Ұлттық пантеон туралы ережені бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 208 қаулысы.

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық пантеон туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2020 жылғы 15 сәуірдегі
  № 208 қаулысымен
  бекітілген

Ұлттық пантеон туралы ереже

      1. Осы Ұлттық пантеон туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Ұлттық пантеон (бұдан әрі – Пантеон) – аса көрнекті мемлекет, ғылым, мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан адамдарды мәңгі есте сақтау мақсатында салынған, мемориалдық маңызы бар сәулет объектісі болып табылатын, қайтыс болған (қаза тапқан) адамдарды жерлеуге арналған орын.

      3. Пантеон астананың жергілікті атқарушы органының қарамағында, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан.

      4. Пантеон аумағына:

      1) мемориалдық ғимарат;

      2) "Естелік қабырғасы" монументі бар естелік музейі (XХ-XXІ ғасырлар);

      3) әкімшілік, шаруашылық және қосалқы ғимараттар;

      4) құлпытастар;

      5) саябақ және іргелес аймақтар кіреді.

      5. қайтыс болған (қаза тапқан) мынадай адамдар Пантеон аумағында жерленеді:

      1) Қазақстан Республикасының президенттері және олардың отбасыларының мүшелері;

      2) Қазақстан Республикасының премьер-министрлері және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшылары, мемлекеттік кеңесшілері, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағалары;

      3) министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері;

      4) "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған адамдар;

      5) "Алтын қыран", "Отан", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев", үш дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордендерімен марапатталған азаматтар;

      6) "Кеңес Одағының Батыры", "Социалистік Еңбек Ері" атақтарына ие болған азаматтар;

      7) "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған азаматтар;

      8) Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар;

      9) Пантеонда жерлеуге жататын адамдармен олардың кейінірек қайтыс болған (қаза тапқан) жұбайларын жерлеуге болады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.02.2023 № 103 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген қайтыс болған (қаза тапқан) адамдарды жерлеуді ұйымдастыруды қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұбайының, жақын туысқандарының не заңды өкілінің бастамасымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.

      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары Пантеонда мәйітті жерлеу үшін мынадай іс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асырады:

      1) жерлеуге арналған құжаттарды ресімдеу;

      2) қайтыс болған (қаза тапқан) адамды жерлеу үшін пайдаланылатын қажетті атрибуттарды ұсыну;

      3) қайтыс болған (қаза тапқан) адамның мәйітін Пантеонға тасымалдау;

      4) жерлеу.

      8. Діни ғұрыптар мен рәсімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Жерлеу туралы шешім қабылдау кезінде қайтыс болғанның (қаза тапқанның) еркі немесе жұбайының, жақын туыстарының не қайтыс болғанның (қаза тапқанның) заңды өкілінің тілегі ескеріледі.

      9. Пантеонда құлпытас құрылыстарын орнату және безендіру бірыңғай нысанда орындалады.

      Өз еркімен жерлеу, жанұялық (рулық) зират құру және қайта жерлеу Пантеонда жүргізілмейді.

      10. Пантеонда жерлеуді тіркеу кітабы жүргізіледі, онда қайтыс болған (қаза тапқан) адам туралы мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда);

      2) қайтыс болған (қаза тапқан) адамның Пантеонға әкелінген және мәйіт жерленген күндер;

      3) өмірбаяны;

      4) Қазақстан Республикасының алдындағы еңбегі (еңбектері);

      5) өзге мәліметтер.

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2020 жылғы 15 сәуірдегі
  № 208 қаулысына
  қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Ұлттық пантеон туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 мамырдағы № 307 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 19, 146-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 26 қазандағы № 690 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 7-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2018 ж., № 60, 337-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 маусымдағы № 396 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2019 ж., № 20, 181-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады