Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне шолу" жобасы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 20 қазандағы № 656 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне шолу" жобасы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне шолу" жобасы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 20 қазандағы
№ 656 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне шолу" жобасы туралы келісім

      Бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" немесе бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Келісімнің нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі ЭЫДҰ) "Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне шолу" жобасын (бұдан әрі – жоба) жүзеге асыратын болады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-ның жобаға қатысты жүзеге асыратын жұмысын қаржыландыруға келіседі.

      3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 24 айды құрайды.


2-бап. Бюджеттік және қаржылық тетіктер

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-ға жобаны іске асыруға байланысты шығыстарды жабуға 349204 (үш жүз қырық тоғыз мың екі жүз төрт) еуро мөлшерінде жарна беруге міндеттенеді.

      2. Жарна осы Келісімге қол қойылған кезде 50 % мөлшерінде және бір жылдан кейін 50 % мөлшерінде ЭЫДҰ-дан тиісті төлем шоттары алынысымен төленетін болады.

      3. ЭЫДҰ жарнаны қазіргі уақытта жалпы үлестің 6,3 % әкімшілік шығындарының өтелуін төлеуді көздейтін өзінің қаржылық регламентіне және басқа қолданылатын қағидаларына, рәсімдері мен әдістемелеріне сәйкес әкімшілендіреді. Жалпы қабылданған бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес шығыс ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.


3-бап. Жұмыстардың сипаттамасы және есептілік

      1. ЭЫДҰ осы Келісімге қосымшаға сәйкес жобаны орындайды.

      2. Жобаның бірінші жылынан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында прогресс туралы есепті жібереді.

      3. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында қорытынды есепті береді.

      4. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы жылдық есепті береді.

      5. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы қорытынды есепті береді.

      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптар сақталғанымен келіседі.

4-бап. Ақпарат алмасу

      Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті өзара көмек пен ақпаратты береді.

      Тараптар арасындағы кез келген ақпарат алмасу мына мекенжайларға жіберіледі:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: 010000, Қазақстан, Астана, Сол жағалау, Үкімет үйі, тел. +7 (7172) 745019, fax: +7 (7172) 745870.

      ЭЫДҰ үшін: Қоғамдық сектордың Парасаттылық жөніндегі басқармасы, 75775, Франция, Париж, Седекс 16, Андре-Паскаль көшесі 2, e-mail: paulo.magina@oecd.org.


5-бап. Жоба нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері ЭЫДҰ-ның жалғыз меншігі болып қалуы тиіс.

      2. Құжаттардың жіктелуіне және жіктемеден шығарылуына қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталған кезде, егер қолдануға болса, ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін пайдалануға, көшіруге және таратуға айрықша емес құқықты береді. Қазақстан Республикасының Үкіметіне қорытынды есепті өз веб-сайтында толықтай "ОҚУ ҮШІН" (html 5) орналастыруға және таратуға уәкілеттік беріледі.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі әрқашан қажет болған жағдайда ЭЫДҰ авторлық құқығын тиісті түрде растауға міндетті.

      4. ЭЫДҰ осындай жарияланымның тілі мен нысанына қарамастан, түпкілікті есепті бірінші жариялау құқығын өзіне қалдырады.

      5. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды және жарияланымның мұқабасының артқы бетінде немесе жоғарыда көрсетілген танудың жанында жарияланымның ішінде орналасқан Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік рәмізін қамтитын болады.

      6. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ көрсетілген деректер мен ақпаратты өз есебін дайындау және жобаны анағұрлым жалпылама тұрғыда іске асыру мақсатында пайдалануға және/немесе енгізуге құқылы.


6-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімнің болуын, қолданылуын, жарамдылығын немесе бұзылуын қоса алғанда, оны түсіндіруден, қолданудан, орындаудан немесе осыларға қатысты туындайтын және бейбіт жолмен шешу мүмкін болмайтын кез келген дауды, келіспеушілікті немесе наразылықты аралық соттың тұрақты палатасының осы Келісімді жасасу күніне қолданыстағы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар үшін төрелік сотының қағидаларына сәйкес түпкілікті және міндетті төрелік шешеді. Судьялар саны біреу. Судья Тараптар арасындағы уағдаластық арқылы таңдалады. Егер төрелік талап етілгеннен кейін үш айдың ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, төреші Тараптардың бірінің талабы бойынша жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес тағайындалады. Төрелік сот Парижде, Францияда өтеді, барлық іс жүргізу және ұсынылатын түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.


7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ештеңе халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ-ның иммунитеттері мен артықшылықтарынан бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

8-бап. Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.


9-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім екі Тарап қол қойған сәттен бастап, қайсысы соңғы болатына қарай күшіне енеді. Екі Тарап оған байланысты туындаған барлық міндеттемелерін орындамайынша толық күшінде қалады.

      Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әрқайсысы екеуден алты төлнұсқа данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндерде алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.



      Қазақстан Республикасының Экономикалық ынтымақтастық
      Үкіметі атынан және даму ұйымы атынан
     
      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Бақыт Сұлтанов мырза
Мемлекеттік және аумақтық дамужөніндегі директораттың директорыРольф Альтер мырза
     
      Қолы:
Күні:
Қолы:Күні:
     
     
     
     

  Экономикалық ынтымақтастық
және даму ұйымы атынан
  Атқарушы директорат,
Бағдарламалар, бюджет және
қаржы мәселелерін басқару
қызметі басшысының орынбасары
Антуан Пайль мырза


  Қолы:
Күні:
 
  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму
ұйымы арасындағы
"Қазақстанның мемлекеттік
сатып алу жүйесіне шолу"
жобасы туралы келісімге
қосымша

"Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне шолу" жобасы бойынша техникалық тапсырма

1. Қысқаша анықтама және түпмәтіні

      Осы техникалық тапсырма ЭЫДҰ-ның "Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне шолу" бойынша ұсынысын білдіреді.

      Соңғы жылдары ЭЫДҰ әртүрлі елдермен және мекемелермен, мысалы АҚШ-пен, Мексикамен, Оңтүстік Кореямен, Чилимен, Колумбиямен және бірнеше Еуропа елдерімен консультациялық көмек көрсету және олардың сатып алу процестерін жақсарту бөлігінде жұмыс істеді.

      Көрсетілген мемлекеттік сатып алу жобалары құқықтық және институционалдық жүйелерді, қағидалар мен тәжірибелерді талдауға, оларды ЭЫДҰ Кеңесінің ұсынымдары мен озық халықаралық тәжірибелерге сәйкестігі тұрғысынан қарауға бағытталған, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің тиімділігі бойынша ұсынымдарды, технологияларды, адам ресурстарын, адалдықты, ашықтық пен бәсекелестікті қамтыды, оның ішінде іс-қимыл жоспарларымен және техникалық деңгейде іске асыруды қолдаумен сүйемелденді.

2. Жоба мақсаттары

      Осы тапсырма Қазақстан Республикасында мемлекеттік сатып алу саласындағы реформаларды жүзеге асыруды қолдауға арналған екі жылдық жобаны көздейді. Жобаның мақсаты ЭЫДҰ Кеңесінің 2015 жылғы мемлекеттік сатып алу жөніндегі ұсынымдарына (бұдан әрі – ЭЫДҰ ұсынымы) сәйкес келуі үшін елге оның мемлекеттік сатып алу жүйесін жақсартуда көмек көрсету болып табылады. Жоба мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасының саясатын, жүйелерін, процестері мен тәжірибелерін жоғарыда аталған ЭЫДҰ осы саладағы ұсынымдарымен және озық халықаралық тәжрибелермен салыстыра отырып талдауға және бағалауға бағытталатын болады. Оның жалпы мақсаты Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін, адалдығын, жауаптылығын жақсарту үшін мүмкіндіктерін, сондай-ақ басқа да тиісті аспектілерін айқындаудан тұрады.

      Жобада, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласындағы саясатын, жүйелерін, процестері мен тәжірибесін қарау, ағымдағы реформаларды, стратегиялар мен басымдықтарды бағалау, сондай-ақ оларды қолдануда қолдау көрсету ұйғарылады.

3. Жобаның шеңбері

      a) 1-құрамдауыш: Мемлекеттік сатып алу жүйесіне шолу

      Шолу:

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласындағы, оның ішінде мемлекеттік қатысуы бар кәсіпорындарға (State Owned Enterprises) қатысты саясатты, жүйелерді, процестер мен тәжірибені және олардың мемлекеттік сатып алудың институционалдық жүйесімен өзара қатынасын бағалайды.

      Мемлекеттік сатып алу саласындағы ЭЫДҰ Кеңесінің ұсынымдары мен мемлекеттік сатып алу саласындағы озық халықаралық тәжірибелерге қатысты Қазақстан Республикасының сатып алу қағидаттарын салыстыра отырып бағалауды жүргізеді.

      Қазақстан Республикасы рәсімдерінің әлеуметтік мақсаттарды және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мақсаттарды қоса алғанда, саясаттың мақсаттарына сәйкестігін бағалайды.

      Шолу Қазақстан Республикасының сатып алу жүйесін ЭЫДҰ Кеңесінің 2015 жылғы мемлекеттік сатып алу жөніндегі ұсынымдарының 12 қағидатына сәйкестігі тұрғысынан бағалауды жүзеге асырады:

      1. Ашықтық.

      2. Адалдық.

      3. Қолжетімділік.

      4. Баға мен сапа және саясаттың екінші мақсаттары арасындағы теңгерім.

      5. Мүдделі тараптардың қатысуы.

      6. Тиімділік.

      7. Электрондық сатып алу.

      8. Сатып алудың еңбек ресурстары.

      9. Бағалау.

      10. Тәуекелдерді басқару.

      11. Есептілікті қадағалау және бақылау.

      12. Мемлекеттік қаржылық басқарумен және бюджеттеумен интеграция.

      Шолу 12 ай ішінде өтеді және нәтижелері сараптамалық бағалау үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы жетекші мамандар жұмыс тобының, ЭЫДҰ мемлекеттік сатып алу мәселелеріне жауапты мемлекеттік басқару комитетінің қосалқы органының отырыстарына ұсынылатын болады деп болжанады.

      b) 2-құрамдауыш: Қорытындылар мен ұсынымдар беруге арналған семинарлар

      Жоба негізінен Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғаларына, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің және басқа негізгі министрліктердің сатып алуға жауапты адамдарына бағытталған ең көбі үш семинар өткізуді қамтиды. Семинарлар шолу ұсынылғаннан кейін тоғыз ай ішінде өткізілуге тиіс және ең бастысы шолудың қорытындылары мен ұсынымдарына бағытталатын болады, бірақ мемлекеттік сатып алу саласындағы сатып алу мен тұтыну жөніндегі кейінгі тақырыптарды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен ЭЫДҰ бірлесіп айқындауы мүмкін. Семинарлар негізінен практикалық құрамдауыштарды қамтитын болады.

4. Жобаның нәтижелері

      a) ЭЫДҰ шолуы:

      жиналған деректерді ұсыну;

      ЭЫДҰ және/немесе G20 елдерінің озық тәжірибелеріне мысалдар келтіру;

      мемлекеттік сатып алу саласындағы реформалардың мүмкіндіктеріне бағалау жүргізу;

      ЭЫДҰ құралдары мен халықаралық озық тәжірибелері негізінде ұсынымдар беру және іс-әрекеттер (іс-қимыл жоспары шегінде) ұсыну;

      b) халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы айқындаған негізгі мүдделі тараптар үшін елде семинарлар (ең көбі үшеу) өткізу. Іс-шаралар Қазақстан Республикасы үшін іс-қимыл жоспарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады.

5. Жобаның фазалары

      1-құрамдауыш: Шолу мынадай болжамды фазалар бойынша жүргізілетін болады:

      a) I фаза (деректер жинау және бірінші миссия): ЭЫДҰ құжаттар мен қолда бар деректерді қарайды, сондай-ақ қосымша деректер жинау үшін сауалнамалар мен шаблондар әзірлейді. Қазақстан Республикасы сауалнамаға жауап береді және шаблондарды толтырады, сондай-ақ ЭЫДҰ-ға сұратылған ақпаратты береді. ЭЫДҰ Қазақстан Республикасы жіберген деректерді қарайды және оларды, оның ішінде телефонмен келіссөздер және бейнеконференциялар арқылы талқылайды. Сұхбат пен талқылаулар жергілікті деңгейде тиісті мүдделі тараптардың келуін қоса алғанда, елге ЭЫДҰ қызметкерлерінің миссиясы барысында өткізіледі.

      b) II фаза (қосымша миссиялар): ЭЫДҰ, елге бір немесе бірнеше миссия ішінде және кейінірек келісілетін мерзімде I фаза барысында жиналған деректерді сыни қараумен және талдаумен айналысады.

      c) III фаза (жобаны дайындау): ЭЫДҰ нақты ақпаратты тексеру мақсаттары үшін Қазақстан Республикасына ағылшын тілінде алдын ала шолу нұсқасын және тарауларға бөлінген әлеуеттің даму жоспарын ұсынады.

      d) IV фаза (тәуелсіз бағалау): шолуды пікірлері мен ескертулерін алу үшін басқа ЭЫДҰ-ға мүше елдермен және/немесе G20 елдерімен талқылайтын болады (ЭЫДҰ мемлекеттік сатып алу саласындағы жетекші мамандары жұмыс тобының отырысы барысында болуы мүмкін).

      e) V фаза (таныстырылымдар): ЭЫДҰ негізгі қорытындылардың қысқаша баяндамасын, жетілдіру бойынша ұсыныстарды, сондай-ақ іс-шаралар жоспарын қоса алғанда, ағылшын және орыс тілдерінде түпкілікті нұсқаларын ұсынады.

      f) VI фаза (тарату): ЭЫДҰ Қазақстан Республикасымен келісу бойынша нәтижелерді таратады. Тарату/іске қосу бойынша іс-шараларды жүзеге асыру күндері тараптармен келісіледі. Тиісті электрондық файлды қоса алғанда, түпкілікті нұсқалардың орыс тіліндегі аудармаларының 200 баспа данасы тарату бойынша іс-шаралар үшін қолжетімді болады. Ағылшын тіліндегі нұсқалардың қағаз және электрондық көшірмелері де ЭЫДҰ қарауы бойынша айқындалған мөлшерде тарату үшін қолжетімді болады.

      g) VII фаза (кейінгі іс-шаралар): баяндама бойынша жұмыс аяқталған соң он екі (12) айдан кейін ЭЫДҰ ұсынымдар негізінде мүдделі тараптар қол жеткізген прогресті бағалайды. Бұл бағалау Қазақстан Республикасы мен жұртшылықты хабардар етуге арналатын қысқаша талдау арқылы жүзеге асырылатын болады.

      2-құрамдауыш: Үш семинарға дейін. Жекелеген сарапшылар, оның ішінде ЭЫДҰ мүше елдердің мемлекеттік лауазымды тұлғалары, жоғарыда айтылғандай, тиісті іріктелген тақырыптар бойынша сатып алу саласындағы іс-шараларға және озық тәжірибе алмасуға қатыса алады.

6. Тәуекелдер

      Жобаның табысты дамуы жалпы Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысатын министрліктердің/ведомстволардың өте бейілділігіне және қатысуына байланысты. Жауапты лауазымды тұлғалар жоғары дайындық деңгейін алу үшін жоспарланып отырған құзыретті дамыту жөніндегі семинарларға қатысуға тиіс. Олардан жоспарланған уақыт ішінде жоба бойынша жұмыстарды аяқтау үшін қысқа мерзімде нақты міндеттерді орындау талап етіледі. Осы талаптарды орындамау, ақпараттың жетіспеушілігі, сондай-ақ ресурстардың болмауы жобаның дамуын айтарлықтай баяулатуы мүмкін. Осындай күтпеген кедергілер нәтижелерді беру мерзімдеріне де әсер етуі мүмкін.

7. Шығыстар

      ЭЫДҰ коммерциялық ұйым болып табылмайды. Төмендегі бюджетке сәйкес жобаның жалпы бюджеті болжамды 24 ай мерзімге бөлінген адами және техникалық ресурстарды ескере отырып 349204 еуроға бағаланады.

      Қазақстан Республикасы кездесулер, тренингтер мен іс-шаралар (көрмелер, ауызша аударма, тамақтану, ақпараттық-технологиялық қамтамасыз ету, логистика және т.б.) ұйымдастыру мәселелеріне жауап беретін болады.

      Осы ұйымдастыру мәселелеріне арналған шығындар бюджетке кірмейді және Қазақстан Республикасы оларды жеке төлейтін болады.





Санат

Жалпы сметалық құны


Еуро



Персоналға арналған шығыстар

168,021



Қайтарымды төлем (жұмыс үй-жайлары, ИТ және т.б.)

22,688



Сарапшылар көрсететін қызметтерге ақы төлеуге арналған шығыстар

25,000



Миссияларға арналған шығыстар (ЭЫДҰ персоналы)

61,555



Миссияларға арналған шығыстар (сарапшылар)

36,940



Әртүрлі (мысалы, басып шығару, фотокөшірмелер, жариялау)

13,000



Қызмет көрсету үшін ЭЫДҰ-ның гранттық комиссиясы (6.3 %)

22,000





ЖАЛПЫ ҚҰНЫ

349,204





Ескертпе: бір бюджеттік жол бойынша кез келген артық шығыс жалпы бюджеттің аясында қала отырып, бюджеттің басқа желісіне шығыстарды төмендетумен өтелуі мүмкін
 



8. Кесте

      Жоба іске қосылған күнінен бастап 24 ай ішінде жүзеге асырылатын болады. Келесі кесте болжамды болып табылады және деректер мен тиісті ақпараттың болуына байланысты.


Іске қосу күні (ІҚК)

Жұмыс шеңбері Қазақстан Республикасымен консультацияларда айқындалады

ІҚК +1

ЭЫДҰ сауалнамасы Қазақстан Республикасына жіберілді

ІҚК +3

Қазақстан Республикасы сауалнама бойынша жауап береді

ІҚК +2 -10

Фактілерді жинау жөніндегі миссия

ІҚК +10

ЭЫДҰ Қазақстан Республикасына нақты деректерді тексеру үшін бірінші шолу жобасын және іс-шаралар жоспарын береді

ІҚК -11

Жобаны талқылауға арналған миссия

ІҚК +12

Ағылшын тіліндегі қорытынды шолу жобасы дайын

ІҚК +15

Орыс тіліндегі қорытынды шолу жобасы дайын

ІҚК +12-21

3 семинарға дейін өткізу және фактілерді кейіннен тексеру миссиялары

ІҚК +24

Жұмыстардың орындалу барысы туралы есеп


      ЭЫДҰ хатшылығындағы мәліметтер мен байланыс ақпараты

      Paulo Magina (Пауло Магина)

      Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы

      ЭЫДҰ Мемлекеттік сектордың адалдығы мәселелері бөлімі

      2 Rue André Pascal

      Paulo.magina@oecd.org.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады