"Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 9 желтоқсандағы № 911 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімге қол қою туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Әлихан Асханұлы Смайыловқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
 
  Жоба



Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың XVII бөлімінің және Тауарлар экспорты мен импорты, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманың (Шартқа № 18 қосымша) ережелерін басшылыққа ала отырып,

      Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Темекіге қарсы күрес жөніндегі 2003 жылғы 21 мамырдағы негіздемелік конвенциясын назарға ала отырып,

      Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберінде темекі өнімі нарығының жұмыс істеуіне тиісті жағдайлар жасау және темекі өнімінің айналымы саласында бәсекелес ортаны дамыту мақсатында,

      Одақ шеңберінде экономикалық интеграцияны тереңдетуге деген ұмтылысты бөлісе отырып,

      мүше мемлекеттердің экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін мойындай отырып,

      өзінің халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына бейілділігін растай отырып,

      мүше мемлекеттердің әрқайсысының темекі өніміне салық салу деңгейін дербес өзінің айқындауы және өз аумағында осы өнімге қатысты салық саясатын жүргізуі ажырамас құқығын мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Келісімнің нысанасы

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің аумақтарында өткізілетін темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындастыру) жолымен Одақ шеңберінде темекі өнімі нарығының жұмыс істеуі үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған және Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасының 2402 20 қосалқы позициясында сыныпталатын сигареттерге акциздердің мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындастыру) (оның ішінде негізгі қағидаттар мен шаралар) тәртібін айқындайды.

2-бап

Темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындастыру) қағидаттары

      Темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындастыру) мынадай қағидаттар:

      мүше мемлекеттер халқының жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі мөлшерлеріндегі, мүше мемлекеттер халқының қолда бар кірістеріндегі, мүше мемлекеттердің халқы үшін темекі өнімінің қолжетімділігіндегі (оның ішінде бағалық) айырмашылықтарды есепке алу;

      өсу қарқыны неғұрлым төмен мүше мемлекеттерде темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерінің өсу қарқынын жылдамдату және өсу қарқыны неғұрлым жоғары мүше мемлекеттерде темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерінің өсу қарқынын бәсеңдету;

      мүше мемлекеттердің (оның ішінде олардың өңірлерінің) әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын есепке алу;

      мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерінің қолданылатын түрлерін (адвалорлық, өзіндік ерекшелікті, аралас) өздері дербес айқындау құқығын қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін белгілеу саласындағы салық саясатының транспаренттілігі мен алдын ала болжамдылығы негізінде жүзеге асырылады.

3-бап

Темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындастыру)

      1. Темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындастыру):

      темекі өніміне акциздердің бірыңғай индикативтік мөлшерлемесін (бұдан әрі – индикативтік мөлшерлеме);

      индикативтік мөлшерлеме деңгейіне қол жеткізудің 5 жылдық кезеңін;

      темекі өніміне акциздердің нақты мөлшерлемелерінің индикативтік мөлшерлемеден диапазонын (ауытқы диапазоны) белгілеу жолымен жүзеге асырылады.

      Индикативтік мөлшерлеме мен ауытқу диапазоны 2024 жылдан бастап әрбір 5 жыл сайын осы бапта көзделген тәртіппен бекітіледі.

      2. Темекі өніміне акциздердің нақты мөлшерлемелері мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді және акциздің өзіндік ерекшелікті және (немесе) адвалорлық бөлігінің жиынтық сомасы болып табылады.

      3. Индикативтік мөлшерлеме бюджет жылының 1-ші күнінде қолданылатын еуро бағамы бойынша мүше мемлекеттің ұлттық валютасында қолданылады.

      4. Мүше мемлекеттер индикативтік мөлшерлемені қолдану мерзімі аяқталғанға дейін 2 жылдан кешіктірмей Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Алқасы жанындағы консультативтік органның салық саясаты мен әкімшілендіру мәселелері жөніндегі жұмысының шеңберінде индикативтік мөлшерлемені қолданудың келесі мерзіміне темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындату) жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар тұжырымдайды.

      Мүше мемлекеттермен келісілген темекі өніміне индикативтік мөлшерлеменің мөлшерін және ауытқу диапазонын Комиссия Кеңесі бекітеді.

      5. Индикативтік мөлшерлеменің мөлшерін және ауытқу диапазонын өзгертудің негізделген экономикалық орындылығы болған кезде, сондай-ақ мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарының еуроға қатысты бағамдары 15 пайыздан астам өзгерген жағдайда Комиссия Кеңесі мүше мемлекеттердің кез келгенінің бастамасы бойынша тиісті көрсеткіштерді өзгерту туралы шешім қабылдауға құқылы.

4-бап

Сигареттерге 2024 жылға арналған индикативтік мөлшерлеменің мөлшері және ауытқу диапазоны

      1. Мүше мемлекеттер 2024 жылы сигареттерге 1000 дана үшін 35 еуроға баламалы мөлшерде ұлттық валютадағы индикативтік мөлшерлемені қолданады.

      2. Мүше мемлекеттерде қолданылатын акциздердің нақты мөлшерлемелері 2024 жылы осы баптың 1-тармағында көрсетілген индикативтік мөлшерлемеден азайтылу жағына қарай немесе көбейтілу жағына қарай 20 пайыздан асырылмай ауытқуы мүмкін.

5-бап

Темекі өніміне акциздер саласындағы салық саясаты мәселелері бойынша өзара іс-қимыл

      1. Темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындастыру) жөніндегі шараларды іске асыру үшін Комиссия мүше мемлекеттерге темекі өніміне акциздер мөлшерлемелеріне қатысты қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективадағы салық саясаты мәселелері бойынша консультациялар өткізуге жәрдемдесуді, сондай-ақ мүше мемлекеттердің индикативтік мөлшерлеме деңгейіне қол жеткізуінің мониторингін жүзеге асырады.

      2. Мүше мемлекеттер жыл сайын, 1 тамызға дейін Комиссияға мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кезекті күнтізбелік жылға (бюджет кезеңіне) белгілеу жоспарланған темекі өніміне акциздер мөлшерлемелері, сондай-ақ орта және ұзақ мерзімді перспективада жоспарланған акциздер мөлшерлемелері (бар болса) туралы ақпаратты ұсынады.

      3. Комиссия осы баптың 2-тармағына сәйкес алынған ақпаратты талдау нәтижелері бойынша оны осы Келісімнің 3 және 4-баптарының ережелерін іске асыру үшін мүше мемлекеттерге жібереді.

      Егер Комиссиядан аталған ақпаратты алғаннан кейін мүше мемлекеттердің бірі темекі өніміне акциз мөлшерлемелерін өзгерту туралы шешім қабылдаған жағдайда, акциздердің жаңа мөлшерлемелері туралы ақпарат мүше мемлекеттің тиісті актісі күшіне енген күнге дейін күнтізбелік 60 күннен кешіктірілмей Комиссияға және мүше мемлекеттерге жіберіледі.

6-бап

Салықтық егемендік

      Осы Келісімде ешнәрсе:

      кез келген мүше мемлекетке оның қауіпсіздігі мүдделеріне қайшы келетін талап ретінде қаралуы мүмкін темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін белгілеу талабы;

      кез келген мүше мемлекеттің темекі өніміне акциздер мөлшерлемелерін белгілеуін көздейтін акт қабылдау арқылы өзінің қауіпсіздігін қорғау үшін қажет деп есептейтін әрекеттерді жүзеге асыруына кедергі ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

7-бап

Әкімшілік ынтымақтастық

      Одақтың кедендік аумағында темекі өнімін акциздер мен басқа да жанама салықтарды төлемей өткізуді болдырмау мақсатында мүше мемлекеттер өздерінің уәкілетті органдары арасындағы әкімшілік ынтымақтастықтың тәртібін (оның ішінде Одақ шеңберінде тиісті халықаралық шарттар жасасу жолымен) айқындайды.

8-бап

Басқа халықаралық шарттарға қатынасы

      Осы Келісімнің ережелері мүше мемлекеттердің өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

      2. Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге бөлек хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      3. Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

      4. Осы Келісім депозитарий дипломатиялық арналар арқылы мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.

      ______ жылғы "___" _________ _______ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.


Армения Республикасы үшін

Беларусь Республикасы үшін

Қазақстан Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады