"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2019 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытындыны бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 896 қаулысы.

      1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2019 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды (бұдан әрі – Қорытынды) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2018 жылғы
30 желтоқсанға дейін Қорытындыны дипломатиялық арналар арқылы Ресей Тарапына жіберсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 27 желтоқсандағы
  № 896 қаулысымен
бекітілген

"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2019 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды

      1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімнің 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Ресей Тарапы ұсынған (Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің 2018 жылғы 21 қарашадағы № 22944/3дснг нотасы):

      1) 2016-2025 жылдарға арналған Ресейдің Федералдық ғарыштық бағдарламасы, "2012-2020 жылдарға арналған ГЛОНАСС жүйесін ұстау, дамыту және пайдалану" федералдық нысаналы бағдарламасы, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары мен коммерциялық жобалар шеңберінде "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2019 жылға арналған жоспарын;

      2) "Байқоңыр" ғарыш айлағынан әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшырудың 2019 жылға арналған жоспарын келіседі.

      Бұл ретте пайдаланылуы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы халықаралық шарттармен реттелмеген Қостанай және Ақтөбе облыстарының аумақтарында "Союз-2" тасымалдағыш зымырандарынан бөлінетін бөліктердің жаңа құлау аудандарын пайдалануды көздейтін ғарыш аппараттарын ұшыру, тиісті халықаралық шарттарға қол қойылып, олар күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылуы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады