Автобустарды, комбайндарды және тракторларды отандық өндірушілерді қолдау шеңберінде автобустарды, тракторлар мен комбайндарды лизингке сату бойынша "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы арқылы "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамына кейіннен кредит берумен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 шілдедегі № 426 қаулысы.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына, "2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған автобустарды, комбайндарды және тракторларды отандық өндірушілерді қолдау шеңберінде автобустарды, тракторлар мен комбайндарды лизингке сату бойынша "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы арқылы "Лизинг-ҚДБ" акционерлік қоғамына кейіннен кредит берумен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен кредиттік шарт жасасуды;

      2) кредит берудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;

      3) бюджеттік кредиттің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингілеуді қамтамасыз етсін.

      3. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісім бойынша) тоқсан сайын, есептік кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 13 шілдедегі
№ 426 қаулысымен
бекітілген

Автобустарды, комбайндарды және тракторларды отандық өндірушілерді қолдау шеңберінде автобустарды, тракторлар мен комбайндарды лизингке сату бойынша "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы арқылы "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамына кейіннен кредит берумен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары

      1. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) кредит автобустарды, комбайндарды және тракторларды отандық өндірушілерді қолдау шеңберінде автобустарды, тракторлар мен комбайндарды лизингке сату бойынша 241 "Автобустарды, комбайндарды және тракторларды жасаудың отандық өндірушілерін қолдау шеңберінде автобустарды, тракторлар мен комбайндарды лизингке сату бойынша "Қазақстан Даму банкі" АҚ арқылы кейіннен "ҚДБ-Лизинг" АҚ кредиттеу арқылы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ кредиттеу" бюджеттік бағдарламасы бойынша "2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген 13000000000 (он үш миллиард) теңге сомасында беріледі;

      2) кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 15 (он бес) жыл мерзімге жылдық 0,1 %-ға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі;

      3) республикалық бюджеттен кредит бөлу қарыз алушының шотына кредиттің барлық сомасын біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады;

      4) игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күннен бастап 2 (екі) жылды құрайды;

      5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жарты жылдық төлемдермен жылына 2 (екі) рет жүзеге асырылады;

      6) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы 2023 жылдан бастап тең үлестермен 5 (бес) жылды құрайтын жеңілдік кезеңі өткеннен кейін жүзеге асырады;

      7) бюджеттік кредитті берудің мақсаты қарыз алушының автобустарды, комбайндарды және тракторларды отандық өндірушілерді қолдау шеңберінде автобустарды, тракторлар мен комбайндарды лизингке сату бойынша жылдық 0,2 % сыйақы мөлшерлемесімен "ҚДБ-Лизинг" АҚ-ға кейіннен кредит беру үшін жылдық 0,15% сыйақы мөлшерлемесімен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамына кредит беруі болып табылады.

      2. Кредиттерді беру, өтеу және оған қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шарттарда белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады