"Шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 12 желтоқсандағы № 1304 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 тамыздағы № 517 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 12 желтоқсандағы № 1304 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 444-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлігі туралы ережеде:

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Комиссиялардың қазақстандық бөлігін жүргізуге жауапты Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының тізбесін бекіту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен алдын ала келісу бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдайды.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, комиссияның қазақстандық бөлігін жүргізуге жауапты Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының бірінші басшысы комиссияның қазақстандық бөлігінің тең төрағасы болып табылады.

      Комиссияның қазақстандық бөлігінің қызметі үшін жауапты мемлекеттік органның басшысы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен алдын ала келісу бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарын немесе өзінің орынбасарын комиссияның қазақстандық бөлігінің тең төрағасы ретінде белгілеу туралы ұсыныс енгізеді.

      Мемлекеттік орган комиссияның қазақстандық бөлігінің тең төрағасын тағайындау туралы шешімнің көшірмесін шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жібереді.

      4. Yкiметаралық комиссияның (комитеттің, кеңестің) (бұдан әрі – үкіметаралық комиссия) отырысын өткiзу туралы шешiмді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiмен келiсу бойынша комиссияның қазақстандық бөлiгiнің тең төрағасы қабылдайды.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Үкіметаралық комиссиялардың отырыстары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының және өзге де ұйымдарының бірінші басшылары жауапты болады және тоқсан сайын есеп берілетін тоқсанның соңғы айының 10-күніне комиссияның қазақстандық бөлігінің тең төрағасына олардың орындалу барысы туралы ақпаратты жібереді.";

      12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi:

      1) бiрлескен үкiметаралық комиссиялардың жұмысына Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерi қатысқан кезде көмек көрсетедi;

      2) Комиссияның қазақстандық бөлігінің тең төрағалары ұсынған ақпарат негізінде үкіметаралық комиссиялардың қызметі туралы жиынтық есеп пен талдау жасайды және есепті жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарына қарай оларды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне ұсынады;

      3) халықаралық екiжақты қарым-қатынастарды дамыту деңгейiн есепке ала отырып, комиссияның қазақстандық бөлiгiнiң жұмысын жандандыру жөнiндегi ұсынысты және үкiметаралық комиссиялардың басым отырыстарының кезектi жылға арналған тiзiмiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінiң Кеңсесіне енгiзедi.

      13. Комиссияның қазақстандық бөлiгiнiң тең төрағасы Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдарымен және өзге де ұйымдарымен бiрлесiп:

      1) комиссияның қазақстандық бөлiгiнiң жұмысын үйлестiредi;

      2) бiрлескен жобаларды iске асыруға жәрдемдеседi;

      3) үкiметаралық комиссияның кезектi отырысы алдында халықаралық екiжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау, күн тәртiбi мен хаттамасының жобаларын келiсу мақсатында комиссияның қазақстандық бөлiгiнiң кеңесiн өткiзедi;

      4) үкіметаралық комиссия отырысының хаттама жобасын дайындау кезінде оған тек өзара мүдделі саналатын мәселелерді және комиссияның қазақстандық және шетелдік бөліктерінің бірлескен шешімін талап ететін проблемалық мәселелерді ғана қосады;

      5) үкіметаралық комиссияның отырысын өткізгеннен кейін бір айдан кешіктірмей үкіметаралық комиссия отырысының қорытындылары туралы есепті ақпаратты және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша тапсырмалар жобасын, сондай-ақ орындалған уағдаластықтарды бақылаудан алу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне енгiзеді;

      6) үкіметаралық комиссиялардың отырыстары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша шаралар қабылдайды және жыл сайын 20 шілдеге қарай оларды іске асыру барысы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жолдайды;

      7) ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін үкiметаралық комиссиялардың қызметi туралы жылдық есептік ақпаратты және олардың қызметiн жандандыру жөнiндегi ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне бередi;

      8) комиссияның қазақстандық бөлiгiнiң тең төрағасы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiмен келiсу бойынша комиссияның қазақстандық бөлiгi тең төрағасының орынбасары мен жауапты хатшысын тағайындауға, оның дербес құрамын жасақтауға, оған өзгерiстер енгiзуге, сондай-ақ комиссия жұмысына қатысу үшiн Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдары мен өзге де ұйымдарының өкiлдерiн тартуға құқылы.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Үкiметаралық комиссияның отырысы хаттамасының көшiрмесi – Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарына, ал хаттаманың түпнұсқасы Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне берiледi.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады