"Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 9 қазандағы № 628 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімге қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімнің (бұдан әрі Келісім) жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісім

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,

      мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының нарығын дамыту және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін ұлғайту мақсатында ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа мүше мемлекеттердің өзара мүдделi екеніне сүйене отырып,

      Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сұрыптарын сынау және тұқым шаруашылығы салаларындағы талаптарды біріздендірудің орындылығын мойындай отырып,

      өзара құрмет, теңдік және ашықтық қағидаттарын сақтай отырып,

      төмендегілер туралы келісті.

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "ауыл шаруашылығы өсімдіктері сұрыптарының бірыңғай тізілімі" – ұлттық тізілімдерге енгізілген ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сұрыптары туралы мәліметтерді қамтитын ортақ ақпараттық ресурс;

      "сұрыпты сынау" – сұрыпты ұлттық тізілімге қосу мақсатында оның шаруашылық және биологиялық қасиеттерін, сондай-ақ сұрыптың ерекшелену, біртектілік және тұрақтылық белгілерін айқындау жөніндегі іс-шаралар;

      "ұлттық тізілім" – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қалыптастырылатын, мүше мемлекеттің аумағында пайдалануға жіберілген(рұқсат етілген, ұсынылған) ауыл шаруашылығы өсімдіктері сұрыптарының тізілімі;

      "ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы" – ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына (оның ішінде Одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы) алып өту, оларды сақтау және өткізу;

      "ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының егу (отырғызу) сапасы" – ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдардың егу (отырғызу) үшін жарамды екенін сипаттайтын сапа көрсеткiштерiнiң жиынтығы;

      "ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi" –дәндi, дәндi-бұршақты, жармалық, жемшөптік, техникалық, майлы, эфирлi-майлы, көкөнiстік, бақшалық, жемiстік, жидектік, дәрiлік дақылдар, сондай-ақ картоп пенжүзiм;

      "ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнің тұқымдары" –өсiмдiктер тұқымдарының өзі, көшеттер, жемiстер, күрделiжемiстердiңбөлiктері, қосалқы жемiстер, жуашықтар, түйнектер және ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнің сұрыптарын көбейтуге және (немесе) молықтыруға арналған өсімдіктердің басқа да генерациялық және вегетациялық бөліктері;

      "тұқым шаруашылығы" – ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын өндiру, алып өту, сақтау, өткізу және пайдалану жөнiндегi қызмет;

      "сұрып" – ботаникалық таксондардың ең төменгісі аясындағы, осы генотипті немесе генотиптер комбинациясын сипаттайтын белгілердің айқындылығы дәрежесі бойынша анықталатын, сол ботаникалық таксондағы басқа ауыл шаруашылығы өсiмдiктері топтарынан бiр немесе бірнеше белгілермен не белгілердің айқындылығы дәрежесімен ерекшеленетiн және тұрақты болып табылатын ауыл шаруашылығы өсiмдiктерінің тобы;

      "ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының сұрыптық сапасы" – ауыл шаруашылығы өсiмдiктері тұқымдарының белгiлiбiр сұрыпқа жататынын сипаттайтын белгiлерінің жиынтығы.

2-бап

      Осы Келісім Одақ шеңберінде, сұрыптарының генетикалық бағдарламасы гендiк-инженерлiк материалды қамтитын ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын қоспағанда, ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысына байланысты құқықтық қатынастарды реттейді.

3-бап

      1. Одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы олардың сұрыптық және егу (отырғызу) сапасы туралы мәліметтерді қамтитын және орыс тілінде және мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде (мемлекеттік тілдерінде, егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса) ресімделгенқұжаттар болған ретте жүзеге асырылады.

      Егер ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдары химиялық немесе биологиялық препараттармен өңделген болса, олардың Одақ шеңберіндегі айналысы осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген құжаттардан басқа, осы тұқымдарға ілеспе құжаттарда және олардың таңбалауында (заттаңбасында) көрсетілетін химиялық немесе биологиялық препараттың атауы туралы орыс тілінде және мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде (мемлекеттік тілдерінде, егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса) ақпарат болған жағдайда, қапталған түрде жүзеге асырылады.

      2. Мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде бекітетін тізбе бойынша ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының сұрыптық және егу (отырғызу) сапасы туралы мәліметтерді қамтитын, басқа мүше мемлекеттер берген құжаттарды таниды.

4-бап

      1. Комиссия Одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысына байланысты қызметті ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы өсімдіктері сұрыптарының бірыңғай тізілімін (бұдан әрі – бірыңғайтізілім) қалыптастырады.

      2. Бірыңғай тізілім ұлттық тізілімдерде қамтылатын және мүше мемлекеттер Комиссияға Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, электрондық түрде беретін сұрыптар туралы мәліметтер негізінде қалыптастырылады.

      Бірыңғай тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін Комиссия айқындайды.

5-бап

      Ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне сұрыптық сәйкестендіруді жүргізу, ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының сұрыптық және егу (отырғызу) сапасын айқындау тәсілдерін біріздендіру мақсатында мүше мемлекеттер Комиссия Кеңесі айқындайтын бірыңғай әдістердің қолданылуын қамтамасыз етеді.

6-бап

      Мүше мемлекеттер сұрыптарды сынау мен тұқым шаруашылығы мәселелерін реттейтін өз заңнамасын біріздендіруге бағытталған шаралар қабылдайды. Мүше мемлекеттердің заңнамасын біріздендіруге бағытталған шаралар тізбесін және мұндай біріздендіру мерзімдерін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес айқындайды.

7-бап

      Осы Келісімнің 5-бабына сәйкес қабылданатын Комиссия Кеңесінің актілері күшіне енгенге дейін мүше мемлекеттерде мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне сұрыптық сәйкестендіру жүргізу әдістері, ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының сұрыптық және егу (отырғызу) сапасын айқындау әдістері қолданылады.

8-бап

      Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

10-бап

      Мүше мемлекеттердің уағдаласуы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткенсоң күшіне енеді.

      201___ жылғы " " _________ ______________ қаласында бір төлнұсқа данада орыс тілінде жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда

      сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып әрбір мүше мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайды.

Армения Республикасы үшін

Беларусь Республикасы үшін

Қазақстан Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады