"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2019 жылғы 31 мамырда Ашхабадта жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды қорғау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды қорғау саласындағы өзара іс-қимылы туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден ісіндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімнің ережелерін негізге ала отырып,
зияткерлік меншікті құқықтық қорғау және қорғау саласындағы халықаралық құқық нормаларын негізге ала отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикасына, заңды кәсіпкерлік қызметке, мәдени даму мен ғылыми-техникалық прогреске залал келтіретін, сондай-ақ тұтынушылардың қауіпсіздігіне, өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін контрафактілік тауарлардың халықаралық таралу ауқымына алаңдаушылық білдіре отырып,
осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң зияткерлiк меншiк объектілеріне арналған құқықтарын қорғау және контрафактiлiк тауарларды халықаралық өткізілуіне қарсы iс-қимыл жөнiнде шаралар қабылдау кезінде ынтымақтастығының қажеттiгiн мойындай отырып,
зияткерлiк меншiк объектілеріне арналған құқықтарды бұзушылықтарға қарсы күресте ынтымақтастық осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер арасында халықаралық стандарттарға сәйкес тауарларды әкелу және әкету рәсiмдерiн жеңілдетуге және жеделдетуге ықпал ететініне сенімді бола отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:
"Тараптардың құзыретті органдары" – осы Келісімнің іске асырылуына жауапты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық кеден органдары (кеден ісі саласындағы уәкілетті органдар);
"Контрафактілік тауарлар" – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделген құқық иеленушінің құқығын бұза отырып, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік шекарасы арқылы құрылған және/немесе өткізілетін зияткерлік меншік объектілері (авторлық және сабақтас құқықтар объектілері, тауар белгілері, географиялық белгілер, тауарлар шығарылған жердің атаулары) бар тауарлар;
"зияткерлік меншік" – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын белгілейтін 1967 жылғы 14 шілдедегі Конвенцияның 2-бабында көрсетілген мәнде түсініледі.
2-бап
Осы Келісімнің нысанасы зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асыру мақсатында Тараптардың құзыретті органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру болып табылады.
3-бап
Зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды қорғауды ұйымдастыруды қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың құзыретті органдары:
зияткерлiк меншiк объектілеріне арналған құқықтарды қорғауды ұйымдастыру бөлiгінде өз мемлекеттерiнiң заңнамасы туралы сұрау салу бойынша немесе өз бастамасы бойынша ақпарат алмасу;
оқу, әдістемелік және арнайы материалдармен алмасу;
зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша тәжірибе алмасу;
зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы бұза отырып, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өзара саудадағы тауарлар қозғалысының анықталған фактілері туралы ақпарат алмасу;
олардың қозғалысы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы бұза отырып жүзеге асырылуы мүмкін деген күдік бар тауарлар туралы ақпарат алмасу;
байланыстарды нығайту, бірлескен зерттеулер жүргізу және зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды қорғау саласында пікір алмасу, оның ішінде бірлескен конференциялар, семинарлар, отырыстар және өзге де іс-шараларды ұйымдастыру арқылы;
көпжақты, сондай-ақ екіжақты негізде жүргізілетін кадрларды кәсіби даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жәрдемдесу нысанында ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптардың құзыретті органдары өзара негізде осы бапты іске асырумен байланысты ақпарат алмасудың нысандарын, көлемдерін және мерзімдерін келісе алады.
4-бап
Осы Келісім шеңберінде алынған кез келген ақпарат тек Тараптардың құзыретті органдары және тек осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылады. Егер осындай ақпаратты ұсынған Тараптың құзыретті органы өзінің жазбаша нысанда келісімін білдірсе, ол өзге мақсатта пайдаланылуы немесе берілуі мүмкін.
5-бап
Тараптардың құзыретті органдары зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстың оң тәжірибесін өз мемлекеттерінің бұқаралық ақпарат құралдарында жария етеді.
6-бап
Тараптардың келiсiмi бойынша осы Келiсiмге тиiстi хаттамамен ресiмделетiн, оның ажырамас бөлiгi болып табылатын өзгерістер енгiзiлуi мүмкiн.
7-бап
Осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға байланысты туындаған ықтимал келiспеушiлiктер Тараптардың құзыреттi органдары арасындағы консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi.
8-бап
Әрбiр Тарап осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыруға байланысты шығыстарды дербес көтередi.
9-бап
Осы Келісім депозитарий оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тарап үшін осы Келісім депозитарий тиісті хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
10-бап
Осы Келісім ол күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты тапсыру арқылы оған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кез келгенінің қосылуы үшін ашық.
Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткеннен соң күшіне енеді.
11-бап
Әрбiр Тарап шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жiберу арқылы осы Келiсiмнен шығуға құқылы.
2019 жылы ______ "___" ______________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол 30 күн ішінде осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке, оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін |
Армения Республикасының Үкіметі үшін |
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін |
Түрікменстан Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін |
Молдова РеспубликасыныңҮкіметі үшін |