Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (Нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын орнықты дамыту бағдарламасы) қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (Нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын орнықты дамыту бағдарламасы) қол қою туралы
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімнің (Нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын орнықты дамыту бағдарламасы) жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаевқа Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (Нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын орнықты дамыту бағдарламасы) қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 12 мамырдағы № 312 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН |
Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы
ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ (Нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын орнықты дамыту бағдарламасы)
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ("Қарыз алушы") мен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ ("Банк") арасындағы қол қойылған күнгі күнмен белгіленген келісім. Осы арқылы Қарыз алушы мен Банк мыналар туралы уағдаласты:
I БАП – ЖАЛПЫ ШАРТТАР; АНЫҚТАМАЛАР
1.01. Жалпы шарттар (осы Келісімге Қосымшада көрсетілген) осы Келісімге қолданылады және оның бір бөлігі болып табылады.
1.02. Егер мәнмәтіннен өзгеше туындамаса, онда осы Келісімде пайдаланылатын, бас әріптерден басталатын терминдер Жалпы шарттарда немесе осы Келісімге Қосымшада оларға бекітіп берілген мағыналарға ие болады.
II БАП – ҚАРЫЗ
2.01. Банк Қарыз алушыға сипаттамасы осы Келісімге 1-толықтыруда келтірілген бағдарламаны ("Бағдарлама") қаржыландыруға жәрдем көрсету мақсатында Валюталар конверсиясы арқылы кезең-кезеңмен айырбасталуы мүмкін төрт жүз елу тоғыз миллион сегіз жүз мың еуроға (459 800 000 еуро) тең соманы ("Қарыз") беруге келісті.
2.02. Қарыз алушы Қарыз қаражатын осы Келісімге 2-толықтырудың IV бөлімінің ережелеріне сәйкес алуға құқылы. Қарыз Шотынан алынатын барлық қаражатты Банк Қарыз алушы көрсеткен және Банк үшін қолайлы болып табылатын шотқа депозиттеуге тиіс.
2.03. Біржолғы комиссия Қарыз сомасының бір процентінің төрттен бірін (0,25%) құрайды.
2.04. Резервке қою үшін комиссия Қарыздың алынбаған бөлігінің жылдық бір процентінің төрттен бірін (0,25%) құрайды.
2.05. Проценттік мөлшерлеме Ауыспалы спредті қосқанда Референттік мөлшерлемеге; немесе конверсиядан кейін қолданылуы мүмкін осындай мөлшерлемеге тең; Жалпы шарттардың 3.02 (e) бөлімінің ережелеріне сәйкес айқындалады.
2.06. Әр жылдың 15 қазаны мен 15 сәуірі төлем күндері болып табылады.
2.07. Қарыздың негізгі сомасы осы Келісімге 3-толықтыруға сәйкес өтеледі.
III БАП – БАҒДАРЛАМА
3.01. Қарыз алушы өзінің Бағдарлама мақсаттарына қол жеткізуді ұстанатыны туралы мәлімдейді. Осы мақсатта Қарыз алушы АШМ және әкімдіктер арқылы және ЭГТРМ-мен бірлесіп, Бағдарламаның 3-бөлігіне қатысты Бағдарламаны Жалпы шарттардың V бабының және осы Келісімге 2-толықтырудың ережелеріне сәйкес іске асыруға тиіс.
IV БАП – КҮШІНЕ ЕНУ; ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ
4.01. Қосымша шарттар мынадай болып табылады:
(a) АШМ-ның нысаны және мәні бойынша Банк үшін қанағаттанарлық болып табылатын Бағдарламаны іске асыру жөніндегі нұсқаманы қабылдауы;
(b) АШМ-ның нысаны және мәні бойынша Банк үшін қанағаттанарлық болып табылатын, біліктілігі мен техникалық тапсырмасы Банк үшін қанағаттанарлық сарапшылармен жасақталған ББО-ны құруы; және
(c) Нысаны және мәні бойынша Банк үшін қанағаттанарлық Бағдарламаны Мемлекеттік бағдарламаға енгізу.
4.02. Қол қою күнінен кейін бір жүз жиырма (120) күн өткен соң басталатын күн осы Келісім күшіне енетін соңғы мерзім болып табылады.
V БАП – ӨКІЛДЕР; МЕКЕНЖАЙЛАР
5.01. Қаржы министрі Қарыз алушының өкілі болып табылады.
5.02. Жалпы шарттардың 10.01-бөлімінің мақсаттары үшін: (а) Қарыз алушының мекенжайы:
Қаржы министрлігі
Мәңгілік Ел даңғылы, 8
010000, Нұр-Сұлтан
Қазақстан Республикасы
Телекс: Факс:
265126 (FILIN) (7) (7172) 750201
5.03. Жалпы шарттардың 10.01-бөлімінің мақсаттары үшін:
(а) Банктің мекенжайы:
Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі
1818 N. W. Н, көшесі,
Вашингтон, Колумбия округі, 20433
Америка Құрама Штаттары; және
(b) Банктің электрондық мекенжайы:
Телекс: Факс:
248423 (MCI) немесе 1-202-477-6391
64145(MCI)
Қол қойылған күні КЕЛІСІЛДІ.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Кім
________________________________
Уәкілетті өкіл
Т.А.Ә: _________________________
Лауазымы: _________________
Күні: __________________________
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ
Кім____________________________
Уәкілетті өкіл
Т.А.Ә: _____________________
Лауазымы: _________________
Күні: __________________________
1-ТОЛЫҚТЫРУ
Бағдарламаның сипаттамасы
Бағдарламаның мақсаты Қазақстанда экологиялық орнықты, инклюзивті және бәсекеге қабілетті сиыр етінің өндірісін дамытуды қолдау болып табылады.
Бағдарлама Мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі болып табылады және мынадай іс-шараларды қамтиды:
1-бөлік. Ветеринариялық қызметтер көрсету және жануарларды есепке алу жүйесін жетілдіру
1.1. Есепке алу мен қадағалаудың бірыңғай жүйесі:
(a) қадағалаудың бірыңғай жүйесі үшін нормативтік-құқықтық базаны қабылдау;
(b) деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету және деректердің дұрыстығын тексеру хаттамаларын әзірлеу және енгізу; және
(c) жануарларды есепке алудың ағымдағы жүйелерінің құрылымы мен өзара байланысын жетілдіру.
1.2. Ветеринариялық қызметтердің әлеуетін нығайту:
(a) шағын және орта фермер қожалықтарының инфекциялық емес ауруларды бақылау үшін ветеринариялық көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуімен байланысты реттеуші және институционалдық проблемаларды анықтау үшін ветеринариялық қызметтердің қызметін бағалау шеңберінде олқылықтарға талдау жүргізу;
(b) ветеринариялық қызметтер көрсету үшін Қарыз алушының саясатын, нормативтік-құқықтық базасын және институционалдық құрылымын жетілдіру және қажет болған жағдайда заңнамаға түзетулер әзірлеу; және
(c) жеке ветеринариялық көрсетілетін қызметтер провайдерлерінің әлеуетін нығайту және белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін жеке ветеринарлардың ауруларды емдеу және олардың профилактикасы бойынша көрсетілетін қызметтерін ұсыну.
2-бөлік. Фермерге бағдарланған қызметтер көрсету моделін ауқымды тарату
2.1. Фермерлерге білім мен ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін беру:
(a) климаттың өзгеруіне бейімделген, ауыл шаруашылығын жүргізу қағидаттарын қамтитын жайылымдық жерлерді басқарудың және жануарларды күтіп-бағудың үздік практикасын әзірлеу;
(b) фермерлерді оқытудың ауқымды таратылған бағдарламаларын іске асыру;
(c) техникалық консультациялық көрсетілетін қызметтерді қолдау;
(d) демонстрациялық шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы сарапшылық-консультациялық орталықтарының ұлттық желісін дамыту;
(e) Жеке қосалқы қожалықтардың фермерлері үшін дала мектептерінде оқыту бағдарламаларын өткізу; және
(f) ет бағытындағы ірі қара мал өсіретін фермерлердің бордақылау алаңдарымен байланыс орнатуына техникалық көмек көрсету.
2.2. Бордақылау алаңдарымен байланысты жаңа шағын және орта фермер қожалықтарына мал басы үшін төлемдер мен үлестік гранттар:
(a) үздік практиканы енгізуге, өндірістік объектілерді салу мен жаңғыртуға, бордақылау алаңдарымен және қасапханалармен байланыс орнатуға көмек көрсету мақсатында ет бағытындағы ірі қара мал өсіретін шаруа фермер қожалықтарының жаңадан тіркелген иелеріне мал басы үшін төлемдер және үлестік гранттар;
(b) ет бағытындағы ірі қара мал өсіретін шаруа фермер қожалықтарының жаңадан тіркелген иелеріне асыл тұқымды ірі қара мал импорты үшін "Сыбаға" бағдарламасына қол жеткізуге қолдау көрсету; және
2.3. Көрсетілетін қызметтер мен жер ресурстарына қол жеткізу:
(a) жер ресурстарын тиімді пайдалану үшін әлеуетті нығайту; және
(b) фермерлердің неғұрлым өнімді жайылымдарға қолжетімділігін жақсарту үшін әкімдіктердің қоғамдық жайылымдарды және суат орындарын басқару жөніндегі әлеуетін нығайту.
3-бөлік. Етті мал шаруашылығы секторында тиімді "жасыл өсу" саясатын жүргізу
3.1. Ет секторында жасыл экономика қағидаттарын нығайту саясаты:
(a) 2022 – 2026 қаржы жылдарына арналған мемлекеттік бағдарламада жасыл өсу қағидаттарын және етті мал шаруашылығы секторының орнықтылығын көрсету; және
(b) ет секторында жасыл өсу қағидаттарын қолданудың үздік практикасын ілгерілету мақсатында ауыл шаруашылығын қолдау жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру.
3.2. ПГ шығарындыларын мониторингтеудің, олардың есептілігі мен тексерудің бірыңғай жүйесін құру:
(a) етті мал шаруашылығы секторындағы шығарындыларды азайту жөніндегі нақты нысаналы көрсеткіштерді ескере отырып, ұлттық деңгейде айқындалатын Болжамды салымды жаңарту;
(b) мал шаруашылығы секторы үшін климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі жоспарды қабылдау және қаржыландыру; және
(с) мал шаруашылығы секторындағы ПГ шығарындыларын мониторингтеу, олардың есептілігі мен тексеру (МЕТ) жүйесін құру және оның жұмыс істеуі.
2-ТОЛЫҚТЫРУ
Бағдарламаны орындау
I бөлім. Іске асыру тетіктері
A. Бағдарлама институттары
1. Қарыз алушы АШМ арқылы Бағдарламаны жалпы іске асыруға, мониторингтеуге және бағалауға жауапты болады.
2. Қарыз алушы АШМ арқылы:
(a) Бағдарламаны іске асыру барысы туралы жартыжылдық есептерді дайындауды, Бағдарламаның шығыстары бойынша тиісті қаржы есептілігін дайындауды қоса алғанда, Бағдарламаны мониторингтеу үшін жауапты және біліктілігі, тәжірибесі және жалдау шарттары жазылған Бағдарламаны іске асыру жөніндегі нұсқамада ("БІАН") сипатталған тиісті кәсіби, фидуциарлық, әкімшілік және техникалық персоналмен жасақталған Бағдарламаны басқару офисін ("ББО") жедел құрады және кейіннен Бағдарламаны іске асыру кезеңінде оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін болады; және
(b) Күшіне енген күннен кейін 3 (үш) ай ішінде Банк үшін қолайлы және БІАН-да көрсетілген шарттарда Бағдарламаны стратегиялық бақылау және оған басшылық жасау үшін жауап беретін, Ауыл шаруашылығы вице-министрі басқаратын және Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және кез келген тиісті еншілес компаниялар, жекелеген әкімдіктер және ЭГТРМ өкілдерін қоса алғанда, АШМ өкілдерінен, сондай-ақ "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, оқу және зерттеу мекемелері, салалық қауымдастықтар мен фермерлер одақтары секілді тиісті мүдделі тараптардың өкілдерінен тұратын Бағдарламаның үйлестіру кеңесін құрады және кейіннен Бағдарлама іске асырылатын кезең бойы оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін болады;
(с) Банк бекіткен шарттарда Бағдарламаның 2.2 және 2.3-бөліктерін іске асыру мақсатында және басталғанға дейін АШМ әкімдіктермен Бағдарламаның техникалық, фидуциарлық, экологиялық және әлеуметтік талаптарын белгілейтін МЕТ жасасады, оларды Бағдарламаның іс-шаралар жоспарының тиісті ережелерін қоса алғанда, әкімдіктер орындауға тиіс.
B. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі нұсқама
1. Қарыз алушы Бағдарламаны іске асыру жөніндегі нұсқамаға ("БІАН") сәйкес Бағдарламаны жүргізуге тиіс. БІАН-ды АШМ дайындауы және онда басқалармен қатар мыналар қамтылуға тиіс:
(a) Бағдарламаның толық сипаттамасы және Бағдарлама шығыстарының болжамы;
(b) мониторингтеу және бағалау тетіктері және нәтижелерді мониторингтеу тетігі;
(c) Бағдарламаның іс-шаралар жоспары;
(d) ҚИБИ, Базалық мәндер, Қаражатты игеру формулалары және Верификациялау хаттамалары; және
(e) ББО персоналының міндеттері; және
(f) Бағдарламаның 3-бөлігіне қатысты ЭГТРМ-мен ынтымақтастық тетіктері.
Егер Банкпен өзге де уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Қарыз алушы АШМ арқылы БІАН ережелеріне қандай да бір өзгерістер енгізуге немесе олардан бас тартуға тиіс емес. БІАН ережелері мен осы Келісімнің ережелері арасында қандай да бір алшақтықтар туындаған жағдайда, осы Келісімнің ережелері басым күшке ие болады.
2. Қарыз алушы АШМ арқылы Бағдарламаның іс-шаралар жоспарын оның шарттарына сәйкес орындайды және әкімдіктердің өздеріне қатысты бөлігінде орындауын қамтамасыз етеді.
II бөлім. Іс-шараларды алып тастау
Қарыз алушы АШМ арқылы Бағдарламадан:
(a) Банктің пікірі бойынша қоршаған орта үшін және (немесе) ол көрсетілетін адамдар үшін сезімтал, қолайсыз немесе бұрын-соңды болмаған елеулі қолайсыз әсері болатыны ықтимал; немесе
(b) мыналарды: (i) бір келісімшартқа 75 000 000 АҚШ долларына баламалы немесе одан көп сметалық құны бар жұмыстарды; (ii) бір келісімшартқа 50 000 000 АҚШ долларына баламалы немесе одан көп сомаға тауарларды; (iii) бір келісімшартқа 20 000 000 АҚШ долларына баламалы немесе одан көп сомаға консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алумен байланысты кез келген іс-шараларды алып тастауды қамтамасыз етеді.
III бөлім. Бағдарламаны мониторингтеу, оның есептілігі және оны бағалау
A. Бағдарлама бойынша есептер
Қарыз алушы АШМ арқылы әрбір күнтізбелік жартыжылдық аяқталғаннан кейін 45 (қырық бес) күннен кешіктірмей Бағдарлама бойынша күнтізбелік жартыжылдық үшін барлық Есептерді Банкке беретін болады.
B. Верификациялау жөніндегі тәуелсіз агент және верификациялау хаттамалары
1. Қарыз алушы АШМ арқылы:
(a) осы Толықтырудың IV.А.2-бөлімінің кестесінде көрсетілген ҚИБИ орындалуын растайтын деректер мен басқа да куәліктерді тексеретін, Банк үшін қанағаттанарлық біліктілігі, жұмыс тәжірибесі мен техникалық тапсырмасы бар Верификациялау жөніндегі тәуелсіз агентті ("Верификациялау жөніндегі тәуелсіз агент") шұғыл іріктеуге, Күшіне енген күннен кейін 3 (үш) айдан кешіктірмей жалдауға және кейіннен Бағдарламаны іске асыру кезеңі ішінде онымен еңбек қатынастарын сақтауға;
(b) Верификациялау жөніндегі тәуелсіз агенттің Верификациялау хаттамасына сәйкес тексеру процестерін жүзеге асыруын және АШМ-ға верификациялау туралы тиісті есептерді беруін қамтамасыз етуге тиіс.
2. Қарыз алушы АШМ арқылы Банкке нысаны және мәні бойынша Банк үшін қанағаттанарлық болып табылатын верификациялау туралы тиісті есептерді уақтылы беруге тиіс.
IV бөлім. Қарыз қаражатын алу
A. Жалпы ережелер
1. Жалпы шарттардың II бабының ережелері үшін шектеусіз және Қаражатты игеру мен қаржылық ақпараттың рәсімдері туралы хатқа сәйкес Қарыз алушы Бағдарлама Шығыстарын (салықтарды қоса алғанда) қаржыландыру үшін Қарыз алушы қол жеткізген нәтижелердің ("Қаражатты игеруге байланысты нәтижелер" немесе "ҚИБН") немесе индикаторлардың ("Қаражатты игеруге байланысты индикаторлар" немесе "ҚИБИ") негізінде Қарыз қаражатын ала алады.
2. Келесі кестеде Қарыз қаражатын алудың санаттары (Қаражатты игеруге байланысты индикаторларды және егер қолдануға болатын болса, Қаражатты игеруге байланысты нәтижелерді қоса алғанда) ("Санат"), әрбір Санат бойынша бөлінетін Қарыз сомалары және егер қолдануға болатын болса, Қаражатты игеру формулалары көрсетілген:
B. Алу шарттары; Алу кезеңі
1. Осы бөлімнің А бөлігінің ережелеріне қарамастан, қаражат:
(а) осы Келісім күніне дейін жасалған төлемдер бойынша; немесе
(b) (1), (2), (3), (4), (5) немесе (6) Санаттардағы кез келген ҚИБИ немесе ҚИБН үшін Қарыз алушы Банк үшін қанағаттанарлық ҚИБИ-ға немесе ҚИБН-ға қол жеткізгенін растауды ұсынғанға дейін алынбауға тиіс.
2. Осы бөлімнің B.1-бөлігінің ережелеріне қарамастан, егер 1(c), 2(b), 3, 4 немесе 5(b) Санатынан қандай да бір ҚИБИ-ға немесе ҚИБН-ға қол жеткізілмесе, Банк Қарыз алушыны хабардар ете отырып:
(a) Банктің пікірі бойынша осы ҚИБИ/ҚИБН-ға қол жеткізу дәрежесіне сәйкес келетін көрсетілген Санатқа бөлінген Қарыздың алынбаған қаражатының осындай аз сомасын алуға рұқсат бере алады, бұл ретте мұндай аз сома Қаражатты игеру формуласына сәйкес есептелетін болады;
(b) осы ҚИБИ/ҚИБН-ға бөлінген қарыз қаражатының барлығын немесе бір бөлігін кез келген басқа ҚИБИ/ҚИБН-ға қайта бөле алады; және (немесе)
(с) осы ҚИБИ/ҚИБН үшін бөлінген Қарыз қаражатының барлығын немесе бір бөлігінің күшін жоя алады.
3. Жабылу күні – 2025 жылғы 31 желтоқсан.
3-ТОЛЫҚТЫРУ
Резервтеумен байланыстырылған өтеу графигі
Келесі кестеде Негізгі борышты өтеуге арналған төлемдердің күндері және Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтеуге жататын Қарыздың жалпы сомасының проценттік үлесі ("Өтеу үлесі") көрсетілген.
Негізгі борышты өтеуге арналған сараланған төлемдер
Өтеу үлесі | |
Әр жылдың 15 қазаны және 15 сәуірі | 7,14% |
7,18% |
ҚОСЫМША |
1."Ауыл шаруашылығын субсидиялау қағидалары" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы (i) "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" № 108 бұйрығымен және (ii) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі "Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" № 317 бұйрығымен енгізілген қағидалар жиынтығын білдіреді.
2. "Әкімдік" жергілікті әкімшілік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың жұмыс істеуі үшін аумақтық негіз құрайтын Қарыз алушының әкімшілік-аумақтық бірлігінің әкімшілігін білдіреді; ал "әкімдіктер" бірнеше әкімдікті білдіреді.
3. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқама" Жалпы шарттарға қосымшаның 5-параграфының мақсаттары үшін 2015 жылғы 10 шілдедегі редакциясында 2012 жылғы 1 ақпандағы "Нәтижеге бағдарланған бағдарламаларды қаржыландыру кезінде Банктің алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күресі жөніндегі нұсқаманы" білдіреді.
4. "Базалық мән" осы Келісімге 2-толықтырудың B.2-параграфындағы кестенің үшінші бағанында көрсетілген базалық мәндердің кез келгенін білдіреді, ол тиісті ҚИБИ немесе ҚИБН-нің орындалуын айқындау үшін пайдаланылады.
5. "Санат" осы Келісімге 2-толықтырудың IV.A.2-бөлімінің кестесінде көрсетілген санатты білдіреді.
6. "Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті" немесе "Комитет" Қарыз алушының 2013 жылғы 4 ақпандағы № 82 қаулысына сәйкес құрылған Қарыз алушының Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетін білдіреді.
7. "Қаражатты игеруге байланысты индикатор немесе "ҚИБИ" осы Санатқа қатысты осы Келісімге 2-толықтырудың IV. A.2-бөлімінің кестесінде көрсетілгендей, осы санатқа жататын индикаторды білдіреді, оған қол жеткізу негізінде осы индикатор үшін бөлінген Қарыз сомасы Қаражатты игеру формуласына сәйкес алынуы мүмкін.
8. "Қаражатты игеруге байланысты нәтиже" немесе "ҚИБН" осы Санатқа қатысты осы Келісімге 2-толықтырудың IV. А.2-бөлімінің кестесінде көрсетілгендей, осы Санаттағы нәтижені білдіреді, оған қол жеткізу негізінде осы нәтиже үшін бөлінген Қарыз сомасы Қаражатты игеру формуласына сәйкес алынуы мүмкін.
9. "Қаражатты игеру формуласы" осы Келісімге 2-толықтырудың B.2-параграфындағы кестенің үшінші бағанына енгізілген формуланы білдіреді.
10. "Құқығы бар жеке ветеринар" – бұл "Ветеринария туралы" Заңның ережелеріне (өзгерістермен және толықтырулармен), сондай-ақ № 2.1 ҚИБН талаптарына сәйкес келісімшарт жасасу өлшемшарттарына сәйкес келетін жеке ветеринар.
11. "ЭӘЖБ" 2020 жылғы 29 сәуірде Дүниежүзілік банк жүргізген Бағдарламаның экологиялық және әлеуметтік жүйелерін бағалауды білдіреді.
12. "Қаржы жылы" немесе "ҚЖ" Қарыз алушының әр жылдың 1 қаңтарынан басталып 31 желтоқсанында аяқталатын қаржы жылын білдіреді.
13. "Жалпы шарттар" – бұл 2018 жылғы 14 желтоқсандағы "Халықаралық қайта құру және даму банкінің нәтижеге бағдарланған бағдарламаларды қаржыландыруының жалпы шарттары".
14. "ПГ" парниктік газдарды білдіреді.
15. "Үздік практика" Қазақстандағы мал шаруашылықтарының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру мақсатында климаттың өзгеруіне бейімделген ауыл шаруашылығын жүргізу қағидаттарын қамтитын, алқапта тексерілген және ендірілген жайылымдарды басқаруға және жануарларды күтіп-бағуға қатысты табысты практиканы білдіреді.
16. "Мал басы үшін төлемдер" – бұл асыл тұқымды ірі қара мал басының негізінде есептелетін, Қарыз алушының қаржыландыруы үшін заңды болып табылатын, Бағдарлама талаптарына сәйкес әкімдіктер игеретін және кезең-кезеңімен өзгерістер енгізілуі мүмкін Бағдарлама шығыстарының Болжамына енгізілген, фермерлерге төленетін кез келген төлемдер.
17. "Верификациялау жөніндегі тәуелсіз агент" – бұл осы Келісімге 2-толықтырудың III.B. бөлімінде айтылған агент.
18. "Ұлттық деңгейде айқындалатын салым" немесе "NDC" акронимі Қарыз алушы 2016 жылғы 4 қарашадағы БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына сәйкес жасауға ниеттенетін парниктік газдар шығарындыларын қысқартуды білдіреді.
19. Қарыз алушының "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" Қарыз алушының 2015 жылғы 22 тамыздағы №659 қаулысына сәйкес құрылған "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы.
20. "Үлестік гранттар" – бұл Қарыз алушының қаржыландыру үшін заңды болып табылатын, Бағдарлама талаптарына сәйкес әкімдіктер игеретін және кезең-кезеңімен өзгерістер енгізілуі мүмкін Бағдарлама шығыстарының болжамына енгізілген инвестициялық шығындарды ішінара өтеу үшін фермерлерге төленетін төлемдер.
21. "ЭГТРМ" Қарыз алушының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін немесе Банк үшін қолайлы оның кез келген мұрагерін білдіреді.
22. "АШМ" Қарыз алушының Ауыл шаруашылығы министрлігін немесе Банк үшін қолайлы оның кез келген мұрагерін білдіреді.
23. "ҚМ" Қарыз алушының Қаржы министрлігін немесе Банк үшін қолайлы оның кез келген мұрагерін білдіреді.
24. "МЕТ жүйесі" Қарыз алушы ЭГТРМ арқылы Бағдарламаның 3.2(c)-бөлігіне сәйкес құратын ПГ мониторингін, есептілігін және тексеру жүйесін білдіреді.
25. "ХЭБ" Халықаралық эпизоотиялық бюроны білдіреді.
26. "Ветеринариялық қызметтердің қызметін бағалау шеңберінде олқылықтарды талдау" ХЭБ жүргізетін Қарыз алушының ветеринариялық қызметтерінің қызметін талдауды білдіреді.
27. "Бағдарламаның іс-шаралар жоспары" осы Келісімге 2-толықтырудың I. B. 2-бөлімінде айтылатын, Банктің келісімімен өзгерістер енгізілуі мүмкін Қарыз алушының 2020 жылғы 3 маусымдағы жоспарын білдіреді.
28. "Бағдарламаның үйлестіру кеңесі" осы Келісімге 2-толықтырудың I.A.1(с) бөліміне сәйкес Қарыз алушы құратын кеңесті білдіреді.
29. "Бағдарлама шығыстарының болжамы" – бұл ветеринариялық қызметтерді жетілдіру, қадағалану жөніндегі кіші бағдарламаларды, фермерге бағдарланған модельді, агроэкологиялық саясатты және көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ 2020 жылғы 3 маусымдағы ірі қара мал басы үшін төлемдер мен үлестік гранттар бойынша әкімдіктер деңгейіндегі бағдарламаларды қамтитын Бағдарлама шығыстарының басымдықтары.
30. "Бағдарламаны басқару офисі" немесе "ББО" акронимі АШМ-да құрылатын және осы Келісімге 2-толықтырудың I. A. 2(с) бөліміне сәйкес жұмыс істейтін офисті білдіреді.
31. "Бағдарламаны іске асыру жөніндегі нұсқама" немесе "БІАН" акронимі осы Келісімге 2-толықтырудың I. B.1-бөлімінде аталған нұсқаманы білдіреді.
32. "Қол қойылған күн" Қарыз алушы мен Банк осы Келісімге қол қойған екі күннің неғұрлым кешірегін білдіреді және мұндай анықтама Жалпы шарттарда "Қарыз туралы келісім күніне" деген барлық сілтемелерге қолданылады.
33. "Шағын және орта фермер қожалығы" ірі қара малдың басы 10-нан 500-ге дейін болатын шаруа фермер қожалығын білдіреді; ал "шағын және орта фермер қожалықтары" бірнеше шағын және орта фермер қожалықтарын білдіреді.
34. "Мемлекеттік бағдарлама" Қарыз алушының 2018 жылғы 12 шілдедегі № 423 қаулысымен бекітілген Қарыз алушының Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын білдіреді, ол 2022-2026 жылдар кезеңіне ұзартылуы мүмкін және оған кезең-кезеңімен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
35. "Сиыр етін өндіру мен өңдеудің тұрақтылығын арттыру жөніндегі іс-шаралар" – бұл БІАН-да егжей-тегжейлі сипатталған жасыл өсу және тұрақты сиыр етін өндіру қағидаттарын қолданатын шағын және орта фермер қожалықтарының иелеріне берілетін мал басы үшін төлемдері мен үлестік гранттар есебінен қаржыландырылатын іс-шаралар.
36. "Сыбаға" бағдарламасы" – бұл Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес құрылған шағын және орта мал шаруашылығын қолдауға бағытталған АШМ-ның кредит беру жөніндегі бағдарламасы.
37. "Бірыңғай ақпараттық жүйе" – бұл АШМ қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің негізінде Қарыз алушы № 1.1 ҚИБН талаптарына сәйкес құратын жануарлардың қадағалануын, генетикалық жақсаруын және денсаулығын бақылауды қамтамасыз етуге арналған ірі қара малды тіркеу жүйесі.
38. "Ветеринария туралы" Заң" ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін айқындайтын және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Қарыз алушының "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі № 339 Заңын (өзгерістермен және толықтырулармен) білдіреді, ол Қарыз алушының ресми газетінің 2002 жылғы № 16 санында, 148-бетінде жарияланған.
39. "Тіркелген және оқытудан өткен ветеринарлар" мемлекеттік уәкілетті органда тіркелген, Бағдарлама шеңберінде ветеринариялық қызметтер көрсету үшін ветеринариялық қызметтер көрсетудің тиісті практикасынан өткен № 2.2 ҚИБН мақсаттары үшін жеке меншік ветеринарларды білдіреді.
40. "Ұлттық статистикалық жылнама" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жыл сайын жариялайтын жылнаманы білдіреді.