Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 03.08.2023 № 641 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз.
"Техникалық реттеу туралы" 2020 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құру және оның жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 маусымдағы № 387 қаулысымен бекітілген |
Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құру және оның жұмыс істеуінің қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құру және оның жұмыс істеуінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" 2020 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын (бұдан әрі – Ақпарат орталығы) құру және оның жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
2. Ақпарат орталығы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің "Қазақстан стандарттау және метрология институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құрылымдық бөлімшесі болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылады.
3. Ақпарат орталығы өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексін, Қазақстан Республикасының "Өсімдіктер карантині туралы" 1999 жылғы 11 ақпандағы, "Өсімдіктерді қорғау туралы" 2002 жылғы 3 шілдедегі, "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі, "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі, "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы" 2014 жылғы 14 қазандағы, "Техникалық реттеу туралы" 2020 жылғы 30 желтоқсандағы заңдарын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді және осы Қағидаларды басшылыққа алады.
4. Ақпарат орталығы консультациялық қызметтер көрсету және мүдделі тараптар мен шет мемлекеттерге құжаттар мен мыналар:
1) қолданыстағы немесе әзірленетін ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралардың техникалық регламенттері, стандарттау жөніндегі құжаттар, оларға өзгерістер және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдері;
2) стандарттау саласындағы, техникалық реттеу, аккредиттеу, ветеринария және фитосанитария саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы екіжақты және көпжақты сипаттағы халықаралық шарттарға және халықаралық ұйымдарға Қазақстан Республикасының мүшелігі немесе қатысуы;
3) әзірленіп жатқан және қабылданған техникалық регламенттердің, стандарттау, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралар жобалары жөніндегі құжаттардың және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдерін немесе олар туралы мәліметтерді жариялау көздері туралы ақпараттың көшірмелерін беру мақсатында Дүниежүзілік сауда ұйымының (бұдан әрі – ДСҰ) Хатшылығымен, ДСҰ мүшелерімен, стандарттау жөніндегі халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау үшін құрылады.
5. ДСҰ хатшылығымен және ДСҰ мүшелерімен Қазақстан Республикасының ДСҰ-дағы міндеттемелеріне байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес ДСҰ мәселелері жөніндегі Ақпарат орталығы арқылы жүзеге асырылады.
6. Ақпарат орталығының негізгі міндеттері:
1) саудадағы техникалық кедергілер (бұдан әрі – СТК) және ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық (бұдан әрі – ВСФ) шаралар бойынша заңды және жеке тұлғалармен ақпарат алмасудың жедел жүйесін құру;
2) СТК саласында және ВСФ шараларын қолдану бойынша ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады.
7. Ақпарат орталығы қызметінің негізгі түрлері:
1) ДСҰ Хатшылығын, ДСҰ-ға мүше елдерді, Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды және басқа да мүдделі тараптарды:
қабылданған (бекітілген) және қолданысқа енгізілген техникалық регламенттер, ВСФ шаралары, стандарттау жөніндегі құжаттар, оларға енгізілетін өзгерістер және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдер, оларды әзірлеу процестеріне байланысты хабарламалар;
техникалық регламенттердің талаптарын, сондай-ақ ВСФ талаптарды, оның ішінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нәтижесінде бұзу фактілері;
міндетті талаптарды, оның ішінде техникалық регламенттердің талаптарын бұзу салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына, мүлкіне, қоршаған ортаға, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігі мен саулығына зиян мен нұқсан келтіру (осы нұқсанның ауырлығын ескере отырып) фактілері;
техникалық регламенттердің талаптарын, сондай-ақ ВСФ талаптарын бұзуды жою үшін қабылданған шаралар;
халықаралық ұйымдардан және үшінші елдерден алынған, адамның өмірі мен денсаулығына, мүлкіне, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі мен саулығына қауіп төндіретін өнім;
қолданыстағы бақылау және инспекциялау рәсімдері, өндіріс пен карантин қағидалары, пестицидтер мен тағамдық қоспалардың рұқсат етілетін деңгейін мақұлдау рәсімдері;
қауіптерді, бұл ретте ескерілетін факторларды бағалау, сондай-ақ ветеринариялық немесе фитосанитариялық қорғаудың тиісті деңгейін айқындау рәсімдері;
карантиндік, фитосанитариялық, эпидемиологиялық және эпизоотиялық ахуалдың және уақытша енгізілетін шаралардың нашарлауы;
анықталған және таралған карантиндік объектілер (карантиндік зиянды ағзалар);
халық арасында инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланудың) анықталуы;
адамның өміріне, денсаулығына және оның тіршілік ету ортасына қауіптілігі анықталған өнім;
бірыңғай санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлардың ықтимал келіп түсуі;
техникалық реттеу, ВСФ шаралар бойынша жұмыстарды үйлестіретін ұлттық органдар;
аккредиттеу жөніндегі орган;
сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген органдар және сынақ зертханалары (орталықтар);
техникалық реттеу, ВСФ шаралар саласындағы мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары;
сәйкестікті бағалау туралы құжаттар;
техникалық реттеу, ВСФ шаралар саласындағы халықаралық құқықтық құжаттар;
өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін растау үшін ерікті негізде қолданылуы мүмкін өңірлік (мемлекетаралық) стандарттар, сондай-ақ ұлттық (мемлекеттік) стандарттар;
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 18-03/127 бұйрығымен бекітілген Жануарлардың және адамның денсаулығына қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды алып қоймай-ақ, мiндеттi түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және өңдеу жүргiзiлетiн жануарлар ауруларының тiзбесi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7590 болып тіркелген);
"Еуразиялық экономикалық одақта ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы" Еуразиялық экономикалық одақ Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарлардың тізбесі;
"Өздеріне қатысты өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесін және аса қауiптi зиянды организмдер тiзбесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 4-4/282 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11739 болып тіркелген) өсімдіктер және аса қауіпті зиянды организмдер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесі;
"Карантинге жатқызылған өнімнің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 4-4/103 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11255 болып тіркелген) карантинге жатқызылған өнімнің тізбесі туралы ақпаратпен уақытылы қамтамасыз ету;
2) ДСҰ-ға мүше елдердің, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің, СТК және ВСФ шаралар бойынша басқа да халықаралық ұйымдардың ақпарат орталықтарымен ынтымақтастықты қамтамасыз ету;
3) СТК және ВСФ шаралар жөніндегі ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін дерекқорлар мен ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және қалыптастыру болып табылады.
2-тарау. Ақпарат орталығының жұмыс істеу тәртібі
8. Ақпарат орталығы ДСҰ Хатшылығынан, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден және басқа да халықаралық ұйымдардан хабарламалардың келіп түсуіне қарай оларды Ақпарат орталығының интернет-ресурсында хабарламалар нысанында мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастыруды жүзеге асырады.
9. Ақпарат орталығы осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес хабарламаларды алғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде оларды шет тілінен мемлекеттік және орыс тілдеріне аударуды жүзеге асырады, сондай-ақ СТК және ВСФ шаралары бойынша алынған хабарламаларға мониторинг жүргізеді.
10. Ақпарат орталығы заңды және жеке тұлғалардың сұрау салуы бойынша оларды 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен қолданыстағы немесе әзірленетін техникалық регламенттер, ВСФ шаралар, стандарттау жөніндегі құжаттар, оларға өзгерістер және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдері туралы мемлекеттік органдардың (әзірлеушілердің) ақпаратымен (түсіндірулерімен) өтеусіз негізде қамтамасыз етеді.
11. Ақпарат орталығы 1 (бір) жұмыс күні ішінде ДСҰ Хатшылығына, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге және басқа да халықаралық ұйымдарға, егер Қазақстан Республикасының ратификацияланған халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік органдардың (әзірлеушілердің) Қазақстан Республикасында әзірленетін техникалық регламенттерге, ВСФ шараларға, стандарттау жөніндегі құжаттарға, оларға өзгерістер мен өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдеріне ақпаратын (түсіндірмесін) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынады.
12. Мемлекеттік органдар СТК және ВСФ шараларының қабылдануы немесе басталу шамасына қарай осы Қағидалардың 7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпаратты Ақпарат орталығына электрондық түрде 1 (бір) жұмыс күні ішінде жібереді.
13. Ақпарат орталығы 1 (бір) жұмыс күні ішінде СТК және ВСФ шаралар саласындағы әзірленіп жатқан нормативтік құжаттар туралы хабарламаларды ағылшын тілінде жасайды және сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi органға жібереді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 маусымдағы № 387 қаулысына қосымша |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдердің тізбесі
1. "Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құрудың және оның жұмыс істеуінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 шілдедегі № 718 қаулысы.
2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 2 қыркүйектегі № 926 және 2005 жылғы 11 шілдедегі № 718 қаулыларына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылы 1 тамыздағы № 800 қаулысының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 сәуірдегі № 396 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы.
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 шілдедегі № 718 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 қыркүйектегі № 869 қаулысы.
4. "Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құрудың және оның жұмыс істеуінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 шілдедегі № 718 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 28 қазандағы № 802 қаулысы.
5. "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қарамағындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 2 қазандағы № 639 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 1-тармағы.