"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 қазандағы № 686 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 17, 91-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; 2015 ж., № 7, 33-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-III, 149-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 8-II, 67-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 126, 129, 131-құжаттар; 2017 ж., № 8, 16-құжат):

      1) 169-баптың 8-тармағы мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:

      "10) алкогольді ішімдіктерді, сондай-ақ медициналық мақсаттан тыс есірткі мен психотроптық заттарды тұтынбауға міндетті.";

      2) 171-баптың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) қайталап қауіпті қылмыстар жасағаны үшін, сол сияқты террористік немесе экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшiн;

      2) ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болғандарға және жаза мерзімі аяқталған кезде дәрежесі үшінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға белгіленеді.".

      2. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 18-I, 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 52-құжат; № 14, 71-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат; № 19-I, 101-құжат; № 19-II, 102, 103, 105-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 21-I, 124, 125-құжаттар; № 21-II, 130-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-I, 140, 141, 143-құжаттар; № 22-II, 144, 145, 148-құжаттар; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 152, 156, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 22-VII, 161-құжат; № 23-I, 166, 169-құжаттар; № 23-II, 172-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 9-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-I, 49, 50-құжаттар; № 7-II, 53, 57-құжаттар; № 8-I, 62, 65-құжаттар; № 8-II, 66, 67, 68, 70, 72-құжаттар; № 12, 87-құжат; № 22, 116-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 124, 126, 131-құжаттар; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 9, 17, 18, 21, 22-құжаттар; 2017 жылғы 19 маусымда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"
2017 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы):

      685-баптың 2-бөлігінде:

      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) осы Кодекстiң iшкi iстер органдарының ведомстволық бағыныстылығына жатқызылған барлық баптары бойынша – iшкi iстер органдарының бастықтары мен олардың орынбасарлары;

      2) осы Кодекстiң 146, 147, 192, 197, 198, 204, 364, 382 (бірінші бөлігінде), 383 (бірінші және екінші бөліктерінде), 386, 395 (бірінші бөлігінде), 396 (бірінші бөлігінде), 408, 409 (3-1-бөлігінде), 433 (бірінші бөлігінде), 434-1, 437, 438 (бірінші және екінші бөліктерінде), 440 (бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде), 441, 443, 444 (екінші бөлігінде), 449 (бірінші бөлігінде), 484, 487, 492, 493, 494, 505 (бірінші бөлігінде), 510, 512 (бірінші бөлігінде), 513 (бірінші бөлігінде), 514 (бірінші бөлігінде), 515, 517 (бірінші және үшінші бөліктерінде), 518, 519 (бірінші, үшінші, бесінші және алтыншы бөліктерінде) – баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн – қалалық, аудандық, кенттік полиция бөлімдерінің, бөлімшелерінің бастықтары мен олардың орынбасарлары;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) осы Кодекстiң 590 (үшінші, сегізінші және оныншы бөліктерінде), 591 (екінші бөлігінде), 592 (үшінші және төртінші бөліктерінде), 593 (сегізінші бөлігінде), 594 (төртінші бөлігінде), 595 (төртінші бөлігінде), 596 (төртінші бөлігінде), 597 (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 598 (үшінші бөлігінде), 599 (екінші бөлігінде), 600 (екінші бөлігінде), 601 (екінші бөлігінде), 602 (екінші бөлігінде), 603 (үшінші бөлігінде), 606 (бірінші бөлігінде), 609 (екінші бөлігінде), 612 (төртінші, бесінші және алтыншы бөліктерінде), 613 (он үшінші бөлігінде), 614, 615 (үшінші бөлігінде), 617, 619, 630, 631, 632-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн – iшкi iстер органдарының әкімшілік полиция комитетiнiң төрағасы, басқармаларының, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерiнiң бастықтары мен олардың орынбасарлары;".

      3. "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы" 1996 жылғы 15 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 13, 272-құжат; 2002 ж., № 18, 159-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 5-6, 40-құжат; 2009 ж., № 24, 122-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат; 2015 ж., № 21-I, 125-құжат; 2016 ж., № 8-II, 67-құжат; 2017 ж., № 8, 16-құжат):

      1) 2-баптың а), б), және в) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "а) экстремистік және (немесе) террористік қылмыстары, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін;

      б) ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болғандарға, жаза мерзімі аяқталған кезде дәрежесі үшінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға;

      в) егер жазаны өтегеннен кейін ішкі істер органдарының ескертулеріне қарамастан қоғамдық тәртіпті, адам мен азаматтың құқықтарын және заңды мүдделерін үнемі бұзса, өзге де құқық бұзушылықтар жасаса, ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болған адамдарға белгіленеді.";

      2) 4-баптың б) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "б) осы Заңның 2-бабының в) тармақшасында көрсетілген адамдарға – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 79-бабына сәйкес соттылық мерзімі өтелгенге дейін тұрғылықты жерi бойынша белгіленеді.";

      3) 5-бапта:

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заңның 2-бабының в) тармақшасында аталған адамдарға – iшкi iстер органы бастығының дәлелді ұсынымы бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның тұрғылықты жерi бойынша аудандық (қалалық) соттың судьясы жеке өзi сот отырысында белгiлейдi.";

      сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Cудьяның қаулысы өзiне қатысты қадағалау белгіленген адамның тұрғылықты жерi бойынша аудандық (қалалық) ішкі істер органының бастығына, ал осы Заңның 2-бабының а) және б) тармақшаларында көзделген жағдайларда қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің бастығына орындау үшiн жiберiледi.";

      4) 10-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қадағалауға алынған адамға әкiмшiлiк қадағалауды белгілеу, мерзiмiн ұзарту немесе шектеулердi өзгерту туралы сот қаулысын қадағалауға алынған адамға қолын қойғыза отырып, iшкi iстер органдарының бастығы, ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі адамға – мекеме бастығы жариялайды. Бұл ретте қадағалауға алынған адамға оның мiндеттерi, әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын бұзғаны үшiн жауаптылығы, ал әкімшілік қадағалау белгіленген адамға қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылар алдында таңдаған тұрғылықты жерiне белгілі бір мерзiмде келмегенi үшiн жауаптылығы түсiндiрiледi.";

      5) 15-баптың бірінші және екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "14-баптың а), в), г), д) және е) тармақшаларында көзделген жағдайларда әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыратын iшкi iстер органының қызметкерi әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы қаулы шығарады, оны iшкi iстер органының бастығы бекiтедi.

      14-баптың б) тармақшасында көзделген жағдайда iшкi iстер органының бастығы әкiмшiлiк қадағалауды мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы сотқа дәлелді ұсыным жiбередi, ол он күндік мерзiмде қаралуға жатады.".

      4. "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 6, 190-құжат; 2001 ж., № 17-18, 245-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 154-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2008 ж., № 15-16, 63-құжат; 2009 ж., № 24, 128, 130-құжаттар; 2010 ж., № 24, 152-құжат; 2011 ж., № 19, 145-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; 2013 ж., № 13, 62-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; 2016 ж., № 24, 126-құжат, 2017 ж., № 8, 16-құжат):

      1) тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Заң қоғамнан уақытша оқшаулауды заңды негіздерде қамтамасыз ететін арнаулы мекемелер, арнаулы үй-жайлар қызметінің құқықтық негіздерін айқындайды, сондай-ақ оларда ұсталатын адамдардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді.";

      3) 2-бап мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) арнаулы үй-жай – әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе әкімшілік іс жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында заңнамада белгіленген мерзімде жеке тұлғаның, заңды тұлға өкілінің, лауазымды адамның жеке бостандығын қысқа мерзімге шектеуге арналған үй-жай.";

      4) 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-бап. Адамдарды арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау мақсаты

      Адамдарды арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды орындау мақсатында жүзеге асырылады.";

      5) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-бап. Арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау қағидаттары

      Арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау заңдылық, кінәсіздік презумпциясы, азаматтардың заң алдындағы теңдігі, ізгілік, жеке бастың ар-намысы мен абыройын құрметтеу қағидаттарына, халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады және арнаулы мекемелерде ұсталушы қылмыс жасаған деп күдіктілер мен айыпталушыларға тән азабын немесе рухани азап шектіру мақсатындағы әрекеттермен ұштаспауға тиіс.";

      6) 5-бапта:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-бап. Адамдарды арнаулы мекемелерге, арнаулы үй-жайларға орналастыру негіздері";

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Адамдарды арнаулы мекемелерге, арнаулы үй-жайларға орналастыру негіздері:";

      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) адамдарды арнаулы үй-жайға орналастыру уәкілетті лауазымды адамның олардың құқыққа қарсы әрекеттерінің жолын кесу мақсатында толтырған ұстау хаттамасы бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу шараларын қамтамасыз етуді талап ететін басқа да жағдайларда жүзеге асырылады.";

      7) 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-бап. Арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұсталушы адамдардың құқықтық жағдайы

      1. Арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұсталушы адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген шектеулермен, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.

      2. Арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұсталушы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.";

      8) мынадай мазмұндағы 9-2-баппен толықтырылсын:

      "9-2-бап. Ішкі істер органдарының арнаулы үй-жайлары

      1. Арнаулы үй-жайлар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің шешімімен полиция органдарының кезекші бөлімдері жанынан құрылады.

      2. Арнаулы үй-жайлардың қызметін және үлгілік ішкі тәртіптемесін ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындайды.";

      9) мынадай мазмұндағы 3-4-тараумен толықтырылсын:

      "3-4-тарау. Ұстауға алынған адамдарды арнаулы үй-жайларда ұстау

      46-21-бап. Ұстауға алынған адамдарды арнаулы үй-жайларға қабылдау және тіркеу

      1. Арнаулы үй-жайларға орналастырылатын адамдарды қабылдау және тіркеу, жеке қарап тексеру, медициналық куәландыру, дактилоскопиялау, суретке түсіру, сондай-ақ алып қоюға жататын заттардың тізбесі арнаулы
үй-жайлардың қызметін ұйымдастыру тәртібімен айқындалады.

      2. Ұстауға алынған адамдардың арнаулы үй-жайға орналастырылғаны туралы олардың тұрғылықты жері бойынша жақын туыстарына дереу хабарланады, ал шетелдік азаматтарды орналастырған кезде – тиісті шет мемлекеттің консулдығына немесе дипломатиялық өкілдігіне хабарланады.

      3. Ұстауға алынған адамдардың сотқа, прокуратура органдарына немесе басқа да мемлекеттік органдарға жолдаған өтініштері қаралмайды және мекенжайы бойынша дереу жолданады.

      46-22-бап. Ұстауға алынған адамдарды ұстау режимі

      1. Арнаулы үй-жайлар санитариялық талаптарға жауап беруі және оны өз бетінше тастап кету мүмкіндігін болдырмауы тиіс.

      2. Ұстауға алынған, арнаулы үй-жайларда ұсталатын адамдар күзетпен ұсталатын және арнаулы қабылдау орындарындағы адамдар үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі. Азық-түлік өнімдері күн сайын ведомость бойынша беріледі.

      3. Арнаулы үй-жайларға орналастырылған ер адамдар әйелдерден бөлек орналастырылады.

      4. Өздеріне қатысты ұстау қолданылған кәмелетке толмағандар ересек адамдардан бөлек ұсталады.

      5. Туберкулездің жұқпалы нысанымен, венерологиялық және басқа да инфекциялық аурулармен ауыратындар басқа ұстауға алынған адамдардан оқшауланады.

      46-23-бап. Арнаулы үй-жайларда ұсталатын адамдардың құқықтары
мен міндеттері

      1. Ұстауға алынған адамдар:

      1) өздерінің құқықтары мен міндеттері, арнаулы үй-жайда ұстау режимі туралы ақпарат алуға;

      2) арнаулы үй-жайда болу кезеңінде жеке басының қауіпсіздігіне;

      3) материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қызмет көрсетулерді алуға;

      4) полиция органының басшысына, прокуратура органдарына, сотқа өзінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы мәселелері бойынша жүгінуге құқығы бар.

      2. Арнаулы үй-жайларға орналастырылған адамдар полиция органының басшысы бекітетін Арнаулы үй-жайдағы ішкі тәртіптеме қағидаларын орындауға міндетті.

      46-24-бап. Ұстауға алынған адамдарды арнаулы үй-жайдан босату

      1. Ұстауға алынған адамдар оларды ұстауға негіз болған мән-жайлар жойылған кезде не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ұстау мерзімі аяқталғаннан кейін дереу босатылуға жатады.

      2. Босатылғандарға сақталуы заңсыз болып табылатын заттардан басқа, олардан сақтауға алып қойылған құжаттары, ақшасы мен заттары қолхатпен қайтарылады.

      3. Ұстауға алынған адамдар атыс немесе суық қаруды, жарылғыш, қатты әсер ететін немесе улы заттарды және есірткі құралдарын заңсыз сақтаған кезде шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданады.

      4. Босату кезінде адамға оның арнаулы үй-жайда болғаны туралы анықтама беріледі.";

      10)      49-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "49-бап. Адамдарды арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттарын қадағалау

      Адамдарды арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттарын қадағалауды прокуратура органдары жүзеге асырады.".

      5. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., № 3, 17-құжат; № 9, 86-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 10, 103-құжат; 2004 ж., № 10, 56-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 142-құжат; № 24, 144-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 13, 86, 87-құжаттар; № 15, 92, 95-құжаттар; № 16, 99-құжат; № 18, 113-құжат; № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 14-құжат; № 10, 69-құжат; № 12, 88-құжат; № 17, 139-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114, 124-құжаттар; 2009 ж., № 2-3, 9-құжат; № 24, 133-құжат; 2010 ж., № 1-2,
2-құжат; № 5, 23-құжат; № 7, 29, 32-құжаттар; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 3, 7-құжаттар; № 2, 28-құжат; № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 2, 11-құжат; № 3, 21-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 81-құжат; № 20, 113-құжат; № 21-22, 115-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 3, 21-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 67-құжат; № 12, 82-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 19-І, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 21, 118, 122-құжаттар; № 22, 131-құжат; 2015 ж., № 9, 46-құжат; № 19-I, 101-құжат; № 19-II, 103-құжат; № 21-I, 121, 124, 125-құжаттар; № 21-II, 130, 132-құжаттар; № 22-I, 140-құжат; № 22-V, 154, 156, 158-құжаттар; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-І, 47, 49-құжаттар; № 8-ІІ, 72-құжат; № 23, 118-құжат; 2017 ж., № 3, 6-құжат, № 8, 16-құжат):

      1) 6-баптың 1-тармағының 5-1) және 6-1) тармақшалары алып тасталсын;

      2) 29-бапта:

      1-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) мына лауазымды адамдарды:

      жоғары тұрған уәкiлеттi мемлекеттiк органдармен келiсу бойынша, шектi санын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмiнiң орынбасарларын;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен нысанды киiм киіп жүру құқығы берілген және әскери немесе өзге арнаулы атақ берiлген басшыларды қоспағанда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларын;

      Ішкі істер министрінің ұсынысы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаментінің басшысын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      Полиция департаменті басшысының лауазымына кандидатура Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервінде тұрған полиция қызметкерлері қатарынан ұсынылады.

      Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын полиция бөлімшелерінің басқа да басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Полиция департаментінің басшысы осы Заңда белгіленген ерекшеліктермен "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.

      Ескертпе:

      Полиция департаментінің басшысын босату үшін негіздемелер:

      өз еркі бойынша;

      денсаулық жағдайы бойынша, әскери-дәрiгерлiк комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы туралы қорытындысы негiзiнде;

      алқа немесе Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі жанындағы жедел кеңестің шешімі;

      қызметіне сәйкес келмеуі, аттестаттау немесе тәртіптік комиссияның ұсынымдары негізінде;

      "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ротациялау болып табылады;

      басқа негіздер бойынша Полиция департаментінің басшысы лауазымынан босату "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Полиция департаментінің басшысы ішкі істер органдарынан босатылған жағдайда атқаратын лауазымнан босатылған болып есептеледі.";

      1-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі полиция органдарының алдына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттер қояды, жылына кемінде бір рет полиция департаменті басшысының тиісті есептерін тыңдайды.";

      3) 33-баптың 1-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі аумақтық полиция органының алдына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттер қояды, жылына кемінде бір рет аумақтық полиция органы басшысының тиісті есептерін тыңдайды.".

      6. "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 23, 114-құжат., 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 3, 21-құжат; № 14, 84-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжат; 2015 ж., №21-I, 125-құжат):

      1) 20-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік ұстауды жүргізу не Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабында
көзделген тәртіппен ұстау үшін негіздер болмаған кезде аумақтық полиция органының, ішкі істер органының жергілікті полиция қызметтерінің бастықтары, олардың орынбасарлары, учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандардың істері және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар жәбірленушінің пікірін ескере отырып, қорғау нұсқамасын шығарады, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған не оны жасау қаупін төндіретін адамға орындау үшін қолхатпен беріледі. Қол қоюдан бас тартылған жағдайда бұл туралы қорғау нұсқамасында жазылады.

      Жәбірленушіге оның құқықтары, сондай-ақ өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адам оны бұзған жағдайда құқықтық салдарлары түсіндіріле отырып, қорғау нұсқамасы шығарылған күні оның көшірмесі қолхатпен берілуге тиіс.

      Қорғау нұсқамасының көшірмесі өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамға ол берілген сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде прокурорға жолданады.";

      2) 22-баптың 3-тармағының 2) тармақшасындағы "тыйым салынуы мүмкін." деген сөздер алып тасталып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) алкогольді ішімдіктерді, сондай-ақ медициналық мақсаттан тыс есірткі мен психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салынуы мүмкін.".

      7. "Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 8, 48-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 16, 79-құжат; № 21-I, 125-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 24, 129, 131-құжаттар; 2017 ж., № 8, 16-құжат):

      1) 7-бапта:

      2-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әкімшілік полиция жергілікті полиция қызметінен, азаматтық және қызметтік қару айналымы саласындағы бақылау жөніндегі бөлімшелерден, көші-қон полициясынан, айдауылдау қызметінен, қоғамдық тәртіпті полициясынан қорғауды сақтауды жүзеге асыратын арнаулы мекемелерден және өзге де бөлімшелерден тұрады.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Ішкi iстер органдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен (бұдан әрі – Ішкі істер министрлігі), ведомстволардан, аумақтық полиция органдарынан, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардан тұрады.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, көліктегі полиция департаменттері (ішкі істер департаменттері), қалалық, аудандық, қалалардағы аудандық, желілік полиция органдары (ішкі істер органдары), әскери-тергеу органдары полицияның аумақтық органдары болып табылады.";

      2) 9-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-1-бап. Жергілікті полиция қызметі

      1. Жергілікті полиция қызметі құқық бұзушылықтар профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметті жүзеге асыратын бөлімшелерден тұрады.

      2. Жергілікті полиция қызметі бөлішелерінің қызметкерлерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген міндеттерді орындауға тартуға жол берілмейді.

      3. Учаскелік полиция инспекторы тоқсанына кемінде бір рет тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы әкімшілік учаскеде тұратын халық алдында есеп береді.";

      3) 10-бапта:

      2-1) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-2) полиция департаменті бастығының және учаскелік полиция инспекторының халық алдындағы есеп берулерін ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекітеді;";

      4) 11-бапта:

      24) тармақшада:

      үшінші абзац алып тасталсын;

      оныншы абзацтағы "әзірлейді." деген сөз алып тасталып, мынадай мазмұндағы он бірінші абзацпен толықтырылсын:

      "полиция департаменті бастығының және учаскелік полиция инспекторының халық алдындағы есеп берулерін ұйымдастыру және өткізу қағидаларын әзірлейді.";

      25) тармақшаның төртінші абзацы алып тасталсын;

      5) 12-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық органдар аппараттары ахуалдық орталығының электрондық пошта, бейне конференциялық байланыс және бейнебақылау жүйесінің көрсетілетін қызметтеріне арналған шығындарды қоспағанда, жанар-жағармай материалдарын сатып алуды, сондай-ақ аумақтық ішкі істер органдарының коммуналдық қызметтер көрсетуге, электр энергиясына, жылу беруге және байланыс қызметтерін көрсетуге ақы төлеу жөніндегі шығындарын қоса алғанда, қызметтік үй-жайларды, радиобайланыс құралдарын, мобильді және портативті бейнетіркегіштерді, көлік құралдарын күтіп-ұстауды, оларға қызмет көрсетуді және жөндеуді қамтамасыз етеді;".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады