Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қауіпсіздік шараларына қатысты келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 17 қазандағы № 771 қаулысы

  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық келісімнің мәтіні
ресми болып табылмайды. ҚР
халықаралық келісімінің
жасасқан тілдердегі ресми
куәландырылған көшірмесін ҚР
халықаралық келісімдерін
тіркеуге, есептеуге және
сақтауға жауапты ҚР Сыртқы
істер министрлігінен алуға
болады

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2019 жылғы 20 тамызда Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қауіпсіздік шараларына қатысты келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 17 қазандағы
№ 771 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қауіпсіздік шараларына қатысты келісім Кіріспе

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ("Қазақстан") және Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ("АҚШ") (әрқайсысы – "Тарап", бірге – "Тараптар"),

      Тараптардың, халықаралық қатынастар, қорғаныс, қауіпсіздік, құқық қорғау қызметі, ғылым, өнеркәсіп және технология салаларындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, және

      құпиялылық негізінде Тараптар алмасатын құпия ақпаратты қорғауға қатысты өзара мүддені қолдай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      1. Құпия ақпарат – ұлттық қауіпсіздік мақсатында және осы себептен рұқсат етілмеген жариялаудан немесе таратудан қорғауды талап ететін, беруші Тарап құпия ретінде белгілейтін, бір Тараптан екінші Тарапқа берілетін ақпарат. Ақпарат ауызша, визуалды, электрондық немесе құжаттық түрде не материалдар түрінде, оның ішінде жабдық немесе технологиялар түрінде берілуі мүмкін.

      2. Құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт – шартты орындау барысында құпия ақпаратқа немесе оның жасалуына оны орындаушылардың немесе оның жұмыскерлерінің қол жеткізуін талап ететін немесе талап етілетін шарт.

      3. Орындаушы – шарттарды жасасуға құқықтық қабілеті бар, құпия жұмыстар жүргізу туралы шарттың Тарапы болып табылатын Тараптың заңды немесе жеке тұлғасы.

      4. Құпия жұмыстарды жүргізуге рұқсат – 4-бапта белгіленген Тараптың ұлттық қауіпсіздік органы, осы Тараптың юрисдикциясындағы орындаушының объектісіне беретін, осы объектіге белгілі бір дәрежеде рұқсат берілгенін, сондай-ақ осы объектіде құпия ақпаратты қорғау үшін белгілі бір дәрежеде қажетті қауіпсіздік шаралары қолданылғанын растайтын куәлік. Мұндай куәліктің берілуі "CONFIDENTIAL/ҚҰПИЯ" дәрежесіндегі немесе одан жоғары дәрежедегі құпия ақпаратты осы Келісімнің ережесіне сәйкес құпия жұмыстарды жүргізуге рұқсат (ҚЖЖР) берілген орындаушы қорғайтынын және бұл ережелердің орындалуын тиісті ұлттық қауіпсіздік органы қадағалайтынын және қамтамасыз ететінін білдіреді.

      5. Персоналдың рұқсаты (ПР):

      а. Осы Тараптың мемлекеттік органында немесе осы Тараптың юрисдикциясындағы орындаушыда қызметте жүрген тұлға құпиялылықтың белгілі бір дәрежесіне дейінгі құпия ақпаратқа қол жеткізуге уәкілетті екені туралы 4-бапта айқындалған Тараптың ұлттық қауіпсіздік органының шешімі.

      b. Бір Тараптың азаматы болып табылатын, бірақ екінші Тараптың немесе екінші Тарап орындаушыларының бірінің қызметіне қабылдануды күтіп жүрген тұлға құпиялылықтың белгілі деңгейіне дейінгі құпия ақпаратқа қол жеткізуге уәкілетті екені туралы 4-бапта айқындалған Тараптың ұлттық қауіпсіздік органының шешімі.

      6. Қызметтік қажеттіліктің қағидасы – құпия ақпаратты ықтимал алушыға мемлекет айқындаған құқыққа сыйымды және рұқсат етілген функцияларды орындау үшін немесе жәрдемдесу үшін оның белгілі бір түріне қолжетімділіктің талап етілетіні туралы құпия ақпараттың уәкілетті иесі болып табылатын тұлғаның шешімі.

2-бап. Келісімнің қолданылу аясына шектеулер

      1. Осы Келісім Тараптар мен олардың ведомстволары арасындағы Тараптар немесе олардың ведомстволары өзара алмасатын құпия ақпараттың белгілі бір түр тармақтары мен санаттарын қорғауды көздейтін басқа келісімдер немесе уағдаластық шарттарымен айқындалған әрекеттер аясына кіретін құпия ақпаратқа, осы Келісімнің шарттары осындай басқа келісімдерге немесе уағдаластыққа сай сөзсіз қолдануға жарамды болып табылатын жағдайларды қоспағанда, қолданылмайды.

      2. Осы Келісім АҚШ заңнамасына және түзетулерімен қоса алғанда 1954 жылғы Атом энергиясы туралы АҚШ Заңына ("АЭЗ") сәйкес Шектеулі қолжетімді деректермен немесе Бұрын шектеулі қолжетімді деректер деп айқындалған деректермен, яғни АЭЗ-на сәйкес Бұрын шектеулі қолжетімді деректері санатынан алынып тасталған, бірақ АҚШ әлі қорғаныс сипатындағы деректер деп қарастыратын деректермен алмасуға қолданылмайды.

3-бап. Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелер

      1. Әр Тарап осы құжатта жазылған шарттарға сәйкес екінші Тараптың құпия ақпаратын қорғайды.

      2. Алушы Тарап құпия ақпаратты кем дегенде құпия ақпаратты беруші Тарап қамтамасыз ететін қорғауға баламалы тәсілмен қорғайды.

      3. Әр Тарап осы Келісімге сәйкес өз заңдары мен заңға тәуелді актілеріндегі құпия ақпаратты қорғауға ықпал етуі мүмкін қандай да бір өзгерістер туралы басқа Тарапқа дереу хабарлайды. Ұлттық заңнаманың мұндай өзгерістері осы Келісім міндеттемелеріне ықпал етпейді. Мұндай жағдайларда Тараптар осы Келісімге ықтимал түзетулерге және онымен алмасу осы Келісімге сәйкес жүргізілетін құпия ақпараттың қорғалуын қолдау үшін қажет болатын басқа да шараларға қатысты консультациялар өткізеді.

4-Бап. Ұлттық қауіпсіздік органдары

      1. Тараптар бір-бірін осы Келісімді орындауға жауапты ұлттық қауіпсіздік органдары және осы органдарға қатысты кез келген кейінгі өзгерістер туралы хабардар етеді.

      2. Осы Келісімнің мақсатында ұлттық қауіпсіздік органдары:

      а. АҚШ-тан: АҚШ Қорғаныс министрлігінің әскери-саяси мәселелер жөніндегі Қорғаныс министрінің орынбасары аппаратының Қорғаныс технологияларының қауіпсіздігі басқармасының халықаралық қауіпсіздік бағдарламаларының директоры; және

      b. Қазақстаннан: Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) болып табылады. ҰҚК-дан жасайтын адам Мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің бастығы болып табылады.

      3. Тараптар әскери тауарларды шетелге сату немесе қорғаныс тауарларын немесе көрсетілетін қызметтерді бірлесіп жасауға немесе бірлесіп әзірлеуге бағытталған ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асыру барысында алушы Тарапқа берілетін құпия ақпаратты қорғау үшін техникалық қауіпсіздіктің қосымша шараларына қажеттілік туындаған жағдайда осы Келісімге қосымша атқарушылық уағдаластықтарды жасай алады. Мұндай атқарушылық уағдаластықта қауіпсіздіктің арнайы шаралары туралы келісімдер немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы келісімдер қамтылуы мүмкін.

5-бап. Құпия ақпараттың белгіленуі

      1. Беруші Тарап құпия ақпаратты белгілейді және мүмкіндігіне қарай ұлттық қауіпсіздіктің мынадай белгілерінің бірімен мөртаңба басады және таңбалайды. Баламалы жолдауды қамтамасыз ету мақсатында Тараптар құпиялылықтың мынадай белгілерінің баламалылығы туралы келіседі:


АҚШ

Қазақстан

TOP SECRET

ӨТЕ ҚҰПИЯ (TOP SECRET)

SECRET

ҚҰПИЯ (SECRET)

CONFIDENTIAL

БАЛАМАСЫ ЖОҚ (осы баптың 2-тармағын қараңыз)

      2. АҚШ Қазақстанға беретін "CONFIDENTIAL" белгісімен белгіленген құпия ақпарат "ҚҰПИЯ" белгісімен белгіленетін құпия ақпарат сияқты дәл сондай қорғау шараларын қолдануды қажет етеді.

      3. Құпия ақпарат белгіленеді және мүмкіндігіне қарай беруші Тараптың атауымен мөртаңба басылады немесе таңбаланады.

6-бап. Құпия ақпарат үшін жауаптылық

      Алушы Тарап кем дегенде құпия ақпаратты беруші Тарап құпия ақпарат өзінің бақылауында болған кезде қамтамасыз ететін қорғауға баламалы тәсілмен беруші Тараптың барлық құпия ақпаратын қорғау үшін жауапты болады. Тасымалдау кезінде беруші Тарап алушы Тарапқа сақтауға құпия ақпаратты ресми жіберген кезге дейін барлық құпия ақпарат үшін жауапты болады.

7-бап. Құпия ақпаратты қорғау

      1. Ешбір жеке тұлға тек қана дәрежесіне, қызмет жағдайына, лауазымына немесе ПР-ға қарай құпия ақпаратқа қол жеткізуге құқылы емес. Мұндай ақпаратқа қолжетімділік тек қана қызметтік қажеттілік қағидатының негізінде және алушы Тараптың көзделген нормаларына сай талап етілетін ПР болған кезде жекелеген тұлғаларға беріледі.

      2. Осы Келісімде өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, алушы Тарап беруші Тараптың құпия ақпаратын үкіметті, тұлғаны, фирманы, мекемені, ұйымды немесе үшінші жақтың өзге де заңды тұлғасын қоса алғанда, қандай да бір үшінші жаққа беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз жария етпейді.

      3. Алушы Тарап беруші Тараптың құпия ақпаратын оны арнайы берілген мақсаттан басқа қандай да бір өзге мақсатта беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз пайдаланбайды және пайдалануға рұқсат етпейді.

      4. Алушы Тарап беруші Тараптың құпия ақпаратымен байланысты кез келген жеке құқықтарына, оның ішінде патенттерге, авторлық құқықтарға немесе коммерциялық құпияларға қатысты құқықтарына құрмет білдіреді және мұндай құпия ақпаратты осы құқықтар иесінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз осы құқықтармен сыйыспайтын тәсілмен таратпайды, пайдаланбайды, алмастырмайды немесе жарияламайды.

      5. Алушы Тарап осы Келісімнің қолданысына жататын құпия ақпаратпен жұмыс істейтін әрбір объектінің немесе мекеменің осындай құпия ақпаратқа қол жеткізуге рұқсаты бар осы объектідегі немесе осы мекемедегі жеке тұлғалардың тізімін жүргізуін қамтамасыз етеді.

      6. Әр Тарап құпия ақпаратты тарату және оған қол жеткізу мәселелерін реттейтін есепке алу және бақылау тәртібін әзірлейді.

      7. Әр Тарап Құпия ақпаратты ашқан кезде беруші Тарап ескертетін құпия ақпаратты пайдалануға, ашуға, жариялауға және оған қол жеткізуге барлық шектеулерді сақтайды. Егер Тараптың бірі көрсетілген шектеулерді сақтай алмаса, бұл Тарап дереу екінші Тараппен консультация жүргізеді және кез келген мұндай пайдалануды, ашуды, жариялауды немесе қолжетімділікті болғызбауға немесе барынша азайтуға бағытталған, заңмен рұқсат етілген барлық шараларды қолданады.

8-бап. Персоналдың рұқсаты

      1. Тараптар қызметтік міндеттерін орындау барысында рұқсат талап етілетін немесе кімнің міндеттері немесе функциялары осы Келісімге сәйкес құпия ақпаратқа қолжетімділікті алуға мүмкіндік беретін барлық тұлғалардың олар осындай ақпаратқа рұқсат алудың алдында ПР-дың қажетті дәрежесін алуын қамтамасыз етеді.

      2. ПР беретін Тарап құпия ақпаратқа рұқсатты алуға осы тұлғаның жарамдылығын айқындау мақсатында жеткілікті дәрежедегі егжей-тегжейлікке қажетті тергеп-тексеруді жүргізеді. ПР-ды беру туралы шешім беруші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қабылданады.

      3. Бір Тараптың ресми тұлғасы немесе өкілі құпия ақпаратты екінші Тараптың ресми тұлғасына немесе өкіліне берердің алдында алушы Тарап беруші Тарапқа өзінің ресми адамының немесе өкілінің қажетті дәрежедегі ПР-ы болуы және қызметтік қажеттілік қағидатын сақтайтыны, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес алушы Тараптың құпия ақпаратты қорғайтыны туралы растама береді.

9-бап. Орындаушыларға құпия ақпаратты ашу

      1. Алушы Тарап алған құпия ақпаратты беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімімен алушы Тарап орындаушыға немесе осындай ақпаратқа қолжетімділікті талап ететін ықтимал орындаушыға беруі мүмкін. Орындаушыға немесе ықтимал орындаушыға қандай да бір құпия ақпаратты берердің алдында алушы Тарап:

      а. Мұндай орындаушының немесе ықтимал орындаушының, сондай-ақ орындаушының ұйымының осы Келісімнің шарттарына сәйкес ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету мүмкіншілігін растайды;

      b. Осындай орындаушыға немесе ықтимал орындаушыға, сондай-ақ орындаушының ұйымына мән-жайларға байланысты тиісті ПР және ҚЖЖР берілгенін растайды;

      c. Осындай орындаушыға немесе ықтимал орындаушыға ақпаратқа қолжетімділігі бар барлық адамдардың қолдануға болатын заңдар мен заңнан туындайтын актілерге сәйкес өзінің ақпаратты қорғау үшін жауаптылығы туралы хабардар болуын қамтамасыз ету тәртібі бар екендігін растайды;

      d. Осы Келісімнің талаптарына сәйкес ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету үшін ҚЖЖР алған объектілерге мерзімді қауіпсіздік инспекциясын жүргізеді;

      e. Орындаушыда немесе ықтимал орындаушыда ақпаратқа қолжетімділіктің ақпаратқа қызметтік қажеттілігі бар адамдармен шектелуін қамтамасыз ету тәртібі бар екендігін растайды.

10-бап. Құпия жұмыстар жүргізу жөніндегі келісімдер

      1. Егер Тарап құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт жасасуды көздесе немесе екінші Тарап елінде орындаушы "CONFIDENTIAL/ ҚҰПИЯ" немесе одан да жоғары құпиялылық дәрежесі берілген құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт жасасуға өз еліндегі орындаушыға рұқсат берсе, құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт жасасатын немесе орындаушыға рұқсат беретін Тарап екінші Тараптың ұлттық қауіпсіздік органынан ҚЖЖР беру туралы растаманы сұратуы тиіс. Сұрау салуды алған Тараптың ұлттық қауіпсіздік органы орындаушының қауіпсіздікке қойылатын барлық талаптарды орындауының қолданылатын заңдар мен заңға тәуелді актілерге сәйкес келуін қадағалайды және оны қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Тараптың екінші Тарап елінде орындалуға тиіс құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт жасасатын ұлттық қауіпсіздік органы құпия жұмыстар жүргізу туралы шартқа, ұсыныстарға салынған сауалға немесе қосалқы мердігерлік туралы құжатқа қауіпсіздік туралы қажетті ескертулерді және басқа да тиісті ережелерді, оның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шығыстар туралы ескертулерді енгізеді. Бұған барлық орындаушылардан өздерінің қосалқы мердігерлік туралы құжаттарына қауіпсіздік жөніндегі тиісті ескертулерді енгізуін талап ететін ережелер кіреді.

11-бап. Объектілер үшін жауаптылық

      Әр Тарап өзі екінші Тараптың құпия ақпаратын сақтайтын барлық мемлекеттік және жекеменшік объектілер мен мекемелердің қауіпсіздігі үшін жауаптылықта болады және осындай объектілерде немесе осындай мекемелерде білікті және тиісті рұқсатты алған адамдардың болуын қамтамасыз етеді, олардың тағайындалуы осындай ақпаратты бақылау және қорғау саласындағы жауаптылық пен өкілеттіктердің болуын көздейді.

12-бап. Құпия ақпараттың сақталуы

      Тараптар өзара алмасатын құпия ақпарат оған рұқсаты бар адамдардың ғана қолжетімділігіне мүмкіндік беретіндей болып сақталады.

13-бап. Беру

      1. Құпия ақпарат Тараптар арасында алдын ала жазбаша түрде өзара мақұлданған үкіметаралық арналар арқылы немесе басқа да арналар арқылы Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес беріледі.

      2. Құпия ақпаратты беру барысында оның қауіпсіздігіне қойылатын ең аз талаптар төмендегілер:

      a. Құжаттар немесе басқа да тасымалдағыштар:

      (1) Құпия ақпаратты қамтитын құжаттар немесе басқа да тасымалдағыштар мөр басылған қос конверттермен беріледі. Ішкі конвертте тек қана құжаттардың немесе басқа да тасымалдағыштардың құпиялылық белгісі, сондай-ақ болжанған алушының мекенжайы көрсетіледі. Сыртқы конвертте болжанған алушының мекенжайы, жөнелтушінің мекенжайы және қажет болған жағдайда құжаттың тіркеу нөмірі көрсетіледі.

      (2) Сыртқы конвертте оған салынған құжаттардың немесе басқа да тасымалдағыштардың құпиялылық дәрежесі көрсетілмейді. Қос мөр басылған конверт Тараптардың алдын ала белгілеген тәртібіне сәйкес жіберіледі.

      (3) Тараптар арасында берілетін құпия ақпарат қамтылған құжаттарды немесе басқа да тасымалдағыштарды қамтитын пакеттерді алушылар қолхаттарды дайындайды, бұл орайда мұндай қолхаттарға соңғы алушы қол қояды және жөнелтушіге қайтарылады.

      b. Материалдар:

      (1) Құпия ақпаратты қамтитын материалдар, оның ішінде жабдық пломбаланған жабық көлік құралдарымен тасымалданады, не олардың нысандарын, мөлшерін немесе ішіндегісін танып-білуді болғызбайтындай өзге де тәсілдермен сенімді түрде буып-түйіледі немесе қорғалады және уәкілеттік берілмеген адамдардың қол жеткізуінің алдын алу үшін олар тұрақты бақылауда болады.

      (2) Құпия ақпаратты қамтитын және жөнелтілуін күтіп уақытша сақтауға жататын материалдар, оның ішінде жабдық қорғалған қоймаларда орналастырылады. Мұндай қоймалар рұқсатсыз енуді байқау жабдығының көмегімен қорғалады немесе қажетті ПР-ы бар күзетшілердің тұрақты бақылауында болады. Қажетті ПР алған уәкілетті персонал ғана қорғалған қоймаларға кіре алады.

      (3) Материалдар, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын жабдық тасымалдау барысында бір қолдан екіншісіне өткен кезде қолхат табысталады, бұл орайда мұндай материалдар үшін берілетін қолхатқа соңғы алушы қол қояды және жөнелтушіге қайтарылады.

      c. Электрондық беру:

      (1) Электрондық тәсілмен беруге жататын "CONFIDENTIAL / ҚҰПИЯ" дәрежесіндегі белгісі бар немесе одан да жоғары дәрежедегі құпия ақпарат, Тараптардың әрқайсысының ұлттық қауіпсіздік органы мақұлдаған, қорғалған құралдар арқылы беріледі.

14-бап. Тараптардың объектілеріне және мекемелеріне жасалатын сапарлар

      1. Бір Тараптың өкілдерінің екінші Тараптың объектілері мен мекемелеріне құпия ақпаратқа қол жеткізуді талап ететін сапарлары немесе ПР болуы талап етілетін сапарлар ресми мақсаттар үшін қажет болатын сапарлармен ғана шектелуге тиіс. Рұқсаттама жарамды ПР-ды бар өкілдерге ғана беріледі.

      2. Осындай объектілерге және осындай мекемелерге баруға рұқсаттаманы аумағында баратын объект немесе мекеме орналасқан Тарап қана береді. Қабылдаушы Тарап немесе оның тағайындалған ресми өкілдері ықтимал сапар туралы, сондай-ақ келушіге ұсынылуы мүмкін ақпараттың көлемі мен құпиялылығының ең жоғары дәрежесі туралы объектіні немесе мекемені хабардар етуге жауапты болады.

      3. Тараптардың өкiлдерi сапар жасауға арналған сұрау салуларды Қазақстаннан келушiлер болған кезде Қазақстан Республикасының Вашингтондағы Елшiлiгi және америкалық келушілер болған кезде АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы Елшілігі береді.

15-бап. Қауіпсіздікті тексеру мақсатында жасалатын сапарлар

      Осы Келісімде баяндалған қауіпсіздікке қойылатын талаптарды орындау Тараптардың қауіпсіздік қызметтері өкілдерінің өзара сапар жасауы арқылы тексерілуі мүмкін. Алдын ала консультациялар өткізгеннен кейін Тараптардың әрқайсысының қауіпсіздік қызметтерінің өкілдеріне қауіпсіздік жүйелерінің баламалылығына қол жеткізу мақсатында екінші Тараптың имплементтеу тәртіптерін талқылау және қадағалау үшін екінші Тарапқа сапармен баруға рұқсат етіледі. Қабылдаушы Тарап екінші Тараптан алынған құпия ақпаратты қорғаудың барабарлығын айқындауда қауіпсіздік қызметінің келуші өкілдеріне жәрдем көрсетеді.

16-бап. Қауіпсіздік стандарттары

      Сұрау салу бойынша әрбір Тарап екінші Тарапқа өзінің қауіпсіздік стандарттары, құпия ақпаратты қорғаудың тәжірибелері мен тәртіптері туралы ақпаратты ұсынады.

17-бап. Құпия ақпаратты көбейту

      Құпия ақпаратты көбейткенде оның әрбір көшірмесі көбейтіледі, мөртабан басылады немесе қауіпсіздіктің барлық тиісті құпиялылық белгілерімен белгіленеді. Мұндай көшірмелер түпнұсқа ақпарат сияқты шектеулерге жатады. Көшірмелер саны ресми мақсаттар үшін қажетті ең аз санмен шектеледі.

18-бап. Құпия ақпаратты жою

      1. Құпия ақпаратты қамтитын құжаттар және басқа да тасымалдағыштар оларда қамтылған құпия ақпаратты қалпына келтiруге жол берілмейтiн жағу, кесу, ұсақтау немесе басқа да тәсілдер арқылы жойылады.

      2. Құпия ақпаратты қамтитын жабдықты қоса алғанда, материалдар оларды тану мүмкін болмайтын және құпия ақпараттың толық немесе ішінара қалпына келуін болғызбайтын тәсілмен жойылады.

19-бап. Құпиялылық дәрежесін төмендету және құпиясыздандыру

      1. Тараптар құпия ақпарат қорғаудың жоғарырақ дәрежесін қажет етуден қалған сәттен бастап оның құпиялылық дәрежесін төмендету қажеттілігімен немесе мұндай ақпарат заңсыз жария етуден қорғауды бұдан кейін қажет етпейтін сәттен бастап оны құпиясыздандыру қажеттігімен келіседі.

      2. Беруші Тараптың құпиялылық дәрежесін төмендетуге немесе өзінің құпия ақпаратын құпиясыздандыруға қатысты өз қалауы бойынша әрекет етуге барлық өкілеттіктері болады. Алушы Тарап беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз беруші Тараптан алынған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін төмендетпейді және құжаттағы құпиясыздандыру жөніндегі қандай да болсын нұсқауға қарамастан, оны құпиясыздандырмайды.

20-бап. Жоғалту немесе жария ету

      Қабылдаушы Тарап жоғалған немесе жария етілген кез келген фактілер туралы, сондай-ақ беруші Тараптың құпия ақпаратының жоғалуының немесе жария етілуінің ықтимал фактілері туралы беруші Тарапты дереу хабардар етеді. Осындай ақпарат нақты жоғалған немесе жария етілген, не болмаса жоғалуы немесе жария етілуі ықтимал болатын жағдайда қабылдаушы Тарап нақты немесе ықтимал жоғалу немесе жария етілудің мән-жайларын айқындау мақсатында тергеп-тексеруді дереу бастайды. Беруші Тарапқа тергеп-тексеру нәтижелері және осы жағдайлардың қайталануын болғызбау үшін қабылданған шаралар туралы ақпарат беріледі.

21-бап. Даулар

      Тараптар арасында осы Келісімді іске асыру барысында немесе онымен байланысты туындайтын келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар арқылы ғана шешіледі және реттеу үшін ұлттық сотқа да, халықаралық сотқа да, қандай да бір жеке немесе заңды тұлғаға да берілмейді.

22-бап. Шығындар

      Әр Тарап осы Келiсiмдi iске асыру барысында өзiнің шеккен шығындары үшін жауапты болады. Тараптардың осы Келісім шеңберіндегі барлық міндеттемелері қаражаттың болуына байланысты.

23-бап. Түзетулер

      Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар Тараптардың екiжақты келiсiмi бойынша ғана енгізіледі. Кез келген өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 24-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енетін бөлек құжат түрінде рәсімделуі керек.

24-бап. Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім және осы Келісімге енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар Тараптар әрбір Тарап осы Келісімнің немесе келісімге енгізілген өзгерістердің күшіне енуі үшін қажетті өзінің мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарлаған дипломатиялық ноталармен алмасу барысындағы соңғы дипломатиялық нота күнінен бастап күшiне енедi.

      2. Кез келген Тарап өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы тоқсан күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша түрде хабардар етіп, оның қолданысын тоқтатуы мүмкін.

      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғанына қарамастан, осы Келісімге сәйкес айырбасталған немесе өзгеше түрде ұсынылған барлық құпия ақпарат осы Келісімнің ережелеріне сәйкес одан әрі қорғалады.

      Осыны куәландыру үшін өздерінің тиісті Үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2019 жылғы "20" тамызда Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Америка Құрама ШтаттарыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады