"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының бюджеттік кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 4 сәуірдегі № 170 қаулысы

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына және "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған жолаушылар вагондары паркін жаңартуды қаржыландыру үшін "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамы арқылы "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамын кейіннен кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен кредиттік шарт жасасуды;

      2) кредит берудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;

      3) бюджеттік кредиттің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, уақтылы өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      3. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 4 сәуірдегі
№ 170 қаулысымен
бекітілген

Жолаушылар вагондары паркін жаңартуды қаржыландыру үшін "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамы арқылы "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамын кейіннен кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары

      1. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) кредит мөлшері "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында 219 "ҚДБ-лизинг" АҚ арқылы жолаушылар вагондары паркін жаңартуын қаржыландыру үшін кейіннен "Қазақстан Даму Банкі" АҚ-ны кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ кредиттеу" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 18600000000 (он сегіз миллиард алты жүз миллион) теңгені құрайды;

      2) кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 20 (жиырма) жыл мерзімге, жылдық 0,05 %-ға пайызға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша беріледі;

      3) республикалық бюджеттен кредитті бөлу қарыз алушының шотына біржолғы кредиттің барлық сомасын аудару жолымен жүзеге асырылады;

      4) игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күннен бастап 2 (екі) жылды құрайды;

      5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылына 1 (бір) рет жүзеге асырылады (есептелген сыйақының алғашқы төлемі қарыз алушының шотына кредит қаражаты аударылған күннен бастап 1 (бір) жыл өткен соң жүргізіледі);

      6) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы 2023 жылдан бастап тең үлестермен 6 (алты) жылды құрайтын жеңілдік кезеңі өткеннен кейін жүзеге асырады;

      7) "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамына "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының жолаушылар вагондары паркін жаңартуды қаржыландыру үшін 20 (жиырма) жыл мерзімге жылдық 0,1% сыйақы мөлшерлемесімен "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамына кейіннен кредит берумен, жылдық 0,08 % сыйақы мөлшерлемесімен кредит беріледі.

      2. Кредиттерді беру, өтеу және оған қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады