"Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 мамырдағы № 237 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЬІ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бақытжанұлы Бекетаевқа Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы № Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім

      Қазақстан Республикасы және Иран Ислам Республикасы (бұдан әрі - бөлек "Тарап" немесе бірлесіп "Тараптар" деп аталады)

      егемендікті, теңдікті өзара құрметтеу және өзара пайда негізінде Тараптар арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмекті нығайтудың ортақ ниетін басшылыққа ала отырып

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Өзара құқықтық көмек көрсету аясы

      1. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптар бір-біріне азаматтық істер бойынша мынадай өзара құқықтық көмек көрсетеді:

      a) құжаттар тапсыру;

      b) дәлелдемелер жинау және беру;

      c) куә мен сарапшыны шақыру;

      d) заң актілерін және төрелік шешімдерді тану және орындау;

      e) құқықтық ақпарат және материалдар алмасу;

      f) сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген құқықтық көмектің кез келген басқа да нысандары.

      2. Егер өзгеше көзделмесе, осы Келісімдегі "азаматтық істер" термині азаматтық, неке және отбасы, іскерлік, коммерциялық және еңбек мәселелерін қамтиды.

2-бап

Орталық органдар және байланыс арналары

      1. Тараптардың орталық органдары осы Келісім шеңберінде, оның ішінде құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерді дипломатиялық арналар арқылы жіберу мен орындау жөнінде өзара іс-қимыл жасайды.

      Орталық органдар:

      Қазақстан Республикасы үшін - соттардан туындайтын құқықтық көмек көрсету туралы өтініштер, сондай-ақ сот актілерін тану және орындау туралы өтінішхаттар бөлігінде - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты; өзге мекемелерден, сондай-ақ нотариустардан және адвокаттардан туындайтын өзге де өтінішхаттар бөлігінде - Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;

      Иран Ислам Республикасы үшін - Иран Ислам Республикасының Әділет министрлігі болып табылады.

      2. Тараптар бір-бірін өз орталық органының өзгергені туралы дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

      3. Төтенше жағдайларда өтініштің көшірмесі тиісті байланыс арналары арқылы Тараптардың орталық органдарына тікелей жіберілуі мүмкін және өтініштің түпнұсқасы дипломатиялық арналар арқылы жіберілуі тиіс.

      4. Осы Келісімдегі "құзыретті органдар" термині өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес азаматтық істерді қарауға құзыретті сотты және басқа да органдарды білдіреді.

3-бап

Тіл

      1. Ағылшын тілі Тараптардың орталық органдары арасындағы өзара іс-қимыл жасау тілі болып табылады.

      2. Осы Келісімге сәйкес өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш және оған қоса берілетін кез келген құжат сұрау салушы Тараптың тілінде жіберіледі және сұрау салынатын Тараптың ресми тілдеріне немесе ағылшын тіліне тиісінше куәландырылған аудармасымен қоса беріледі.

4-бап

Құқықтық қорғау

      1. Бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында сол екінші Тараптың азаматтары сияқты жеке және мүліктік құқықтарының құқықтық қорғалуы құқығын пайдаланады. Олар екінші Тараптың азаматтары сияқты шарттармен азаматтық істер бойынша юрисдикциясы бар екінші Тараптың сотына және басқа да құзыретті органдарына жүгіну құқығына ие.

      2. Тараптардың ешқайсысы екінші Тараптың азаматтары қатысатын сот талқылауын дәлелді себептерсіз кез келген кешіктіруге жол бермейді.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері кез келген Тараптың аумағында оның ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар мен өзге ұйымдарға да қолданылады.

5-бап

Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш

      1. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш жазбаша, екі (2) данада ресімделеді, сұрау салушы Тараптың құзыретті органы қол қойып куәландырады және мынадай ақпаратты:

      a) өтініштің ресімделген күні мен нөмірін;

      b) сұрау салушы Тараптың атауын, мекенжайын және телефоны мен факс нөмірін, сондай-ақ электрондық пошта мекенжайын (болған жағдайда) қоса алғанда, өзге де байланыс ақпаратын;

      c) сұрау салынатын Тараптың атауын, мекенжайын және өзге де байланыс ақпаратын (болған жағдайда);

      d) тиісті адамдардың толық атын, әкесінің атын, жынысын, азаматтығын, кәсібінің түрін, туған жері мен мекенжайын немесе олардың өкілдерінің (болған жағдайда) толық аты мен мекенжайын; өтінішке қатысы бар мекеменің немесе ұйымның атауын және мекенжайын;

      e) өтініштің нысанасын, өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішке қатысты істің сипаттамасын және өзге де ақпаратты;

      f) сұрау салуды орындау күтілетін уақыт мерзімдерін;

      g) осы Келісімнің 10-бабында көзделген шығыстарды төлеу бойынша міндеттемені;

      һ) көмек көрсету үшін қажетті кез келген өзге де ақпаратты қамтиды.

      2. Сұрау салынатын Тарап, егер өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініште жазылған ақпарат оны орындау үшін жеткіліксіз болып табылса, қосымша түсіндірмелер сұратуы мүмкін.

6-бап

Өзара құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.

      2. Сұрау салынатын Тарап арнайы түрде сұрау салған өзара құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салушы Тараптың өтінішін, егер осындай орындау сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес келсе, орындайды.

      3. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес және сұрау салушы Тарап айқындаған тәсілмен жедел орындалады. Сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек туралы өтінішті орындау күні мен орны туралы сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.

7-бап

Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініштен бас тарту немесе оны кейінге қалдыру

      1. Егер сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттарына нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе не сұрау салынатын көмек оның құзыретті органдарының өкілеттіктеріне жатпаса, ол өзара құқықтық көмек көрсетуден бас тарта алады. Сұрау салынатын Тарап өтінішті алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде бас тарту себептері туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

      2. Егер сұрау салынатын Тарап өтінішті дереу орындау сұрау салынатын Тараптың аумағындағы ағымдағы тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды қиындатуы мүмкін деп есептесе, өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау кейінге қалдырылуы мүмкін. Сұрау салынатын Тарап өтінішті алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде кейінге қалдыру себептері туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

8-бап

Куәні және сарапшыны шақыру

      1. Осы Келісімнің 2-бабында көзделген байланыс арналары арқылы кез келген Тараптың құзыретті органдары, егер қатысуы қажет болса екінші Тараптың азаматтары болып табылатын куә мен сарапшыны шақыру туралы екінші Тарапқа сұрау сала алады.

      2. Шақыру сұрау салынатын Тарапқа сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақырылатын адам келуге тиіс күнге дейін тоқсан (90) күннен кешіктірілмей жіберіледі.

      3. Шақыруда куәнің немесе сарапшының өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша, жол жүруіне, тамақтануына және тұруына арналған шығыстарды және басқа да шығыстарды өтеу бойынша міндеттемелерді, оларды төлеу шарттары мен мерзімін қоса алғанда, куә немесе сарапшы ретінде келу шарттары көрсетіледі.

      4. Сұрау салынатын Тарап шақыруды тиісті адамға тапсырады және сұрау салушы Тарапты оның келісімі немесе бас тартуы туралы хабардар етеді.

9-бап

Куәні және сарапшыны қорғау

      1. Осы Келісімге сәйкес шақырылатын куә немесе сарапшы сұрау салушы Тараптың аумағынан кеткенге дейін қылмыстық әрекеттері немесе сенім-нанымдары үшін немесе сарапшы немесе куә ретінде берген шынайы айғақтары үшін сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға, тергеп-тексеруге, жазалауға, ұстап алуға немесе жеке бас бостандығын басқа да шектеуге алынбайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қорғау сұрау салушы Тараптың құзыретті органы куәні және (немесе) сарапшыны олардың қатысуының бұдан былай қажет еместігі туралы ресми хабардар еткен күннен бастап он бес (15) күн өткеннен кейін тоқтатылады. Бұл мерзімде куә немесе сарапшы оған байланысты емес мән-жайлар бойынша сұрау салушы Тараптың аумағынан оған кете алмаған уақыт есептелмейді.

10-бап

Өзара құқықтық көмек көрсету бойынша шығыстар

      1. Тараптар осы Келісімнің 8-бабына сәйкес екінші Тараптың аумағындағы куәнің немесе сарапшының жол жүруіне, тамақтануына, тұруына, сарапшы ретіндегі жұмысына арналған шығыстарды, сондай-ақ оның жұмыста болмаған кезеңі үшін жалақысын және аванстық төлемдерін қоса алғандағы шығыстарын қоспағанда, бір-біріне өзара құқықтық көмекті тегін көрсетеді.

      2. Заң актілерін және төрелік шешімдерді тану және орындау туралы өтініштерге байланысты шығыстар сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында өз азаматтары үшін көзделетін шығыстарға сәйкес болуға тиіс.

      3. Егер өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау күтпеген шығыстарды қажет етсе, Тараптар осы өтінішті орындау шарттарын айқындау мақсатында бір-бірінен консультация алады.

11-бап

Сот шығындарын төлеуден босату немесе оларды азайту және тегін заң көмегі

      1. Бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында екінші Тарап өзінің азаматтарына қолданатын шарттарда сот шығындарын төлеуден босатылады немесе оларды азайтуға құқығы бар және тегін заң көмегін пайдаланады.

      2. Сот шығындарын төлеуден босату немесе оларды азайту және тегін заң көмегі аумағында өтініш берушінің тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бар Тараптың тиісті органы беретін өтініш берушінің табыстары туралы анықтаманың негізінде өтініш берушінің қаржылық жағдайы ескеріле отырып беріледі.

      3. Бір Тараптың азаматтары аумағында тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бар Тараптың тиісті органына осы баптың 2-тармағында көзделген сот шығындарын төлеуден босату немесе оларды азайту және тегін заң көмегін алуға жүгіне алады.

      4. Сот шығындарын төлеуден босату немесе оларды азайту және тегін заң көмегін көрсету туралы шешім қабылдауға жауапты тиісті орган қажет болған жағдайда өтініш берушіден немесе анықтама берген тиісті органдардан қосымша ақпарат сұрата алады.

      5. Осы Келісімдегі "сот шығындары" термині соттың орналасқан жері бойынша Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес кез келген сот төлемдерін және басқа да мемлекеттік төлемдерді қамтиды.

12-бап

Құжаттарды, заттарды, мүлікті және табысты беру

      Кез келген Тараптың аумағынан/аумағына құжаттарды, заттарды, мүліктерді және табыстарды беру беруші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

13-бап

Құқықтық ақпаратпен және материалдармен алмасу

      1. Тараптар өтініш бойынша осы Келісімді жүзеге асырудың атқарушылық және сот рәсімдеріне қатысты заңдық ақпаратпен және материалдармен алмасады.

      2. Құқықтық ақпарат пен материалдарды беру туралы өтініште сұрау салушы құзыретті органның атауы мен аты және осы ақпарат пен материалдарды пайдалану мақсаттары қамтылады.

14-бап

Азаматтық хал туралы құжаттарды беру

      1. Тараптар өтініш негізінде бір-біріне сұрау салынатын Тарап азаматының азаматтық халына қатысты заң актілерінің көшірмелерін не олардан үзінділерді және езге де қажетті құжаттарды өтініште көрсетілген мақсаттарда ғана пайдалануы үшін береді.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген құжаттарды беру осы Келісімнің 2-бабында көзделген байланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.

15-бап

Заңдастырудан босату

      Осы Келісімді іске асыру мақсаттарында соттар немесе басқа да құзыретті органдар дайындаған немесе куәландырған және осы Келісімнің 2-бабында көзделген байланыс арналары арқылы берілген құжаттар заңдастыру талаптарынан босатылады.

16-бап

Өзара құқықтық көмек көрсету туралы бірнеше өтінішті орындау

      1. Егер сұрау салынатын Тарап бір нысана бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы біреуден артық өтініш алса, сұрау салынатын Тарап қай өтінішті бірінші кезекте орындайтынын өзі дербес шешеді.

      2. Өтінішті орындау үшін оның басымдығы туралы шешім қабылдаған кезде сұрау салынатын Тарап барлық тиісті мән-жайларды, атап айтқанда:

      a) өтініштің алынған күнін;

      b) сұрау салынатын өтініштің сипатын;

      c) осы өтінішті орындаудың басқа өтініштерге әсер етуін ескереді.

      3. Сұрау салынатын Тарап қабылданған шешім туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

17-бап

Құжаттарды тапсыру туралы өтініш

      1. Осы Келісімге сәйкес бір Тараптың құзыретті органдары құжаттарды тапсыру жөнінде өзара құқықтық көмек көрсету үшін екінші Тараптың құзыретті органдарына сұрау салады.

      2. Сұрау салынатын Тарап құжаттарды тапсыру жөнінде өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.

      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа құжаттардың табыс етілуін растайтын түбіртекті немесе үзіндіні/куәлікті не өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті толық немесе ішінара орындауға кедергі келтіретін себептер туралы сипаттауды жібереді. Түбіртектің немесе үзіндінің/куәліктің көшірмесі қажет болған жағдайда олардың түпнұсқасы осы Келісімнің 2-бабында көзделген байланыс арналарымен пошта арқылы жіберілгенге дейін факс, электрондық пошта немесе өзге де байланыс тәсілдері арқылы жіберілуі мүмкін.

      4. Құжаттардың тапсырылғанын растайтын түбіртекте немесе үзіндіде/куәлікте құжаттарды алған адамның аты, табыс етілген күні, орны мен табыс ету тәсілі, қол таңбасы мен құзыретті органның мөрі қамтылуға тиіс.

18-бап

Дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтініштер

      Дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтініштерде осы Келісімнің 5-бабының ережелеріне толықтыру ретінде мынадай мәліметтер қамтылуы мүмкін:

      1. Сұрау салынатын мынадай дәлелдемелердің сипаттамасы:

      a) іс бойынша Тараптардың өтініштері мен куәлердің дәлелдемелерді алуға қатысты материалдық және құжаттамалық дәлелдемелер, сараптама жүргізу немесе сот актілері қамтылған айғақтары;

      b) жауап алынатын адамның жауап беруі талап етілетін сұрақтар және ол қатысатын азаматтық істің сипаттамасы;

      c) тексеріп қарауға жататын құжаттар немесе заттар.

      2. Дәлелдемелерді жинау кезінде қолданылуы тиіс арнайы шаралар немесе сақталуы тиіс арнайы рәсімдер.

19-бап

Дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтінішті орындау

      1. Сұрау салынатын Тарап дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтінішті өзінің заңнамасына қайшы келмейтін, сұрау салушы Тараптың заңнамасында көзделген тәсілмен орындайды.

      2. Сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің 2-бабында көзделген байланыс арналары арқылы сұрау салушы Тарапты дәлелдемелерді жинау мен беру туралы өтінішті орындау нәтижелері туралы жазбаша хабардар етеді не өтініштің толық немесе ішінара орындалуына кедергі келтіретін себептер туралы хабардар етеді.

20-бап

Сот актілерін тану және орындау

      1. Тараптар өзара негізде мынадай:

      a) сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары сол бір нысана бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қабылдаған;

      b) сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес сол бір нысана бойынша айрықша юрисдикцияға ие болатын жағдайларды қоспағанда, Тараптардың құзыретті органдары шығарған азаматтық мәртебеге қатысты азаматтық істер, неке және отбасы істері, мұрагерлік істер және қылмыстық немесе әкімшілік істер жөніндегі меншікке қатысты істер туралы күшіне енген сот актілерін таниды.

      2. Осы Келісім сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында рұқсат етілген мән-жайлар бойынша заң актілерін тануға және орындауға кедергі келтірмейді.

21-бап

Заң актілерін тану және орындау шарттары

      Осы Келісімнің 20-бабында көзделген сот актілері мынадай:

      1. Іс тиісінше кез келген Тараптың соттарының юрисдикциясына қолданылатын.

      2. Әрбір істе даудың Тараптары немесе олардың заңды өкілдері тиісті түрде шақырылған болса немесе сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қатыспаған деп жарияланған.

      3. Сот актілері сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес заңды күшіне енген.

      4. Тану және орындау туралы өтініш берілген кезде:

      a) сұрау салынатын Тарапта сол бір нысана бойынша заңды күшіне енген сот шешімдері жоқ болса, немесе

      b) сұрау салынатын Тараптың соты таныған үшінші мемлекет сотының шешімдері болмаған, не

      c) сұрау салынатын Тараптың соты сол бір іс бойынша тіркемеген немесе тыңдау тағайындамаған болса.

      5. Заң актілерін тану мен орындау және мұндай заң актілерін тану мен орындаудың салдары сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттарына, егемендігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне қайшы келмесе танылады және орындалады.

22-бап

Заң актілерін тану және орындау туралы өтінішхат

      1. Заң актілерін тану және орындау туралы өтінішхат орталық органдар арқылы немесе сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына тікелей жіберіледі.

      2. Осы Келісімнің 5-бабына қосымша заң актілерін тану және орындау туралы өтінішхатта мынадай құжаттар:

      a) заңды күшіне енген сот актісінің нотариат растаған немесе тиісті куәландырылған көшірмесі;

      b) сот актілерінің орындалуын растау және олардың күшіне енгені туралы ақпарат;

      c) жауапкердің сотқа шақырылғанын растайтын құжаттар; және егер заң актілерінің өзінде жауапкердің ресми шақырылғаны анық болмаса, жауапкер болмағанда сот шығарған шешімді растайтын құжаттар;

      d) сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында талап етілетін өзге де құжаттар қамтылады.

23-бап

Заң актілерін тану және орындау рәсімдері

      1. Заң актілерін тану және орындау рәсімдері сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары орындау үшін танылған заң актілерінің мәні мен мазмұнын қайта қарамайды.

      3. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органының кейінгі сұрау салуына қатысты заң актілерін тануды және орындауды кейінге қалдырады немесе тоқтатады.

24-бап

Заң актілерін тану және орындау салдары

      Бір Тарап сотының екінші Тарап сотының орындауы үшін танылған сот актілерінің екінші Тарап сотының сот актілері сияқты заңды күші болады.

25-бап

Төрелік шешімдерді тану және орындау

      Әрбір Тарап екінші Тараптың аумағында шығарылған төрелік шешімді 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте жасалған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияға сәйкес немесе Конвенция қолданылмайтын болған кезде сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес таниды және орындайды.

26-бап

Басқа халықаралық шарттармен үйлесуі

      Осы Келісім Тарап қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және ынтымақтастықтың өзге де нысандарын табуға кедергі келтірмейді.

27-бап

Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан туындайтын немесе олармен байланысты кез келген келіспеушіліктер Тараптардың орталық органдары арасында достық консультациялар арқылы шешіледі.

28-бап

Өзгерістер

      Осы Келісімге кез келген уақытта Тараптар арасындағы жазбаша хаттама түрінде өзгерістер енгізілуі мүмкін және осы Келісімнің 30-бабына сәйкес күшіне енеді және тоқтатылады.

29-бап

Консультациялар

      Тараптар өзара ынтымақтастық арқылы қолданылатын тетіктерді табу мақсатында осы Келісімді іске асыру мәселелері бойынша пікір алмаса алады.

30-бап

Күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы

      1. Осы Келісім Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес ратификациялауға жатады, белгіленбеген мерзімге жасалады және дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасында ратификациялау грамоталарын алмасқан күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.

      2. Осы Келісім кез келген Тараптың оның қолданысын тоқтатуға өзінің ниеті туралы жазбаша хабарламаны екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жіберуі жолымен тоқтатылады. Мұндай тоқтату хабарлама алынған күннен бастап алты (6) айдан кейін күшіне енеді.

      3. Хабарламаны алғанға дейін алынған өзара құқықтық көмек туралы өтініштер осы Келісімге сәйкес орындалады.


      Осыны куәландыру үшін тиісінше өкілеттік берілген төменде қол қоюшылар кіріспеден және 30 баптан тұратын осы Келісімге ______________ _______________ қаласында қазақ, парсы және ағылшын тілдерінде екі (2) данада қол қойды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Түсіндіру кезінде дау немесе келіспеушілік туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Иран Ислам Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады