Соттардың экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық істер бойынша заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 3 Нормативтік қаулысы.

      Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер жөніндегі заңнаманы дұрыс қолдану практикасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірме беруге қаулы етеді.

      1. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау кезінде қылмыстық заңнаманы дұрыс қолдану жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететіндігіне соттардың назары аударылсын.

      2. Заңсыз кәсіпкерлік туралы қылмыстық істерді қараған кезде соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 10-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) 2-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылатынын ескеруі тиіс.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Іс-әрекетті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 214-бабымен тіркеу белгісінің жоқтығы бойынша саралаған кезде соттар жеке кәсiпкерлiктi заңды тұлға құрмай жүзеге асыратын жеке тұлғаны мемлекеттiк тiркеу сол адамның орналасқан жерi бойынша мемлекеттік кіріс органында дара кәсiпкер ретiнде есепке қоюды білдіретініне соттардың назары аударылсын. Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабының 2-тармағына сәйкес жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті, бірақ ол тіркелмеген және бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген не ірі мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетін тауарларды едәуір мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен ұштасқан жағдайларда тіркеу белгісінің болмауы бойынша заңсыз кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауаптылық басталады.

      Бұл ретте соттар Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабының 3, 4-тармақтарында және салық заңнамасында тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы болатын жағдайлар да көзделгенін ескеру қажет. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабының 1-тармағына сай дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:

      бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;

      жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;

      қызметтерді салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана көрсететін және (немесе) акцизделетін өнімдерді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.

      Салық кодексінің 774-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар дара кәсіпкерлер ретінде тіркелуге жатпайды, сондықтан олар Қылмыстық кодекстің 214-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.

      4. "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі № 2198 Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік тіркеу туралы заң) 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгiлеген нысан бойынша анықтама заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенін растайтын құжат болып табылады.

      5. Жеке тұлғаның тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылғаннан кейін (Кәсіпкерлік кодекстің 38-бабының 4-тармағы), заңды тұлғаның Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне қызметті тоқтату туралы мәліметтер енгізілгеннен кейін (Мемлекеттік тіркеу туралы заңның 16-бабы) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы тіркеу белгісінің болмауы бойынша заңсыз кәсіпкерлік деп танылады.

      6. Адамның әрекеттерінде кәсіпкерлік қызметті осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз не Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұза отырып жүзеге асыру белгілерінің болуы туралы мәселені шешу кезінде соттар "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V Заңында (бұдан әрі – Рұқсаттар және хабарламалар туралы заң) қызметтің немесе әрекеттердің (операциялар) түрлері айқындалғанын, оларды жүзеге асыру үшін рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі көрсетілгенін назарға алған жөн.

      Қызметтерді немесе іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру үшін рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңда белгіленген қызмет түрлерінің, іс-әрекеттерінің (операцияларының) тізбесі толық болып табылады және кең мағынада түсіндірілмейді.

      Рұқсат беру тәртібі тұлғаның қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастағанға дейін тиісті санаттағы (бірінші немесе екінші) жарамды рұқсатының болуы қажет.

      Хабарлама жасау тәртібі қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру басталғанға дейін жеке немесе заңды тұлғаның осы тәртіп туралы хабарлама қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар ету міндетіне негізделеді.

      Соттар рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі қызмет немесе іс-әрекеттер басталғанға дейін сақталуы тиіс екенін, кейіннен рұқсатты алу немесе хабарламаны жүзеге асыру адамды ҚК-нің 214-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатпайтынын ескеруі керек.

      Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңның 26-бабына сәйкес Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңның 26-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер рұқсат беруші орган оларды беруді кешіктірсе, берілген деп саналады.

      Лицензиат рұқсаттар және хабарламалар туралы заңның 33-бабының лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы талаптарын орындамаған жағдайда ҚК-нің 214-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды

      7. Заңсыз банк қызметін (банк операцияларын) жүзеге асыру туралы қылмыстық істер бойынша банк – бұл "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы № 2444 Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес аталған Заңда көрсетілген банктік және өзге операцияларды жүргізу арқылы банктік қызметті жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға екенін соттар ескеруі тиіс.

      Банктің ресми мәртебесі заңды тұлғаны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында банк ретінде мемлекеттік тіркеумен және банк операцияларын жүргізуге қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) лицензиясының болуымен айқындалады.

      Банктің ресми мәртебесі жоқ заңды тұлға "банк" деп аталуы мүмкін емес немесе өзін банк қызметімен айналысушы ретінде сипаттай алмайды. Сонымен бірге Банктер туралы заңның 5-бабына сәйкес банк болып табылмайтын заңды тұлға уәкілетті органның немесе Ұлттық Банктің лицензиясы негізінде не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға құқылы.

      8. Заңсыз коллекторлық қызмет туралы істер бойынша "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 6 мамырдағы № 62-VI Заңының (бұдан әрі – Коллекторлық қызмет туралы заң) 1-бабының 6) тармақшасына сәйкес коллекторлық қызмет – бұл коллекторлық агенттіктің берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинауға бағытталған қызметі.

      Коллекторлық қызмет туралы заңның 3-бабының 2-тармағына сәйкес коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілмеген заңды тұлға коллекторлық қызметті жүзеге асыруға, өзін коллекторлық қызметпен айналысушы ретінде сипаттауға, сондай-ақ өз атауында "коллекторлық агенттік" деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді пайдалануға құқылы емес.

      Коллекторлық қызметті жүзеге асыру үшін заңды тұлға Коллекторлық қызмет туралы заңның 7-бабында белгіленген тәртіппен есептік тіркеуден өтуге тиіс.

      9. ҚК-нің 214-бабының бірінші бөлігінде кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.

      Тыйым салынған қызмет түрлері деп онымен айналысқаны үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылық белгіленген қызмет танылады.

      Егер адам кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысса, мысалы, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, сақтағаны, тасымалдағаны немесе өткізгені үшін қылмыстық жауаптылық осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін туындайды, оның жасаған әрекеті ҚК-нің 214-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      10. Кәсіпкерлік қызметті, банк қызметін (банк операцияларын), микроқаржылық немесе коллекторлық қызметті тіркеусіз, сол сияқты осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз немесе Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұза отырып жүзеге асырған, сол сияқты кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен немесе сатумен ұштасса ҚК-нің 214-бабының бірінші бөлігі бойынша, ал қылмыстық топ бірнеше рет жасаған, аса ірі мөлшерде кіріс алумен ұштасқан дәл сол іс-әрекеттер үшін ҚК-нің 214-бабының екінші бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.

      Ірі залал, кірістің ірі мөлшері немесе аса ірі мөлшері, тауардың едәуір мөлшері ҚК-нің қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде қолданыста болған редакциясының 3-бабына сәйкес анықталады.

      Жеке тұлғаның мүліктік кірісін анықтау кезінде Салық кодексінің 330-бабы 1-тармағының ережелерін басшылыққа алу керек.

      Бұл ретте заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстарды шегерместен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден алынған ақша қаражатының бүкіл сомасы немесе басқа мүліктің құны кіріс болып табылады.

      Акцизделетін тауарлар тізбесі Салық кодексінің 462-бабында белгіленген.

      11. ҚК-нің 13-бабының үшінші бөлігіне сәйкес заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру түріндегі заңсыз кәсіпкерлік қызметті ірі немесе аса ірі кіріс алып жүзеге асырған кезде ҚК-нің 214 және 307-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы болмайтындығын және қылмыстық жауаптылық ҚК-нің 214-бабына қатысты арнайы норма болып табылатын ҚК-нің 307-бабы бойынша туындайтындығын соттар ескеруі тиіс.

      ҚК-нің 322-бабында көзделген салдарлар болмаған кезде заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет, егер бұл қызмет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге әкеп соқса не ірі немесе аса ірі мөлшерде кіріс алумен не акцизделетін тауарларды елеулі мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен ұштасқан жағдайда, ҚК-нің 214-бабының тиісті бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

      Егер көрсетілген қызмет ҚК-нің 214-бабында, сондай-ақ ҚК-нің 322-бабында көзделген салдарларға әкеп соқса, онда кінәлі адамның әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      12. Егер заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде адам бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртектес тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін оларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдаланса, онда ҚК-нің 222-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған кезде бұл әрекетті ҚК-нің 214 және 222-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралау қажет.

      13. ҚК-нің 216-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген мүліктік пайда алу мақсатында нақты жұмыс жасамай, қызмет көрсетпестен, тауарларды тиеп-түсірместен шот-фактураны ресімдеу актілерін жасаудан көрінеді.

      Қылмыстық құқық бұзушылық жасау туралы қылмыстық істерді қараған кезде жеке кәсіпкерлік субъектісінің жұмыстарды іс жүзінде орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды жазып бергені дәлелденуі тиіс. Сот жеке кәсіпкерлік субъектісінің тиісті активтердің, ғимараттардың, көлік құралдарының меншік құқығында немесе жалға алу негізінде және басқа негіздермен, материалдық және еңбек ресурстарымен, оларсыз жұмыс істеу және қызмет көрсету мүмкін емес екендігінің дәлелдерін зерделеуге міндетті. Егер жеке кәсіпкерлік субъектісі мердігерді тарту арқылы қызмет көрсететін болса, тікелей орындаушының осындай қызметтерді көрсетуі туралы дәлелдемелер мен мәліметтер тексеріліп, бағалануға жатады.

      Егер мәміленің нысанасы тауар болып табылса, онда оның өндірілгенін немесе үшінші тұлғалардан сатып алынғанын растайтын құжаттарды соның ішінде тауарды сатып алғаны және өткізгені үшін төлемақы жүргізілген құжаттарды зерттеген жөн. Зерттеу және бағалау нысаны, тауарларды тиеп-жөнелту кезінде көлік шығындарын растайтын құжаттар болуы мүмкін.

      14. Жеке кәсіпкерлік субъектілері ҚК-нің 216-бабында көзделген қылмыс субъектісі болып табылады, оларға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, қандастар, резидент еместер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғаларда басқару функцияларын орындайтын адамдар жатады.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын және ҚК-нің 216-бабында көзделген әрекетті жасауға қатысқан адам тиісінше оны ұйымдастырушы, айдап салушы не көмектесуші ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Бір тұлғаның бір контрагентке қатысты іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей бірнеше шот-фактура жазып беруі бірыңғай пиғылмен қамтылады, бір жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық болып танылады.

      Бірнеше жалған шот-фактураларды әртүрлі контрагенттерге жазып берген және қылмыстық қудалау органы осы әрекеттерді бір жалғасқан қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралаған кезде, соттар кінәлі адамның әрекетінде бірыңғай пиғылдың болған-болмағанын тексеруі тиіс. Егер көрсетілген әрекеттердің жасалуы бірыңғай пиғылмен байланысты болмай және бірнеше ретті құраса, онда әрбір контрагентке қатысты залалдың сомасы ҚК-нің 3-бабының 38-тармағында көрсетілген мөлшерге жетпесе, сотталушының әрекеттері әкімшілік құқық бұзушылық ретінде саралануға жатады.

      Бірыңғай пиғылмен байланысты емес екі немесе одан да көп әрекеттерді жасау қылмыстық құқық бұзушылықтар бірнеше рет жасалған болып саналады және ҚК-нің 216-бабы екінші бөлігінің 1-тармағымен саралануға тиіс.

      16. ҚК-нің 216-бабы бойынша ақталмайтын негізбен іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны, айыптау үкімін шығару кезінде жалған шот-фактурамен расталған мәміле АК-нің 158-бабының 2-тармағына сәйкес маңызсыз болып табылатынын соттар ескеруі тиіс. Салық органдарының жалған шот-фактуралармен расталған мәмілелерді даулау туралы талап қоюларды беруі талап етілмейді. Салық органы адамның іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды жазып берген құқыққа қарсы әрекеттеріне құқықтық баға берілген іс бойынша іс жүргізуді ақталмайтын негіз бойынша тоқтату туралы қаулының немесе заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде салықтардың тиісті сомаларын толықтырып есептеуді жүзеге асырады.

      17. Егер жалған шот-фактураларды жазып беру бойынша әрекеттер экономикалық қызмет саласындағы басқа қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаумен ұштасса, онда Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 24 және 113-баптарының талаптарына сай іс бойынша экономикалық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға контрагенттердің жалған шот-фактураларды пайдалану, олардың жазып беруге сыбайлас қатысу, сондай-ақ жалған шот-фактураны жазып берген жеке кәсіпкерлік субъектісінің сыбайлас қатысу мән-жайлары анықталуға және бағалануға тиіс.

      18. Жұмыстарды іс жүзінде орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды жазып беру бойынша контрагент төлеуден жалтарған салық сомасы және басқа да міндетті төлемдер немесе кредит, кіріс, ұрланған қаражат сомасы мүліктік пайда болып табылады.

      Төленбеген салықтардың және басқа да міндетті төлемдер сомасы дәлелдемелер жиынтығының негізінде, оның ішінде салықтық тексеру актісімен, маманның (сарапшының) қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен анықталады.

      Егер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке кінәлі адамдарға байланысты емес мән-жайлар бойынша ірі немесе аса ірі залал келтіру түріндегі салдарлар келтірілмесе, онда жеке кәсіпкерлік субъектісінде жалған шот-фактура жазып беру кезінде азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі немесе аса ірі залал келтіре отырып, мүліктік пайда алу мақсатының болуына дәлелдемелер болған кезде, оның әрекеті ҚК-нің 216-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауға оқталуды құрайды.

      19. ҚК-нің 218-бабына қатысты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) деп қылмыстық құқық бұзушылық жасау арқылы алынған ақшаға немесе өзге мүлікке кез келген билік етуді емес, тек қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен кірістерді білдіретін мүлікті конверсиялау немесе аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы заңды айналымға тарту не мұндай мүлікті иелену және пайдалану, егер мұндай мүліктің қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен кірістер болып табылатыны белгілі болса, оның шынайы сипатын, көзін, орналасқан жерін, оған билік ету, оны ауыстыру тәсілін, мүлікке құқықтарды немесе оның тиесілігін жасыру немесе жасырып қалу, сол сияқты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыруға делдалдық ету түсініледі.

      Бұл ретте соттар "Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 8 нормативтік қаулысының 3-тармағында қамтылған кінәлі адамның өзі заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкіне қалауы бойынша билік етуі (сатуы немесе басқа адамдарға тегін беруі, бүлдіруі, бөлшектеуі, жоюы және т.б.) қылмыстық құқықтық бұзушылықтың жеке құрамын құрамайды және қосымша саралауды қажет етпейді деген түсіндірмелерді басшылыққа алуы қажет.

      Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыруға қатысатын адамдарды жауаптылыққа тарту үшін олардың қатысуымен қаржылық операция немесе өзге де мәміле, сондай-ақ кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызмет қылмыстық жолмен алынған ақшамен немесе басқа мүлікпен жүзеге асырылатындығын білуі және осындай әрекеттерді жасауға ниет білдіруі керек.

      Қаржы операциялары мен басқа мәмілелерді қылмыстық жолмен алынған ақшамен немесе өзге де мүлікпен жасау үшін арнайы мақсаттың болуы, аталған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті иеленуге, пайдалануға және билік етуге заңды сипат беру қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағының міндетті белгісі болып табылады.

      20. ҚК-нің 218-бабына қатысты конверсия түріндегі мәміле деп азаматтық құқықтар мен міндеттерді анықтауға, өзгертуге немесе тоқтатуға, сол сияқты азаматтық құқықтар мен міндеттердің туындау немесе көшу көрінісін туғызуға бағытталған қылмыстық жолмен табылған ақшаны немесе өзге де мүлікті жария ету жөніндегі мәмілелер түсініледі.

      Бұл ретте қаржылық операциялар мен мәмілелер заңдастырылатын ақша мен өзге де мүліктің қылмыстық құқық бұзушылықпен байланысын кінәлі адам үшін көрінеу жасырады, мүлікті қылмыстық жолмен иемдену фактісін жасыруға және оның ашық айналымын қамтамасыз етуге бағытталған.

      21. Дара кәсіпкердің немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі немесе кепіл мүлкі түралы немесе кредитті, дотацияны, кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алу үшін елеулі мәнi бар өзге де мән-жайлар туралы көрінеу жалған мәліметтерді банкке немесе өзге де кредиторға ұсыну арқылы дара кәсіпкердің немесе ұйым басшысының кредитті, дотацияны не кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алуы, сол кредиттеуді, дотация беруді тоқтатуға жеңілдіктерді жоюға не бөлінген кредит пен дотация мөлшерін шектеуге әкеп соқтыруы мүмкін мән-жайлардың туындағаны туралы ақпаратты банкке немесе өзге кредиторға хабарламауы, егер бұл іс-әрекеттер ірі залал келтірсе ҚК-нің 219-бабы бірінші бөлігі бойынша қылмыстық жауапты болады.

      Кредитті, дотацияны заңсыз алу туралы істерді қарау және кредитті, дотацияны не кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алу үшін көрінеу жалған мәліметтердің елеулі мәні болған-болмағаны туралы мәселені шешу кезінде адамда кредиторға берілген шындыққа жанасатын басқа да мәліметтердің негізіндегі жалған мәліметтерді берместен алудың шынайы мүмкіндігі болған-болмағанын анықтау қажет.

      Егер сот кредит алу үшін шындыққа сәйкес келетін мәліметтер жеткілікті дәрежеде ұсынылғанын анықтаса, онда басқа да жалған мәліметтермен қатар беру кредитті заңсыз алу құрамын құрамайды.

      ҚК-нің 219-бабының екінші бөлігі бойынша бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау, егер бұл іс-әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 12-бабының 3-тармағына сәйкес бюджеттік кредиттер – бұл бюджеттен қайтарымды, жедел және ақылы негізде бөлінетін ақша болып табылады, тиісінше ҚК-нің 219-бабының екінші бөлігі бойынша істерді қарау кезінде сот кредиттеу көзін анықтауға міндетті.

      Дара кәсіпкер немесе ұйым басшысы ҚК-нің 219-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі болып табылады.

      ҚК-нің 219-бабында көзделген әрекеттер заңсыз алынған кредитті не нысаналы мақсатсыз пайдаланылған бюджет кредитін қайтару фактісіне қарамастан, осы бапқа ескертпеде көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

      ҚК-нің 219-бабына қатысты залал деп алынған кредит қаражаты мен банк сыйақыларының сомасын түсіну керек.

      22. ҚК-нің 231-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы ақшалардың немесе бағалы қағаздардың жекелеген элементтерін қолдан жасауды (мысалы, шынайы ақша белгілерінің немесе бағалы қағаздардың нақтылы құны туралы мәліметтерге өзгерістер енгізу, олардың мазмұнын, нөмірлерін, сериялары мен басқа да деректемелерін басқаша өзгерту), сондай-ақ оларды заңсыз дайындауды құрайды.

      Көрінеу жалған ақшаны немесе бағалы қағаздарды өткізу оларды тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу кезінде, сондай-ақ айырбастау, сыйға тарту, қарызға беру, зиянды өтеу шарттары бойынша міндеттемелерді орындау кезінде және оларды азаматтық айналымға енгізудің өзге нысанында төлем құралы ретінде пайдаланудан тұрады.

      Көрінеу жалған ақшаларды немесе бағалы қағаздарды бөтеннің мүлкін заңсыз иелену мақсатында жасалған өткізуді ҚК-нің 190 және 231-баптарында көзделген қылмыс құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралау қажет.

      Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену кезінде кәдесыйларды, медальондарды, ашық хаттарды, көркемдік, фотосурет кескіндемелерін және ақша белгілері немесе бағалы қағаздар түрінде орындалған өзге де бұйымдарды алдау құралы ретінде пайдалану алаяқтық ретінде сараланады.

      Шын ақша купюралары мен бағалы қағаздардан өзгерістері анық байқалатын жалған банкноттар мен бағалы қағаздарды пайдалану арқылы, бөтеннің мүлкін иеленген адамның әрекеті де алаяқтық ретінде саралануға жатады.

      23. Ұлттық банктің жалған банкноттары мен монеталарының, мемлекеттік бағалы қағаздардың немесе Қазақстан Республикасының валютасындағы не шетел валютасындағы басқа да бағалы қағаздардың немесе шетел валютасындағы бағалы қағаздардың ірі мөлшері қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде қолданыста болған редакциядағы ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес анықталады.

      24. ҚК-нің 235-бабында көзделген қылмыстар туралы істер бойынша соттар "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 2 шілдедегі № 167-VI Заңына (бұдан әрі – Валюталық реттеу туралы заң) сәйкес экспорт немесе импорт бойынша ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын репатриациялау уәкілетті банктердегі банктік шоттарға:

      экспорттан түсетін ұлттық валютадағы және (немесе) шетел валютасындағы түсімді;

      бейрезидент міндеттемелерін орындамаған немесе толық емес орындаған жағдайларда, импорт бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін резидент бейрезиденттің пайдасына аударған ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын есепке жатқызуды білдіретіндігін ескеруі керек.

      Валюталық операцияларды жүргізетін, Қазақстан Республикасында құрылған банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (уәкілетті ұйымдарды қоспағанда), сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын шетелдік банктердің филиалдары уәкілетті банктер болып табылады.

      25. Ұйымдардан салық төлеуден және (немесе) бюджетке басқа да міндетті төлемдерден жалтарумен ұштасқан ҚК-нің 235-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау, ҚК-нің 235 және 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сараланады.

      26. Салық және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару туралы қылмыстық істерді қарау кезінде соттар Салық кодексінің нормалары салықтардың және бюджетке төленетін міндетті төлемдердің түрлері, оларды төлеу мерзімдерін және салынатын салық пен төлемдер объектілерін айқындайтынын ескеруі тиіс.

      27. ҚК-нің 3-бабының 3) және 38) тармақтарына сәйкес айқындалатын төленбеген салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің ірі немесе аса ірі мөлшері қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау кезінде қолданылған редакциядағы ҚК-нің 244 және 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамының міндетті белгісі болып табылады.

      Төленбеген салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы дәлелдемелердің жиынтығы негізінде, оның ішінде салық пен міндетті төлемнің түріне және оларды төлеу мерзімдеріне қарамастан, төленбеген бүкіл кезең үшін жалпы соманы енгізе отырып, салықтық тексеру актісімен, маманның (сарапшының) қорытындысымен және басқа дәлелдемелермен анықталады.

      28. Салық және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару тікелей пиғылмен ғана жасалады. Бұл ретте азамат салықтарды және төлемдерді төлеуден жалтару мақсатында кірістер туралы декларацияны өткізуге міндетті болса да қасақана өткізбейді, не декларацияға немесе салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді есептеумен немесе төлеумен байланысты өзге де құжаттарға кірістері немесе шығыстары туралы не салық салынатын мүлкі туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізеді.

      Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару декларацияны өткізу міндетті болса да декларацияны өткізбеу, не салық салынатын басқа да объектілерді және (немесе) басқа да міндетті төлемдерді жасыру жолымен декларацияға кірістер және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу арқылы жасалады.

      29. Жұмыстарды іс жүзінде орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды пайдалана отырып, салық және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған кезде салық төлеуден жалтарған тұлғада қылмыстық кодекстің 216 және 244 немесе 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау үшін жалған шот-фактураны ұсынған адаммен келісімнің болғанын немесе болмағанын анықтау қажет.

      Жалған шот-фактураларды жазып берген және (немесе) олар бойынша ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған адамды ұстау кезінде, сондай-ақ кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерін жүргізуді талап ететін, құжаттарды жасыруға немесе жоюға әкеп соғуы мүмкін басқа да жағдайларда қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шегінде қылмыстық процесті жүргізетін орган ҚПК-нің 122-бабының екінші бөлігіне сәйкес атына жалған шот-фактуралар жазылған тұлғаға қатысты салықтық тексеру жүргізуге, маманды тартуға не сот-экономикалық сараптаманы тағайындауға құқылы.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      30. ҚК-нің 244 және 245-баптары бойынша қылмыстық істер бойынша айыптау актісінде қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кездегі редакциядағы салық заңнамасының нормалары, айыпталушы бұзған салық және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша декларацияны ұсыну мерзімдері мен оларды төлеу мерзімдері міндетті түрде көрсетілуге жатады. Айыптау актісінде мұндай деректер болмаған жағдайда сот алдын ала тыңдауда бұл мән-жайларды басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы айтарлықтай бұзу деп тануға және ҚПК-нің 323-бабына сәйкес істі прокурорға қайтару туралы мәселені шешуге тиіс.

      31. ҚК-нің 244 және 245-баптарына ескертпелердің негізінде (қылмыстық топ жасаған әрекетті қоспағанда – ҚК-нің 245 бабының үшінші бөлігі) адамды қылмыстық жауаптылықтан босату салық және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өсімпұлды төлеу арқылы залалды толық өтеу кезінде ғана орын алуы мүмкін. Кінәлі адамның залалды ішінара өтеуі, болашақта залалды өтеу міндеттемелері оны қылмыстық жауаптылықтан босату үшін негіз болып табылмайды.

      32. Салық кодексінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түріне қарай декларацияларды ұсынудың және оларды төлеудің түрлі мерзімдері көзделген. Соттар декларацияны табыс ету мерзімі мен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу мерзімі сәйкес келмеуі мүмкін екендігін ескеруі керек. Салық заңнамасында белгіленген салық (бюджетке төлем) төлеу мерзімінің соңғы күнінен кейінгі күн ҚК-нің 244, 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың аяқталу кезі болып табылады.

      33. Мемлекеттік органның не мемлекеттік ұйымның мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамы болып табылмайтын жұмыскерiнiң немесе оған теңестірілген адамның, сол сияқты мемлекеттік емес ұйымның басқару функцияларын орындамайтын жұмыскері ҚК-нің 247-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі болып табылады. Бұл ретте жұмыскер өзінің міндеттерін тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша жұмыс уақытында немесе өзге уақытта орындаған-орындамағаны маңызды емес. Соттар заңсыз сыйақы алып орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің оның қызмет аясына кіретінін не кірмейтінін әрбір жағдайда анықтап алулары қажет.

      34. Экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің 50-бабының үшінші бөлігіне сәйкес кінәліге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолдану туралы мәселені талқылауы керек. Қосымша жаза тағайындалған кезде үкімде қандай лауазымды атқаруға тыйым салынғаны немесе қандай қызметпен айналысуға және қандай мерзімге тыйым салынғаны көрсетілуге тиіс. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза ҚК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясында көзделмеген жағдайларда да тағайындалуы мүмкін.

      35. Экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кіріс кінәлі адамнан өндіріп алынуға және қылмыстық жолмен жиналған негізсіз баюдың нәтижесі ретінде мемлекет кірісіне айналдыруға жатады.

      Заңсыз сыйақы алу туралы істер бойынша (ҚК-нің 247-бабы) кінәлі адамның сыйақы ретінде алған ақшасы мен өзге де мүлкі сотталғанның міндеттеріне кірмейтін жұмысқа немесе қызмет көрсетуге ақы төлегенін қате пайымдаған жағдайларда олардың иесіне қайтарылуға жатады.

      Заттай дәлелдемелер деп танылған ақша мен өзге де құндылықтар, ол олар берілгенге дейін тиісті органдарға одан заңсыз сыйақыны қорқытып алушылық туралы мәлімдеген жағдайда, олардың иесіне қайтарылуға жатады.

      36. ҚПК-нің 118-бабы үшінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кіріс алу үшін тікелей қолданылған, заттай дәлелдемелер деп танылған мүлік, заттар мемлекет кірісіне айналдырылуға жатады.

      ҚК-нің 231-бабында көзделген істер бойынша жалған ақша және бағалы қағаздар түріндегі заттай дәлелдемелер міндетті түрде жойылуға жатады. Жекелеген үлгілер тиісті сараптама мекемелеріне және құқық қорғау және арнаулы органдардың уәкілетті бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне олардың өтінішхаттары бойынша, сараптама және өзге де зерттеулер жүргізу үшін қажетті дерекқор жасау үшін берілуі мүмкін.

      37. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 21 сәуірдегі № 1 нормативтік қаулысының 13-тармағы;

      3) "Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2014 жылғы 4 сәуірдегі № 1 нормативтік қаулысы;

      4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысы.

      38. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады