"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 шілдедегі № 505 қаулысы


      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А.Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ  Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      10-2) тармақша алып тасталсын;

      16) және 17) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "16) уәкілетті басшы – құқық қорғау органының облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) немесе оған теңестірілген мамандандырылған бөлімшесінің басшысы, құқық қорғау органы мекемесінің, ведомствосының басшысы;

      17) ұйымдық-штаттық іс-шаралар – құқық қорғау органының, құқық қорғау органының аумақтық немесе оған теңестірілген мамандандырылған бөлімшесінің, құқық қорғау органы мекемесінің, ведомствосының штаттары мен құрылымын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешені (құқық қорғау органын құру; қайта ұйымдастыру; тарату; оның қызметкерлерінің санын немесе штатын ұлғайту немесе қысқарту; лауазымды, құрылымдық бөлімшені өзгерту; қызметкер үшін еңбек жағдайларын өзгертуге алып келмейтін лауазым, құрылымдық бөлімше атауын өзгерту);";

      2) 5-1-баптың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) қызметке кандидаттардың тағылымдамасын, қызметкерлердің қызметін бағалауды, оқуын, қайта даярлығын (қайта мамандануын) және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;";

      3) 6-бапта:

      2-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:   

      "9)  сотталғандығы бар немесе болған не қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан және әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған адам қабылданбайды.";

      мынадай мазмұндағы 7 және 8-тармақтармен толықтырылсын:

      "7. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарындағы қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына оқуға немесе алғашқы кәсіптік даярлыққа түсетіндерді, сондай-ақ осы Заңның 7-бабының 4-тармағында көзделген адамдарды қоспағанда, құқық қорғау органдарына қызметке алғаш рет кіретін азаматтар мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.

      8. Осы баптың 4, 5 және 7-тармақтарының күші, теріс себептермен шығарылғандарды қоспағанда, бұрын құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері болған, шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын, сондай-ақ ауысу тәртібімен құқық қорғау қызметіне қабылданатын әскери қызметшілерге қолданылмайды.";

      4) 7-бапта:

      1-тармақ алып тасталсын;

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:   

      "2. Құқық қорғау органдарына қызметке кіру конкурстық негізде, оның ішінде құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өту арқылы жүзеге асырылады.

      Алғашқы кәсіптік даярлықтан өтетін адамдар тағлымдамадан өтуге міндетті.

      Құқық қорғау қызметіне іріктеу кандидаттың бәсекеге қабілеттілігі көрсеткіші және оның кәсіптік құзыреттерге сай келу дәрежесі ескеріле отырып жүргізіледі.

      Кәсіптік құзыреттерді, негізгі көрсеткіштерді айқындау және бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін есептеу тәртібі мен әдістерін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.

      Конкурстық іріктеуден не алғашқы кәсіптік даярлықтан өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:   

      "3. Құқық қорғау органдарына қызметке конкурстан тыс негізде мыналар:

      1) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуын аяқтаған адамдар оқыту аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде;

      2) бұрын құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың лауазымдарында қызмет өткерген және құқық қорғау органдарында, арнаулы мемлекеттік органдарда кемінде үш жыл қызмет өтілі бар адамдар;

      3) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттік мекемелерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызметте болған және әскери лауазымдарды атқарған және кемінде үш жыл әскери қызмет өтілі бар бұрынғы әскери қызметшілер;

      4) өз өкілеттіктерін теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда,  өз өкілеттіктерін кемінде алты ай атқарған және оларды тоқтатқан Парламент депутаттары, мемлекеттік саяси қызметшілер, судьялар қабылдануы мүмкін.";

      6-тармақ алып тасталсын;

      5) мынадай мазмұндағы 7-1 және 7-2-баптармен толықтырылсын:

      "7-1-бап. Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға арналған конкурс

      1. Құқық қорғау қызметіне конкурстық негізде тұру қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарын және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және (немесе) онымен келісу бойынша және (немесе) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша тағайындалатын лауазымдарды қоспағанда, құқық қорғау органдарының бос және уақытша бос лауазымдарына жүзеге асырылады.

      2. Конкурстық негізде тұратын кандидаттарды алдын ала зерделеуді құқық қорғау органдарының кадр қызметтері және өзіндік (ішкі) қауіпсіздік қызметтері жүзеге асырады.

      3. Алдын ала зерделеу құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын кандидаттардың осы Заңның 6 және 10-баптарының талаптарына сәйкес келуін тексеруді қамтиды.

      4. Конкурс тиісті санаттағы бос лауазымға орналасуға арналған резервте кандидаттар болмаған жағдайда өткізіледі.

      5. Кандидаттарды конкурстық негізде іріктеуді құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшының шешімі бойынша құрылатын құқық қорғау органының конкурстық комиссиясы жүзеге асырады.

      6. Құқық қорғау органдарында лауазымдарға орналасу үшін конкурс мынадай дәйектіліктегі кезеңдерді қамтиды:

      1) конкурсты жүргізу туралы хабарландыру жариялау;

      2) конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардан құжаттар қабылдау;

      3) біліктілік талаптарына және осы Заңмен белгіленген талаптарға сәйкес келуіне конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарау;

      4) конкурстық комиссия өткізетін конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу;

      5) конкурсқа қатысушылардың медициналық және психофизиологиялық куәландырылуы;

      6) конкурсқа қатысушыларды полиграфологиялық зерттеу;

      7) конкурстық комиссия қорытындысы.

      7. Конкурс өткізу туралы хабарландыру құқық қорғау органдарының, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.

      Егер конкурс құқық қорғау органының уақытша бос лауазымына өткізілсе, бұл шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетіледі.

      8. Конкурстық комиссия құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшыға кандидатты кадр резервіне алу туралы ұсыным жасауға құқылы.

      9. Конкурстық комиссияның резервке алу туралы ұсынымдары әрбір бос лауазымға үшеуден артық емес кандидатқа қатысты жасалады.

      Кандидаттың бос лауазымға резервте болу мерзімі олар тіркелген күннен бастап бір жылды құрайды.

      Кандидаттың ұсынылған лауазымға орналасудан бас тартуы оны резервтен шығаруға негіз болып табылады.

      10. Жарияланған лауазымға тағайындауға конкурстық комиссия ұсынған кандидаттар міндетті арнайы тексеруден өтеді.

      Кандидат міндетті арнайы тексерудің нәтижелері алынғанға дейін бос лауазым бойынша көзделген міндеттерді уақытша атқарады, онымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi.

      Міндетті арнайы тексеруді жүргізу кезеңіне кандидатқа осы Заңның қызметкерлердің міндеттері мен жауапкершілігі, құқық қорғау қызметінде болуға байланысты шектеулер бойынша ережелері қолданылады.

      Міндетті арнайы тексерудің оң нәтижелері алынған жағдайда бос лауазым бойынша міндеттерді жүзеге асыру кезеңі құқық қорғау қызметінің өтіліне (еңбек сіңірген жылдарына) есептеледі.

      11. Конкурстық комиссияны қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі, конкурс кезеңдерінің мерзімдері, сондай-ақ конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесі құқық қорғау органдары басшыларының бірлескен нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.

      7-2-бап. Құқық қорғау органдарына қызметке конкурстан тыс іріктеу

      1. Құқық қорғау қызметіне құқық қорғау органы басшысының шешімі бойынша конкурстық іріктеусіз осы Заңның 7-бабының 3-тармағында көзделген адамдар қабылданады.

      2. Конкурстық іріктеусіз кіретін кандидаттарды зерделеуді, олардың біліктілік талаптарына және осы Заңның 6-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес болуын тексеруді құқық қорғау органдарының кадр қызметтері және өзге де бөлімшелері жүзеге асырады.

      3. Адамды конкурстық іріктеусіз құқық қорғау органының лауазымына тағайындау біліктілік талаптарына және осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда жүргізіледі.";

      6) 9-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетін адамдар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен оқу ақысын төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетін адамдар білім беру ұйымдарындағы оқу мерзіміне және сонымен бір мезгілде білім беру ұйымдарында оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында орта және аға басшы құрам лауазымдарында қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуын бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде бес жыл, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін білім беру бағдарламаларын іске асыратын қызметкерлер кемінде үш жыл қызмет өткеруге міндетті.";

      7 және 10-тармақтардағы "кәсіптік оқу" деген сөздер "білім беру" деген сөздермен ауыстырылсын;

      11-тармақта:

      бірінші бөлік "сыныптық шені" деген сөздерден кейін ", біліктілік сыныбы" деген сөздермен толықтырылсын;

      екінші бөлік "лауазымдық айлықақы" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ арнаулы атағы, сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы үшін қосымша ақы" деген сөздермен толықтырылсын;

      13-тармақтағы "кәсіптік" деген сөз "және жоғары оқу орнынан кейінгі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 11-бапта:

      тақырыптағы және 1-тармақтағы "бірінші рет" деген сөздер алып тасталсын;

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Құқық қорғау қызметіне кіретін және аға және жоғары басшы құрамның лауазымдарына, сондай-ақ конкурстық іріктеусіз тағайындалатын адамдар алғашқы кәсіптік даярлықтан өтпейді.";

      8) 13-бапта:

      1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай сөздермен толықтырылсын: "– арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген, біліктілік сыныбы белгіленгеннен кейін екі айдан кешіктірілмей;";

      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері антының мәтінін және оны қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.";

      9) 22-бапта:

      тақырыптағы "немесе сыныптық шендер" деген сөздер ", сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптарын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақта:

      бірінші абзацтағы "немесе сыныптық шендер" деген сөздер ", сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) тармақшада:

      үшінші абзац ", 6-санатты біліктілік сыныбы;" деген сөздермен толықтырылсын;

      төртінші абзац ", 5-санатты біліктілік сыныбы;" деген сөздермен толықтырылсын;

      бесінші абзац ", 4-санатты біліктілік сыныбы;" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) тармақшада:

      екінші абзац ", 3-санатты біліктілік сыныбы;" деген сөздермен толықтырылсын;

      үшінші абзац ", 2-санатты біліктілік сыныбы;" деген сөздермен толықтырылсын;

      төртінші абзац ", 1-санатты біліктілік сыныбы;" деген сөздермен толықтырылсын;

      5) тармақшада:

      екінші абзац ", 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы;" деген сөздермен толықтырылсын;

      үшінші абзац ", 2-санатты жоғары біліктілік сыныбы;" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақтағы "немесе сыныптық шендер" деген сөздер ", сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4-тармақтағы "немесе сыныптық шендерінің" деген сөздер ", сыныптық шендерінің немесе біліктілік сыныптарының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6-тармақтағы "немесе сыныптық шен" деген сөздер ", сыныптық шен немесе біліктілік сыныбы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7-тармақта:

      бірінші бөліктегі "немесе сыныптық шенге" деген сөздер ", сыныптық шенге немесе біліктілік сыныбына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөліктегі "және 22-1-бабы 5-тармағының" деген сөздер алып тасталсын;

      10) 22-1-бап алып тасталсын;

      11) 23-бапта:

      тақырыптағы "немесе сыныптық шендер" деген сөздер ", сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақтағы "немесе сыныптық шендер" деген сөздер ", сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-1-тармақтың 3) тармақшасындағы "3-сыныпты заңгер" деген сөздерден кейін ", 6-санатты біліктілік сыныбы" деген сөздермен толықтырылсын;

      3-тармақтағы "немесе сыныптық шендерін" деген сөздер ", сыныптық шендерін немесе біліктілік сыныптарын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4-тармақтың 1) және 2) тармақшаларындағы, 5-тармақтың 1) және 2) тармақшаларындагы "кәсіптік оқу" деген сөздер "білім беру" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6-тармақтағы "немесе сыныптық шендері", "немесе сыныптық шендерде" деген сөздер ", сыныптық шендері немесе біліктілік сыныптары", ", сыныптық шендерде немесе біліктілік сыныптарында" деген сөздермен ауыстырылсын.";

      7-тармақта:

      бірінші абзацтағы "немесе сыныптық шендерін" деген сөздер ", сыныптық шендерін немесе біліктілік сыныптарын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1) тармақшадағы "1-сыныпты заңгерге" деген сөздерден кейін ", 4-санатты біліктілік сыныбына" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) тармақшада "аға кеңесшіні" деген сөздерден кейін ", 1-санатты біліктілік сыныбына" деген сөздермен толықтырылсын;

      8-тармақтағы "немесе сыныптық шендері" деген сөздер ", сыныптық шендері немесе біліктілік сыныптары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8-1-тармақта:

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "генерал-лейтенант, 2-сыныпты мемлекеттік кеңесші, 2-санатты жоғары біліктілік сыныбы кемінде үш жыл генерал-майор, 3-сыныпты мемлекеттік кеңесші, 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы арнаулы атағында, сыныптық шенінде болған қызметкерге берілуі мүмкін;";

      төртінші абзацтағы "2-сыныпты мемлекеттік кеңесші" деген сөздерден кейін ", 2-санатты біліктілік сыныбы" деген сөздермен толықтырылсын;

      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнаулы атақтары, сыныптық шендері немесе біліктілік сыныптары құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының магистранттары мен докторанттарына, сондай-ақ оқу ақысын бюджет қаражаты есебінен төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамалары бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқитындарға – оқуға түскеннен кейiн, осы лауазымдар бойынша штаттағы арнаулы атақтар, сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптарына енгiзiлген өзгерiстер ескерiлмей, олар оқуға түскенге дейiн атқарған штаттық лауазымдарына сәйкес тиiстi арнаулы атақтарда, сыныптық шендерде немесе біліктілік сыныптарында еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмiнің өтуіне орай; кезектi арнаулы немесе әскери атақтар, сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары қызметкерлер оқуды аяқтаған соң тағайындалатын штаттық лауазымдар бойынша атақтарға сәйкес болған жағдайда – білім беру ұйымдарын, магистратураны, докторантураны бiтiруіне орай берiледi.

      11. Мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге кезекті арнаулы атақтар, сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары білімі мен еңбек сіңірген жылдары ескеріліп, арнаулы атақта, сыныптық шенде немесе біліктілік сыныбында еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі өткеннен кейін реттілік тәртібімен беріледі.";

      12) 24-бапта:

      тақырыптағы "немесе сыныптық шендерде" деген сөздер ", сыныптық шендерде немесе біліктілік сыныптарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақта:

      бірінші абзацтағы "және сыныптық шендерде" деген сөздер ", сыныптық шендерде немесе біліктілік сыныптарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші абзацтағы "3-сыныпты заңгер атағында" деген сөздерден кейін ", 6-санатты біліктілік сыныбында" деген сөздермен толықтырылсын;

      төртінші абзацтағы "2-сыныпты заңгер атағында" деген сөздерден кейін ", 5-санатты біліктілік сыныбында" деген сөздермен толықтырылсын;

      бесінші абзацтағы "1-сыныпты заңгер атағында" деген сөздерден кейін ", 4-санатты біліктілік сыныбында" деген сөздермен толықтырылсын;

      алтыншы абзацтағы "кеңесші атағында" деген сөздерден кейін ", 3-санатты біліктілік сыныбында" деген сөздермен толықтырылсын;

      жетінші абзацтағы "кеңесші атағында" деген сөзден кейін ", 2-санатты біліктілік сыныбында" деген сөздермен толықтырылсын;

      3-тармақтағы "аға кеңесші сыныптық шенінде," деген сөздерден кейін "1-санатты біліктілік сыныбында," деген сөздермен толықтырылсын;

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Арнаулы атақта, сыныптық шенде немесе біліктілік сыныбында еңбек сіңіру мерзімі қызметкерге тиісті арнаулы немесе әскери атақ, сыныптық шен немесе біліктілік сыныбы берілген күннен бастап есептеледі, бұл ретте, еңбек сіңіру мерзіміне лауазымдардағы қызметтің нақты уақыты, сондай-ақ осы Заңның 44-бабында көзделген жағдайларда қызмет өткеруі кіреді.

      Қызметкерді кезекті арнаулы атақ, сыныптық шен немесе біліктілік сыныбын беруге ұсыну негізсіз кешіктірілген жағдайда, тиісті арнаулы атақ, сыныптық шен немесе біліктілік сыныбы оның алдындағы арнаулы атақта, сыныптық шенде немесе біліктілік сыныбында болу мерзімі өткеннен кейінгі келесі күннен бастап беріледі.";

      6-тармақтағы "немесе сыныптық шендер" деген сөздер ", сыныптық шендер немесе біліктілік сыныбы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      13) 26-бапта:

      тақырып "жоғарылатып" деген сөзден кейін "немесе кезектен тыс арнаулы атақтарды, сыныптық шендерді, біліктілік сыныптарын" деген сөздермен толықтырылсын;

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Полковникке дейінгі басшы құрамның кезекті арнаулы атағы, сыныптық шені немесе біліктілік сыныбын қоса алғанда, мерзімінен бұрын (алдыңғы арнаулы атақта, сыныптық шенде немесе біліктілік сыныбында еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі өткенге дейін) не қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін көтермелеу тәртібімен атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан, сыныптық шеннен немесе біліктілік сыныбынан бір саты жоғары берілуі (белгіленуі) мүмкін.

      Кезектен тыс арнаулы атақтар, сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары құқық қорғау органдарында ұзақ және мінсіз қызметі, ерекше күрделі тапсырмаларды орындауға байланысты қызмет бойынша жоғары нәтижелері үшін көтермелеу тәртібімен берілуі (белгіленуі) мүмкін.";

      4-тармақта:

      бірінші бөліктегі "кемінде бір жарым мерзімі" деген сөздер "белгіленген мерзiмi" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші және үшінші бөліктер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Кезектен тыс арнаулы атақтар, сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары арнаулы атағында еңбек сіңірген жылдарының белгіленген мерзімі өткен соң, бірақ арнаулы атағынан, сыныптық шенінен немесе біліктілік сыныбынан бір сатыдан жоғары емес және атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген шекті арнаулы атаққа, сыныптық шенге немесе біліктілік сыныбына қарамастан беріледі (белгіленеді).";

      5-тармақтағы "біліктілік сыныптарын" деген сөздерден кейін "кезектен тыс" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 6 және 7-тармақтармен толықтырылсын:

      "6. Кезектен тыс, мерзімінен бұрын немесе бір саты жоғары арнаулы атақтар, сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары:

      1) алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде;

      2) оған қатысты қызметтік немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезеңінде берілмейді (белгіленбейді).

      7. Кезектен тыс немесе мерзімінен бұрын не бір саты жоғары арнаулы атақтармен, сыныптық шендермен немесе біліктілік сыныптарымен көтермелеу барлық негіздер бойынша құқық қорғау қызметінің бүкіл кезеңі ішінде екі реттен артық қолданылмайды.";

      14) 29-бапта:

      3-тармақта:

      бірінші бөліктің екінші сөйлемі алып тасталсын;

      екінші бөлік алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Құқық қорғау органы басшысының шешімі бойынша қызметкерлерді құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының профессорлық-оқытушылық және ғылыми құрамының штаттық лауазымдарына тағайындау мүмкін болмаған кезде бұл лауазымдарға құқық қорғау органы жұмыскерлерінің (азаматтық қызметшілерінің) қатарынан адамдар, оның ішінде уақытша тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте жұмыскердің (азаматтық қызметшінің) лауазымдық айлықақысы профессорлық-оқытушылық және ғылыми құрамның атқаратын штаттық лауазымы бойынша белгіленеді.

      Профессорлық-оқытушылық және ғылыми құрамның штаттық лауазымдарына уақытша тағайындалған жұмыскерлер (азаматтық қызметшілер) осы лауазымдарға қызметкерлер тағайындалған кезде басқа штаттық лауазымдарға тағайындалады, ал оларды көрсетілген лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған жағдайда белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылады.";

      6-тармақтағы "құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртіппен" деген сөздер алып тасталсын;

      15) 33-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қызметкерлерді қызмет бабында өсіру олар қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, сондай-ақ iскерлiк және жеке қасиеттерi, қызметтік жұмыс нәтижелері ескерiле отырып жүргiзiледi.

      Қызметкерлерді басшы лауазымдарға өсіру кадр резервінде тұрған қызметкерлер қатарынан не конкурстық негізде жүргізіледі.";

      2-тармақ алып тасталсын;

      16) 33-1-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Президенттік резервте тұрған қызметкерлер болжанған басшы лауазымдарға тағайындау үшін қажетті кәсіби дағдыларды, басқарушылық құзыреттілікті жетілдіру үшін прокуратураның білім беру ұйымында кәсіби қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өтеді.";

      17) 34-бапта:

      2-тармақ "бос" деген сөзден кейін "жоғары тұрған" деген сөздермен толықтырылсын;

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Қызметкер өрескел тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған жағдайда, ол кадр резервінен шығарылады. Қызметкер өзін кадр резервінен алып тастау туралы шешіммен келіспеген кезде ол бұл шешімге жоғары тұрған лауазымды адамдарға, сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.";

      18) 38-баптың 5-тармағындағы "немесе сыныптық шені" деген сөздер ", сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      19) 44-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жалақысы сақталмайтын демалыстарда не жүктілiгі және босануы бойынша, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу бойынша демалыстарда, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыста болған;";

      20) 46-1-бапта:

      2-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, сондай-ақ Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура (PhD, бейіні бойынша доктор) бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарында оқу мерзімінің аяқталуы;";

      3-тармақтың төртінші бөлігінде:

      "денсаулық сақтау ұйымдарында емделуде (әскери-дәрігерлік комиссияның жолдамасы бойынша тексерілуде)" деген сөздер "ұйымдарда емделуде (оның ішінде әскери-дәрігерлік комиссияның жолдамасы бойынша тексерілуде)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "сырттай немесе кешкі оқыту нысаны бойынша" деген сөздер "қашықтан оқыту бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қызметтік қажеттілік жағдайында құқық қорғау органының басшысы не уәкілетті басшы қарамағындағы қызметкерге құқық қорғау органының алдына қойылған міндеттер мен функцияларды орындау жөніндегі қызметтік міндеттерді жүктеп, оған құқық қорғау органының құрылымдық бөлімшесінің басшысын бекітуге құқылы.

      Қызметкер бекітіліп берілген құрылымдық бөлімшенің басшысы одан уақытша қызметтік міндеттер шеңберінде тапсырмаларды тиісінше орындауды талап етеді, оған құқық қорғау органының белгіленген күн тәртібі толық көлемде қолданылады.

      Құқық қорғау органының құрылымдық бөлімшесінің басшысы қарамағындағы қызметкердің қызметтік және еңбек тәртібін сақтауы үшін жауапты болады.";

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкерге көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкін және осы Заңда көзделген тәртіптік жазалар тағайындалуы мүмкін.";

      5-тармақтағы "немесе сыныптық шен" деген сөздер ", сыныптық шен немесе біліктілік сыныбын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      21) 46-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "46-2-бап. Қызметті бағалау

      1. Қызметкерлер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау үшін олардың қызметіне бағалау жүргізіледі.

      2. Қызметті бағалау жыл сайын күнтізбелік жыл аяқталған соң жүргізіледі.

      3. Қызметкердің қызметін бағалауды тікелей басшысы жүргізеді.

      Тікелей басшы лауазымында алты айдан аз болған жағдайда бағалауды жоғары тұрған басшы жүргізеді.

      4. Қызметті бағалау:

      1) сынақ мерзімі кезеңіндегі адамға;

      2) осы Заңның 44-бабына сәйкес қызметін құқық қорғау органының лауазымдарынан тыс өткеретін қызметкерлерге;

      3) егер жаңа лауазымға тағайындалуы лауазымдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқса, атқаратын лауазымында алты айдан кем болған қызметкерлерге;

      4) құқық қорғау органдарында жиырма жылдан кем емес өтілі бар қызметкерлерге қатысты жүргізілмейді.

      Құқық қорғау органы басшысының және оның орынбасарларының қызметін бағалауды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын уәкілетті адам (орган) жүргізеді.

      5. Қызметкердің қызметін бағалау қызметкердің лауазымдық міндеттеріне сәйкес қызметтік мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуін бағалаудан құралады.

      6. Қызметкерлердің қызметін бағалау нәтижелері мынадай: "тиімділігі жоғары", "тиімді", "тиімділігі төмен" және "тиімсіз" мәндері бар шкаласы бойынша қойылады.

      7. Қызметті бағалау нәтижелері құқық қорғау органдары басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітілетін нысан бойынша бағалау парағына енгізіледі.

      Бағалау парағы лауазымдық міндеттерді ескере отырып қалыптастырылған және нақты учаскедегі (қызмет бағытындағы) жұмыстың тиімділігін көрсететін іс-шаралардың атауын қамтиды.

      Басшыны бағалаған кезде оған бағынысты қызметкерлер қызметінің бағалау нәтижелерінің орташа көрсеткіші ескеріледі.

      8. Қызметін бағалау нәтижелерінің мәні "тиімділігі төмен" және "тиімсіз" қызметкерлерге қатысты бағалау жүргізген адам кәсіби дамудың жеке жоспарын жасайды.

      Қызметкердің кәсіби дамуының жеке жоспары қызметкердің тиімділігін арттыруға және белгілі бір уақыт кезеңіне (қызметті келесі бағалауға дейін) оның кәсіби және жеке басының өсуіне бағытталған басым бағыттар мен ұсынымдарды айқындайды.

      9. Қызметкердің қызметін бағалаудың нәтижелері мынадай:

      1) қызметкер "тиімсіз" деген бағалау белгісін алған;

      2) қызметкер екі жыл қатарынан "тиімділігі төмен" деген бағалау белгісін алған жағдайларда аттестаттау жүргізуге негіз болып табылады.

      Мұндай қызметкерлерді аттестаттау бағалау жүргізілген күннен бастап алты ай ішінде өткізіледі.

      Бұл ретте аттестаттауды өткізу мерзімі қызметті бағалау нәтижелеріне шағым жасау кезеңіне тоқтатыла тұрады.

      10. Бағалау жүргізген адам қызметкерді бағалау нәтижелерімен, сондай-ақ кәсіби дамудың жеке жоспарымен бағалау жүргізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша таныстырады.

      11. Қызметкер бағалау нәтижелеріне құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшыға танысқан күннен бастап он жұмыс күні ішінде және (немесе) сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.";

      22) 47-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қызметкердің жеке және кәсіби қасиеттерін, қызметтік іс-әрекеті нәтижелерін бағалауды ескере отырып, атқаратын лауазымына сәйкестігі аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемшарты болып табылады.";

      3-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір үш жыл өткен соң не қызметті бағалау нәтижелері бойынша аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған не қызметті бағалау жүргізілген күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

      Егер аттестаттауға жататын қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, қызметін бағалау нәтижелері бойынша аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан кейін аттестаттаудан өтеді. Тең дәрежелі лауазымдарға тағайындау кезінде, егер бұл функционалдық міндеттердің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім ескерілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 3-2 және 3-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "3-2. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында білім алатын қызметкер оқуды аяқтаған соң, бірақ құқық қорғау органдары жүйесінде лауазымға тағайындалғаннан кейін кемінде бір жылдан кейін аттестаттаудан өтеді.

      Мемлекеттік органдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерді аттестаттау тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлер халықаралық ұйымнан оралғаннан кейін, бірақ құқық қорғау органдары жүйесінде лауазымға орналасқаннан кейін бір жылдан кейін аттестаттаудан өтеді.

      3-3. Ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларды өткізуге, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсуге, мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберуге байланысты ауысуларды қоспағанда, аттестаттау өткізу кезеңінде қызметкерлерді аттестаттау аяқталғанға дейін лауазымға тағайындауға не қызмет бойынша ауыстыруға болмайды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттауға жатпайды.

      Жүктілігі және бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде қызметкерлер аттестаттауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде бір жылдан соң аттестатталады.";

      5-тармақтың 3-1) тармақшасы алып тасталсын;

      23) 48-баптың 8, 9 және 10-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Тікелей басшы қызметкерді аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірмей қол қойғыза отырып, оған берілген қызметтік мінездемемен таныстыруға міндетті.

      9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр қызметіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.

      Қызметкердің қосымша ақпараты бар қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы жазбаша өтініші аттестаттау комиссиясы төрағасының атына беріледі және аттестаттау комиссиясының отырысына дейін жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей кадр қызметіне ұсынылады.";

      24) 50-бап мынадай мазмұндағы 3-1 және 3-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "3-1. Отырыс барысында аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделейді, аттестатталатын қызметкерді тыңдайды.

      Аттестатталатын қызметкерге қойылатын сұрақтар оның кәсіптік даярлық деңгейін, құқықтық мәдениетін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін айқындауға бағытталуы тиіс.

      Әңгімелесу кезінде аттестаттау комиссиясы аттестатталатын қызметкердің лауазымдық міндеттерін негізге алады. Қажет болғанда стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, сондай-ақ аттестатталатын қызметкердің қызметтік іс-әрекеттерін регламенттейтін өзге де құжаттарды білу деңгейі айқындалады.

      Әңгімелесу сыпайылық пен ізгілік жағдайында өтуі тиіс.

      Әрбір қатысушымен әңгімелесу техникалық жазба құралдарының (аудио-, бейнежазба) көмегімен тіркеледі.

      Әңгімелесу барысында техникалық жазба құралдарының көмегімен жазылған материалдар кадр қызметінде үш жыл бойы сақталады.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Қызметті бағалау нәтижелері бойынша аттестаттаудан өтетін қызметкерлерге қатысты аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;

      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және қызметтен шығаруға ұсынылады.";

      25) 54-баптың 4-тармағы алып тасталсын;

      26) 55-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "55-бап. Қызметкерлерге көтермелеулерді қолдану тәртібі

      1. Мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін қызметкерлерге және құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына мынадай:

      1) алғыс жариялау;

      2) біржолғы ақшалай сыйақы беру;

      3) бағалы сыйлықпен марапаттау;

      4) грамотамен марапаттау;

      5) Құрмет грамотасымен марапаттау;

      6) ведомстволық наградамен және құқық қорғау органының үздігі төсбелгісімен марапаттау;

      7) мерзімінен бұрын, кезектен тыс арнаулы атақ, сыныптық шен, біліктілік сыныбын немесе атқаратын штаттық лауазымында көзделген арнаулы атақтан, сыныптық шеннен немесе біліктілік сыныбынан бір саты жоғары тағайындау (белгілеу);

      8) Құрмет тақтасына енгізу;

      9) құрметті атақ беру;

      10) білім беру ұйымы орналасқан жерден кезектен тыс босатуды ұсыну;

      11) бұрын қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де көтермелеу түрлері көзделеді.

      2. Тәртіптік жазасы бар қызметкер бұрын қолданылған жазаны алып тастау арқылы көтермеленеді. Тәртіптік жазаны алып тастау құқығы құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшыға тиесілі. Қызметкердің елеулі және өрескел теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жазалар олар қолданылған күннен бастап үш айдан кейін алып тасталуы мүмкін.

      Елеулі тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жазалар көтермелеу тәртібімен мерзімінен бұрын алып тасталуға жатпайды.

      Елеусіз тәртіптік теріс қылықтар үшін тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу мерзімі белгіленбейді.

      Құқық қорғау органы басшысымен келісу бойынша қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ерекше еңбегі үшін, адамның өмірін құтқарумен, сондай-ақ қоғамдық резонанс тудырған аса ауыр қылмыстарды ашқаны және тергеп-тексергені үшін қызметкерлерді көтермелеу кезінде тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу мерзімі ескерілмейді.

      3. Бір мезгілде көтермелеу түрінде бір ғана тәртіптік жаза алынуы мүмкін, бұл ретте көтермелеудің осы түрімен көтермелеудің басқа түрлері қолданылмайды.

      4. Қызметкерді көтермелеу туралы ұсынымға тікелей басшы бастама жасайды және ол комиссияда қарау үшін кадр қызметіне енгізіледі.

      5. Комиссияны құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы қызметкерлерді көтермелеу кезінде объективті көзқарасты қамтамасыз ету үшін тұрақты негізде құрады.

      Комиссия құрамына кемінде бес мүше кіруі тиіс.

      6. Комиссия шешімді ашық дауыс беру арқылы алқалы түрде қабылдайды. Егер оған комиссия мүшелерінің жалпы дауыс санының көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Комиссия шешімдері хаттамамен ресімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      7. Комиссия мынадай:

      1) көтермелеу туралы ұсынымды қанағаттандыру;

      2) көтермелеу туралы ұсынымнан бас тарту туралы шешімдердің біреуін қабылдайды.

      8. Құқық қорғау органы басшысының не уәкілетті басшының шешімі бойынша қызметкерді көтермелеу тікелей басшының ұсынуы негізінде комиссияда қарамастан жүргізілуі мүмкін.

      9. Көтермелеу құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшының бұйрықтарымен ресімделеді.";

      27) 56-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "56-бап. Қызметкерлерге қолданылатын тәртiптiк жазалар және тәртіптік теріс қылықтардың түрлері";

      мынадай мазмұндағы 4, 5 және 6-тармақтармен толықтырылсын:

      "4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында магистратура мен докторантураның күндізгі нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге тәртіптік жазалаудың мынадай:

      1) ескерту;

      2) сөгіс;

      3) қатаң сөгіс;

      4) құқық қорғау органының білім беру ұйымынан шығару түрлері салынуы мүмкін.

      5. Осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасында және 4-тармағының 4) тармақшасында көзделген тәртіптік жазалау қызметкер қызметтік тәртіпті өрескел бұзған немесе құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар жасаған кезде қолданылады.

      6. Тәртіптік теріс қылықтар мынадай:

      1) болмашы;

      2) елеулі;

      3) өрескел түрлерге бөлінеді.

      Болмашы теріс қылық – осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген тәртіптік жаза қолданылған теріс қылық.

      Елеулі теріс қылық – осы баптың 2-тармағының 3), 4) және 6) тармақшаларында көзделген тәртіптік жаза қолданылған теріс қылық.

      Өрескел теріс қылық – осы баптың 2-тармағының 5), 7), 8), 9) тармақшаларында көзделген тәртіптік жаза қолданылған теріс қылық.";

      28) 57-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін айқындау кезінде мынадай өлшемшарттар:

      1) жасалған теріс қылықтың мазмұны мен сипаты;

      2) жасалған теріс қылықтың ауырлығы мен мән-жайлары;

      3) қызметкердің жеке басы және оның қызметке қатынасы туралы сипаттайтын деректер;

      4) қызметкердің уәжі және кінәсінің дәрежесі (қасақана, абайсызда);

      5) қызметкердің тәртіптік жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар;

      6) қызметкердің тәртіптік жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар ескеріледі.";

      мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "2-1. Тәртіптік жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп:

      1) теріс қылық жасаған қызметкердің өкінуі;

      2) қызметкердің теріс қылық жасағаны туралы басшыға ерікті түрде хабарлауы;

      3) теріс қылықты алғаш рет жасау және теріс қылықты жасау фактісімен келісудің болуы;

      4) жеке немесе отбасылық қиын мән-жайлар кезінде теріс қылық жасау;

      5) мәжбүрлеу нәтижесінде теріс қылық жасау;

      6) теріс қылық жасау теріс салдардың туындауына және құқық қорғау органының имиджіне нұқсан келтіруге әкеп соқпаған теріс қылық танылады.

      Қызметкерге жаза қолданатын құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы не қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу кезінде тәртіптік комиссия жеңілдететін және өзге де мән-жайларды тануы мүмкін.

      2-2. Тәртіптік жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп:

      1) егер бірінші теріс қылығы үшін қызметкерге жаза қолданылған және ол белгіленген тәртіппен алынбаған болса, дәл осындай теріс қылықты қайталап жасау;

      2) қарамағындағыны теріс қылық жасауға тарту;

      3) төтенше жағдай немесе өзге де шектеу шаралары енгізілген кезеңде теріс қылық жасау;

      4) алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) психотроптық және (немесе) уытқұмарлық масаң (соларға ұқсас) күйде теріс қылық жасау;

      5) теріс қылық жасау теріс салдардың туындауына және құқық қорғау органының имиджіне нұқсан келтіруге әкеп соққан;

      6) өзіне жүктелген міндеттерді орындауына байланысты лауазымды адамға немесе оның жақын туыстарына ықпал ету арқылы теріс қылық жасау танылады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату, қызметінен шығару және білім беру ұйымынан шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру нәтижелері және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады.

      Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату түріндегі жаза қызметтік тергеп-тексеру жүргізілмей және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдарынсыз алқаның немесе құқық қорғау органы бірінші басшысы жанындағы жедел кеңестің шешімі негізінде және ол жасаған тәртіптік теріс қылық фактісімен келісетіндігі туралы қызметкердің жазбаша түсіндірмесі болған кезде қолданылуы мүмкін.";

      10-тармақта:

      екінші бөлікте "бір айлық" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы Заңда көзделген құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны және қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және оны тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.";

      мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. Құқық қорғау органының білім беру ұйымдары осы Заңның 56-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында және 4-тармағының
4) тармақшасында көзделген тәртіптік жазаны қолданған жағдайда, жаза қолдану туралы бұйрық үш жұмыс күні ішінде өзі кадрында тұратын құқық қорғау органына жіберіледі.";

      14-тармақ мынадай мазмұндағы жазылсын:

      "14. Іссапарға жіберу оны тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты жағдайларды қоспағанда, тәртіптік жаза қызметкерге (курсантқа немесе құқық қорғау органының білім беру ұйымдарында оқитын қызметкерге) оның еңбекке уақытша жарамсыздығы, демалыста немесе іссапарда болуы кезеңінде қолданылмайды.";

      29) 58-бапта:

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Қызметтік тергеп-тексеру барысында оны жүргізу тапсырылған уәкілетті лауазымды адамның:

      1) өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан қызметкерден, сондай-ақ басқа да адамдардан жазбаша түсініктеме алуға;

      2) тәртіптік теріс қылық жасаудың мән-жайына қатысты материалдар мен мәліметтер жинауға;

      3) тиісті құжаттармен танысуға, қажет болған жағдайда олардың көшірмелерін қызметтік тергеп-тексеру материалдарына қоса беруге;

      4) мамандардан арнайы білімді талап ететін мәселелер бойынша қорытындылар, түсініктемелер және консультациялар алуға;

      5) қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкерлерге қатысты полиграфологиялық зерттеу жүргізуге бастама жасауға құқығы бар.

      Полиграфологиялық зерттеу қызметкердің келісімімен жүргізіледі.";

      5-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Қызметтік тергеп-тексеруді жүргізген адам қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкерді қорытынды бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде онымен таныстыруға міндетті.

      Танысу мүмкін болмаған жағдайда қызметтік тергеп-тексеру қорытындысының көшірмесі қызметкердің тұрғылықты жері бойынша жіберіледі не қызметкер телефон байланысы, СМС хабарлама не жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін басқа да байланыс құралдары арқылы танысу қажеттігі туралы хабардар етіледі.";

      8-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) тәртіптік жаза түрі бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар көрсетіледі.";

      10-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 11-тармақпен толықтырылсын:

      "11. Құқық қорғау органының білім беру ұйымдарында білім алатын курсанттар мен қызметкерлерге қатысты қызметтік тергеп-тексеруді құқық қорғау органы білім беру ұйымының тиісті бөлімшесі жүргізеді.";

      30) мынадай мазмұндағы 58-1-баппен толықтырылсын:

      "58-1-бап. Тәртіптік комиссияны құру және оның жұмыс тәртібі

      1. Құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы тәртіптік комиссияның құрамын бекітеді.

      2. Тәртіптік комиссияның құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.

      3. Тәртіптік комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай және оның мүшелерінің жалпы санының үштен екісі болған кезде өткізіледі.

      4. Тәртіптік комиссияның отырысы өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген адамның қатысуымен, оның ішінде бейнеконференцбайланыс арқылы өткізіледі.

      5. Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген адамның қатысуынсыз, егер ол отырыстың уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген және дәлелді себепсіз келмеген не тәртіптік комиссияның отырысына қатысудан жазбаша бас тартқан жағдайларда, қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарауға жол беріледі.

      6. Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген адам тәртіптік комиссия отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы, бірақ ол өткізілетін күнге дейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмей хабардар етіледі.

      7. Тәртіптік комиссия қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарайды және теріс қылыққа қатысты фактілерді зерттейді, жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің нәтижелері туралы баяндамашыны (қызметтік тергеп-тексеру жүргізген адамды), өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген адамның түсініктемелерін, сондай-ақ басқа да адамдардың түсініктемелерін тыңдайды.

      8. Ұсынылған материалдарды қарау қорытындылары бойынша тәртіптік комиссия мынадай:

      1) құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшыға өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген адамға тәртіптік жазаның тиісті шарасын қолдануды ұсыну;

      2) құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшыға тәртіптік іс жүргізуді тоқтатуды ұсыну деген шешімдердің біреуін шығарады.

      9. Тәртіптік комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған тәртіптік комиссияның отырысқа қатысқан мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      Дауыстар тең болған жағдайда тәртіптік комиссияның төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      10. Тәртіптік жаза қолдану туралы шешім құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшының бұйрығымен ресімделеді.

      11. Қызметкер өзіне қолданылған тәртіптік жазаға жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа шағым жасауға құқылы. Тәртіптік жаза қолдану туралы шешімге шағымдану оның орындалуын тоқтата тұрмайды.";

      31) 64-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне сыныптық біліктілік беру, жоғарылату, растау, төмендету және алу тәртібін құқық қорғау органдарының басшылары бекітеді.";

      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткендердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінен кезектен тыс орындар береді.";

      32) 66-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқаруына байланысты не қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiнгi бiр жыл ішінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.";

      33) 68-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерін, сондай-ақ қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкерлердің отбасы мүшелері басқа тең бағалы тұрғын үй-жай берілмей қызметтiк тұрғын үйден шығаруға жатқызылмайды.";

      34) 73-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қызметкердің құқық қорғау органдарына қызметке тұрған (қызметтен шығарылған), оқуға түскен (оқуды аяқтаған), сондай-ақ жүктілiгіне және босануына байланысты демалысқа (демалыстан), жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыстан, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыстан шыққан жылындағы ақы төлейтін жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы жыл сайынғы демалыстың ұзақтығын он екіге бөлу және алынған күндер санын құқық қорғау қызметіне тұрған (қызметтен шығарылған), оқуға түскен (оқуды аяқтаған), еңбек демалысына шыққан (болған) жылындағы қызметінің толық айларының санына көбейту жолымен есептеледі.

      Толық емес күндердің санын дөңгелектеу ұлғайту жағына қарай жүргізіледі.

      Бұл ретте ұзақтығы күнтізбелік он және одан да көп күнге демалыс алуға құқылы қызметкерлерге жол жүруіне демалыстан тыс уақыт беріледі.";

      35) 75-бапта:

      1-тармақта:

      бірінші абзац "мен тыңдаушыларына" деген сөздерден кейін ", магистранттары мен докторанттарына" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) магистранттарды, докторанттарды қоспағанда, білім беру ұйымын бiтiруiне байланысты ұзақтығы күнтізбелік отыз күн.";

      2-тармақ "мен тыңдаушыларына" деген сөздерден кейін ", магистранттары мен докторанттарына" деген сөздермен толықтырылсын;

      4-тармақтағы "күндізгі және сырттай оқу нысаны" деген сөздер "күндізгі, сондай-ақ қашықтан оқу нысаны" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақтағы "сырттай оқу нысаны" деген сөздер "қашықтан оқу нысаны" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының магистратурасына және докторантурасына түсетiн қызметкерлерге қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшiн ақшалай қаражаты сақталмайтын ұзақтығы күнтізбелік отыз күнге дейін, ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын өзге де білім беру ұйымдарына түсетiн қызметкерлерге қабылдау емтихандарын тапсыру үшiн ұзақтығы күнтізбелік он бес күнге дейiн оқу демалысы берiледi.";

      9-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде немесе Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия айқындайтын шетелдегі жетекші жоғары оқу орындарында докторантура (PhD, бейіні бойынша доктор) бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарына түскен қызметкерлерге ақшалай үлесі сақталмай, атқарып жүрген лауазымынан босатылып және құқық қорғау органдары кадрында қалдыра отырып, оқу демалысы беріледі.";

      36) 77-баптың 3-тармағында:

      бірінші бөліктегі "қарамағына" деген сөз "кадрына" деген сөзбен ауыстырылсын;

      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Құқық қорғау органында атқаратын лауазымының қысқартылуымен не өзгертілуімен ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізілген жағдайда, қызметкерге біліктік талаптарына сәйкес келген кезде осы жергілікті жерде бұрын атқарған лауазымынан төмен емес басқа бос лауазымға орналасуға мүмкіндік беріледі.";

      37) 80-бапта:

      1-тармақта:

      15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне, қылмыстық істің Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылуына байланысты;";

      мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "15-1) тәртiптiк жаза қолдану тәртiбiмен құқық қорғау органының бiлiм беру ұйымынан шығару;";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мынадай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін анық түсіретін әрекеттер, атап айтқанда: қызметкерлердің қоғамдық орындарда алкогольге не есірткіге масаң күйінде (құқық қорғау органына тиесілігі айналадағыларға анық белгілі болғанда) болу; қызметкердің алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйінде болуы, оның ішінде жұмыс күнінде осындай масаң күйді тудыратын заттарды қолдануы, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттарды (сол тектестерді), прекурсорларды медициналық емес мақсатта тұтыну; алкогольдік және (немесе) есірткілік (сол тектестерді) және (немесе) алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық (сол тектестерді) масаң күйде көлік құралын басқару; қызметкердің алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйде медициналық куәландырудан бас тартуы; шұғыл сипаттағы ақпаратты тергеуге зиян келтірумен жария ету; қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану; құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, курсанттарының арасында жарғыға сәйкес келмейтін, жағымсыз қоғамдық резонанс тудырған қарым қатынастары құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.";

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзуға, егер бұл әрекеттер (әрекетсіздік) қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан қызметкердің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы; егер бұл қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, қызметкердің оны жоғалтуға әкеп соқтырған, қызметтік пайдалану үшін сеніп тапсырылған қару мен оның патрондарын ұқыпсыз сақтауы, ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысу жатады.";

      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қызметкер осы Заңның 80-бабы 1-тармағының 9), 10), 12) – 16) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыстан шығарылған жағдайда, қызметкердің өз еркімен жұмыстан шығару туралы баянат беруі жұмыстан шығаруды тоқтата тұрмайды және жұмыстан шығару негіздерінің өзгеруіне әкеп соқпайды.";

      38) 81-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Құқық қорғау органдарында қызметін тоқтатқан қызметкерлер құқық қорғау органдарының кадрынан шығарылады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Осы Заңның 80-бабы 1-тармағының 1), 2, 4) және 18) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қызметтен шығарылатын қызметкерлер жұмыстан шығарылғаны не қызметті өткерудің шекті жасына жеткені туралы жұмыстан шығарудан немесе шекті жасқа жетуінен кемiнде бір ай бұрын хабардар етiледi.

      Осы Заңның 80-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 5) және 18) тармақшалары бойынша қызметкерді жұмыстан шығаруды қоспағанда, қызметкерлерді демалыстарда және емдеу мекемелерінде емделуде болған кезеңінде жұмыстан шығаруға жол берілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 10-тармақпен толықтырылсын:

      "10. Құқық қорғау қызметін өткеру кезеңінде мемлекеттік наградамен – орденмен (ордендермен) марапатталған құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жұмыстан шығарылған кездегі біржолғы жәрдемақы мөлшері ақшалай қамтылымының екі айлық ақысына ұлғайтылады.";

      39) 84-бапта:

      үшінші бөліктегі "6, 7, 8, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 30, 32, 38, 39, 40, 41, 42, 46, 47, 48, 49, 50, 51, 52, 53, 55, 56, 57, 58-баптарының" деген сөздер "5-1, 6, 7, 7-1, 7-2, 8, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 30, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 46-1, 46-2, 47, 48, 49, 50, 51, 52, 53, 54, 54-1, 55, 56, 57, 58, 58-1-баптарының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші бөліктегі "2)" деген саннан кейін ", 2-1)" деген сандармен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктермен толықтырылсын:

      "2012 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыстан шығарылған прокуратура органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері қызметтен шығарылған күнге белгіленеді және төлем Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілген арттырулар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі, қаржы полициясы, азаматтық қорғаныс, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының 2003 және 2016 жылдар аралығындағы кезеңде жұмыстан шыққан, жұмыстан шыққан күні жиырма бес және одан да көп жалпы жұмыс өтілі бар, соның ішінде кемінде он екі жыл және алты айы үздіксіз әскери қызметті, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметті, мемлекеттік фельдъегерлік қызметті құрайтын және құқық қорғау органдарында қызметте болудың шекті жасына жету бойынша не штаттық қысқарылуы немесе денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан шығарылған қатардағы және кiшi басшы құрамдағы қызметкерлер еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқығы бар. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері қызметтен шығарылған күнге белгіленеді және төлем Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілген арттыруларды ескере отырып, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтінішпен жүгінген күннен бастап жүзеге асырылады.

      Қызметкер қызмет өткеру кезінде не қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде науқастануы қызметтен босатылғаннан кейін бір жыл ішінде соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу бөлігінде осы Заңның 66-бабы 3-тармағының күші құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне 2020 жылғы 16 наурыздан бастап қолданылады.";

      2. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      64-бапта:

      1-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген, штаттың қысқартылуына немесе өз еркі бойынша немесе денсаулық жағдайына немесе құқық қорғау органының таратылуына байланысты қызметтен босатылған;

      3) жиырма бес және одан да көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның кемiнде он екі жыл және алты айын үзіліссiз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет құрайтын және әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте болудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектi жасына толуына не штаттың қысқартылуына немесе денсаулық жағдайына немесе құқық қорғау органының таратылуына байланысты қызметтен босатылған әскери қызметшiлердiң (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.";

      2-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген, штаттың қысқартылуына, құқық қорғау органының таратылуына не өз еркі бойынша не жұмысын жалғастыруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын қызметiне немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуiне байланысты қызметтен босатылған;

      3) жиырма бес және одан да көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның кемiнде он екі жыл және алты айын үзіліссiз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет құрайтын және штаттың қысқартылуына, құқық қорғау органының таратылуына не жұмысын жалғастыруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын қызметiне немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуіне байланысты қызметтен босатылған не арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған кезде тіркелген арнаулы атағы, сыныптық шені бойынша құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасына сәйкес келетін жасқа толған арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдардың еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.".

      3. "Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 17-баптың 2-тармағындағы "тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде" деген сөздер алып тасталсын;

      2) 21-баптың 3-тармағы алып тасталсын;

      3) 22-баптың 2, 3 және 4-тармақтары алып тасталсын.

      4. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      13-баптың 8-тармағында:

      7-1) тармақшадағы "ішкі істер органдарында" және "ішкі істер органдары" деген сөздер "құқық қорғау органдарында" және "құқық қорғау органдары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      10) тармақшада "ішкі істер органдарының" және "Ішкі істер органдарының" деген сөздер "құқық қорғау органдарының" және "Құқық қорғау органдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      101-10-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "101-10-бап. Арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары немесе әскери қызметшілердің отбасы мүшелері" ;

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Заңның мақсаттары үшін арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне:".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады