"Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 тамыздағы № 1074 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 669 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 357 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 тамыздағы № 1074 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 29, 376-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі туралы ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін əскери-саяси жəне əскери-экономикалық басқаруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ мемлекеттік авиация және аумақтық қорғаныс салаларындағы уəкілетті орган болып табылады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Министрліктің заңды мекенжайы: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Достық көшесі, 14-үй.";

      16-тармақта:

      орталық аппараттың функцияларында:

      2-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1) Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарын жəне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысының директиваларын әзірлеуді үйлестіреді жəне бекітуге ұсынады;";

      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің террористік тұрғыдан осал әскери бөлімдері мен мекемелерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастырады;";

      11-8) тармақша алып тасталсын;

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) халықаралық әскери және әскери-экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 13-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "13-1) әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады;";

      22) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "22) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде шифрлау жұмысын, мемлекеттік құпияларды және ақпараттық қауіпсіздікті қорғауды, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғаудың криптографиялық құралдарын жобалауды, өндіруді, енгізуді, сүйемелдеуді ұйымдастырады және жүзеге асырады;";

      24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "24) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану мен мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік реттеуді және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;";

      30) және 30-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "30) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды және оларды қабылдап алуды жүзеге асырады;

      30-1) уəкілетті мемлекеттік орган басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің əскери бөлімдеріне жəне ұйымдарға, азаматтық қорғау саласындағы уəкілетті органның азаматтық қорғанысты басқару органдарына, ұлттық қауіпсіздік органдарына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің əскери бөлімдеріне шартты атаулар береді;";

      33) және 33-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "33) өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың аумақтық қорғанысты даярлау және қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі қызметін бақылайды;

      33-1) аумақтық əскерлер туралы ережені, аумақтық әскерлердің аумақтық органдарын қамтамасыз ету және ұстау қағидаларын, аумақтық қорғаныс мəселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді əзірлейді жəне бекітеді, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, аумақтық əскерлерге басшылықты жүзеге асырады, орталық жəне жергілікті атқарушы органдардың аумақтық қорғаныс мəселелері бойынша ақпарат беру тəртібі мен мерзімдерін айқындайды;";

      мынадай мазмұндағы 33-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "33-2) жұмылдыруға, соғыс жағдайы мен соғыс уақытына Қарулы Күштердің дайындығын жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, аумақтық әскерлердің, әскери оқытылған резервтің дайындығын үйлестіреді;";

      35) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "35) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі және Қарулы Күштерінің мемлекеттік мекемелері шегінде әскери мүлікті береді, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) береді;";

      мынадай мазмұндағы 35-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "35-1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери мүлкін пайдаланылмайтын мүлік деп таниды;";

      38-2) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 38-9), 38-10), 38-11), 38-12), 38-13), 38-14), 38-15), 38-16), 38-17), 38-18), 38-19), 38-20), 38-21) және 38-22) тармақшалармен толықтырылсын:

      "38-9) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты жұмыстарды жүргізуге рұқсат алу үшін ұлттық қауіпсіздік органдары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері республикалық мемлекеттік мекемелерінің арнайы сараптамасын және командирлерді (бастықтарды) аттестаттауды ұйымдастырады және жүргізеді;

      38-10) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде арнайы тексерулер мен арнайы зерттеулерді ұйымдастырады және жүргізеді;

      38-11) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдар берген, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды қамтамасыз етеді;

      38-12) құзыреті шегінде ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізеді;

      38-13) Қазақстан Республикасының әскери ұлттық стандарттарын әзірлейді, келіседі, әзірлеуге, өзгертуге және олардың күшін жоюға қатысады;

      38-14) әскери мақсаттағы ғарыш қызметі саласындағы жобалардың іске асырылуын ұйымдастырады;

      38-15) ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, қосарланған және әскери мақсаттағы ғарыш қызметі саласындағы жобаларды іске асырады;

      38-16) қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының радиоэлектрондық құралдары үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсат береді;

      38-17) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін метрологиялық қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      38-18) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      38-19) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі бақылауды жүргізеді;

      38-20) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар және Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аудандарды белгілеу қағидаларын әзірлейді;

      38-21) пилотсыз ұшу аппараттарының шекаралық белдеудің үстінен ұшуын келіседі;

      38-22) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде техникалық барлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;";

      ведомствоның функцияларында:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарын жəне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының директиваларын əзірлейді;";

      4) тармақша алып тасталсын;

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік органдардың қатысуымен Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарын әзірлейді, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жұмылдыру жоспарын әзірлеуге қатысады;";

      мынадай мазмұндағы 6-1) және 6-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "6-1) экономика салаларынан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың жұмылдыру қажеттіліктерін айқындау қағидаларын әзірлейді;

      6-2) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңіне және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумағындағы әскери-көліктік міндеттілік қағидаларын әзірлейді;";

      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін қолдану қағидаларын, Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау қағидаларын және Қазақстан Республикасының қорғанысын жоспарлау қағидаларын əзірлейді;";

      14) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 25-1), 25-2), 25-3), 25-4) және 25-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "25-1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыруды, жинақтауды, сақтауды және пайдалануды жүзеге асырады;

      25-2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді;

      25-3) Қазақстан Республикасының Үкiметі белгілеген тәртіппен соғыс қимылдарын жүргізу кезеңінде жарамсыз күйге түскен немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамының өмiрiне қатер төнген кезде жоғалған әскери мүлікті есептен шығарады;

      25-4) Қазақстан Республикасының Үкiметі белгілеген тәртіппен өздерiнiң жедел басқаруындағы әскери мүлiктің есебін жүргізедi;

      25-5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде əскери тасымалдарды ұйымдастыру қағидаларын жəне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде əскери тасымалдарды ресімдеу жəне оларға ақы төлеу қағидаларын əзірлейді;";

      21-тармақта:

      15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың əскери киiм нысанын киіп жүру жəне айырым белгілерін, сондай-ақ басқа да белгілерді тағып жүру қағидаларын бекітеді;";

      19-4) тармақша алып тасталсын;

      19-11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-11) оларда қызмет өткеру әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалысқа қосымша 10 тәулік демалыс беруге құқық беретін жергілікті жерлердің тізбесін бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 19-64), 19-65), 19-66), 19-67), 19-68), 19-69), 19-70), 19-71), 19-72), 19-73), 19-74), 19-75), 19-76), 19-77), 19-78),19-79), 19-80), 19-81), 19-82), 19-83), 19-84), 19-85), 19-86), 19-87), 19-88),19-89), 19-90), 19-91), 19-92), 19-93), 19-94), 19-95), 19-96) және 19-97) тармақшалармен толықтырылсын:

      "19-64) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру және атқару қағидаларын бекітеді;

      19-65) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-66) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде есептеу техникасы құралдарын (жергілікті есептеу желілерінде және автоматтандырылған басқару жүйелерінде) қолдана отырып, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді өңдеу кезінде құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-67) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жыл сайынғы іс-шаралар жоспарын бекітеді;

      19-68) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты жұмыстарды жүргізуге рұқсат алу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери басқару органдарының, республикалық мемлекеттік мекемелерінің арнайы сараптамаларын және командирлерді (бастықтарды) аттестаттауды жүргізу жөніндегі сараптама комиссияларының құрамын бекітеді;

      19-69) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындары ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларды (бағдарламаларды) орындау шеңберінде іске асыратын ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және технологиялық жұмыстарды ұйымдастыру туралы нұсқаулықты бекітеді;

      19-70) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде сүңгуірлік түсулерді ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

      19-71) ұйымдық-штаттық іс-шаралардың материалдарын жоспарлау және дайындау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери басқару органдарының, республикалық мемлекеттік мекемелерінің штаттары мен табельдерін әзірлеу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-72) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Әскери атақтар тізбесіне сәйкес әскери қызметшілердің штаттық лауазымдарының, әскери атақтарының, әскери-есептік мамандықтарының тізбесін, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері лауазымдары мен әскери атақтарының кодтарын бекітеді;

      19-73) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери басқару органдарының, республикалық мемлекеттік мекемелерінің орналасу есебін жүргізу қағидаларын бекітеді;

      19-74) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерін жұмылдыруды жүргізу және жергілікті әскери басқару органдарының адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізу қағидаларын бекітеді;

      19-75) Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидаларын бекітеді;

      19-76) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полициясы органдарының кинологиялық қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      19-77) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің көлік құралдарын бақылауды және 200 шақырымнан астам қашықтықта пайдалануды ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      19-78) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде парашюттік (парашюттік-десанттық, әуе-десанттық) даярлық жөніндегі қағидаларды бекітеді;

      19-79) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін әскери мүлікпен материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-80) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін метрологиялық қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-81) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      19-82) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде құпияландырылған байланыстың қауіпсіздігін ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-83) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде құпияландырылған байланыстың ведомстволық желісі жабдығын орналастыру және монтаждау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-84) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде байланыс қауіпсіздігін ұйымдастыру және байланыс қауіпсіздігі бұзушылықтарын жіктеу қағидаларын бекітеді;

      19-85) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің республикалық мемлекеттік мекемелерінде қызметтік хат алмасу және іс қағаздарын жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-86) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мүддесінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырған және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Бас штабының және Қарулы Күштерінің құрылымдық бөлімшелерінің өзара іс-қимыл қағидаларын бекітеді;

      19-87) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

      19-88) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарының қызметтік жұмысын бағалау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      19-89) алғашқы көмек (жеке, топтық) дәрі қобдишаларының тізімдемелерін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;

      19-90) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының жедел-іздестіру қызметін жүргізу, сондай-ақ өздеріне жүктелген өзге де міндеттерді шешу үшін құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен қажетті ақпаратты алу қағидаларын және негіздерін бекітеді;

      19-91) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде және Қарулы Күштерінде қызметтік пайдаланудағы техникалық құралдарды (ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын және мобильді құрылғыларды) кіргізу, шығару және пайдалану қағидаларын бекітеді;

      19-92) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің террористік тұрғыдан осал әскери бөлімдері мен мекемелерінің тізбесін олардың санаттарына сәйкес әзірлейді және бекітеді;

      19-93) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде əскери тасымалдарды ұйымдастыру қағидаларын жəне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде əскери тасымалдарды ресімдеу жəне оларға ақы төлеу қағидаларын бекітеді;

      19-94) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-медициналық мекемелерінде әскери қызметшілерге медициналық қарап-тексеру жүргізудің қағидаларын бекітеді;

      19-95) тағайындау кезінде əскери қызметшілер мен азаматтық персонал адамдарына қатысты психологиялық-физиологиялық жəне полиграфологиялық зерттеулер қолданыла отырып, тексеру жүргізілетін әскери лауазымдар тізбесін бекітеді;

      19-96) соғысқа қатысушы куәлігін беру қағидаларын бекітеді;

      19-97) ұшу қауіпсіздігі мəселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметіне мемлекеттік бақылауды жəне қадағалауды жүргізу қағидаларын бекітеді;".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады