Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 30.06.2023 № 528 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1116 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 60, 828-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерінде:
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. БЖЗҚ-ға төленуге тиіс міндетті зейнетақы жарналары Заңның 25-бабында белгіленген мөлшерлемені міндетті зейнетақы жарналарын есептеу объектісіне қолдану арқылы есептеледі.
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ең жоғары жиынтық жылдық кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының елу еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Мыналар міндетті зейнетақы жарналарын есептеу объектілері болып табылады:
1) заңды тұлғалар үшін – жалдамалы жұмыскерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасқан жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысы, ол республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының елу еселенген мөлшерінен аспайды;
2) жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын дара кәсіпкерлер үшін – жалдамалы жұмыскердің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының елу еселенген мөлшерінен аспайтын ай сайынғы табысы;
3) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар – үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуге жататын міндетті зейнетақы жарналары табысының 10 проценті мөлшерінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының елу еселенген мөлшерінің 10 процентінен жоғары болмайтын мөлшерде белгіленеді;
4) жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін – алатын табысы.
Бұл ретте жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын есептеу мақсаттары үшін алынатын табыс Заңның 25-бабының 4-тармағында белгіленген мөлшерлер шегінде, бірақ Салық кодексіне сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын табыстан аспайтын, олар дербес айқындайтын сома болып табылады.
Табысы болмаған жағдайда жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен 10 процент есебінде БЖЗҚ-ға өзінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы;
5) мемлекеттік корпорация үшін – еңбек ету қабілетінен және (немесе) жұмысынан айырылу жағдайына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ жүктілігіне, босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылу жағдайына берілетін әлеуметтік төлемдер;
6) Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналы бөлігінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі үшін – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі орталық аппаратының персоналына теңестірілген лауазымдар бойынша жалақының 100 процент мөлшері;
7) сақтандыру ұйымы үшін – жалақысынан (табысынан) айырылуына байланысты залалды өтеу ретіндегі сақтандыру төлемі;
8) салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін – нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша алған табысы;
9) Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үшін – өз пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналары республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда, астанада – айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерінің және басқа елді мекендерде айлық есептік көрсеткіштің 0,5 еселенген мөлшерінің 30 процентін құрайды. Бұл ретте республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері қолданылады.";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. БЖЗҚ-ға аударылатын міндетті зейнетақы жарналары:
1) Салық кодексінің 319-бабы 2-тармағының 31) тармақшасының тоғызыншы абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, 319-бабының 2-тармағында көрсетілген;
2) Салық кодексінің 329-бабында, 330-бабының 1-тармағында көрсетілген;
3) Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 12), 26), 27) және 50) тармақшаларында, сондай-ақ 341-бабының 1-тармағының 42) және 43) тармақшаларында (жоғалтылған жалақы (табыс) бөлігінде) белгіленгендерден басқа, Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағында көрсетілген табыстар мен төлемдерден ұсталмайды.
Міндетті зейнетақы жарналарын есептеу кезінде Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 49) тармақшасында көрсетілген жұмыскердің салық салынатын табысына түзетулер қолданылмайды.
Бұл ретте БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағы 17) тармақшасының алтыншы абзацында көзделген табыстардан ұсталмайды;
4) мүгедектер және Салық кодексінің 346-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген өзге де адамдар заттай нысанда немесе материалдық пайда түрінде алған табыстар мен төлемдерден ұсталмайды.
Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 26) тармақшасында көрсетілген әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес ұсталады.";
41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"41. Хабарлама агентке жеке өзіне қол қойғызып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табысталуға тиіс. Бұл ретте төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда:
1) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен – пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасында агент белгі қойған күннен бастап агентке табысталды деп есептеледі.
Бұл ретте мұндай хабарлама пошта немесе өзге де байланыс ұйымы қабылдағаны туралы белгі қойған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей пошта немесе өзге де байланыс ұйымы арқылы жеткізілуге тиіс.
Пошта немесе өзге де байланыс ұйымы осы тармақта көзделген, мемлекеттік кірістер органдары хабарламасы бар тапсырыс хатымен пошта арқылы агентке жіберген хабарламаны қайтарған жағдайда Салық кодексінде белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша куәгерлерді тарта отырып, салықтық тексеру жүргізу күні мұндай хабарламаны табыс ету күні болып табылады;
2) электрондық тәсілмен:
хабарламаны веб-қосымшаға жеткізген күннен бастап агентке табысталды деп есептеледі.
Бұл тәсіл электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық тәсілмен мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимыл жасайтын агентке қолданылады;
"электрондық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне хабарлама жеткізілген күннен бастап агентке табысталды деп есептеледі.
Аталған тәсіл "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген агентке қолданылады;
3) "Азаматтарға арналаған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" арқылы келу тәртібінде оны алған күннен бастап агентке табысталды деп есептеледі";
мынадай мазмұндағы 42-1-тармақпен толықтырылсын:
"42-1. Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелмеген жағдайда пайдасына міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын жеке тұлғалардың тізімін хабарлама жіберген мемлекеттік кірістер органына:
1) өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде – Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары деңгейі санатына жатқызылған агент;
2) өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде – Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің орташа деңгейі санатына жатқызылған агент ұсынады.";
43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"43. Мемлекеттік кірістер органы осы Қағидалардың 42-1-тармағына сәйкес агент ұсынған тізімдер негізінде міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек сомасын агенттердің банктік шоттарынан тізімдерді алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алады.
Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешекті агенттердің банктік шоттарынан өндіріп алу агент ұсынған тізімдерді қоса бере отырып, мемлекеттік кірістер органының инкассалық өкімі негізінде жүзеге асырылады.
Клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін банктік шотта (шоттарда) ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда банк клиенттің ақшасын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен алып қояды.
Агенттің банктік шотында ұлттық валютадағы ақша болмаған жағдайда міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешекті өндіріп алу агенттің шетелдік валютадағы банктік шоттарынан мемлекеттік кірістер органдарының ұлттық валютада шығарған инкассалық өкімдері негізінде жүргізіледі.".
2. Осы қаулының жиырма екінші, жиырма үшінші және жиырма төртінші абзацтары 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады деп белгіленсін.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |