"Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1010 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімге қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Руслан Ерболатұлы Дәленовке Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және оның қызметі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
20 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы ("ХҚК");

      Халықаралық Қаржы Корпорациясы туралы келісімнің баптарын НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП;

      Келісім баптарының өз күшінде болатынын және қолданыста қалатынын және олардың қолданылуы осы Келісіммен ешбір шектелмейтінін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;

      Қазақстан Республикасы ХҚК мүшесі болып табылатынын және Қазақстан Республикасының орындауы үшін міндетті болып табылатын Келісім баптарын ұстанатынын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;

      Қазақстан Республикасы Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің (бұдан әрі – ХҚДБ) мүшесі болып табылатынын және 2016 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімге қол қойғанын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;

      ХҚДБ мен ХҚК Дүниежүзілік банк тобының мүшелері болып табылатынын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;

      Қазақстан Республикасында Халықаралық қаржы корпорациясы офистерін құруға және олардың қызметін жүзеге асыруға қатысты келісім жасасуға НИЕТ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП;

      төмендегілер туралы КЕЛІСТІ:

I бап

ХҚК мақсаты

      ХҚК мақсаты Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің (төменде Банк деп аталады) қызметін осылайша толықтыра отырып, мүше елдерде және әсіресе аз дамыған аудандарда жеке өндірістік кәсіпорындардың өсуін көтермелеу жолымен экономикалық дамуға жәрдемдесу. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ХҚК: (i) шетелдік инвесторлармен бірлесіп, тиісті мүше елдің үкіметі тарапынан ақылға қонымды шарттарда жеткілікті жеке капитал болмаған жағдайларда төлем кепілдігінсіз инвестицияларды жүзеге асыру арқылы өзіне мүше елдердің дамуына ықпал ететін жеке өндірістік кәсіпорындар құруды, жетілдіруді және кеңейтуді қаржыландыруға көмек көрсетеді; (іі) отандық жеке капиталды инвестициялау және тәжірибелік басқару үшін мүмкіндіктерді біріктіруге ұмтылады, сондай-ақ (ііі) отандық және сол сияқты шетелдік жеке капиталды мүше елдердегі өндіріске инвестициялау үшін олардың келуін қамтамасыз етуге ықпал ететін жағдайлар жасауды ынталандыруға және көмектесуге ұмтылады.

II бап

Анықтамалар

      1-бөлім. Осы Келісімде бас әріппен пайдаланылатын терминдер, түпмәтінде өзгеше болған жағдайларды қоспағанда, осы ІІ бапта көрсетілетін мағыналарға ие.

      2-бөлім. Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      (а) "Үкімет" – Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      (б) "Офис" – Халықаралық қаржы корпорациясының Қазақстан Республикасындағы офистері мен үй-жайлары. Қазіргі уақытта Халықаралық қаржы корпорациясының Алматы қаласында офисі бар;

      (в) "Офис басшысы" – Халықаралық қаржы корпорациясы осындай лауазымды адамдарға берген атаққа қарамастан, Халықаралық қаржы корпорациясы тағайындаған әрбір офистің басшысын білдіреді;

      (г) "Қызметтік міндеттер" – Халықаралық қаржы корпорациясын құру туралы құжаттарда көзделген Халықаралық қаржы корпорациясының мақсаттарын жүзеге асыру үшін қажетті іс-қимылдарды білдіреді;

      (д) "ХҚК қызметкерлері" – Халықаралық қаржы корпорациясының персоналға қатысты қағидаларына және қағидаттарына сәйкес жалданған барлық қызметкерлер.

III бап

Офис

      1-бөлім. ХҚК-нің Қазақстан Республикасында офисі бар. ХҚК Қазақстан Республикасындағы офистерін операциялық және әкімшілік қолдау қызметтерін көрсету үшін жергілікті персоналды қоса алғанда, қызметкерлермен жасақтай алады. ХҚК офисте қызмет ететін өз қызметкерлеріне жалақы және басқа да төлемдер бойынша шығыстарды толық көлемде өзіне алады және ХҚК қағидаттарына сәйкес оларды тасымалдау мен орналастыруды ұйымдастыру үшін жауапты болады. ХҚК офисінде қызмет ететін барлық қызметкерлер Офис басшысына бағынады.

      2-бөлім. Офис үй-жайларына қол сұғылмайды және ХҚК бақылауында және басқаруында болады. Үкімет офис басшысы (немесе оның өкілдері) уәкілеттік бермеген адамдардың офистің үй-жайларына кіруін, сондай-ақ олардың тікелей жақын жерде болуынан туындайтын алаңдаушылықты шектеуді қамтамасыз етеді. Үкімет ХҚК-нің сұрау салуы бойынша офис үшін ыңғайлы офис үй-жайын іздестіруге ХҚК-ге жәрдем көрсетеді.

IV бап

ХҚК-ның және оның қызметкерлерінің белгілі бір иммунитеттері

      1-бөлім. ХҚК осы Келісіммен берілетін артықшылықтардың, иммунитеттердің, жеңілдіктердің және шарттардың теріс пайдалануға ұшырамауын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті күш-жігерін жұмсайды және осы мақсатта өзі қажетті және орынды деп санайтын қағидалар мен нормативтерді белгілейді. ХҚК қызметкерлері сот төрелігінің тиісінше іске асырылуына жәрдемдесу, Қазақстан Республикасында қоғамдық тәртіпті қорғау туралы нормативтік актілер мен заңдардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметпен тұрақты түрде ынтымақтастық жасайды. Барлық жағдайларда ХҚК өз қызметкерлеріне өздерінің құқықтық міндеттемелерін сақтауды табандылықпен ұсынады. Үкімет теріс пайдалану орын алды деп есептеген жағдайларда, ХҚК және Үкімет мұндай теріс пайдалану орын алғандығын не орын алмағандығын анықтау үшін консультациялар өткізеді және егер ол орын алса, мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз етеді. ХҚК өз иммунитеті оның пікірі бойынша сот төрелігінің қалыпты іске асырылуына кедергі жасағанда және ол ХҚК мүдделеріне қауіп төндірмей кері қайтарылғанда, осындай иммунитетін кері қайтарып алады.

      2-бөлім. Осы Келісімде көзделетін артықшылықтар мен иммунитеттер ХҚК қызметкерлерінің жеке пайдасы үшін мүмкіндіктер беруге арналмаған. Олар тек ХҚК өзінің ресми қызметін кез келген уақытта кедергісіз жүзеге асыра алуын және бұл артықшылықтар мен иммунитеттер берілген адамдар толықтай тәуелсіздікке ие болуын қамтамасыз ету үшін беріледі.

      3-бөлім. Үкімет ХҚК-ге және ХҚК қызметкерлеріне, азаматтығына және тұратын жеріне қарамастан, Келісім баптарында көзделген артықшылықтарға, иммунитеттерге және жеңілдіктерге сәйкес және оларға қосымша мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді ұсынады:

      (а) ХҚК мүлкі және активтері, олар қай жерде болса да, атқарушы немесе заң шығарушы билік актілерінің нәтижесінде тінтудің, реквизициялаудың, тәркілеудің, экспроприациялаудың ешқандай нысандарына немесе алып қоюдың кез келген басқа нысанына жатпайды;

      (б) ХҚК архивтеріне олар қай жерде болса да қол сұғылмайды;

      (в) ХҚК, оның активтеріне, меншігі мен кірісіне, сондай-ақ оның қызметі мен транзакцияларына ешқандай салықтар мен кедендік баждар салуға жатпайды, сондай-ақ қандай да бір салықтарды немесе баждарды жинау немесе төлеу бойынша кез келген міндеттемелерден де босатылған;

      (г) ХҚК қызметкерлері оларға ХҚК төлейтін жалақыдан және сыйақылардан немесе оларға қатысты салықтар және басқа да міндетті аударымдар (әлеуметтік сақтандыру қорларына және мемлекеттік және/немесе жеке зейнетақы қорларына жарналар сияқты) төлеуден босатылады;

      (д) Жалдау қағидаларына, қағидаттарына және рәсімдеріне қатыстыны қоса алғанда, ХҚК-нің ішкі ережелері Қазақстан Республикасындағы ХҚК қызметкерлерімен еңбек қатынастарына қатысты барлық жағдайларда басым күшке ие болуға тиіс;

      (е) офисте қызмет ететін ХҚК қызметкерлері жұбайларымен және олардың асырауындағы адамдармен бірге елге кіру және шетелдіктерді тіркеу бойынша шектеулерден босатылады;

      (ж) ХҚК қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары және олардың асырауындағы адамдар дипломатиялық миссиялар құрамына кіретін тиісті дәрежедегі лауазымды адамдарға берілетін валюта айырбасына қатысты артықшылықтарды пайдаланады;

      (з) офисте қызмет ететін ХҚК қызметкерлері, өз жұбайларымен және олардың асырауындағы адамдармен бірге репатриация бойынша халықаралық дағдарыстар кезінде тиісті дәрежедегі дипломатиялық өкілдер пайдаланатын жеңілдіктерді пайдаланады;

      (и) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ХҚК қызметкерлерінің Қазақстан Республикасында лауазымға бастапқыда орналасқан кезде өзінің жиһазы мен мүлкін бажсыз кіргізуге құқығы бар; сондай-ақ

      (к) Үкімет офисте қызмет ететін ХҚК-нің барлық қызметкерлеріне олардың ХҚК қызметкерлері болып табылатынын және олардың осы Келісімде көзделген немесе осында сілтеме жасалған артықшылықтарға, иммунитеттерге және жеңілдіктерге құқығы бар екенін растайтын құжат береді. Офисте қызмет ететін ХҚК қызметкерлерінің асырауындағы адамдарға (жұбайларын және некеге тұрмаған балаларын қоса алғанда) да Қазақстан Республикасы оларға қолданылатын артықшылықтар мен иммунитеттерді растайтын құжат береді.

V бап

Офис басшысы

      Үкімет Офис басшысына (Офис басшысы болмаған кезде оның атынан әрекет ететін кез келген лауазымды адамды қоса алғанда), оның жұбайына (зайыбына) және Офис басшысының асырауындағы адамдарға Қазақстан Республикасындағы басқа халықаралық ұйымдардың немесе дипломатиялық миссиялардың тұрақты өкілдеріне берілетіндерден кем емес қолайлы артықшылықтар, иммунитеттер, жеңілдіктер мен шарттар береді. Осы ереже Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын Офис басшысына қолданылмайды.

VI бап

Коммуникацияларға қатысты артықшылықтар

      1-бөлім. Офистің ресми хат-хабары және басқа да ресми хабарлары ешқандай цензураға жатпайды. Офистің шифрді пайдалануға дипломатиялық курьерлер мен вализалар пайдаланатын иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланатын курьерлер немесе вализалар арқылы хат-хабарды алуға және жіберуге құқығы бар.

      2-бөлім. Үкімет ХҚК-ге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес телекоммуникацияларға қатысты қажетті рұқсаттарды, лицензияларды немесе басқа да рұқсат беру құжаттарын ұсынады.

VII бап

Сот процесінен иммунитет

      1-бөлім. ХҚК бағалы қағаздарды шығару немесе оларға кепілдік беру жөніндегі өз өкілеттіліктерін орындау салдарынан не соған байланысты туындайтын жағдайларды қоспағанда, сот процесінің кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады. Мұндай иммунитет кадр мәселелеріне қатысты кез келген түрдегі сот талқылауынан иммунитетті қамтиды. ХҚК мен ХҚК қызметкерінің арасында туындайтын кез келген келіспеушіліктер ХҚК-нің жалдау қағидаларына, қағидаттарына және рәсімдеріне сәйкес оларға белгіленуі мүмкін келіспеушіліктерді шешудің ішкі тетіктері арқылы шешіледі. Бұл ретте ХҚК-нің өз қызметкерлеріне қатысты мұндай талқылауларды шешуге айрықша құқығы бар. Мұндай иммунитетті ХҚК кейбір нақты жағдайларда жазбаша түрде тікелей кері қайтарып алуы мүмкін.

      2-бөлім. Келісім баптарының VI бабының 3-бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының атынан әрекет ететін немесе талап қоюды қозғаушы тұлға ХҚК-ге қарсы ешқандай шаралар қабылдамауға тиіс.

VIII бап

Қаржылық шарттар

      1-бөлім. Қазақстан Республикасының аумағында қандай да болмасын қаржылық бақылаумен, қағидалармен немесе мораториймен шектелмей, ХҚК өз қызметін қолдау үшін қажетті дәрежеде ақша қаражатын, алтынды немесе кез келген түрдегі валютаны ұстай алады және кез келген валютада шоттар жүргізе алады, сондай-ақ өзінің ақша қаражатын, алтынды немесе валютаны Қазақстан Республикасынан немесе Қазақстан Республикасына немесе оның шегінде еркін аудара алады және кез келген валютаны кез келген басқа валютаға айналдыра алады. Бұдан басқа ХҚК кез келген айырбасталатын валютаның орнына Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын ХҚК-ге Қазақстан Республикасындағы өз шығыстарын төлеу үшін кезең-кезеңімен қажетті мөлшерде Қазақстан Республикасындағы басқа халықаралық ұйымдарға немесе дипломатиялық миссияларға берілетіндерден қолайлылығы кем емес айырбастаудың ресми бағамы бойынша сатып ала алады.

      2-бөлім. ХҚК офистің жергілікті шығыстарын төлеу кезінде жәрдем көрсету мақсатында акционерлік капиталдың жергілікті валютада төленген үлесіндегі Қазақстан Республикасы қолхатының бір бөлігін пайдалана алады.

IX бап

Импорт және экспорт

      ХҚК, оның активтері, кірісі және басқа да меншігі:

      (a) ХҚК қызмет бабында пайдалану үшін заттарды Қазақстан Республикасының аумағына немесе аумағынан әкелу және әкету кезінде импорттық және экспорттық тыйым салулар мен шектеулерден босатылады; алайда жалпы қағидалардан алып қоюға әкелінген заттар Қазақстан Республикасымен келісілген шарттарда болмаса, Қазақстан Республикасының аумағында сатылмайды деп болжанады;

      (б) өз басылымдарын әкелу және әкету кезінде импорттық және экспорттық тыйым салулар мен шектеулерден босатылады.

X бап

Қорытынды ережелер, күшіне ену және қолданысын тоқтату

      1-бөлім. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Қазақстан Республикасының жазбаша хабарламасын ХҚК дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      2-бөлім. Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      3-бөлім. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын, осы баптың 1-бөлімінде көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      4-бөлім. Осы Келісімнің ережелері Келісімнің баптарында көзделген мақсаттарға одан әрі қол жеткізуге бағытталған. Келісім баптары мен осы Келісімнің ережелері арасында қайшылықтар туындаған жағдайда осы Келісімнің шарттары басым күшке ие болады.

      20__ жылғы ___________ Қазақстан Республикасы, _______ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      ЖОҒАРЫДА ЖАЗЫЛҒАНДАРДЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісінше уәкілеттік берілген екі тараптың төменде қол қойған өкілдері осы Келісімге қол қойды.

      Қазақстан Республикасы       Халықаралық қаржы
      Атынан       корпорациясы атынан



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады