Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 49-50, 575-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізiлсiн:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Қазақстан Республикасының аумағы 4-шi және 5-шi сағаттық белдеулерде орналасады деп белгiленсiн. Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына сәйкес сағаттық белдеулердің шекарасы Ақтөбе облысы мен Қостанай облысының, Ақтөбе облысы мен Қарағанды облысының, Қызылорда облысы мен Қарағанды облысының, Қызылорда облысы мен Түркістан облысының арасында өтеді.";
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
"3-1. Қызылорда облысының әкімдігі 2018 жылғы 20 желтоқсаннан 21 желтоқсанға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын.".
2. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп, осы қаулы күшіне енген кезден бастап халықты Қазақстан Республикасының аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы хабардар етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |