"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 24 қыркүйектегі № 671 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы МАЗМҰНЫ

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      3-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға қарау саласындағы заңнамасы

      4-бап. Жануарларға қараудың негізгі қағидаттары

      5-бап. Жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау

      6-бап. Жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу

      2-тарау. Жануарларға қарау саласындағы мемлекеттік реттеу және басқару

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      8-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      9-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      3-тарау. Жануарларды асырауға және оларға жауапкершілікпен қарауға қойылатын негізгі талаптар

      10-бап. Жануарларды асырауға қойылатын жалпы талаптар

      11-бап. Үй жануарларын есепке алу

      12-бап. Жануарларды тасымалдауға қойылатын жалпы талаптар

      13-бап. Жануарларды өсіруге қойылатын жалпы талаптар

      14-бап. Ветеринариялық қызметтер көрсету кезінде жануарларға қараудың ерекшеліктері

      15-бап. Жануарларды өлтіру және олардың өлексесін жою

      4-тарау. Жануарлардың жекелеген санаттарын қарау, оларды асырау және пайдалану кезіндегі ерекшеліктер

      16-бап. Жабайы жануарларды қарауға қойылатын талаптар

      17-бап. Ауыл шаруашылығы жануарларын қарау кезіндегі талаптар

      18-бап. Мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалану кезінде жануарларды қарауға қойылатын талаптар

      19-бап. Эксперименттік (зертханалық) жануарларға қарау кезіндегі талаптар

      20-бап. Қызметтік жануарларға қарау кезіндегі талаптар

      21-бап. Үй жануарларына қарау және оларды асырау кезіндегі талаптар

      22-бап. Үй жануарларын серуендетуге қойылатын талаптар

      5-тарау. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар

      23-бап. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызмет

      24-бап. Жануарларды аулау және өлтіру

      25-бап. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу

      26-бап. Жануарларға арналған панажайлар

      6-тарау. Жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау

      27-бап. Жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылау

      28-бап. Жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік

      7-тарау. Қорытынды ережелер

      29-бап. Осы Заңның күшіне ену тәртібі

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

      Осы Заң жануарларды қорғау, жануарларға қарау кезінде азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтарын және өзге де заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау мақсатында жануарларға қарау саласындағы қатынастарды реттейді.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аулау қызметі – жергілікті атқарушы органдар құрған ветеринариялық ұйым, сондай-ақ қараусыз қалған жануарларды аулаумен және уақытша асыраумен айналысатын жеке ұйым;

      2) биостерилизация – жануарды тұқым беру қабілетінен (репродуктивтік қабілетінен) хирургиялық жолмен айыру;

      3) үй жануарларын есепке алу – үй жануарына жеке нөмір беру, есепке алу бұйымы (құралы), тұрғылықты жері бар оның иесі және жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтерді тіркеу;

      4) үй жануарларын есепке алу бұйымдары (құралдары) – үй жануарларын есепке алу үшін пайдаланылатын болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар (құралдар);

      5) жабайы жануарлар – жабайы табиғат табиғи мекендеу ортасы болып табылатын, оның ішінде еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлар;

      6) жануарларға арналған оңалту орталығы – табиғи мекендеу ортасына қайтарылуға жататын немесе жатпайтын, тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған, сондай-ақ табиғи жағдайларда өмір сүре алмайтын, жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған, оның ішінде тәркіленген жануарларды шектеулі қабылдауға, емдеуге, асырауға, оңалтуға және бейімдеуге арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      7) қарым-қатынас жасайтын зоопарк – жануарларды көпшілікке көрсету және келушілерге физикалық тұрғыдан қарым-қатынас жасауды ұсыну мақсатында асырау үшін пайдаланылатын арнайы жабдықталған құрылысжай, үй-жай, көлік, тор, қоршау және басқа да конструкциялар;

      8) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттай құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      9) жауапты адам – жануар иесінің ауызша және/немесе жазбаша тапсырмасы бойынша жануар иесінің осы Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін өзіне алатын адам;

      10) жануарды серуендету – жануар иесінің немесе жауапты адамның жануарды асырау орнының шегінен тыс жерге шығаруды көздейтін және жануардың қозғалыс белсенділігіне деген физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, табиғи қажеттіліктерін өтеуге бағытталған әрекеті;

      11) жануарлар – құрлықта, суда, атмосферада және топырақта табиғи еркіндік жағдайында жүрген жабайы жануарлар (сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер, балықтар, моллюскілер, жәндіктер және басқалары), сондай-ақ адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде ұстайтын және өсіретін кез келген түрдегі үй жануарлары, оның ішінде иттер мен мысықтар (асырауға тыйым салынған жануарлар тізбесіне енгізілген жануарларды қоспағанда);

      12) жануарларға арналған панажай – тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған үй жануарларын, сондай-ақ қараусыз қалған, алып қойылған, оның ішінде тәркіленген жануарларды асырауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      13) жануарларға арналған питомник – мемлекеттік не жеке ұйым немесе дара кәсіпкер құрған, асыл тұқымдық құндылығы бар немесе арнайы мақсаттағы жануарларды асырауға арнайы жабдықталған және арналған мүліктік кешен;

      14) жануарларға қатыгездікпен қарау – осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, жануарларды асырау қағидалары мен шарттарында белгіленген, жануардың өліміне, мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтірілуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін, жануарларды қинаумен әрі жәбірлеумен ұштасқан іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), сондай-ақ жануарды ұрып-соғу, азаптау, оның ішінде аштан қатыру, су бермеу және жануардың саулығына зиян келтіруге алып келген өзге де зорлық-зомбылық әрекеттер, тіршілігі мен саулығына қауіп төніп тұрған жануарға жауапты адамның мүмкіндігі болса да көмек көрсетпеуі;

      15) жануарларды ұстай тұру (зоологиялық қонақ үй) – жеке ұйым немесе дара кәсіпкер құрған және үй жануарларын уақытша асырауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      16) жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарда пайдалану – жануарларды мәдениет, демалыс және ойын-сауық саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде (оның ішінде, зоопарктерде, қарым-қатынас жасайтын зоопарктерде, зообақтарда, жануарларға арналған питомниктерде, цирктерде, зоотеатрларда), жануарлар көрмелерінде, спорт сайыстарында, жарнама түсіру процесінде, кинематография туындыларын жасау кезінде, фото- және бейнеөнімдер шығару үшін, телевизияда, ағартушылық қызметте, көрсету мақсатында (оның ішінде, бөлшек сауда орындарында, қоғамдық тамақтандыру қызметін көрсететін орындарда), сондай-ақ азаматтардың дем алу және ойын-сауық саласында пайдалану;

      17) жануарларды уақытша асырау пункті – тауып алынған, ауланған қараусыз қалған және алып қойылған жануарларды уақытша асырау үшін әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      18) жануардың өз бетінше серуендеуі – иесінің және/немесе жауапты адамның қарауынсыз жануардың үй-жайдан тыс немесе ұсталатын аумақтың шегінен тыс жерде өз бетінше болуы;

      19) жануарлардың төбелесі – жануарларды бір-біріне өшіктіру нәтижесінде не олардың тұқымдық сипаттамалары салдарынан, жануар иесінің және/немесе жауапты адамдардың алдын алу немесе тоқтату шараларын әдейі қабылдамауынан туындаған екі немесе одан көп жануардың айқасы;

      20) жануарды эвтаназиялау – ветеринар дәрігер жануарды жанын ауыртпай, қинамай, азап шектірмей ізгілік жолмен өлтірудің арнайы техникасын қолданып, жалпы анестезия (оның ішінде, есірткілік) препараттарын пайдалана отырып жүзеге асыратын жануарды дәрі-дәрмекпен өлтіру;

      21) жылжымалы хайуанаттар бағы – жануарларды цирк, эстрада, ойын-сауық қызметінде (жария және жеке сипатта) пайдалану мақсатында асырау және тасымалдау үшін, сондай-ақ жануарларды көпшілікке көрсету, ғылыми маңызы жоқ көрсетілімдерге, көрмелерге тарту үшін мәдениет мекемелері, цирктер, көшпелі цирктер, қарым-қатынас жасайтын зоопарктер, гастрольдік орталықтар мен басқа да тұлғалар пайдаланатын арнайы жабдықталған күрделі емес құрылысжайлар, уақытша үй-жайлар, көлік, мобильді тор, қоршаулар, басқа да жылжымалы конструкциялар;

      22) ұстайтын орын – жануардың иесі немесе жауапты адам пайдаланатын, жануар ұсталатын ғимарат, құрылыс, құрылысжай, үй-жай немесе аумақ;

      23) қаңғыбас жануарлар – қараусыз қалған, екі ай ішінде іздеу салынған кезде иесі табылмаған иттер мен мысықтар;

      24) қараусыз қалған жануарлар – асырау орнынан тыс жердегі және жануардың иесі және/немесе жауапты адам тарапынан бақылаусыз қалған жануар;

      25) қызметтік жануарлар – іздеу, күзету, патрульдік-бекеттік, қорғау-қарауыл, іздестіру-құтқару және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де қызметтік мақсаттарда арнайы дайындалған және пайдаланылатын (қолданылатын) жануарлар;

      26) уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласында реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      27) үй жануарлары – адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде ұстайтын және өсіретін кез келген түрдегі жануарлар, оның ішінде иттер мен мысықтар;

      28) эксперименттік (зертханалық) жануарлар – адам ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу жүргізу үшін, оқу процесінде, медициналық мақсаттарда, сондай-ақ биомедициналық препараттар алу үшін өсіретін, ұстайтын және пайдаланатын жануарлар;

      29) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсіретін, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей қатысы бар жануарлардың, құстардың, балықтар мен аралардың барлық түрі.

3-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға қарау саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының жануарларға қарау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Жануарларға қараудың негізгі қағидаттары

      Жануарларға қарау мынадай адамгершілік қағидаттары мен ізгілік қағидаттарына негізделеді:

      1) жануарларға ауырсыну мен азапты сезіне алатын тіршілік иесі ретінде қарау;

      2) жануардың өміріне, саулығы мен амандығына иесінің дербес жауаптылығы;

      3) жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау;

      4) халықтың жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарым-қатынас жасауын тәрбиелеу.

5-бап. Жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау

      1. Жануарларды қараған кезде:

      1) ауырсынуды басатын препараттар мен анестетиктерді қолдану жануардың саулығына зиян келтіруі мүмкін жағдайларды қоспағанда, жануарларға ауырсынуды басуды немесе анестезияны қолдану көрсетілген ветеринариялық және өзге де емшараларды тиісті құралдарды міндетті түрде қолданбай жүргізуге;

      2) бұзақылық пиғылмен не қызметтік міндеттерді атқаруға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын аңшылыққа байланысты емес мақсаттарда жануарларды басқа жануарларға және/немесе адамдарға өшіктіруге;

      3) жануарларға арналған панажайларға берілгенге дейін немесе өзге де заңды тәсілмен иеліктен шығарғанға дейін жануарлар иелерінің жануарларды асырау жөніндегі міндеттерін орындаудан бас тартуына;

      4) жануарлар төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге;

      5) жануарлардың жарақаттануына, мертігуіне немесе өліп қалуына әкелетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге;

      6) жануарлардың зақымдануына, мертігуіне немесе өліміне әкелетін мүкаммалды және өзге де құрал-жабдықты пайдалануға;

      7) сою немесе жарақат салу және мертіктіру арқылы иттер мен мысықтардан өнім мен шикізат алу үшін осы жануарларды өсіруге, асырауға, пайдалануға, сондай-ақ мысықтар мен иттердің жүнін тарау тәсілімен алудан басқа, осындай өнімді өткізуге;

      8) жануарды өз бетінше эвтаназиялауға тыйым салынады.

      2. Дератизация және дезинсекция, сондай-ақ осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жасалатын аңшылық, жабайы жануарлар санын реттеу, ауыл шаруашылық жануарларын сою және эвтаназиялау қатыгездікпен қарау болып табылмайды.

6-бап. Жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу

      Жануарларға қатыгездікпен қарауды, оның ішінде пайда табу мақсатында немесе онсыз баспа, аудиобейне өнімін және басқа да ақпарат арналарын шығару, көрсету, тарату және өзге де пайдалану арқылы насихаттауға және (немесе) соған үндеуге тыйым салынады.

2-тарау. ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыреті шегінде:

      Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен өзіне жүктелген функцияларды атқарады.

8-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      2) жануарларды питомниктерде, панажайларда, зоологиялық қонақ үйлерде, уақытша асырау пунктерінде, жануарларға арналған оңалту орталықтарында асырау тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      3) жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалану тәртібі мен талаптарын әзірлейді және бекітеді;

      4) мекендеу ортасына қайтару мүмкін емес, қамаудағы жабайы жануарларға қарау тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      5) қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      6) жануарларға арналған панажайлар туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

      7) жануарларды тасымалдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      8) есепке алуға жататын үй жануарларының тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      9) ерекше жауаптылықты талап ететін жануарлардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      10) жануарларға қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргізу, сондай-ақ жануарларға қарау саласындағы қоғамдық инспектор куәліктерін азаматтарға беру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      11) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

9-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласында өз құзыреті шегінде:

      1) жануарларды серуендетуге не өзге мақсаттарда жануарлармен бірге жүруге тыйым салынған жерлерді айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде, жануарларды серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды;

      2) жануарларға арналған панажайлардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді және жануарларды иесіне беруге, адасып қалған жануарлардың иесін іздеуге, үй жануарларын биостерилизациялау қажеттігі туралы ақпарат беруге бағытталған әлеуметтік жарнаманы ұйымдастырады;

      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті өкілді органына үй жануарларын есепке алу қағидаларын бекіту үшін енгізеді;

      4) жануарларды аулау және өлтіру тәртібін, аулауға және өлтіруге жататын жануарлардың тізбесін әзірлейді;

      5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне орай Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Жергілікті атқарушы органдар жануарларға арналған панажайлардың құрылысын және оларды асырауды ұйымдастыруға құқылы.

3-тарау. ЖАНУАРЛАРДЫ АСЫРАУҒА ЖӘНЕ ОЛАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУҒА ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР

10-бап. Жануарларды асырауға қойылатын жалпы талаптар

      1. Жануарларды асырау бойынша жалпы талаптарға:

      1) жануарлардың биологиялық, түрлік және жеке-дара ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс, олардың тамаққа, суға, ұйқыға, қозғалысқа, табиғи белсенділікке деген табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруға тиіс жануарларды асырау жағдайлары;

      2) осы Заңның және Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жануарларға уақтылы ветеринариялық көмек көрсетуді және міндетті профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету жатады.

      2. Жануарлардың жекелеген санаттарын асырау осы Заңмен және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасымен реттеледі.

      3. Жануарларды питомниктерде, панажайларда, зоологиялық қонақ үйлерде, уақытша асырау пунктерінде, жануарларға арналған оңалту орталықтарында асырау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

11-бап. Үй жануарларын есепке алу

      1. Жеке және заңды тұлғаларға меншік құқығында және өзге де заттай құқықтарда тиесілі, оның ішінде жануарларға арналған панажайлардағы, уақытша асырау пункттеріндегі, жануарларға арналған оңалту орталықтарындағы, есепке алынуы тиіс жануарлар тізбесіне енгізілген үй жануарлары міндетті түрде есепке алынуға жатады және иесі ауысқан жағдайда қайта есепке алынады.

      2. Жануарлар иелерінің дербес деректері қамтылатын ақпаратпен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Үй жануарларын есепке алу бұйымын (құралын) пайдаланып үй жануарын есепке алу ақылы негізде жүргізіледі.

      4. Үй жануарын есепке алу фактісі үй жануарына берілген жеке нөмірдің және үй жануарының паспортындағы жануар иесі туралы деректердің болуымен расталады.

      5. Есепке алынған үй жануарларының иелері үй жануары өлген кезден бастап он тәуліктен аспайтын мерзімде есепке алуды жүргізген ветеринариялық қызметке бұл туралы хабар беруге міндетті.

12-бап. Жануарларды тасымалдауға қойылатын жалпы талаптар

      1. Жануарларды тасымалдау кезінде олардың азыққа, суға, ауаға, қозғалысқа, табиғи қажеттіліктерін өтеуге деген қажеттіліктері қанағаттандырылуға тиіс, сондай-ақ жануарларды зиянды сыртқы әсерлерден қорғау қамтамасыз етілуге тиіс. Кеңістіктің желдетілуі мен көлемі тасымалданатын жануарлардың ерекшеліктеріне сәйкес келуге тиіс.

      2. Жануарларды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралы жануарларды тиеу, тасымалдау және түсіру кезінде олардың мертігуін, жарақат алуын немесе өлуін, сондай-ақ көлік құралынан өз еркімен шығып кетуін болғызбайтындай етіп жабдықталуға тиіс.

      3. Жануарларды тасымалдау кезінде жануардың иесі немесе жауапты адам ветеринариялық талаптар мен көлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

13-бап. Жануарларды өсіруге қойылатын жалпы талаптар

      1. Жануарларды өсіру кезінде жануарларға қараудың негізгі қағидаттары ескерілуге тиіс.

      2. Жануарлар үшін қажетті жағдайлар жасай алмаған жағдайда иесі және/немесе жауапты адам қоршаған ортаны қорғауды, санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық саламаттылықты, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында оларды биостерилизациялауды қамтамасыз етеді.

14-бап. Ветеринариялық қызметтер көрсету кезінде жануарларға қараудың ерекшеліктері

      1. Жануардың иесі, сондай-ақ өзге де жауапты адам Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес жануарға ветеринариялық көмектің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Жануарларға өткір ауырсынуға әкелетін емшаралар жүргізген кезде ветеринар маман ауырсынуды басуды (қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда) қолдануға міндетті.

      3. Күрделі инвазиялық емшараларға жататын, оның ішінде күшті әсер ететін анестезиялық препараттар пайдаланылатын ветеринариялық емшаралар мен манипуляцияларды, хирургиялық операцияларды, диагностикалық іс-шараларды, дәрілік препараттар мен кешенді емді тағайындауды тиісті кәсіби білімі бар адамдар жүргізе алады.

15-бап. Жануарларды өлтіру және олардың өлексесін жою

      1. Жануарларды өлтіруге мынадай жағдайларда:

      1) шаруашылық жағынан пайдалы өнім алу үшін (жануарларды сою);

      2) жануарлардың азап шегуін тоқтату үшін, егер оларды өзгеше тәсілмен тоқтату мүмкін болмаса;

      3) жануарлардың жаңа туған төлінде ауытқулар мен кемістіктердің анық білінген белгілері болып, өмір сүруге қабілетсіз болған кезде;

      4) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда жабайы жануарлардың санын реттеу кезінде және аң аулау кезінде;

      5) жануарлар адамға айқын шабуыл жасаған жағдайларда немесе жануар адамның өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төндіретін өзге де жағдайларда;

      6) құтырмамен немесе адамдар үшін аса қауіпті басқа да емделмейтін аурумен ауыратын немесе адамдар үшін аса қауіпті емделмейтін аурудың тасымалдаушысы болып табылатын жекелеген жануарларды өлтіру қажет болған кезде жол беріледі.

      2. Жануарларды өлтіру кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:

      1) өлтіру жануарлардың өлім алдындағы азабын болғызбайтын әдістермен жүргізіледі;

      2) өлтіру жүргізілетін үй-жай басқа жануарлар ұсталатын үй-жайдан бөлек болуға тиіс;

      3) тұншығудан, электр тогынан, ауырсыну инъекцияларынан, уланудан, кураре тәрізді препараттардан, қызып кетуден өлімге әкелетін жануарларды өлтірудің адамгершілікке жатпайтын әдістерін және басқа да ауырсыну әдістерін қолдануға тыйым салынады;

      4) жануарларды өлтіру үшін құрамында мырыш фосфиді бар пестицидтерді пайдалануға тыйым салынады.

      3. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайларда, туындаған жағдай кезінде адамның өміріне немесе денсаулығына нақты қатерді жоюдың басқа мүмкіндігі болмаған жағдайларды қоспағанда, осы баптың 2-тармағының талаптарын сақтау міндетті болып табылады.

      4. Жануарларды өлтіру және олардың өлекселерін көму кезінде Қазақстан Республикасының ветеринария, денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптары сақталуға тиіс.

4-тарау. ЖАНУАРЛАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫН ҚАРАУ, ОЛАРДЫ АСЫРАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

16-бап. Жабайы жануарларды қарауға қойылатын талаптар

      Жабайы жануарларға қатыгездікпен қараудың алдын алу мақсатында оларды асырауға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленеді.

17-бап. Ауыл шаруашылығы жануарларын қарау кезіндегі талаптар

      1. Ауыл шаруашылығы жануарларын асырау, тасымалдау, оның ішінде сою орнына тасымалдау осы Заңның және Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Жануарларды сою Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.

18-бап. Мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалану кезінде жануарларды қарауға қойылатын талаптар

      1. Жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалану және асырау уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалануға және оларды асырауға қойылатын талаптарда оларды пайдалану шарттары айқындалады, оларды сақтау олардың өмірі мен саулығына зиян келтірмей, биологиялық (түрлік және жеке-дара) ерекшеліктеріне сәйкес мұндай жануарларды неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, мұндай жануарларды ұстайтын орындарға және оларды пайдалануды жүзеге асыратын адамдарға қойылатын талаптар айқындалады.

      3. Жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалануды көздейтін қызметті, егер ғимараттар бұған әдейі арналмаған болса немесе құрылысжайлар оқшау аумақтарда орналаспаса, оларды асырау орындарынан тыс жерлерде жүзеге асыруға, сондай-ақ көрермендерге немесе келушілерге жануарлармен физикалық тұрғыдан қатынас жасауға жол берілмейді.

      4. Егер жануарларды асырау, тасымалдау олардың тіршілігі мен саулығына залал келтірмей, осындай жануарларды биологиялық (түрлік және жеке-дара) ерекшеліктерге сәйкес неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермесе, оларды жылжымалы хайуанаттар бақтарында, жылжымалы зоопарктерде, жабайы жануарлардың жылжымалы көрмелерінде, сондай-ақ жылжымалы және стационарлық дельфинарийлерде, океанариумдарда және қарым-қатынас жасайтын зоопарктерде пайдалануға жол берілмейді.

      5. Жануардың саулығын нашарлататын дәрілік және өзге де препараттарды оны мәдени, ойын-сауық және көпшілікке көрсету мақсаттарында пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында қолдануға тыйым салынған.

      6. Егер жануарды одан әрі нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкін болмаса, жануардың иесі немесе жауапты адам мұндай жануарды ол өздігінен өлгенге дейін асырауды қамтамасыз етуге немесе оны жануарлар панажайына, қажетті жағдайлар жасауға қабілетті жеке немесе заңды тұлғаларға беруге міндетті.

      Егер жануардың саулығы жасына байланысты өзгерістерге, созылмалы аурулардың болуына, жарақаттан кейінгі жағдайға орай тұрақты ауырсынулармен не мүшелер жүйесінің бұзылуына немесе тірек-қимыл аппаратының ауыр функционалдық бұзылуына байланысты жануардың тіршілік ету сапасының нашарлауын білдірсе, ветеринар маманның қорытындысы бойынша жануардың иесі эвтаназия туралы шешім қабылдауға құқылы.

      7. Жануарларға жарақат салумен және мертіктірумен, жануарларды өлтірумен байланысты, олардың азаптануын, оның ішінде өлім алдындағы азабын бақылайтын, жануарларды басқа жануарларды пайдалана отырып өлтіретін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ мұндай іс-шараларға пассивті қатысуға (қатысуға) тыйым салынады.

      8. Жануарларды жаттықтыру кезінде:

      1) жануарларды ұрып-соғуға, жарақаттауға және мертіктіруге, онихэктомия жасауға және азу тістерін алып тастауға;

      2) жануарларды жарақаттайтын іс-әрекеттерді орындауға мәжбүрлеуге рұқсат етілмейді

19-бап. Эксперименттік (зертханалық) жануарларға қарау кезіндегі талаптар

      1. Ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесін жүргізу кезінде, медициналық мақсаттарда, сондай-ақ биомедициналық препараттар алу кезінде эксперименттік (зертханалық) жануарларға қатыгездікпен қарауды көздейтін жануарларды пайдалануды Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес аккредиттелген құжаты бар адамдар ғана және осы мақсаттар үшін баламалы объектілер мен модельдерді пайдалану мүмкін болмаған жағдайларда ғана жүзеге асыра алады.

      2. Жануарларға өздері қатты ауырсынатын процедураларды жүргізу белгіленген тәртіппен тіркелген ауырсынуды басатын препараттарды қолдану арқылы ауырсынуды басу жағдайын сақтай отырып жүзеге асырылады.

      3. Эксперимент процесінде, одан кейін де жануардың азаптануы барынша азайтылуға тиіс.

      4. Эксперименттік (зертханалық) жануарлармен жұмыс істеген кезде жануарларды хирургиялық жолмен дыбыс шығару мүмкіндігінен айыруға (ветеринариялық көрсетілімдерден басқа), сондай-ақ жануарларды асырау орындарынан (торлардан, бокстардан, террариумдардан, аквариумдардан және басқа да асырау орындарынан) алып шығу кезінде жарақаттайтын әдістер мен тәсілдерді қолдануға жол берілмейді.

      5. Оқу мақсатында жануарларға қатыгездікпен қарауды көздейтін көрсетілімдер өткізуге тыйым салынады.

      6. Егер жануарларға қатыгездікпен қарауды көздейтін болса, оқу мақсатында рефлекторлық қызметтің жақсы таныс құбылыстарын көрсетуге тыйым салынады.

      7. Эксперименттік (зертханалық) жануарларға тиісті күтім, су, тамақтандыру, желдетілетін, жарықтандырылған, жылытылатын, уақтылы тазаланатын үй-жайда асырау қамтамасыз етілуге тиіс.

      8. Тіршілік етуге қабілетсіз эксперименттік (зертханалық) жануар жануарларға ізгілікпен қарау талаптары сақтала отырып, оның жағдайы нашарлағанға дейін өлтіріледі.

      9. Жануарды өлтіруді оны пайдалануға жауапты адам жүргізеді не оның тікелей бақылауымен жүргізіледі. Жануардың тіршілік етуге қабілетсіздігі мен өлімін оны пайдалануға жауапты адам анықтайды.

      10. Жануардың өлексесін кәдеге жарату оның өлгені анықталғаннан кейін ғана жүргізілуі мүмкін.

      11. Эксперименттік (зертханалық) жануарлармен жұмыс жүргізу кезінде ол жануарлардың ең аз саны пайдаланылатындай етіп ұйымдастырылуға тиіс.

      12. Донор жануарлардан, биологиялық препараттардың сапасын бақылау мақсатында оларды өндіру кезінде, сондай-ақ иммундау схемаларын зерделеу кезінде пайдаланылатын жануарлардан басқа, жануарларды ауырсыну процедураларын жүргізу үшін бір реттен артық пайдалануға тыйым салынады.

      13. Эксперименттік (зертханалық) жануарлармен жұмыс жүргізу кезінде жануарға ауырсынатын тітіркендіргіштерді қолдану қаупі жоғары болған жағдайда жануарды пайдалануға жауапты адамның болуы және ауырсынуды басу әсерінің сақталуына оның тарапынан бақылаудың болуы міндетті.

      14. Адамдар жануарларды оларда санитариялық қағидаларға және өзге де арнайы талаптарға сәйкес жабдықталған жануарларды асырауға және өсіруге арналған үй-жайлар, сондай-ақ жануарларға күтім жасауды қамтамасыз ететін қызметкерлер болған кезде ғана тәжірибелерде пайдалана алады.

      15. Эксперименттік (зертханалық) жануарлармен жұмыс істеуге тиісті ветеринариялық білімі бар адамдар ғана жіберіледі.

      16. Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен немесе олардың көз алдында эксперименттік жануарларға әсер етудің хирургиялық және өзге де ауырсыну әдістерімен байланысты тәжірибелер жүргізуге тыйым салынады.

      17. Жануарларға ауырсынатын тәжірибе жүргізумен байланысты мамандықтар бойынша мамандар даярлайтын оқу орындары оқушылардың тәжірибелерде жануарларды пайдаланудың қолданыстағы этикалық-құқықтық нормалары бойынша білім алуын қамтамасыз етуге тиіс.

      18. Жануарлардың өліміне немесе жарақаттануына әкеп соғатын рәсімдер моральдық немесе діни қағидаттарына қайшы келетін оқушыларды оларды орындатуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.

      19. Ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесін жүргізу үшін, медициналық мақсаттарда, сондай-ақ биомедициналық препараттар алу кезінде пайдаланылатын эксперименттік (зертханалық) жануарларды асырау және өсіру зоологиялық, техникалық, гигиеналық және ветеринариялық-санитариялық нормалар мен қағидаларды, эксперименттік (зертханалық) жануарларды асырау жөніндегі техникалық регламенттер мен мемлекетаралық стандарттардың талаптарын сақтай отырып және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін сақтай отырып жүзеге асырылады.

20-бап. Қызметтік жануарларға қарау кезіндегі талаптар

      1. Қызметтік жануарларды даярлау (үйрету) осы Заңның 10-бабында көзделген жануарларды асырауға қойылатын жалпы талаптар сақтала отырып жүргізілуге тиіс.

      2. Қызметтік жануарларды даярлауды (үйретуді) тиісті мамандар жүзеге асырады.

      3. Қызметтік жануарларды даярлау (үйрету) кезінде жануарларды жүйелі түрде жарақат алуға әкеп соғатын іс-әрекеттерді орындауға мәжбүрлеуге тыйым салынады.

21-бап. Үй жануарларына қарау және оларды асырау кезіндегі талаптар

      1. Үй жануарларын асырау кезінде олардың иелері осы Заңның 10-бабында көзделген жануарларды асырауға қойылатын жалпы талаптарды сақтауы қажет.

      2. Үй жануарларының иесі:

      1) ветеринариялық-санитариялық нормалар мен қағидалардың, гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтауға;

      2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнамасына сәйкес үй жануарларын есепке алуды жүзеге асыруға;

      3) басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбай, жануарларға жауапты қарауды жүзеге асыруға;

      4) азаматтардың не жануарлардың өмірі мен саулығына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне жануарлардың зиян келтіруін болғызбау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға;

      5) Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңнамасына сәйкес жануарға білікті ветеринариялық көмекті уақтылы көрсетуді және профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды уақтылы жүргізуді қамтамасыз етуге;

      6) жануарлардың жұқпалы ауруларының күдігі туралы, сондай-ақ жануардың жұқпалы аурудың салдарынан өлгені (қырылғаны) туралы тұрақты тұратын жері бойынша ветеринариялық қызметке дереу хабарлауға;

      7) биостерилизациялау арқылы жануарларда керексіз ұрпақтың алдын алу бойынша шаралар қабылдауға;

      8) денсаулық сақтау ұйымына және тиісті ветеринариялық қызметке оның жануарының азаматтарға дене жарақатын салған жағдайлары туралы дереу хабарлауға және жұқпалы аурудың болу мүмкіндігін анықтау мақсатында қарау және қажетті клиникалық және (немесе) зертханалық-диагностикалық зерттеулер не ветеринариялық байқаулар жүргізу үшін өз жануарын ветеринариялық қызметке жеткізуге;

      9) жануарлардың тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, оның ішінде кондоминиум объектілерін ластауына, сондай-ақ жануарлардың қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуге міндетті.

      3. Жануарлардың құлақтары мен құйрықтарын кесуге, егер бұл тұқым стандарты бойынша міндетті болса ғана рұқсат етіледі. Рудиментарлы саусақтарды алып тастауға рұқсат етіледі (егер олар тұқым стандарты бойынша міндетті болып табылмаса, жануарға ыңғайсыздық немесе ауырсыну тудырса). Жануарларға жасалатын көрсетілген рәсімдерді ветеринар маман ауырсынуды басып жүргізуге тиіс. Дененің басқа бөліктерін ампутациялауды ветеринар маман жануарға қажетті көмек көрсету мақсатында ғана жүргізеді.

22-бап. Үй жануарларын серуендетуге қойылатын талаптар

      1. Үй жануарларын серуендету адамдар мен басқа жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ адамдардың мүлкіне зиян келтіруден қорғау шартымен жүзеге асырылуға тиіс.

      2. Жауапты адам қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және абаттандыру қағидаларын сақтау мақсатында жергілікті өкілді органдар бекітетін үй жануарын серуендету қағидаларын сақтауға міндетті.

      3. Үй жануарларының өздігінен серуендеуіне тыйым салынады.

      4. Үй жануарларын олардың мінез-құлқын бақылауға қабілеті жоқ, оның ішінде мас күйдегі адамдардың серуендетуіне тыйым салынады.

      5. Егер ерекше жауаптылықты талап ететін тұқымды үй жануары меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде үй жануарының иесіне тиесілі қоршалған аумақта болған жағдайларды қоспағанда, серуендету орнына қарамастан, ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және тізгінсіз серуендетуге тыйым салынады. Үй жануарының бар-жоғы туралы осы аумаққа кіре берісте ескерту жазбасы жасалуға тиіс.

      6. Ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларының тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

5-тарау. ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ЖӘНЕ ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

23-бап. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызмет

      1. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызмет:

      1) жануарлардың аса қауіпті және жұқпалы, оның ішінде жануарлар қоздырғыштары болуы мүмкін адам мен жануарларға ортақ аурулардың таралуына байланысты эпидемиялар, эпизоотиялар және (немесе) өзге де төтенше жағдайлар туындауының алдын алу;

      2) азаматтардың денсаулығына және (немесе) мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтіруді болғызбау;

      3) жануарлар дүниесі объектілеріне және олар мекендейтін ортаға залал келтіруді болғызбау;

      4) жануарлардың өміріне қауіпті жағдайда қалған жануарларға көмек көрсету;

      5) жоғалған жануарларды иелеріне қайтару;

      6) қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Қараусыз қалған жануарларды қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезіндегі іс-шаралар:

      1) аулау қызметтерінің қараусыз қалған жануарларды аулауды;

      2) қараусыз қалған жануарларды осы Заңның 10-бабының талаптарына сәйкес жануарларды уақытша асырау пунктінде не жануарларға арналған панажайда не ұстай тұру орындарында асырауды;

      3) жоғалған жануарларды иелеріне қайтаруды, сондай-ақ уақытша асырау пунктіне, панажайға, ұстай тұруға келіп түскен қараусыз қалған жануарларға жаңа иелер іздеуді қамтиды.

      3. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеу тәртібін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

24-бап. Жануарларды аулау және өлтіру

      1. Жануарларды аулау мен өлтіруді аулау қызметі жүзеге асырады.

      2. Жеке ұйымдар жануарларды аулау мен өлтіруді жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыра алады.

      3. Жануарларды аулау мен өлтіру осы Заңға және Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

25-бап. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу

      1. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу – жануарларды биостерилизациялау, жайластыру, білім беру іс-шараларын және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қаңғыбас жануарлардың (иттер мен мысықтардың) санын азайту үшін мемлекет және зоологиялық қорғау ұйымдары қабылдайтын шаралар кешені.

      2. Осы Заңның талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын эвтаназияны қолдануды қоспағанда, қаңғыбас жануарлардың санын уларды, өзге де химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілдермен өлтіру арқылы реттеуге тыйым салынады.

26-бап. Жануарларға арналған панажайлар

      1. Жануарларға арналған панажайлар жануарларды, оның ішінде иелері меншік құқығынан бас тартқан қараусыз қалған, қаңғыбас жануарларды асырау жөніндегі қызметті жүзеге асыру мақсатында құрылады.

      2. Жануарларға арналған панажайлар өз қызметінде уәкілетті орган белгілеген жануарларға арналған панажайлар туралы ережені басшылыққа алады.

      3. Жануарларға арналған панажайлар мемлекеттік және жеке болуы мүмкін.

      4. Жануарларға арналған панажайларда үй жануарларын уақытша асырау (орналастыру) жөніндегі қызмет олардың иелерімен келісім бойынша, сондай-ақ ветеринариялық және өзге де қызметтер көрсету жөніндегі қызмет жүзеге асырылуы мүмкін.

      5. Панажайдың жануар иесінен оның жануарын асырауға байланысты шығыстарды, сондай-ақ егер жануарлар мұқтаж болса, ветеринариялық қызметтер көрсету құнын алуға құқығы бар.

      6. Жануарларға арналған панажай:

      1) иесінің немесе жауапты адамның талап етуі бойынша жануарды қайтаруға;

      2) азаматтардың жануарларға арналған панажайға жұмыс уақытында (санитариялық өңдеу күндерін қоспағанда) панажай белгілеген тәртіппен бару мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

      3) панажайдағы жануарлардың көбеюіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауға;

      4) ауырған немесе жарақаттанған жануарды емдеуді, сондай-ақ вакцинациялауды қоса алғанда, профилактикалық іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз етуге;

      5) қараусыз қалған жануарлардың меншік иелерін іздестіруді және жануарлар үшін жаңа меншік иелерін іріктеуді жүргізуге;

      6) жануарлардың сәйкестендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жеке сипаттамаларын белгілей отырып, жануарлардың панажайға келіп түсуін, шығуын құжаттамалық есепке алуды жүргізуге міндетті.

6-тарау. ЖАНУАРЛАРДЫ ҚАРАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАТЫНАСТАР САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ

27-бап. Жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылау

      1. Жануарларды қарау саласындағы қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтар және жарғысында жануарларға қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру көзделген қоғамдық ұйымдар жүзеге асырады.

      2. Жануарларды қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      3. Жануарларды қарау саласындағы қоғамдық инспекторлардың:

      1) жануарларға қарау саласындағы құқық бұзушылықтарды, оның ішінде техникалық құралдардың (фото, аудио, бейне) көмегімен тіркеуге және тиісті материалдарды мемлекеттік органдарға жіберуге;

      2) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының жануарларға қарау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың алдын алуға және оларды анықтауға жәрдемдесуге;

      3) халықты жануарларға қарау саласында ағарту жөніндегі жұмысқа қатысуға құқығы бар.

      4. Жануарларға қарау саласындағы қоғамдық ұйымдардың:

      1) жергілікті өзін-өзі басқарудың мемлекеттік органдарынан өздерінің жарғылық мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін қажетті ақпарат алуға;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жануарларға қарау саласындағы қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсыныстар енгізуге құқығы бар.

      5. Жануарларды қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде жануарларға қарау саласындағы қоғамдық инспекторларға қараусыз қалған жануарларды уақытша асырау пунктінің, жануарларға арналған панажайлардың және жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың аумағы мен үй-жайларына кіру қамтамасыз етілуге тиіс.

28-бап. Жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық

      Жануарларды қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

29-бап. Осы Заңның күшіне ену тәртібі

      Осы Заң, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 8-бабының 8) тармақшасын, 11-бабын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады