК-нің 320-бабының 1) тармағының талаптарына сәйкес сот отырысын тағайындау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу кезiнде судья келіп түскен қылмыстық iстiң осы соттың соттылығына жататынын-жатпайтынын анықтауға тиіс. Егер іс соттылығы бойынша осы сотта қаралуға жатпаса, онда судья алдын ала тыңдау кезінде ҚПК-нің 316-бабының бірінші бөлігінің және 321-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес істі соттылығы бойынша қаралуға жататын сотқа жолдау туралы қаулы шығарады.
Іс соттылығы бойынша басқа сотқа жолданған кезде сот ҚПК-нің 320-бабының 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақтарында тізбеленген мәселелерді анықтамайды.
Алайда ҚПК-нің 342-бабының екінші бөлігінің талаптарының негізінде Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі - Конституция) 16-бабының 1-тармағында бекітілген бостандық туралы конституциялық құқықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, егер іс сотқа келіп түскен күні сотқа берілген адамға қатысты күзетпен ұстау мерзімі аяқталса, онда судья келіп түскен істің соттылығына қарамастан оған осы бұлтартпау шарасын қолдану және оны ұзарту немесе оның күшін жою, не өзгерту негізділігі туралы мәселені қарауға және шешім қабылдауға міндетті.
11. Бұлтартпау шарасын таңдау, оның күшін жою, өзгерту немесе ұзарту мәселелері бойынша келіп түскен өтінішхаттар ҚПК-нің 321-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіпке сәйкес алдын ала тыңдау кезінде шешіледі.
Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында ҚПК-нің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген қандай да бір бұлтартпау шарасы таңдалмаған айыпталушыға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, онда осы бұлтартпау шарасын таңдау кезінде кепіл мөлшерін айқындау, құқықтар мен міндеттерді, сондай-ақ кепілді енгізу тәртібін түсіндіру туралы ҚПК-нің 148-бабы сегізінші бөлігінің ережелері қолданылмайды.
12. ҚПК-нің 304-бабына сәйкес айыпталушыға айыптау актісін алғаны туралы қолхатпен табыс етілуін, сонымен қатар осы процестік құжаттың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және келуден жалтарған айыпталушыға қолжетімді байланыс құралдары арқылы жіберілуін қамтамасыз ету прокурорға жүктеледі.
Судья істі зерделеу барысында заңда көзделген жағдайда айыпталушыға айыптау актісінің табыс етілмеу және жіберілмеу фактісін анықтаса, басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарып, ҚПК-нің 322-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер басталғанға дейін іске тігу үшін тиісті құжаттарды, оның ішінде айыпталушының айыптау актісін алудан бас тартуын немесе одан басқа тәсілмен жалтаруын куәландыратын құжаттарды беру жөнінде қажетті шаралар қабылдауға прокурорды міндеттеуге құқылы.
13. ҚПК-нің 321-бабының екінші бөлігінде алдын ала тыңдау өткізу туралы қаулы шығарылған сәттен бастап оны он тәулік ішінде өткізу мерзімі белгіленген. Заңда оны ұзарту мүмкіндігі көзделмеген. Тараптардан процестік келісімді, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісімді жасау туралы арыздар мен өтінішхаттар келіп түскен жағдайда, судья істі қарауға дайындау кезінде қаулыда мұндай өтінішхаттардың мәлімделген фактісін атап өтеді және келісімдердің шарттарын әзірлеу мен оларды жасау үшін қажетті уақыттың жетіспеуіне байланысты, процестік келісімдерді сот талқылауы басталғанға дейін жасап ұсыну арқылы олар мәлім еткен құқықты іске асыру мүмкін екендігін көрсетеді.
14. Айғақтары сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сақтауға қойылған адам өзі айғақтар берген істің мән-жайлары бойынша басты сот талқылауы барысында жауап беру ниеті туралы өтінішхатты не оның жауап алу туралы басқа процеске қатысушылардан өтінішхатты уақтылы берілген кезде, судья дәлелдемелерді тікелей зерттеу мен қылмыстық процеске қатысушының процестік құқығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ҚПК-нің 99-бабының бесінші бөлігіне сәйкес өтінішхатты қанағаттандыруға және оны сот отырысына шақырылуға тиіс адамдардың тізбесіне енгізуге құқылы.
15. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қылмыстық іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген залалды өтеудi және мүлiктi тәркiлеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін шараларды қабылдамауы судьяның ҚПК-нің 171 және 325-баптарының талаптарына сәйкес алдын ала тыңдауды өткізбестен прокурордың атына қаралып отырған іс бойынша сот тергеуі аяқталғанға дейін орындау мерзімін көрсете отырып, тиісті шаралар қолдану жөнінде қаулыны шығаруына негіз болып табылады.
16. Судья алдын ала тыңдау сатысында қылмыстық істерді біріктіру немесе бөліп шығару туралы шешімді ҚПК-нің 43 және 44-баптарында көзделген қағидалар бойынша қабылдайды.
17. Егер сотқа келіп түскен іс бойынша айыпталушы соттан жасырынса не оның жүрген жері анықталмаса, онда сот алдын ала тыңдау кезінде айыпталушыны іздестіру мен іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулы шығарады және істі іздестіруді ұйымдастыру шараларын қабылдау үшін прокурорға қайтарады.
Сыбайласып жасалған қылмыс бойынша айыпталатын бірнеше адамдарға қатысты істер бойынша, олардың біреуі немесе бірнешеуі соттан жасырынған, ал басқалары күзетпен ұсталып отырған жағдайда, соттан жасырынған айыпталушыларға қатысты іс бойынша іс жүргізу, егер қалған айыпталушылардың қорғалу құқықтарына нұқсан келтірілмесе, тоқтатыла тұруы мүмкін. Мұндай жағдайларда сот алдын ала тыңдау нәтижелері бойынша жасырынған айыпталушыларға қатысты істі жеке іс жүргізу үшін бөліп шығарып, іздестіруді ұйымдастыру үшін материалдарды прокурорға жіберуге және күзетпен ұсталып отырған қалған айыпталушыларға қатысты істі басты сот талқылауында қарауға тағайындауы тиіс.
18. Істі қарауға дайындау кезінде басты сот талқылауының нысанасы болып табылатын мәселелер алдын ала шешілуге тиіс емес.
Судья тараптың өтінішхатын алдын ала тыңдау кезінде қарағанда айыпталушының кінәлілігі немесе кінәсіздігі туралы мәселені шешпей, тараптың өтінішхаты немесе өзінің бастамасы бойынша істің тоқтату негіздеріне қатысы бар материалдарды зерделеуге және баға беруге құқылы. Судья іс бойынша іс жүргізуді ҚПК-нің 35-бабының бірінші бөлігінде және 36-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздермен тоқтату туралы шешімді өзіне заңмен берілген өкілеттіктердің шегінде, істі тоқтатуға жол берілмейтін ҚПК-нің 35-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды ескере отырып қабылдауы тиіс.
19. Жол берілетін дәлелдемелердің ішінен жекелеген дәлелдемелерді алып тастау туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартылған кезде, арыз берушіге оның ҚПК-нің 99-бабының үшінші бөлігінде көзделген құқығы түсіндіріледі.
Алдын ала тыңдау кезінде жәбірленушінің не оның өкілінің айыпталушыға неғұрлым ауыр айып тағу, қылмыстық жауаптылыққа басқа адамдарды тарту қажеттілігі жөніндегі уәждері бойынша істі прокурорға қайтару туралы мәлімдеген, тергеп-тексерудің толық жүргізілмеуіне негізделген немесе дәлелдемелерді бағалауға байланысты өтінішхаттары қаралуға жатпайды, өйткені олар басты сот талқылауында тексерілуі тиіс.
20. Сот өз бастамасымен алдын ала тыңдау кезінде айыпты және басты сот талқылауының шектерін өзгертуге құқылы емес.
Айыпты өзгертуге прокурордың ғана құқығы бар. ҚПК-нің 321-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес прокурор алдын ала тыңдау барысында айыпты өзгертуге және сотқа жаңа тұжырымдауды жазбаша түрде ұсынуға құқылы. Прокурордың ұсынып отырған тұжырымдауы неғұрлым ауыр айыпты тағуға бағытталған немесе бастапқы айыптан елеулі түрде ерекшеленетін жағдайларда, судья процеске қатысушылардың пікірін тыңдап, сот отырысын алдын ала тыңдау мерзімінің шегінде кейінге қалдыруға және прокурорға жаңа айыптау актісін жасап, оның көшірмесін ҚПК-нің 304-бабының үшінші бөлігінің тәртібімен тараптарға табыс ету үшін уақыт беруге құқылы.
Егер белгіленген мерзімде прокурор аталған әрекеттерді орындамаса, судья ҚПК-нің 340-бабының бесінші бөлігіне сәйкес сот талқылауы сатысында прокурордың өз құқығын іске асыра алатындығын ескере отырып, айыпталушыны сотқа берілген сол айыппен қарауға басты сот талқылауын тағайындайды.
Егер прокурордың айыптауды өзгертуі соттылықты өзгертуге алып келсе, онда судья айыптау актісін қайта жасау және істі соттылығы бойынша жіберу үшін прокурорға қайтарады.
Прокурордың басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін уақыт беру туралы өтінішхаты алдын ала тыңдау барысында ҚПК-нің 340-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қаралады.
21. Қылмыстық іс прокурорға ҚПК-нің 323-бабының негізінде ҚПК-нің 31-бабы үшінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып, тараптардың өтінішхаты бойынша, сонымен қатар соттың өз бастамасымен қайтарылуы мүмкін. Өтінішхатты сотталушы, оның қорғаушысы мен заңды өкілі, мемлекттік айыптаушы, жәбірленуші мен оның өкілі, азаматтық талап қоюшы және азаматтық жауапкер, олардың өкілдері мәлімдеуге құқылы.
Соттың істі прокурорға жіберу туралы шешімі қаулымен ресімделеді, онда істі прокурорға қайтару негізі мен уәждері көрсетіледі, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын қалдыру, өзгерту, оның күшін жою немесе ұзарту туралы мәселе шешіледі.
Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.09.2023 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.22. Соттардың назары қылмыстық теріс қылықтар туралы істерді қоспағанда, сот өз бетімен жоя алмайтын және сотқа басты сот талқылауын тағайындауды ұйымдастыру мен дайындауға, сонымен қатар ҚПК-нің 340-бабына сәйкес оның шектерін анықтауға мүмкіндік бермейтін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтар анықталған кезде ғана ҚПК-нің 323-бабының тәртібімен істі алдын ала тыңдаудан прокурорға қайтаруға жол берілетініне аударылсын.
23. Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін мына жағдайлар:
келіп түскен іс бойынша тергеп-тексеру органы ҚПК-нің 294, 295, 296 және 297-баптарының талаптарын орындамаса және тараптардың мәлімдеген өтінішхаттары бойынша шешім қабылдамаса немесе тергеп-тексеру органның оларды қанағаттандырудан бас тартқанына тараптың уақытында берген шағымын прокурор шешпесе;
осы нормативтік қаулының 2-1-тармағының түсіндірмелері ескеріле отырып, прокурор айыптау актісіне келісім білдірмесе не осы актіні жасаған тұлға оған қол қоймаса;
осы нормативтік қаулының 2-1-тармағының түсіндірмелері ескеріле отырып, айыпталушы сотқа берілмесе;
осы нормативтік қаулының 2-1-тармағының түсіндірмелері ескеріле отырып, сотқа беру туралы қаулыда айып тағылған және айыптау актісі жасалған адамдар толық көрсетілмесе және қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы болмаса;
күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда, айыптау актісінде, сотқа беру туралы қаулыда күдіктінің, айыпталушының жеке басына қатысты мәліметтерді жазу кезінде қателер жіберілсе, сонымен қатар, егер осы процестік құжаттарда күдікті адамға қылмыстық заңның нақты бабы, бап бөлігі мен тармағы тағылғаны көрсетілмесе;
істе материалдардың тізімдемесі немесе тұрғылықты жерлері көрсетілген сотқа шақырылуға тиіс адамдардың тізімі (ҚПК-нің 97-бабының тәртібімен бүркеншік атымен жауап алынған адамдарды және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды қоспағанда) болмаса;
істе күзетпен ұсталып отырған күдікті адамның жеке басын куәландыратын құжат болмаса;
іс материалдары оларды толық оқуға мүмкіндік бермейтін тәсілмен орындалса және сот жоя алмайтын басқа да бұзушылықтар болса, онда қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзушылықтар болып танылуы мүмкін.
Ескерту. 23-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.24. 340-баптың бірінші бөлігінің мағынасы бойынша басты сот талқылауына тек сол сотталушыға қатысты және ол сотқа берілген айыптау шектерінде ғана жол беріледі. ҚПК-нің 204, 299-баптарының талаптарына қарамастан күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда, айыптау актісінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың оқиғасы, уақыты, орны, тәсілі, уәжі, салдарлары, саралануы және басқа да мән-жайлар туралы мәліметтер жазылмаған; айыптау актісінде қылмыстық заңның әртүрлі баптарында, бөліктерінде немесе тармақтарында көзделген бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамды айыптау кезінде әрбір қылмыстық құқық бұзушылық жеке сараланбаған немесе бір қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін бірнеше адамды айыптау кезінде әрбір күдіктіге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы көрсетілмеген жағдайларда, іс прокурорға алдын ала тыңдаудан қайтарылуға жатады.
Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.09.2023 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.25. Алдын ала тыңдау қорытындылары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы ҚПК-нің 190-бабының алтыншы бөлігінің және 613-бабының екінші бөлігінің талаптарын бұзған кезде барлық жағдайда іс прокурорға қайтарылуға жатады. Сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу тәртібімен аяқталған істер бойынша алдын ала тыңдау кезінде, істі қысқартылған тәртіптегі басты сот талқылау кезінде сотталушы өзінің кінәсіз екендігін мәлімдесе, онда ҚПК-нің 190-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздердің болмауына байланысты іс прокурорға қайтарылуға жатады.
25-1. Соттың қылмыстық істі алдын ала тыңдаудан прокурорға қайтару туралы қаулысына ҚПК-нің 323-бабының тәртібімен апелляциялық сатыдағы сотқа жекеше шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда ҚПК-нің 323-бабының тәртібімен істі прокурорға қайтару туралы процеске қатысушылардың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыру туралы соттың шешіміне жеке шағымдануға болмайды. Соттың мұндай шешіміне қарсылықтар апелляциялық шағымдарда, прокурордың сот үкіміне келтірілген өтінішхаттарында жазылуы мүмкін.
Ескерту. 25-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.26. ҚПК-нің 323-бабының тәртібімен прокурорға жіберілген іс сотқа қайта түскен кезде, судья басты сот талқылауын тағайындауға немесе сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу тәртібімен немесе процестік келісім жасалып аяқталған істі басты сот талқылауында қарауға кедергі келтірген мән-жайларды прокурордың толық жойғандығын тексеріп, оның нәтижесі бойынша ҚПК-нің 319-бабының екінші бөлігіне сәйкес шешім қабылдайды.
Бұл ретте, Егер сот тағылған айып бойынша күдіктінің кінәсін дәлелдейтін қосымша жаңа дәлелдемелер жинақталғанын анықтаса, онда соттың бастамасымен немесе тараптың өтінішхаты бойынша олар жол берілмейтін дәлелдемелер деп танылуға жатады.
27. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Қ. Мәми |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |