"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 28 маусымдағы № 438 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне:

      41-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетіне, "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне, дербес білім беру ұйымдарына және олардың ұйымдарына, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын "Елбасы Aкадемиясы" корпоративтік қорына жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды iске асыруға және мемлекеттің әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын және (немесе) әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мiндеттердi орындауға арналған тапсырыс беру мемлекеттік тапсырма болып табылады.

      Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын бөлу осы заңды тұлғалардың жарғылық капиталы ұлғайтылмай жүзеге асырылады.";

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен берілетін оң қорытындылар ескеріле отырып, жүзеге асырылады.";

      3-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қосалқы мердігерге (бірлесіп орындаушыға) берілетін мемлекеттік тапсырманың көлемін шектеу денсаулық сақтау саласы мен ақпараттық саясатты іске асыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қолданылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Мемлекеттік тапсырмаларға:

      1) техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды қоса алғанда, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша;

      2) қоғамдық сананы жаңғырту, этносаралық қатынастар мен ішкі саяси тұрақтылық, шетелдегі отандастар мен ел ішіндегі қандастарды қолдау, қоғамдық даму, мемлекеттік жастар және отбасы саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз ету салаларындағы;

      3) аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы;

      4) дін саясаты саласындағы;

      5) Ұлттық олимпиадалық және паралимпиадалық комитеттерге;

      6) мәдениет, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану, туристік қызмет салаларындағы;

      7) білім, ғылым салаларындағы;

      8) денсаулық сақтау саласындағы;

      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық қамтамасыз ету бойынша;

      10) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы жүйесінің медициналық және өзге де қызметкерлері үшін оқытуды ұйымдастыру және өткізу бойынша;

      11) кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кеме қатынасы шлюздерін күтіп-ұстау бойынша;

      12) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының желісін салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және дамыту бойынша;

      13) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу, сондай-ақ геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру бойынша;

      14) нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ғылыми экономикалық сараптама жүргізу бойынша;

      15) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласындағы нормативтік-техникалық және сметалық-нормативтік құжаттарды жетілдіру бойынша;

      16) құрылыс салынған аумақтағы жерасты және жерүсті коммуникацияларын түгендеу бойынша;

      17) жалпы мемлекеттік маңызы бар қала құрылысы құжаттарын әзірлеу және жетілдіру бойынша;

      18) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру шеңберінде іс-шаралар өткізу бойынша;

      19) мемлекеттік қызметтер көрсету, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы және (немесе) келісімі бойынша тапсырыстар жатқызылуы мүмкін.

      Мемлекеттік тапсырмалар тізбесіне осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілмеген тапсырыстарды енгізуге тыйым салынады.".

      2. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      1) 83-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Реттеушілік әсерге талдау жүргізу кезінде енгізілетін реттегіш құралдың және онымен байланысты талаптардың бәсекелес ортаның жай-күйіне әсерін бағалау да жүргізіледі.

      Бәсекелестікке әсерді бағалау жүргізу қағидаларын монополияға қарсы орган бекітеді.";

      2) 90-1-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Монополияға қарсы органның біртұтас жүйесін орталық мемлекеттік орган және оған бағынысты аумақтық бөлімшелер құрайды.

      2. Аумақтық бөлімшелер өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері және орталық мемлекеттік орган бекіткен ереже шегінде жүзеге асырады.";

      3) 90-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "90-3-бап. Монополияға қарсы органға басшылық

      Монополияға қарсы органға басшылықты оның бірінші басшысы жүзеге асырады.";

      4) 90-6-бапта:

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) мыналарда:

      тауар нарықтарында;

      қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу арқылы – қаржылық қызметтер көрсету нарықтарында;

      цифрлық қызметтер көрсету нарығында бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдістемелерді бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 20-1), 20-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "20-1) жүзеге асырылатын қызмет түрлерін құру, кеңейту және (немесе) өзгерту кезінде монополияға қарсы органның келісімін алу, сондай-ақ монополияға қарсы органның келісімі алынған қызмет түрлерін ғана жүзеге асыру тұрғысынан мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес тұлғалардың қызметіне мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      20-2) жүзеге асырылатын қызмет түрлерін құру, кеңейту және (немесе) өзгерту кезінде монополияға қарсы органның келісімін алу, сондай-ақ монополияға қарсы органның келісімі алынған қызмет түрлерін ғана жүзеге асыру тұрғысынан мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес тұлғалардың қызметіне мониторингті жүзеге асырады;";

      27) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "27) жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 5 қаңтарынан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсыныстарды және мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін өзектілендіру жөніндегі ұсыныстарды жібереді;";

      29) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "29) мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың бағаларына сараптама жүргізеді;";

      39-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "39-1) мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастырады және жүргізеді;";

      мынадай мазмұндағы 39-4) тармақшамен толықтырылсын:

      "39-4) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша бастама жасалған экономиканы қолдау, іскерлік белсенділікті және халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін дағдарысқа қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін қоспағанда, бәсекелестікті қорғау туралы талаптардың сақталуы тұрғысынан мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін тұлғалардың қызметіне мониторингті жүзеге асырады;";

      5) 116-баптың 3-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;";

      6) 120-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "120-бап. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу

      1. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын монополияға қарсы орган бекітеді.

      Уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің өтінімдерін қарау кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қағидаларға сәйкес жария тыңдаулар өткізеді.

      2. Монополияға қарсы орган осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген қағидаларға сәйкес мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларына сараптама жүргізеді.

      3. Бағаларға сараптама жүргізу үшін мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері жазбаша нысанда:

      1) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге мемлекеттік монополия, арнайы құқық енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, баға деңгейін растайтын негіздеуші материалдар қоса беріле отырып, босату бағалары туралы ақпаратты;

      2) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың алдағы өзгеруі (көтерілуі және (немесе) төмендеуі) туралы және олардың өзгеруі (көтерілуі және (немесе) төмендеуі) себептерін растайтын негіздеуші материалдарды табыс ете отырып, кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын хабарлама табыс етуге міндетті.

      4. Сараптама жүргізу мерзімі хабарлама немесе ақпарат қарауға келіп түскен күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспайды. Сараптама жүргізудің жалпы мерзімі күнтізбелік бір жүз жиырма күннен аспауға тиіс.

      5. Монополияға қарсы орган хабарламаны немесе ақпаратты қарау барысында осы Кодексте белгіленген мерзімде мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінен шешім қабылдау үшін қажетті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды сұратуға құқылы.

      6. Қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды табыс ету кезеңінде мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі, тиісті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды табыс еткенге дейін қарау мерзімі тоқтатыла тұрады.

      7. Монополияға қарсы орган мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды табыс еткеннен кейін хабарламаны немесе ақпаратты қарауды қайта бастайды.

      8. Сараптама жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.".

      7) 168-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Бәсекелестер (бір тауар нарығында тауарлар сатуды не сатып алуды жүзеге асыратын нарық субъектілері) немесе әлеуетті бәсекелестер болып табылатын нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер деңгейлес болып табылады.";

      8) 172-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Табиғи монополия, мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің, сондай-ақ тиісті тауар нарығында жүз пайыздық басым үлеске ие нарық субъектілерінің (монополиялық жағдайға ие субъектілер) жағдайы монополиялық жағдай деп танылады.";

      9) 174-бап 11) тармақшасындағы "шарттар жасау сияқты әрекеттерiне тыйым салынады." деген сөздер "шарттар жасау;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 12) тармақшамен толықтырылсын:

      "12) негізгі қуатқа тең қолжетімділік ұсынбау сияқты әрекеттерiне тыйым салынады.";

      10) мынадай мазмұндағы 174-1-баппен толықтырылсын:

      "174-1-бап. Негізгі қуатқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету

      1. Тауар, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінің инфрақұрылым объектісі (бұдан әрі – негізгі қуат иесі) негізгі қуат болып табылады, оларға қол жеткізбей нарықтың басқа субъектілері тиісті немесе сабақтас тауар нарығында тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыра алмайды.

      2. Тауар, инфрақұрылым объектісі:

      1) технологиялық ерекшеліктерге байланысты тауарды, инфрақұрылым объектісін қайталау мүмкін болмайтын немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болатын;

      2) негізгі қуатты иеленуші тиісті тауарды, инфрақұрылым объектісін иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқылы болған;

      3) негізгі қуатты иеленушіде тиісті тауарға, инфрақұрылым объектісіне қолжетімділікті ұсыну мүмкіндігі болған;

      4) негізгі қуатты иеленушінің тиісті тауарға, инфрақұрылым объектісіне қол жеткізуден негізсіз бас тартуы бәсекелестікке теріс әсер ететін жағдайлар жиынтығы болған кезде негізгі қуат деп танылады.

      3. Негізгі қуаттың иеленушілері монополияға қарсы орган бекітетін Қуатқа тең қол жеткізу қағидаларына сәйкес нарықтың басқа субъектілеріне қуатқа тең қол жеткізуді ұсынуға міндетті.";

      11) 175-баптың 1-тармағында:

      бірінші абзацқа орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді;

      2) тармақшаның төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "тауардың тауар нарығындағы, оның ішінде салық салуды, кедендік-тарифтік, тарифтік және тарифтік емес реттеуді қоса алғанда, мемлекеттік реттеу шараларымен байланысты айналыс жағдайлары тауардың бағасын азайту жағына қарай өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз етсе, егер бұл баға осындай тауарды өндіру мен өткізу үшін қажетті шығыстар мен пайда сомасынан және тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайларында қалыптасқан бағадан асып кетсе, тауардың монополиялық жоғары бағасы болып табылады.";

      12) 177-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 15) тармақшамен толықтырылсын:

      "15) тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау.";

      13) мынадай мазмұндағы 191-1-баппен толықтырылсын:

      "191-1-бап. Тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау

      Шартты бұзу кезінде тұтынушыға шарт жасасу кезінде бұрын көзделмеген немесе талаптардан артық талаптар қою, сондай-ақ тауар сатушының (берушінің) еркін ауысуын қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастырмау тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергілер жасау болып табылады.

      Тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін ақпаратты жария қолжетімділікте орналастыру тәртібін монополияға қарсы орган бекітеді.";

      14) 192-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген тізбеге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу көзделетін Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының жобалары монополияға қарсы органмен міндетті түрде келісуге жатады.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды монополияға қарсы органның келісімінсіз құруға, кеңейтуге және (немесе) жүзеге асыратын қызмет түрлерін өзгертуге тыйым салынады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, монополияға қарсы орган мұндай қызметті тоқтату туралы нұсқама шығарады.";

      15) 193-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "193-бап. Мемлекеттік монополия және арнайы құқық

      1. Мемлекеттің осы Кодексте көзделген тәртіппен енгізілетін, бәсекелес нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға айрықша құқығы мемлекеттік монополия болып табылады.

      Бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға заңмен бекітілетін нарық субъектісінің айрықша немесе басым құқығы арнайы құқық болып табылады.

      2. Мемлекет тауарларды бәсекелес нарықта өткізу конституциялық құрылыстың, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тәртіпті қорғаудың, адамның құқықтары мен бостандықтарының, халық денсаулығының жай-күйіне теріс әсер етуі мүмкін қызмет салаларында мемлекеттің тауар өндіруге және (немесе) сатуға, сатып алуға немесе оны пайдалануға айрықша құқығын заңмен бекіту не заңмен нарық субъектісіне арнайы құқық беру арқылы бәсекелестікті шектеуге құқылы.

      3. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясын, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын, мемлекеттік техникалық қызметті қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған мемлекеттік кәсіпорын ғана мемлекеттік монополия субъектісі бола алады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша айқындалған кез келген заңды тұлға арнайы құқық субъектісі бола алады.

      4. Акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызынан азы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны арнайы құқық субъектісінің айқындауына акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызын тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның арнайы құқық субъектісінің айқындауы мүмкін болмаған кезде ғана жол беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен конкурс өткізеді.

      Конкурсты өткізу бес жылда бір реттен сиретпей жүзеге асырылады.

      5. Монополияға қарсы орган мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастырады және жүргізеді.

      6. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілеріне:

      1) технологиялық тұрғыдан тауарларды өндірумен байланысты қызметті қоспағанда, мемлекеттік монополия, арнайы құқық саласына жатпайтын тауарлар өндіруге;

      2) заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иеленуге, сондай-ақ олардың қызметіне өзгеше түрде қатысуға;

      3) мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа байланысты құқықтарды басқаға қайтадан беруге;

      4) өндірілетін немесе өткізілетін тауарларға мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген бағалардан ерекшеленетін бағаларды монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен белгілеуге тыйым салынады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген шектеулер "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына және мемлекеттік техникалық қызметке қолданылмайды.

      Дүлей зілзала, эпидемия, эпизоотия кезінде, сондай-ақ негізгі қызметін одан әрі жалғастыруға кедергі келтіретін шектеулер болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік монополия субъектісіне негізгі қызметін қайта бастағанға дейінгі кезеңге технологиялық тұрғыдан негізгі қызметіне жақын өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығын береді.

      7. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері жария мүдделі ұйымдар болып табылады және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес міндеттерді атқарады.

      Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері әрбір қызмет түрі бойынша, оның ішінде технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлері бойынша кірістердің, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтердің бөлек есебін жүргізуге міндетті.

      8. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндірумен технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлерінің тізбесін монополияға қарсы органмен келісу бойынша мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітеді.

      10. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің осы баптың 6-тармағында белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауды монополияға қарсы орган осы Кодекске сәйкес жүзеге асырады.

      11. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық енгізілген кезде мынадай шарттар сақталады:

      1) нарық субъектілері осы шешім туралы ол қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде алты ай бұрын хабардар етілуге тиіс;

      2) мемлекеттік монополия, арнайы құқық қолданысқа енгізілгеннен кейін алты ай мерзім ішінде осы тауарды өндірумен, сатумен айналысқан немесе пайдаланған нарық субъектілері, орындалу мерзімі жоғарыда көрсетілген мерзімнен асатын мәмілелер жасауды қоспағанда, осы тауарды өткізуді жүзеге асыруға құқылы;

      3) нарық субъектілеріне мемлекеттік монополияны енгізу салдарынан келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

      12. Арнайы құқық субъектісі мәртебесінен айыру осы субъект осы баптың талаптарын күнтізбелік бір жыл ішінде екі және одан да көп рет бұзған немесе ол тауар нарығындағы өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      13. Монополияға қарсы орган жыл сайын бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік монополияның, арнайы құқықтың жекелеген субъектілерінің қызметіне, талдау жүргізеді және есепті жылдан кейінгі жылдың 5 қаңтарынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік монополия, арнайы құқық саласына жатқызылған қызметті бәсекелес ортаға беру жөнінде ұсыныстар жібереді.

      Бәсекелес ортаға беру кезінде тиісті тауар нарығында монополиялық жағдайдың туындауына және (немесе) бәсекелестікті шектеуге жол берілмейді.

      14. Осы баптың ережелері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыруға ықпал ететін және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылатын еншілес ұйымдарының және табиғи монополия субъектілерінің қызметіне қолданылмайды.";

      16) 194-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың мемлекеттік функцияларын іске асырған немесе мемлекеттік қолдау шараларын көрсеткен кезде әрекеттерінен (әрекетсіздігінен), актілер не шешімдер қабылдаудан көрінетін бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға алып келген немесе алып келуі мүмкiн бәсекелестiкке қарсы әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тыйым салынады және олар толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) нарық субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік ұсынбау.";

      мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2 және 3-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "3-1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде:

      1) нарықтың жаңа субъектілері, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді шектеуге;

      2) кәсіпкерлік субъектілеріне өз мазмұны бойынша мемлекеттік қолдау нысанасына қатысы жоқ қосымша міндеттемелер жүктеуге;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген алымдарды және өзге де төлемдерді өндіріп алуға;

      4) мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың қызметін, егер бұл әрекет бәсекелестікті болғызбауға, шектеуге немесе жоюға алып келсе немесе алып келуі мүмкін болса, үйлестіруге тыйым салынады.

      3-2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау қағидаларын бекіту осы баптың талаптары сақтала отырып, монополияға қарсы органмен келісу бойынша жүзеге асырылады.

      Монополияға қарсы орган жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізуді келіскен, жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету қағидаларын бекіткен кезде мыналар:

      1) тауар нарығының шоғырлану деңгейі;

      2) тауар нарығына кірудің экономикалық, технологиялық, әкімшілік кедергілерінің болуы;

      3) шағын, орта кәсіпкерліктің қатысу үлесі;

      4) нарықтың жаңа субъектілерінің пайда болу серпіні;

      5) тауар нарығының теңгерімі, ішкі сұранысты қанағаттандыру;

      6) тиісті тауар нарығындағы кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысу деңгейі;

      7) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен бекітілген тауар нарығындағы мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге және бәсекелестікті дамыту көрсеткіштеріне қол жеткізу;

      8) тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларының басымдығын айқындайтын өзге де
мән-жайлар ескеріледі.

      3-3. Осы баптың 1, 2, 3-1 және 3-2-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша бастама жасалған экономиканы қолдау, халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін дағдарысқа қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру кезінде қолданылмайды.";

      17) 195-1-бапта:

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) монополияға қарсы орган бекітетін әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленетін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды жасау тәуекелдерін бағалау әдістерін, тәсілдерін, нарық субъектісінің (субъектілерінің) тәуекелдерді басқару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруы тәртібін көздейтін ішкі актіні қабылдауға құқылы.";

      мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2 -тармақтармен толықтырылсын:

      "2-1. Монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және енгізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар мыналарды:

      1) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және енгізу кезеңдерін;

      2) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және енгізу жөніндегі іс-шаралардың мазмұнын;

      3) нарық субъектісінің қызметімен байланысты монополияға қарсы комплаенс-тәуекелдерге бағалау жүргізу әдісін (әдістерін);

      4) монополияға қарсы комплаенс-тәуекелдерге ішкі бақылау жүйесінің құрылымын;

      5) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісінің жұмыс істеу тиімділігіне бағалау жүргізу әдісін (әдістерін);

      6) ішкі актіні әзірлеу және енгізу жөніндегі өзге де ережелерді көздейді.

      2-2. Нарық субъектісінде тиімді жұмыс істейтін монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісінің болуы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтар туралы істерді қарау кезінде ескеріледі.";

      18) 196-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау монополияға қарсы орган бекітетін бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдістемелерге сәйкес:

      1) тауар нарықтарында;

      2) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржылық көрсетілетін қызметтер нарықтарында;

      3) цифрлық көрсетілетін қызметтер нарығында жүргізіледі.

      Цифрлық көрсетілетін қызметтер нарықтарындағы бәсекелестіктің
жай-күйіне талдау жүргізу кезінде монополияға қарсы орган желілік әсердің болуын белгілейді және оның нарық субъектісінің тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайларына шешуші ықпал ету және (немесе) нарықтың басқа субъектілерін тауар нарығынан жою және (немесе) нарықтың басқа субъектілерінің тауар нарығына кіруін, оның ішінде цифрлық платформада жасалатын мәмілелер санының есебінен қиындату мүмкіндігіне әсерін бағалайды.

      Осы тармақта желілік әсер деп нарық субъектісінің тауардың тұтыну құнының сол бір топты пайдаланушылар санына тәуелділігіне (тікелей желілік әсер) не басқа топтағы пайдаланушылар саны азайған немесе ұлғайған кезде пайдаланушылардың бір тобы үшін тауар құнының өзгеруіне (жанама желілік әсер) байланысты тауарлар айналымының жалпы шарттарына шешуші әсер ету мүмкіндігі түсініледі.

      Осы тармақта цифрлық платформа деп интернет желісін пайдалана отырып, оны пайдаланушылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған технологиялық платформа түсініледі.";

      11-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығын анықтау мақсатында талдау монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен осы баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген кезеңдер негізінде жүргізіледі.";

      19) мынадай мазмұндағы 210-1-баппен толықтырылсын:

      "210-1-бап. Сенім білдірілген тұлға

      1. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы шешімінде көзделген талаптар мен міндеттемелердің орындалуына сараптамалық бағалау жүргізу үшін нарық субъектісі осы баптың талаптарына сәйкес айқындалатын сенім білдірілген тұлғаны тартуға құқылы.

      2. Экономикалық шоғырланудың нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша арнайы ғылыми немесе практикалық білімі бар тұлға сенім білдірілген тұлға болып табылады.

      3. Сенім білдірілген тұлға мен нарық субъектісі арасында монополияға қарсы орган бекітетін үлгі нысан бойынша шарт жасалады.

      Сенім білдірілген тұлға монополияға қарсы органды шарт жасалғаны туралы ол күшіне енген күннен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді.

      4. Сенім білдірілген тұлға экономикалық шоғырлануға қатысушыларға қатысты тәуелсіз болуға тиіс.

      Мынадай:

      1) экономикалық шоғырлануға қатысушы болып табылатын не экономикалық шоғырлануға қатысушымен бір тұлғалар тобына кіретін тұлға;

      2) экономикалық шоғырлануға қатысушының бәсекелесі болып табылатын және (немесе) осындай тұлғамен бір тұлғалар тобына кіретін не экономикалық шоғырлануға қатысушының бәсекелесі болып табылатын тұлғамен бір тұлғалар тобына кіретін тұлға сенім білдірілген тұлға ретінде тартыла алмайды.

      5. Сенім білдірілген тұлға нарық субъектісінің экономикалық, өзін-өзі ұстау, ұйымдастырушылық, құрылымдық және өзге де, оның ішінде мыналарға:

      1) нарық субъектісі бөлінген немесе оның құрамынан заңды тұлғаның бөлініп шығуына;

      2) нарық субъектісінің мүлікті, мүліктік және өзге де құқықтарды үшінші тұлғаларға өткізуіне, беруіне;

      3) мүдделер қақтығысын болғызбау үшін тұлғалар тобына кіретін нарық субъектілерін немесе нарық субъектісінің құрылымдық бөлімшелерін басқару функцияларын бөлу арқылы жүзеге асырылады;

      4) тауарларды өндіру және (немесе) өткізу, инвестициялар бағыттары, тауар нарығында өзін-өзі ұстаудың әлеуметтік, экономикалық және өзге де жағдайларын орындау қағидаттарына негізделеді;

      5) нарық субъектісінің тауарларына кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді;

      6) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөнінде шараларды қолдануға қатысты шарттарды немесе талаптарды орындауына сараптамалық баға береді.

      6. Сенім білдірілген тұлға монополияға қарсы органға нарық субъектісінің экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы монополияға қарсы органның шешімінде көзделген талаптар мен міндеттемелерді орындауы туралы сараптамалық қорытынды жібереді.

      7. Заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу туралы жазбаша міндеттеме ұсынылған жағдайда, сенім білдірілген тұлғаның құпия ақпаратты және (немесе) коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді қоса алғанда, сенім білдірілген адамның өз функцияларын іске асыруы үшін қажетті электрондық және қағаз құжаттарға, автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге), тиісті нарық субъектісінің электрондық және басқа да ақпарат жеткізгіштеріне қол жеткізуге құқығы бар.

      8. Сенім білдірілген тұлға өзінің арнайы білімінен тыс мәселелер бойынша, сондай-ақ оған ұсынылған материалдар мен мәліметтер қорытынды беру үшін жеткіліксіз болған жағдайда, қорытынды беруден бас тартуға құқылы.

      9. Көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      10. Монополияға қарсы орган сенім білдірілген тұлғалардың тізілімін монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.

      Сенім білдірілген адамдар тізіліміне кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері ұсынатын кандидаттар енгізіледі.

      11. Сенім білдірілген адам көрсететін қызметтеріне шартқа сәйкес нарық субъектісінің қаражаты есебінен ақы төленеді.";

      20) 216-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын немесе оның белгілерін көрсете отырып, мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар;";

      21) 218-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Монополияға қарсы орган тергеп-тексеру басталғанға дейін тергеп-тексеруді жүргізу туралы бұйрықты құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркейді.";

      22) 221-баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) тергеп-тексеру нысанасына сәйкес тергеп-тексеру объектісінің автоматтандырылған дерекқорларына (ақпараттық жүйелеріне), қызметтік электрондық пошталарына және өзге де электрондық жеткізгіштеріне қол жеткізуге;".

      3. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:

      96-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) тиісті шешім қабылдағанға дейін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың қолданысын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі әкімшілік актіні, оның жазбаша нұсқамаларын, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған қадағалап ден қою (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) шараларын қолдану жөніндегі, банкті, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалын оның депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы тұрақсыз банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы санатына жатқызу туралы, банкті, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалын төлемге қабілетсіз банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы санатына жатқызу және оларға "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеу жөніндегі шараларды қолдану туралы әкімшілік актіні, сондай-ақ бюджет қаражатын орынсыз және негізсіз пайдаланудың анықталған фактілеріне байланысты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының әкімшілік актілерін;".

      4. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) 1-баптың 1-тармағында:

      24), 135) және 200) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24) бөлшек саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті баға – бөлшек саудада өткізуді одан жоғары бағамен жүзеге асыруға болмайтын, бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген дәрілік заттың саудалық атауына арналған баға;";

      "135) көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті баға – көтерме саудада өткізуді одан жоғары бағамен жүзеге асыруға болмайтын, бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген дәрілік заттың саудалық атауына арналған баға;";

      "200) өндірушінің шекті бағасы – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттардың, сондай-ақ медициналық бұйымдардың бағаларын реттеу қағидаларына сәйкес бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті көтерме және бөлшек сауда бағаларын есептеу үшін базалық баға болып табылатын, дәрілік заттың саудалық атауына өндіруші беретін баға;";

      2) 7-баптың 96) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "96) бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті бағаларды әзірлейді және бекітеді;";

      3) 245-бапта:

      1, 2, 3 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Бағаларды мемлекеттік реттеу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Қазақстан Республикасында тіркелген және айналыстағы бағалық реттеуге жататын дәрілік заттар тізбесіне енгізілген, дәрілік заттарға, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға жүзеге асырылады.

      Бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесін монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді.

      2. Уәкілетті орган есепті жартыжылдықтан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей жартыжылдықта бір реттен жиілетпей монополияға қарсы органмен келісу бойынша бағалық реттеуге жататын дәрілік заттар тізбесіне енгізілген дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекітеді.

      3. Уәкілетті орган монополияға қарсы органмен келісу бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауына арналған шекті бағаны, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына арналған шекті бағаны бекітеді.";

      "7. Саудалық атаулары бойынша дәрілік заттарға шекті бағасыз, бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген дәрілік препараттарды көтерме саудада өткізуге жол берілмейді.".

      5. "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 12-баптың 3-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) спот-сауда-саттықта (күнтізбелік айда өздері өндіретін электр энергиясы көлемдерінің он пайызынан аспайтын) және орта мерзімді (апта, ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) кезеңдерге өткізу жағдайларын қоспағанда, энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясының босату бағасынан және теңгерімдеуші электр энергиясына арналған шекті тарифтен аспайтын баға бойынша электр энергиясын өткізуді жүзеге асыруға;";

      2) 13-бапта:

      3-1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) электр энергиясын орталықтандырылған, оның ішінде орта мерзімді (апта, ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) кезеңдерге арналған сауда нарығында сатуды жүзеге асыруға міндетті.

      Орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған орталықтандырылған сауда-саттық арқылы міндетті түрде сатылуға жататын электр энергиясының үлесін монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.

      Осы талап энергия өндіруші ұйымдар өз мұқтаждары үшін пайдаланатын және (немесе) олармен бір тұлғалар тобына кіретін тұтынушыларға өткізілетін электр энергиясының көлемдеріне қолданылмайды.

      Орталықтандырылған сауда-саттық арқылы міндетті түрде сатуға жататын электр энергиясының нақты көлемін есептеу тәртібі, сондай-ақ осы талапты орындау мониторингі және бағаларды қалыптастыру тәртібі Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидаларына сәйкес айқындалады.

      Электр энергиясын бір тұлғалар тобына кіретін тұтынушыларға өткізетін энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығында электр энергиясының қалған бос көлемін сатуды жүзеге асыруға міндетті;";

      3-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымға:

      1) электр энергиясын басқа энергиямен жабдықтаушы ұйымға өткізуге (сатуға), сондай-ақ оны басқа энергиямен жабдықтаушы ұйымнан алуға (сатып алуға) тыйым салынады.

      Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың тізілімін табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган қалыптастырады, жүргізеді және интернет-ресурста жариялайды;

      2) электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер көрсетуге бірыңғай сатып алушымен шарттары бар, электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері болып табылатын энергия беруші ұйымдарға және тұтынушыларға электр энергиясын өткізуге (сатуға) тыйым салынады.

      Бірыңғай сатып алушы электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісін көрсете отырып, электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер көрсетуге жасалған шарттардың тізбесін он күн сайын қалыптастырады және өзінің интернет-ресурсында орналастырады.".

      6. "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-баптың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) жария мүдделі ұйымдар – қаржы ұйымдары (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларды, шаруашылық серіктестік нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда), акционерлік қоғамдар (коммерциялық еместерін қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін ұйымдардан басқа), астық қабылдау кәсіпорындары, жарғылық капиталында мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдар, шаруашылық жүргізу құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері;".

      7. "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" 2013 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      16-баптың 2-тармағы алып тасталсын.

      8. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-қосымшаның 15-жолы мынадай редакцияда жазылсын:

      "

Денсаулық сақтау саласындағы қызметті лицензиялау

115.
 

Медициналық қызметке лицензия
 

2. Ересектерге және (немесе) балаларға мына мамандықтар бойынша амбулаториялық емханалық көмек: алғашқы медициналық-санитариялық көмек: дәрігерге дейінгі, білікті көмек;
консультациялық диагностикалық көмек: диагностика: радиоизотоптық, рентгенологиялық, ультрадыбыстық, функционалдық, эндоскопиялық; зертханалық диагностика: бактериологиялық, биохимиялық, иммунологиялық зерттеулер, жалпы клиникалық, серологиялық, цитологиялық зерттеулер; акушерлiк және гинекология; педиатрия; неонатология; инфекциялық аурулар; терапия; неврология; кардиология; ревматология; гастроэнтерология; нефрология; пульмонология; эндокринология; аллергология және иммунология; гематология; кәсіптік патология; жалпы дәрігерлік практика; жалпы хирургия: торакалдық, абдоминалдық, колопроктология; трансплантология; кардиохирургия; ангиохирургия; пластикалық хирургия; жақ-бет сүйегi; нейрохирургия; оториноларингология; офтальмология; трансфузиология; урология; травматология-ортопедия; анестезиология және реаниматология; дерматовенерология (дерматокосметология) психиатрия: наркология, психотерапия, сексопатология, медициналық психология; фтизиатрия; онкология; стоматология; дәстүрлі медицина: гомеопатия, гирудотерапия, мануалдық терапия, рефлекстік терапия, фитотерапия және табиғатта жаралған заттармен емдеу; медициналық реабилитология, қалпына келтіретін емдеу: физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру, курортология; медициналық генетика; сәуле терапиясы; спорт медицинасы.

Иеліктен шығарылмайтын; 1-сынып 

      ".


      9. "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-баптың 2-тармағы алып тасталсын.

      10. "Мемлекеттiк сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 17-баптың 3) тармақшасының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша ақылы негізде қызметтер көрсетеді. Әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалануы (оған қол жеткізуі) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор уәкілетті органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша белгілейді.";

      2) 39-бапта:

      3-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) табиғи монополия салаларына жататын көрсетілетін қызметтерді сатып алу;";

      2) тармақша алып тасталсын;

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) төтенше жағдайлардың салдарын оқшаулау және (немесе) жою үшiн қажет, Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет немесе жаңадан анықталған, жануарлардың аса қауіпті, экзотикалық ауруларын, карантинді объектілерді, бөтен текті түрлерді оқшаулау және (немесе) жою үшін, карантиндік аймақтарда және жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша қолайсыз пункттерде, карантинді объектілердің таралу ошақтарында іс-шаралар, шұғыл фитосанитариялық іс-шаралар жүргізу үшін, электр энергетикасы объектiлерiндегi, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн коммуникациялық жүйелердегi, темiржол, әуе, автомобиль, cу көлiгi объектiлерiндегi, тазарту құрылыстарындағы, мұнай құбыржолдарындағы, газ құбыржолдарындағы аварияларды жою үшiн және жедел медициналық араласу қажеттілігі үшін, сондай-ақ коммуникациялардың, тетiктердiң, агрегаттардың, қосалқы бөлшектердің және материалдардың тасымал жолында дереу қалпына келтiрудi талап ететiн сынуы, iстен шығуы туындаған кезде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алу;";

      24) және 27) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24) мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын нақтылауда енгізілген кезде өкілдік ету шығыстарына байланысты тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;";

      "27) монополияға қарсы органның ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы туралы қорытындысы болған кезде мемлекеттік органның:

      дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызы мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардан және шаруашылық серіктестіктерден;

      өзі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын, мемлекеттік кәсіпорындардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы.

      Монополияға қарсы органның ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы туралы қорытындысының болуы жөніндегі талап Ұлттық қауіпсіздік органдарының, сайлау комиссияларының қызметін қамтамасыз ететін ұйымдардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тұлғалардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды.";

      37) және 38) тармақшалар алып тасталсын;

      39) тармақшаның бесінші абзацы алып тасталсын;

      45) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "45) мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын нақтылауда енгізілген кезде көрмелердің, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың, симпозиумдардың, тренингтердің материалдарын сатып алу, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларға қатысқаны үшін ақы төлеу;".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады