1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ядролық оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі ынтымақтастық және өзара есеп айырысу туралы келісімге хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 571 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ядролық оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі ынтымақтастық және өзара есеп айырысу туралы келісімге хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа 1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ядролық оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі ынтымақтастық және өзара есеп айырысу туралы келісімге хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 571 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ядролық оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі ынтымақтастық және өзара есеп
айырысу туралы келісімге

ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ядролық оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі ынтымақтастық және өзара есеп айырысу туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім) басшылыққа ала отырып,

      1993 жылғы 18 ақпандағы Ресей Федерациясының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ядролық қарудан шығарылған жоғары байытылған уранды пайдалану туралы келісімді ескере отырып,

      1993 жылғы 18 ақпандағы Ресей Федерациясының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ядролық қарудан шығарылған жоғары байытылған уранды пайдалану туралы келісімді іске асыру мақсатында 1999 жылғы 24 наурызда жасалған Ресей Федерациясының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Америка Құрама Штаттарынан Ресей Федерациясына ауыстырылған табиғи материалға қатысты куәландырулар туралы келісімді ескере отырып,

      1993 жылғы 23 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді назарға ала отырып,

      1999 жылғы 24 наурыздағы Ресей Федерациясының Атом энергиясы жөніндегі министрлігі мен Америка Құрама Штаттарының Энергетика министрлігі арасындағы Ресей Федерациясына бастапқы материалды өткізуге қатысты келісімді (бұдан әрі – Өткізу туралы келісім) ескере отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Хаттаманың мақсаттары үшін "іске асырылмаған бастапқы материал" термині бастапқыда Америка Құрама Штаттарының аумағынан сатылмаған және Өткізу туралы келісімге сәйкес Америка Құрама Штаттарынан Ресей Федерациясына өткізілген Америка Құрама Штаттарына жеткізілген төмен байытылған уранды алу үшін шикізат ретінде есептесу арқылы айқындалған көлемде Америка Құрама Штаттарының аумағында Ресей тарапына берілген құрамында уран-235 изотопының 0,711 пайызы бар, табиғи уранның гексафториді нысанындағы уранды білдіреді.

2-бап

      1. Осы Хаттаманы орындау мақсаттары үшін Тараптар мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;

      Ресей тарапынан – "Росатом" атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорация.

      2. Тараптардың құзыретті органдары осы Хаттама шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін ресейлік және қазақстандық ұйымдарды (бұдан әрі – уәкілетті ұйымдар) тартады.

      3. Тараптар құзыретті органдарының, олардың атауларының не функцияларының өзгергені немесе жаңа құзыретті органдардың тағайындалғаны туралы бір-бірін жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді. Уәкілетті ұйымдардың ауыстырылуы немесе жаңадан тағайындалуы туралы Тараптардың құзыретті органдары бір-біріне жазбаша нысанда хабарлайды.

3-бап

      1. Қазақстан Республикасы Келісімнің 3-бабында көзделген құнның белгіленген үлесін алумен қатар іске асырылмаған бастапқы материалдың үлесін алады.

      2. Америка Құрама Штаттарынан Ресей Федерациясына өткізілген іске асырылмаған бастапқы материалдың жалпы көлемі 2014 жылғы 1 қаңтарда уран бойынша 37 939 213 килограмды құрады.

      3. Қазақстан Республикасының іске асырылмаған бастапқы материалдағы үлесі 1995 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ядролық оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі ынтымақтастық және өзара есеп айырысу туралы келісімге Кәдеге жаратылатын ядролық оқ-дәрілер үшін өзара есеп айырысу мерзімі мен тәртібі туралы хаттамаға сәйкес осы баптың 2-тармағында көрсетілген санның 8,98 пайызы ретінде айқындалады және іске асырылмаған бастапқы материалдың сапасын бақылауды жүзеге асыру үшін сұрыпталған сынамалар есебімен 2014 жылғы 1 қаңтарда уран бойынша 3 406 783 киллограмм, соның ішінде Куәландырулар туралы келісімнің қолданылу аясына түсетін уран бойынша 2 654 194 киллограмм құрады.

      4. Ресей Тарапының құзыретті органы дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан Тарапының құзыретті органын Куәландырулар туралы келісімнің қолданыс аясына түсетін, осы баптың 3-тармағында көрсетілген іске асырылмаған бастапқы материал үлесінің бөлігін Қазақстан Республикасына беруге Америка Құрама Штаттарынан келісім алғаны туралы жазбаша хабардар етеді.

4-бап

      1. Қазақстан Республикасының үлесін құрайтын іске асырылмаған бастапқы материалды сақтау 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін Келісімнің 3-бабында көзделгендей сатылған уранның әрбір партиясының құнында Қазақстан Республикасының белгіленген үлесі есебінен жүзеге асырылған.

      2. 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржылық шарттары, сақтау үшін есептеулердің нысаны және осы Хаттаманың 3-бабының 3-тармағында көрсетілген іске асырылмаған бастапқы материалдың үлесін беру тәртібі Тараптардың құзыретті органдары жасайтын жеке шарттарда айқындалады.

      3. Қазақстан тарапы жазбаша өтініш жасаған жағдайда, іске асырылмаған бастапқы материал үлесінің барлығын немесе бір бөлігін Ресей Федерациясының аумағында сақтау Тараптардың уәкілетті ұйымдары арасында жасалатын шарт негізінде жалғастырылуы мүмкін.

5-бап

      Осы Хаттама шеңберінде Қазақстан Республикасына берілген іске асырылмаған бастапқы материал 1992 жылғы 26 маусымдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде жасалған Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімнің қолданылу аясына түседі, уран-235 изотопы бойынша 20 пайыз мәніне дейін және одан да артық мөлшерде байытылмайды және ядролық қару мен басқа ядролық жарылғыш құрылғыларды шығару үшін немесе қандай да бір басқа әскери мақсатқа жету үшін пайдаланылмайды.

6-бап

      Осы Хаттаманы қолдануға және (немесе) түсіндіруге қатысты Тараптар арасындағы даулар Тараптардың құзыретті органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

7-бап

      Келісімнің 8-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

"8-бап

      1. Осы Келісім:

      Қазақстан Республикасы іске асырылған төмен байытылған уранның толық құнын Ресей Федерациясының осыған байланысты шығындарын шегере отырып алғаннан кейін;

      Қазақстан Республикасы іске асырылмаған бастапқы материал үлесін алғаннан және Тараптар арасындағы оны сақтау үшін есептесулер аяқталғаннан кейін;

      Тараптар ядролық оқ-дәрілерден шығарылған плутонийді пайдалануға қатысты келісілген шешім қабылдағаннан кейін орындалған деп есептеледі деп белгіленсін.

      2. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы Келісімнің қолданысын тоқтату күнін келіседі.".

8-бап

      1. Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап 60 күн өткен соң уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Хаттама өз қолданысын Келісім қолданысының тоқтатылуымен бір мезгілде тоқтатады.

      3. Осы Хаттаманың қолданысы тоқтатылған жағдайда осы Хаттаманың 5-бабының ережелері өз күшінде қалады.


      2017 жылғы " " Астана қаласында қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады