"Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 нормативтік қаулысы.

      1. "Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 4-тармақ:

      төртінші абзацындағы "бөліміндегі", "бөлімі" деген сөздер тиісінше "бөлігіндегі", "бөлігі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "Сот талқылауының шегі айыптау актісін жасау кезінде тұжырымдалып тағылған айыппен шектеледі. Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар айыптың мазмұнына енгізіледі (Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан әрі – ҚПК) 299-бабы үшінші бөлігінің 4-тармағы). Сондықтан, сот айыптау актісінде көрсетілмеген, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың бар болуын үкімде белгілеп көрсетсе, ол ҚПК-нің 340-бабының талаптарына сәйкес сотталушының жағдайын ауырлатады және сот талқылуының шегін бұзу болып табылады. Сонымен қатар, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп танылатын мәселенің шешілуі айыппен шектелмейді және басты сот талқылауында анықталған істің нақты мән-жайларына негізделуі тиіс.";

      2) 5-тармақтағы "бөлімінде", "бөлімі" деген сөздер тиісінше "бөлігінде", "бөлігі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 7-тармақта:

      мынадай мазмұндағы бірінші абзацпен толықтырылсын:

      "ҚК-нің 55-бабының екінші және үшінші бөліктері жазаны жеңілдететін дербес негіздер болып табылады және оларды бір уақытта қолдануға жол берілмейді. Жазаны тағайындау кезінде осы құқық нормаларының жарыспалылығы кезінде, ҚК-нің 55-бабының үшінші бөлігі қолданылады. Мұндай жағдайда ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігінің қағидалары ескерілмейді.";

      бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтар тиісінше екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы абзацтар деп есептелсін;

      4) 9-тармақтағы үшінші абзац мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Кәмелетке толмағанға жаза мерзімін есептеу туралы осындай қағидалар ҚК-нің 55-бабының екінші және үшінші бөліктерінің талаптары бойынша жазаны тағайындау кезінде де ескерілуі тиіс.";

      5) 11-тармақта:

      "және қайта тәрбиелену" деген сөздер алып тасталсын;

      "65-70" деген цифрлар "65, 66, 67, 68, 69, 70" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      6) 12-тармақтың алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты ҚК-нің 77-бабына сәйкес жазаны өтеуден босатылған адамдар; пробациялық бақылау мерзімі аяқталғаннан кейін шартты түрде сотталғандар (ҚК-нің 63-бабы); үкімнің орындалуы кейінге қалдырылып сотталғандар – кейінге қалдыру мерзімі аяқталған соң, егер адам жазаны өтеуден босатылған болса (ҚК-нің 74-бабы); не ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан босатылғандар (ҚК-нің 76-бабының бірінші бөлігі) бұрын бас бостандығынан айыруға сотталғандар деп есептелмейді.";

      7) 16-тармақтағы "Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан әрі – ҚПК)" деген сөздер "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылсын;

      8) 18-тармақтағы "476-478-баптарында" деген сөздер "476, 477, 478-баптарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 19-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "Аталған ережелер мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жазаны тағайындау кезінде қолданылмайды, оны қолдану негіздері мен шарттары ҚК-нің 48-бабының талаптарына сәйкес сол жазаның мазмұнымен анықталады.";

      10) 20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Сотталушыны кiнәлi деп таныған ҚК-нің бабы санкциясында мүлікті тәркілеу қосымша жаза ретінде көзделген жағдайларда ғана ол тағайындалуы мүмкін. Тәркілеуге жататын мүлік үкімнің қарар бөлігінде анық көрсетілуге тиіс. Тәркілеу сотталғанның және (немесе) үшінші тұлғалардың меншігінде тұрған, заңсыз тәсілмен табылған не заңсыз тәсілмен табылған қаражатқа сатылып алынған мүлікке, сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікке ғана қолданылуы мүмкін.

      Тәркілеу нысанасына мүлікті жатқызу ҚПК-нің 113-бабының үшінші бөлігі ережелеріне сәйкес дәлелденуге тиіс мән-жай болып табылатынын ескеру қажет. Осыған байланысты мүлікті, оның ішінде үшінші тұлғаларға ресімделген мүлікті тәркілеу туралы мәселені шешу кезінде, соттар осы мүліктің және мүлік сатылып алынған қаражаттың шығу тегін айғақтайтын дәлелдемелерді тексеруі тиіс. Егер істе мүліктің шығу тегінің қылмыстық сипаты туралы мәліметтер болмаса немесе мүлік мүлдем анықталмаса, мүлікті тәркілеу, оның ішінде қосымша жазаның осы түрінің міндетті түрде тағайындалуын көздейтін Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің баптары бойынша тағайындалмайды. Мұндай жағдайда ҚК-нің 55-бабын қолдану талап етілмейді. Соттың мүлікті тәркілеу жөнінде қабылдаған шешімі үкімде ҚК-нің 48-бабында көзделген негіздердің болуына немесе болмауына сілтеме жасалып, барлық жағдайда уәжді болуға тиіс.

      ҚК-нің 48-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда сот қабылданған шешімді негіздеп, тәркілеуге жататын ақша сомасын үкімде көрсетуге тиіс.

      ҚК-нің 48-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген мүлікке, осы нормада белгіленген құқық шектеулерін ескере отырып, тәркілеуді қолдану мүмкін емес. Егер аталған норманың талаптары бойынша тәркілеуге жатпайтын мүліктің шығу тегінің қылмыстық сипаты анықталса, ҚК-нің 48-бабының үшінші бөлігінің ережелеріне сәйкес үкімде қабылданған шешім негізделіп, оның құны ақшалай көріністе мемлекет кірісіне өндіріп алынуға тиіс.

      Егер ҚК-нің Ерекше бөлігіндегі баптың санкциясында тәркілеу міндетті қосымша жаза ретінде көзделген жағдайда, алайда қылмысты кәмелетке толмаған жасаса не шартты түрде соттау орын алса, онда ҚК-нің Жалпы бөлігінің ережелері ескеріле отырып, мүлікті тәркілеу қосымша жаза ретінде қолданылмайды. Мұндай шешім сот үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде ҚК-нің 48-бабына, 63-бабының төртінші бөлігіне немесе 81-бабына тиісінше сілтеме жасалып, уәжді болуға тиіс. Аталған жағдайларда ҚК-нің 55-бабына сілтеме жасау талап етілмейді. Көрсетілген жағдайларда тәркілеу қолданылмағанда, сот үкімде заттай дәлелдемелер туралы мәселені шешкен кезде сотталғандардың дәлелдемелер деп танылған, қылмыстық жолмен табылғаны анықталған мүлкі ҚПК-нің 118-бабының үшінші бөлігінің тәртібімен мемлекет кірісіне өндіріп алынуға жатады. Егер ҚК-нің Ерекше бөлігіндегі баптың санкциясында мүлікті тәркілеу түрінде жаза тағайындау көзделмесе, бірақ іс жүргізу барысында ҚК-нің 48-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген негіздер бойынша қылмыспен байланысты мүлік анықталса, мәселелер осындай тәртіппен шешіледі.";

      11) 21-тармақта:

      екінші абзацтағы "50" деген цифрлар "49" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қосымша жазаның осы түрін тағайындау кезінде сот ұсыныста бір, сонымен қатар бірнеше наградалардан, атақтардан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы өтінішхат беруге құқылы (мысалы, сотталғанда біліктілік сыныбы мен мемлекеттік наградалары болған кезде біліктілік сыныбынан ғана айыру туралы мәселені қоюға құқылы). Қабылданған шешім үкімде уәжді болуға тиіс. Осы ереже сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін үкімдер шығарылғанда қолданылмайды, олар бойынша сот ҚК-нің 49-бабының екінші бөлігі талаптарының негізінде сотталғанды ҚК-нің 49-бабында көрсетілген оның барлық атақтарынан, сыныптарынан, дәрежелерінен, шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Президентіне міндетті түрде енгізеді.";

      12) 22-тармақта:

      бірінші абзац мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "ҚК-нің 50-бабының ережелерінің негізінде нақ сол қылмыс үшін белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бір мезгілде айыруға жол берілмейді.";

      екінші абзац төртінші абзац деп есептелсін;

      мынадай мазмұндағы екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Қосымша жазаның осы түрін тағайындай отырып, сот оның өмір бойына тағайындалуы ҚК-нің 50-бабының екінші бөлігінде тікелей көрсетілген қылмыстардың жекелеген санаттары үшін ғана көзделгенін ескеруі тиіс. Аталған тізбеге кірмейтін басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру, егер қосымша жазаның осы түрі ҚК-нің санкциясында міндетті жаза ретінде көзделсе де тағайындалмайды. Мұндай жағдайларда сот қосымша жазаның осы түрін тағайындаудың жалпы негіздері мен шарттарын басшылыққа алуы тиіс, оларға сәйкес жаза бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.

      Егер жиынтыққа кіретін екі және одан да көп қылмыстық құқық бұзушылық бойынша негізгі жазамен қатар белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза белгілі бір мерзімге тағайындалса, онда жазаларды ішінара немесе толық қосу кезінде оның түпкілікті мерзімі немесе мөлшері ҚК-нің Жалпы бөлігінде көзделген жазаның осы түрі үшін ең жоғары мерзімінен немесе мөлшерінен, яғни он жылдан астам бола алмайды.";

      13) 23-тармақта:

      "шағымдар мен" деген сөздерден кейін "өтінішхаттарды," деген сөздермен толықтырылсын;

      үшінші абзацта:

      "438 және 459-баптарына" деген сөздер "438-бабына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      14) 24-тармақтағы "тарапының" деген сөзден кейін "өтінішхаты," деген сөзбен толықтырылсын;

      15) 25-тармақтағы "шағымдар мен" деген сөздерден кейін "өтінішхаттарды," деген сөздермен толықтырылсын;

      16) 26-тармақта:

      бірінші абзацта:

      "шағымдар мен" деген сөздерден кейін "өтінішхаттарды," деген сөздермен толықтырылсын;

      бірінші абзац мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Егер белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны тағайындау кезінде үкімде лауазымдар немесе қызмет түрлері нақты немесе дұрыс көрсетілмесе, онда жоғары сатыда тұрған сот, егер сотталғанның жағдайын нашарлатпайтын болса, осы қосымша жазаның күшін жоюға не үкімге тиісті түзетулер енгізуге құқылы.";

      мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Жазаның жеңілдігіне немесе неғұрлым ауырлығына қарай қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға байланысты үкімнің күшін жою жағдайларын қоспағанда, сот үкімнің күші жойылған соң істі жаңадан қараған кезде, егер қосымша жаза алғашқы үкімде тағайындалмаса, қылмыстық құқық бұзушылықтың осы бабы бойынша оны тағайындай алмайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады