Аукциондық бағаларды индекстеу тәртібін қамтитын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 наурыздағы № 134 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 988 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 31.12.2021 № 998 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі 16-бабының 4-3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Аукциондық бағаларды индекстеу тәртібін қамтитын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 12 наурыздағы
№ 134 қаулысымен
бекітілген

Аукциондық бағаларды индекстеу тәртібін қамтитын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Аукциондық бағаларды индекстеу тәртібін қамтитын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 16-бабының 4-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және аукциондық бағаларды индекстеу тәртібін қамтитын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату – органикалық қалдықтардан биогаз және өзге де отын алуды қоспағанда, қалдықтардың көлемін азайту және энергия алу, оның ішінде оларды қайталама және (немесе) энергетикалық ресурстар ретінде пайдалану мақсатында оларды термиялық өңдеу процесі;

      2) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі – қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға арналған техникалық құрылғылар мен қондырғылардың және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату үшін технологиялық тұрғыдан қажетті, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылымның жиынтығы;

      3) аукциондық баға – қаржы-есеп айырысу орталығының қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі өндіретін электр энергиясын сатып алуына аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша айқындалған және тиісті шекті аукциондық бағаның деңгейінен аспайтын баға;

      4) шекті аукциондық баға – қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына аукциондық бағаның ең жоғары шамасы;

      5) уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудан алынатын энергияны өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      7) қаржы моделі – бұл қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаны есептей отырып, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың енгізілуін сипаттайтын өзара байланысты көрсеткіштер жиынтығы (жүйесі);

      8) қаржы-есеп айырысу орталығы – жүйелік оператор құратын және уәкілетті орган айқындайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамада көзделген тәртіппен қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілер өндірген және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне жеткізілген электр энергиясын орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      4. Шекті аукциондық бағалар бекітілген күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша АҚШ долларымен және еуромен баламасы көрсетіліп, теңгемен бекітіледі.

2. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды айқындау тәртібі

      5. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық баға қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудың жаңа объектілерін салуға және пайдалануға арналған шығындарды өтеу қағидаты негізге алына отырып айқындалады.

      6. Пайдаланудың бірінші жылына қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаны есептеу формуласы:

      ШАБ = (ЭӨШ+ ТП) / ЭБ, мұнда

      ШАБ – шекті аукциондық баға (теңге);

      ЭӨШ – қаржы моделіне сәйкес электр энергиясын өндіруге арналған шығындар және кезең шығыстары (теңге);

      ТП – тіркелген пайда (теңге);

      ЭБ – электр энергиясын беру көлемі, қаржы моделі (кВт*сағ).

      7. Электр энергиясына шекті аукциондық бағаны қалыптастыру кезінде ескерілетін электр энергиясын өндіру шығындары (ЭӨШ) мыналарды қамтиды:

      1) материалдық шығындар (отын, отынды тасымалдау, технологиялық қажеттіліктерге арналған су, жанар-жағармай материалдары, өзге де негізгі және қосалқы материалдар);

      2) өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстары;

      3) әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар;

      4) жөндеу шығыстары (негізгі құралдар құнының артуына әкелмейтін ағымдағы және күрделі жөндеулер);

      5) қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем;

      6) су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем;

      7) салықтар (жер, көлік, мүлік және басқа да міндетті төлемдер);

      8) техникалық диспетчерлендіру бойынша көрсетілетін қызметтер;

      9) электр энергиясын өндіруді-тұтынуды теңестіру бойынша көрсетілетін қызметтер;

      10) басқа ұйымдар көрсететін өндірістік сипаттағы қызметтер.

      Кезең шығыстарына мыналар кіреді:

      1) әкімшілік персоналдың еңбегіне ақы төлеу;

      2) сақтандырудың міндетті түрлеріне, салықтарға, алымдар мен төлемдерге шығыстар;

      3) іссапар шығыстары;

      4) басқа ұйымдар көрсететін қызметтер (аудиторлық, банк қызметтері, байланыс қызметтері);

      5) қарыз қаражаты үшін сыйақы төлеу шығыстары (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2,0 еседен аспайтын ресми мөлшерлемесі қолданыла отырып есептелген сома шегінде ұлттық валютада алынады).

      8. Тіркелген пайданы (ТП) есептеу мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      ТП = CAPEX * WACC, мұнда

      ТП – тіркелген пайда (теңге);

      CAPEX – қаржылық модельге сәйкес жобаға жұмсалатын инвестициялық шығындардың шамасы (теңге);

      WACC – капиталдың орташа өлшемді мөлшерлемесі.

      9. Капиталдың орташа өлшемді құны (WACC) капиталдың орташа өлшемді құнын есептеу формуласы бойынша айқындалады:



      WACC – капитал кірістілігінің орташа өлшемді мөлшерлемесі, %;

      RE – меншікті капиталдың құны, теңге;

      RD – қарыз капиталын тарту құны, теңге;

      E/(D+E) – салынған жиынтық капиталдағы меншікті капиталдың шамасы, теңге;

      D/(D+E) – салынған жиынтық капиталдағы қарыз капиталының шамасы, теңге;

      T – корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі, %.

      Меншікті капиталдың құны қарыз капиталын тарту құнынан кем болмайтын шама болып табылады.

      10. Меншікті капиталдың құны (RE) капитал активтерін бағалаудың түрленген моделі негізінде мынадай формула бойынша айқындалады:

      Re = Rf + bL * ERP + SP + CP + SR, мұнда

      RE – меншікті капиталдың құны, теңге;

      RF – номиналды тәуекелсіз мөлшерлеме, %;

      ßL – акционерлік капиталдың бета салалық коэффициенті (капитал құрылымы ескерілген, levered beta);

      ERP – акцияларға салым тәуекелі үшін күтілетін сыйлықақы, %;

      SP – мөлшер үшін сыйлықақы, %;

      CP – елдік тәуекел үшін сыйлықақы (таңдалған RF қарай қолданылады), %;

      SR – жобаның өзіне тән тәуекелдері үшін сыйлықақы, %.

      11. Номиналды тәуекелсіз мөлшерлеме (RF) Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) Федералдық резерв жүйесінің ресми сайтында орналастырылған деректерге сәйкес реттеудің есептік кезеңінің басында АҚШ-тың 20 жылдық мемлекеттік қазынашылық облигацияларын өтеуге кірістілік ретінде айқындалады.

      12. Капитал құрылымы (ßL) ескерілген акционерлік капиталдың бета салалық коэффициенті мынадай формула бойынша айқындалады:




      ßL – акционерлік капиталдың бета коэффициенті (капитал құрылымы ескерілген, levered beta);

      ßU – акционерлік капиталдың бета коэффициенті (капитал құрылымы ескерілмеген, unlevered beta);

      D/E – меншікті капитал шамасындағы қарыз капиталдың (борыштың) шамасы;

      T – корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі, %.

      13. Капитал құрылымы ескерілмеген акционерлік капиталдың бета салалық коэффициенті реттеу кезеңінің алдындағы жылғы АҚШ энергетикалық секторы бойынша А. Дамодаранның орташа салалық бета бойынша деректері негізінде айқындалады.

      14. Салынған жиынтық капиталдағы қарыз капиталының (борыштың) шамасы (D/( D + E) реттеу кезеңінің алдындағы жылғы АҚШ энергетикалық секторы бойынша А. Дамодаранның деректері негізінде орташа салалық көрсеткіш ретінде айқындалады.

      15. Салынған жиынтық капиталдағы меншікті капиталдың шамасы (E/( D + E) мынадай формула бойынша айқындалады:



      E/(D+E) – салынған жиынтық капиталдағы меншікті капиталының шамасы;

      D/(D+E) – салынған жиынтық капиталдағы қарыз капиталының (борыштың) шамасы.

      16. Меншікті капитал шамасындағы (D/E) қарыз капиталының (борыштың) шамасы мынадай формула бойынша айқындалады:



      D/E – меншікті капитал шамасындағы қарыз капиталының (борыштың) шамасы;

      D/(D+E) – салынған жиынтық капиталдағы қарыз капиталының (борыштың) шамасы.

      17. Акцияларға салым салу тәуекелі үшін күтілетін сыйлықақы 6 % деңгейінде қабылданды.

      18. Мөлшер үшін сыйлықақы микро-капиталдандыруы бар компаниялар үшін зерттеулердің деректері негізінде айқындалады. Капиталдың орташа өлшемді құнын есептеу үшін осы параметрді қайта қарау реттеудің есептік кезеңінің басында ғана жүргізіледі.

      19. Елдік тәуекел үшін сыйлықақы Қазақстан Республикасы үшін реттеу кезеңінің алдындағы жылғы А. Дамодаранның елдік тәуекел бойынша деректері негізінде айқындалады.

      20. Капиталдың орташа өлшемді құнын есептеу үшін осы параметрді қайта қарау реттеудің есептік кезеңінің басында ғана жүргізіледі.

      21. Жобаның өзіне тән тәуекелдері үшін сыйлықақы 3 % деңгейінде айқындалды.

      22. Қарыз капиталын тарту құны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша Қазақстан Республикасындағы қаржылық емес ұйымдарға банктер берген ұзақ мерзімді кредиттер бойынша орташа нақты мөлшерлеме ретінде айқындалады.

      23. Корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес номиналды мәнде айқындалады.

      24. Капитал кірістілігінің орташа өлшемді мөлшерлемесінің (WACC) 17,55 % мөлшеріндегі шамасы қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаны айқындау есептерінде пайдаланылатын капитал кірістілігінің орташа өлшемді мөлшерлемесінің (WACC) шамасы ретінде қолданылады.

      25. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағалар электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен және индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісілген жағдайда уәкілетті органның актісімен бекітіледі.

3. Аукциондық бағаларды индекстеу тәртібі

      26. Аукциондық бағалар жобаны қаржыландыру құрылымына және экономикалық негізділігіне қарай осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген шетелдік валюталарға қатысты ұлттық валюта бағамы елеулі (10 % астам) өзгерген жағдайда тұтыну бағаларының индексі (ТБИ) және/немесе кезектен тыс индекстеу ескеріліп, жыл сайын индекстеуге жатады.

      27. Қаржы-есеп айырысу орталығы аукциондық бағаларды инфляцияны ескере отырып, жылына бір рет 1 қарашаға мынадай формула бойынша индекстейді:

      Тt+1= Тt * ТБИ,

      мұнда Тt+1 – жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептелген, азайту жағына қарай бүтін тиынға дейін дөңгелектенетін индекстелген аукциондық баға;

      Тt – егер бұрын индекстеу жүргізілген болса, ол ескерілген, аукциондық баға;

      ТБИ – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша айқындалатын, индекстеу жүргізілген жылдың 1 қарашасының алдындағы он екі айда жинақталған тұтыну бағаларының индексі.

      28. Шетел валютасында кредиттік міндеттемелері бар жобалар үшін аукциондық бағалар инфляция мен айырбасталатын валюталарға ұлттық валютаның айырбас бағамының өзгеруі ескеріле отырып, жылына бір рет 1 қарашаға мынадай формула бойынша индекстеледі:



      Тt+1 – жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептелген, азайту жағына қарай бүтін тиындарға дейін дөңгелектенетін индекстелген аукциондық баға;

      Tt – егер бұрын индекстеу жүргізілген болса, ол ескерілген аукциондық баға;

      ТБИt – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша айқындалатын, индекстеу жүргізілген жылдың 1 қарашасының алдындағы он екі айда жинақталған тұтыну бағаларының индексі;

      USDt+1 – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша индекстеу жүргізілген жылдың 1 қарашасына айқындалатын АҚШ долларына теңгенің ағымдағы бағамы;

      USDt – индекстеу жүргізілетін күннің алдындағы он екі ай кезеңінде есептелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша айқындалатын АҚШ долларына теңгенің орташа бағамы.

      29. Аукциондық бағаларды индекстеудің есеп-қисабын қаржы-есеп айырысу орталығы жыл сайын 10 қарашаға дейін жүзеге асырады.

      30. Аукциондық бағаларды индекстеудің есеп-қисабын және индекстелген аукциондық бағаларды қаржы-есеп айырысу орталығы тиісті жылдың 15 қарашасынан кешіктірмей өзінің ресми интернет-сайтында жариялайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады