Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингтеу және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 28 қазандағы № 775 қаулысы.

      2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексі 113-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингтеу және қайта қарау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 28 қазандағы
№ 775 қаулысымен
бекітілген

Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингтеу және қайта қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингтеу және қайта қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 113-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықты әзірлеу, қолдану, мониторингтеу және қайта қарау тәртібін, сондай-ақ кешенді технологиялық аудит жүргізу тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ең үздік қолжетімді техникалар – қызмет түрлері мен оларды жүзеге асыру әдістерінің неғұрлым тиімді және үздік даму кезеңі, бұл олардың технологиялық нормативтерді және қоршаған ортаға теріс антропогендік әсерді болдырмауға немесе, егер бұл іс жүзінде мүмкін болмаса, барынша азайтуға бағытталған өзге де экологиялық шарттарды белгілеуге негіз болу үшін практикалық жарамдылығын айғақтайды. Бұл ретте:

      техникалар деп пайдаланылатын техникалар, сондай-ақ объектіні жобалауға, салуға, оған қызмет көрсетуге, пайдалануға, басқаруға және пайдаланудан шығаруға қолданылатын тәсілдер, әдістер, процестер, практикалар, амалдар мен шешімдерді айтады;

      егер техниканың даму деңгейі шығындар мен пайданы назарға ала отырып, Қазақстан Республикасында қолданылатынына немесе өндірілетініне қарамастан, мұндай техниканы экономикалық және техникалық жағынан өндірістің тиісті секторында енгізуге мүмкіндік берсе және объект операторы үшін негізді түрде қолжетімді шамада болса, мұндай техника қолжетімді деп есептеледі;

      ең үздік деп бір тұтас ретінде қоршаған ортаны қорғаудың жоғары жалпы деңгейіне қол жеткізуде ең тиімді болып табылатын қолжетімді әдістерді айтады.

      Қолданылуы кезінде табиғи ортаның бір немесе бірнеше құрамдасына жағымсыз әсер етуді болғызбау немесе қысқарту табиғи ортаның басқа құрамдастарына жағымсыз әсер етуді ұлғайту есебінен қол жеткізілетін технологиялық процестер, техникалық, басқарушылық және ұйымдастырушылық тәсілдер, әдістер, ұстанымдар мен практикалар ең үздік қолжетімді техника ретінде айқындалмайды.

      2) ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалық – қызметтің белгілі бір түрлері үшін әзірленген және эмиссия деңгейлерін, негізгі өндірістік қалдықтардың түзілген, жинақталған және көмілген көлемдерін, ресурстарды тұтыну деңгейлерін және ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерді, сондай-ақ ең үздік қолжетімді техникалар бойынша тұжырымдарды қамтитын қорытындылар және кез келген перспективалық техника қамтылған құжат;

      3) ең үздік қолжетімді техникалар туралы қорытынды – Кодекстің 113-бабының 5-тармағында көзделген ережелер қамтылған, сондай-ақ маркерлік ластаушы заттарды, маркерлік ластаушы заттар эмиссияларының деңгейлерін және ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты энергияны және (немесе) өзге де ресурстарды тұтыну деңгейлері айқындалған ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен құжат;

      4) ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу мәселелері жөніндегі техникалық жұмыс топтары (бұдан әрі – техникалық жұмыс топтары) – ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтардың жобаларын әзірлеу және қарау мақсатында барлық мүдделі тараптардың қатысуы мен мүдделерінің тепе-теңдігі негізінде ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның жанынан құрылған техникалық жұмыс органдары. Техникалық жұмыс топтарының құрамына:

      өнеркәсіп субъектілерінің;

      ең үздік қолжетімді техникалар қолданылатын тиісті салалардағы ғылыми ұйымдардың;

      экологиялық қауымдастықтың;

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардың;

      жұртшылықтың, ең үздік қолжетімді техникалар қолданылатын тиісті салалар бойынша қажетті білімі мен тәжірибесі бар тәуелсіз отандық және шетелдік сарапшылардың өкілдері кіреді;

      5) Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу мәселелері жөніндегі комитет (бұдан әрі – Комитет) – ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтар жобасын қарау және келісу жөніндегі қызметті жүзеге асыру мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган. Комитеттің құрамына қоршаған ортаны қорғау, индустрия және индустриялық даму; энергетика; салық және бюджет саясаты; ғылым; цифрлық даму; агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың департамент директоры деңгейінен төмен емес өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, экологиялық қауымдастықтың өкілдері кіреді;

      6) кешенді технологиялық аудит – қоршаған ортаға теріс антропогендік әсерді болдырмауға және (немесе) барынша азайтуға бағытталған, оның ішінде тиісті мәліметтерді жинау және (немесе) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану саласына жататын объектілерге бару арқылы кәсіпорындарда қолданылатын техникаларды (технологиялар, тәсілдер, әдістер, процестер, практикалар, амалдар мен шешімдер) сараптамалық бағалау процесі;

      7) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – қоршаған ортаны қорғау, метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      8) Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро – өз қызметін Кодексте және осы Қағидаларда көзделген ережелерге сәйкес жүзеге асыратын, уәкілетті органның қоршаған ортаны қорғау саласындағы ведомстволық бағынышты ұйымы;

      9) маркерлік ластаушы заттар – өндірістің немесе технологиялық процестің нақты түрінің эмиссиялары үшін неғұрлым маңызды ластаушы заттар, олар осындай өндіріске немесе ластаушы заттардың технологиялық процесіне тән топтардан таңдалады және олардың көмегімен топқа кіретін барлық ластаушы заттардың эмиссияларының мәндерін бағалауға болады;

      10) негізгі өндірістік қалдықтар – өндірістің немесе технологиялық процестің нақты түрі үшін ең маңызды қалдықтар, олардың көмегімен қоршаған ортаға негізгі теріс әсердің мәнін бағалауға болады;

      11) объект – адам өзінің әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жасаған немесе өзгерткен және табиғи объектілердің сипаттары жоқ материалдық әлемнің объектілері деп танылатын антропогендік объектілер;

      12 ) объект операторы – меншігінде немесе өзгеше заңды түрде пайдаланатын, кешенді технологиялық аудит жүргізуге жататын, қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектісі бар жеке немесе заңды тұлға;

      13) өнеркәсіп салалары – біртекті немесе ұқсас технологиялары және белгілі бір тұтынушылар ортасы бар біртекті, ерекше өнімдер шығаратын, ең үздік қолжетімді техникалары бойынша салааралық анықтамалықтардың ережелеріне сәйкес ең үздік қолжетімді техникалар бойынша жекелеген салалық анықтамалықтарды әзірлеу жоспарланған бір кәсіпорын болып табылатын немесе кәсіпорындар тобын біріктіретін өнеркәсіптің бір бөлігі;

      14) салааралық сипаттағы міндет (бұдан әрі – салааралық міндет) – өнімді (тауарларды) өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде ресурстық тиімділік және (немесе) қоршаған ортаға әсер ету деңгейін тікелей немесе жанама айқындайтын салааралық сипаттағы нақты міндетті шешуге бағытталған тәсілдер, әдістер, шаралар мен іс-шаралар жиынтығы.

2-тарау. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу және қолдану тәртібі

1-параграф. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу қағидаттары

      3. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар мынадай қағидаттар негізінде әзірленеді:

      1) барлық мүдделі тараптардың қатысуы және мүдделерінің тепе-теңдігі негізінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар әзірлеу процесінің ашықтығы мен айқындығы;

      2) жұртшылық өкілдерінің, тиісті ең үздік қолжетімді техникалар қолдану саласында қажетті білімі мен тәжірибесі бар тәуелсіз отандық және шетелдік сарапшылардың, бизнес пен салалық қауымдастықтар өкілдерінің қатысу міндеттілігі;

      3) үздік әлемдік тәжірибеге бағдарлану;

      4) циклділік, серпінділік және озық қарқынмен даму;

      5) қоғамдық пікірді кеңінен қамту, оның ішінде қоғамдық тыңдауларды өткізу міндеттілігі;

      6) барлық мүдделі тараптардың консенсусқа қол жеткізу қажеттілігі.

2-параграф. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың мазмұны, түрлері және құрылымы

      4. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықта мыналар қамтылады:

      1) саланың, саланың бір бөлігінің, қызмет түрінің, технологиялық процестердің және техникалардың сипаттамасын қоса алғанда, ең үздік қолжетімді техникалар қолданылатын нақты сала туралы жалпы ақпарат;

      2) эмиссиялардың ағымдағы деңгейлерін, қалдықтардың түзілген, жинақталған және көмілген көлемдерін, сондай-ақ энергетикалық және су ресурстарын тұтыну көлемін қоса алғанда, ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану саласына тән негізгі экологиялық проблемалардың сипаттамасы;

      3) ең үздік қолжетімді техникаларды анықтау әдіснамасы;

      4) ең үздік қолжетімді техникаларды анықтау мақсатында қарау үшін ұсынылатын ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың нақты саласына арналған қолданыстағы техникалардың сипаттамасы;

      5) технологиялық процестерді жүзеге асыру кезінде олардың қоршаған ортаға теріс әсерін төмендету үшін қолданылатын және қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектіні техникалық қайта жарақтандыруды, реконструкциялауды талап етпейтін әдістер;

      6) қоршаған орта үшін ең үздік қолжетімді техникаларды енгізудің артықшылықтарын бағалау;

      7) ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың шектеулері туралы деректер;

      8) ең үздік қолжетімді техникаларды сипаттайтын экономикалық көрсеткіштер;

      9) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілетін немесе оларды тәжірибелік-өнеркәсіптік енгізу жүзеге асырылатын жаңа техникалар туралы ақпарат;

      10) ең үздік қолжетімді техникаларды практикалық қолдану үшін маңызы бар өзге де мәліметтер;

      11) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерді қоса алғанда, осындай ең үздік қолжетімді техникалар бойынша тұжырымдар қамтылған қорытынды;

      12) ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықпен одан әрі жұмыс істеу үшін техникалық жұмыс тобының қосымша түсініктемелері мен ұсынымдары.

      5. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар салалық және салааралық болып бөлінеді.

      6. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық анықтамалықтар өнеркәсіптің тиісті салаларындағы қызметтің бір немесе бірнеше аралас түрлеріне арналған.

      7. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салааралық анықтамалықтар өнеркәсіптің жекелеген салаларындағы қызметтің бірқатар түрлеріне арналған.

      8. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық және салааралық анықтамалықтарда мынадай негізгі құрылымдық элементтер қамтылады:

      1) мазмұны;

      2) алғысөз;

      3) қолданылу саласы;

      4) қолданылу қағидаттары;

      5) жалпы ақпарат;

      6) ең үздік қолжетімді техникаларды анықтау әдіснамасы;

      7) қолданылатын процестер: қазіргі уақытта пайдаланылатын технологиялық, техникалық шешімдер;

      8) эмиссиялар мен ресурстарды тұтынуды болдырмау және/немесе азайтуға арналған жалпы ең үздік қолжетімді техникалар;

      9) ең үздік қолжетімді техникаларды таңдау кезінде қаралатын техникалар;

      10) ең үздік қолжетімді техникалар бойынша тұжырымдар қамтылған қорытынды;

      11) перспективалы техникалар;

      12) қосымша түсініктемелер мен ұсынымдар;

      13) библиография.

      9. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу кезінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық және (немесе) салааралық анықтамалықтардың құрылымы қосымша ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды қолдану саласына енгізілген әртүрлі қызмет түрлеріне, кіші салаларға, технологиялардың кіші түрлеріне, отынның шикізат базаларына және басқа да ресурстарға және (немесе) өнім түрлеріне арналған бөлімдерді қамтуы мүмкін.

      Мұндай жағдайда, ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық және (немесе) салааралық анықтамалықтардың әрбір бөлімінің құрылымы осы Қағидалардың 11-тармағында белгіленген құрылымдық элементтерді қамтуға тиіс.

      10. Қажет болған жағдайда ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық және (немесе) салааралық анықтамалықтарға қосымша құрылымдық элементтерді енгізуге жол беріледі, бұл ретте негізгі құрылымдық элементтердің дәйектілігі бұзылмауға тиіс.

      11. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық және салааралық анықтамалықтар қызмет түрлері, кіші салалар, технологиялардың кіші түрлері, шикізат базалары және басқа да ресурстар және (немесе) өнім түрлері бойынша жекелеген бөліктерге бөлінуі мүмкін. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық және салааралық анықтамалықтардың әрбір бөлігінің құрылымы мен мазмұны осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      12. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық және салааралық анықтамалықтардың негізгі құрылымдық элементтерінің мазмұнында мыналар көрсетіледі:

      1) алғысөзде:

      ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалық мазмұнының қысқаша сипаттамасы: халықаралық аналогтармен өзара байланысы;

      жиналған деректер туралы ақпарат;

      ең үздік қолжетімді техникалар бойынша басқа анықтамалықтармен өзара байланысы көрсетіледі.

      Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салааралық анықтамалықты әзірлеу кезінде алғысөзде ең үздік қолжетімді техникалар анықтамалығында шешілетін салааралық сипаттағы нақты міндеттің сипаттамасы көрсетіледі;

      2) Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық анықтамалықтың "Қолданылу саласы" бөлімінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтың шеңберінде қаралатын негізгі және қосымша қызмет түрлері мен техникалық процестердің тізбесін қоса алғанда, ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың нақты саласы туралы жалпы ақпарат қамтылуға тиіс. Қолдану саласында ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалық қолданылмайтын қызмет түрлері мен технологиялық процестер көрсетіледі. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салалық анықтамалықтың "Қолданылу саласы" бөлімінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықта анықталғандармен шектесетін тікелей байланысты қызмет түрлері мен технологиялық процестер және осы қызмет түрлеріне сәйкес келетін ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар туралы ақпарат беріледі. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салааралық анықтамалықты әзірлеу кезінде қолдану саласында ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салааралық анықтамалық қолданылатын өнеркәсіптің негізгі салалары (экономикалық қызмет түрлері бойынша) беріледі. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықты қолдану саласын тиісті техникалық жұмыс тобы айқындайды;

      3) "Қолдану қағидаттары" бөлімінде:

      құжаттың мәртебесі;

      қолданылуы міндетті ережелер;

      ұсынымдық ережелер көрсетіледі.

      4) "Жалпы ақпарат" бөлімінде:

      ең үздік қолжетімді техникалар қолданылатын нақты сала туралы, оның ішінде саланың сипаттамасы, саланың бөлігі, қызмет түрі, технологиялық процестер мен техникалар;

      сала құрылымы, оның ішінде сала кәсіпорындарының саны, олардың географиялық орналасуы;

      сала шығаратын негізгі және жанама өнімдер;

      сала кәсіпорындарының өндірістік қуаттарды пайдалануы;

      саланың негізгі экономикалық көрсеткіштері, мысалы, жалпы ішкі өнімдегі және өнеркәсіптік өндірістегі үлес, экспорт/импорт көлемі, өнімнің орташа жылдық биржалық бағалары;

      анықтамалық ақпарат ретінде энергия ресурстарының шығарындылары мен тұтынылуы туралы жалпы деректер берілген қолдану саласына тән негізгі экологиялық проблемалардың сипаттамасы туралы жалпы ақпарат беріледі.

      "Жалпы ақпарат" бөлімі ақпараттық сипатта болады және онда қолданылуы міндетті ақпарат немесе көрсеткіштер қамтылмайды.

      Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша салааралық анықтамалықты әзірлеу кезінде қаралатын салааралық міндет туралы жалпы ақпаратты келтірген жөн;

      5) "Ең үздік қолжетімді техникаларды анықтау әдіснамасы" бөлімінде ең үздік қолжетімді техникаларды сәйкестендіру тәсілдері сипатталады, оған сәйкес объект операторы өнеркәсіптің кез келген саласында бір мезгілде қоршаған ортаға теріс техногендік жүктемені азайта отырып, материалдарды, ресурстарды үнемдеуге және техникаларды, технологияларды және басқару шешімдерін ең үздік қолжетімді техникаларға жатқызу өлшемшарттарына, ең үздік қолжетімді техникаларды сипаттайтын экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізеді.

      6) "Қолданылатын процестер: қазіргі уақытта қолданылатын технологиялық, техникалық шешімдер" бөлімінде өндіріс процесінің немесе түпкілікті өнімді өндірудің негізгі кезеңдерінің сипаттамасы беріледі. Өндірістік процестің әр кезеңі үшін кіріс және шығыс материалдық ағындар, негізгі энергия ағындары, процесті жүргізу шарттары немесе негізгі операциялар, негізгі эмиссиялар, негізгі өндірістік қалдықтардың түзілген, жинақталған, көмілген көлемдері көрсетіледі;

      7) "Эмиссиялар мен ресурстарды тұтынуды болдырмау және/немесе азайтуға арналған жалпы ең үздік қолжетімді техникалар" бөлімінде технологиялық процестерді жүзеге асыру кезінде олардың қоршаған ортаға теріс әсерін төмендету үшін қолданылатын және қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектіні техникалық қайта жарақтандыруды, реконструкциялауды талап етпейтін әдістер беріледі;

      8) "Ең үздік қолжетімді техникаларды таңдау кезінде қаралатын техникалар" бөлімінде ең үздік қолжетімді техникаларды анықтау мақсатында қарау ұсынылатын нақты қолдану саласына арналған қолданыстағы техникалардың сипаттамасы беріледі. Қолданыстағы техникалардың сипаттамасында мыналар қамтылады:

      техникалық сипаттамасы;

      маркерлік заттар эмиссияларының ағымдағы деңгейлері, негізгі өндірістік қалдықтардың түзілген, жинақталған және көмілген көлемдері және шикізатты, материалдарды, энергетикалық ресурстарды тұтыну туралы ақпаратты, оның ішінде өнеркәсіп саласының ағымдағы техникалық жай-күйін, экономикалық, экологиялық құрамдастарды, сондай-ақ жиынтығында ең үздік қолжетімді техникалардың біреуін немесе бірнешеуін қолдануға қолжетімділікті ескере отырып, жүргізілген кешенді технологиялық аудиттер негізінде алынған ақпаратты қоса алғанда, экологиялық тиімділігі;

      қолданылатын техникалардың экономикалық көрсеткіштері мен пайдалану деректері;

      ең үздік қолжетімді техникалар анықтамалығының қолданылу саласына кіретін өнеркәсіп саласының барлық кәсіпорындары үшін техниканы қолданудың орындылығы мен мүмкіндігі көрсетілген ең үздік қолжетімді техникалардың қолданылуын бағалау үшін қажетті ақпарат. Техниканы пайдалануға шектеулер болған кезде оларға қатысты осы техниканы қолдануға болмайтын қондырғылардың немесе процестердің түрі, бұрын орнатылған техникамен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі, өнеркәсіптік кәсіпорынның өндірістік қуаты, пайдаланылатын отынның немесе шикізаттың түрі немесе шектеу болып табылатын ауа райы жағдайлары көрсетіледі;

      9) "Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша тұжырымдар берілген қорытындылар" бөлімінде ең үздік қолжетімді техникалар сипаттамасы берілген өндіріс процесінің немесе соңғы өнім өндірісінің негізгі кезеңдеріне сәйкес топтастырылған ақпарат беріледі:

      ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудағы шектеулер туралы деректер;

      технологиялық процесте бір немесе бірнеше ең үздік қолжетімді техникалардың жиынтығын қолдануға байланысты, оның ішінде жүргізілген кешенді технологиялық аудиттер негізінде алынған және тиісті техникалық жұмыс тобы айқындаған технологиялық көрсеткіштер;

      нақты технологиялық процесс үшін бір немесе бірнеше ең үздік қолжетімді техникалардың жиынтығын қолдануға байланысты эмиссиялар деңгейлері, негізгі өндірістік қалдықтардың түзілу, жинақталу, көму, басқару көлемдері. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша нақты анықтамалық үшін қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектіде (маркерлік заттар) қолданылатын технологиялар мен өндірістік процестің ерекшеліктерін сипаттайтын ластаушы заттардың тізбесін тиісті техникалық жұмыс тобы айқындайды;

      нақты технологиялық процесс үшін бір немесе бірнеше ең үздік қолжетімді техникалардың жиынтығын қолдануға байланысты өзге де технологиялық көрсеткіштер, оның ішінде энергетикалық, су және өзге де ресурстарды тұтыну деңгейлері;

      экономикалық көрсеткіштер және енгізу аспектілері, сондай-ақ қоршаған орта үшін ең үздік қолжетімді техникаларды енгізудің артықшылықтарын бағалау;

      анықтамалық материалдар;

      ең үздік қолжетімді техникаларды іс жүзінде қолдану үшін маңызы бар өзге де мәліметтер; қарастырылатын өнеркәсіп саласы үшін өндірістік экологиялық бақылау ерекшеліктерінің сипаттамасы, оның ішінде автоматты бақылау жүйелерімен өлшеуді қоса алғанда, өлшеу ерекшеліктері;

      10) "Перспективалық техникалар" бөлімінде оларға қатысты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілетін немесе олардың техникасын тәжірибелік-өнеркәсіптік енгізу жүзеге асырылатын, ең үздік қолжетімді техникаларға көшу әлеуеті бар жаңа техникалар көрсетіледі:

      перспективалық техникалардың атауы;

      перспективалық техникалардың сипаттамасы;

      жұмыс істеу дәрежесі;

      қол жеткізілетін экологиялық артықшылықтары;

      экономикалық көрсеткіштері және енгізу аспектілері;

      анықтамалық материалдар;

      11) "Қосымша түсініктемелер мен ұсынымдар" бөлімінде:

      ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықты әзірлеуге қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер;

      өнеркәсіптің қаралатын саласы үшін ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану саласында одан әрі жұмыстар жүргізу және ақпарат жинау туралы ұсынымдар;

      ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықпен одан әрі жұмыс істеу үшін Ең үздік қолжетімді техникалар комитетінің қосымша түсініктемелері мен ұсынымдары (бар болған жағдайда) беріледі;

      12) "Библиография" бөлімінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықты әзірлеу кезінде пайдаланылған дереккөздерге сілтемелер көрсетіледі.

3-параграф. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар жобаларын әзірлеу және келісу тәртібі

      13. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу кезінде осы саладағы ең үздік әлемдік тәжірибе ескеріледі, оның ішінде ең үздік қолжетімді техникалардың нақты қолданылатын салаларында экономикалық және техникалық қолжетімділігіне себепші болатын Қазақстан Республикасының қазіргі өндірістік, техникалық және технологиялық ерекшеліктеріне, қаржылық, материалдық, климаттық және экологиялық жағдайларына негізделіп бейімделу қажеттілігін ескере отырып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болып табылатын мемлекеттерде ресми қолданылатын ұқсас және салыстырмалы анықтамалықтар пайдаланылуға тиіс.

      14. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәуелсіз орындаушыларды тарту арқылы ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтардың жобаларын әзірлеуді қамтамасыз етеді.

      15. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро уәкілетті органның, Комитеттің және техникалық жұмыс топтарының қызметін ұйымдастырушылық, әдістемелік және сараптамалық-талдамалық қолдауды қамтамасыз етеді.

      16. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар жобаларының тізбесі мен әзірлеу графигін уәкілетті орган бекітеді.

      17. Бірінші кезекте 2021 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ластаушы заттардың жиынтық шығарындылары бойынша неғұрлым ірі І санаттағы елу объектінің тізбесіне енгізілген қызмет түрлері (энергетикалық, химиялық, тау-кен металлургиясы, мұнай өндіру, мұнай-газ өңдеу) бойынша қоршаған ортаға неғұрлым жиынтық әсер ету тұрғысынан I санаттағы объектілер үшін ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтардың жобалары әзірленеді.

      18. Техникалық жұмыс топтарының құрамы мен ережесі уәкілетті органмен келісу бойынша Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның шешімімен бекітіледі.

      19. Техникалық жұмыс топтары уәкілетті органмен келісу бойынша Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро бекіткен саланы ескере отырып, әзірленген біліктілік талаптарына (бұдан әрі – біліктілік талаптары) сәйкес құрылады.

      20. Техникалық жұмыс топтарын қалыптастыру үшін Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро мүдделі тараптарға сұрау салу жібереді, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында:

      1) техникалық жұмыс топтарын құру туралы хабарландыру;

      2) техникалық жұмыс топтарына қатысуға өтінім нысанын;

      3) біліктілік талаптарын жариялайды.

      21. Техникалық жұмыс топтарына қатысуға өтінімдерді қабылдау сұрау салу жіберілген және хабарландыру жарияланған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      22. Құрылатын техникалық жұмыс тобына қатысуға өтінім Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроға қолма-қол немесе электрондық пошта арқылы не Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның сайтында нысанды толтыру арқылы беріледі.

      23. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро өтінім келіп түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге оны техникалық жұмыс топтарының құрамына енгізетіні немесе енгізуден бас тартатына туралы жауап жібереді.

      24. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро, егер кандидат біліктілік талаптарына сәйкес келмесе, техникалық жұмыс тобының құрамына енгізуден бас тартады.

      25. Техникалық жұмыс тобының құрамына енгізілмеген өтініш берушілер Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағымдана алады.

      26. Техникалық жұмыс тобының құрамынан мүшені шығару мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) жазбаша өтініш беру арқылы техникалық жұмыс тобы мүшесінің бастамасы бойынша;

      2) техникалық жұмыс тобы мүшесінің дәлелді себептерсіз техникалық жұмыс тобының отырыстарына тұрақты қатыспауы (қатарынан екі реттен артық).

      27. Комитет уәкілетті орган бекіткен Комитет құрамына қойылатын талаптарға сәйкес Кодекстің 113-бабының 6-тармағында белгіленген қағидаттар негізінде құрылады және жұмыс істейді. Комитеттің құрамы мен ережесі уәкілетті органның шешімімен бекітіледі.

      28. Комитет құру үшін уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында:

      1) Комитет құру туралы хабарландыру;

      2) Комитет құрамына енгізу үшін өтінім нысаны;

      3) Комитет құрамына қойылатын талаптарды жариялайды.

      29. Мүдделі тараптардың Комитеттің құрамына өз кандидатураларын ұсынған өтінімдерін қабылдауды уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында Комитет құру туралы хабарландыру орналастырылған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      30. Уәкілетті орган өтінім келіп түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге оның Комитет құрамына енгізілгені немесе енгізуден бас тартылғаны туралы жауап жібереді.

      31. Егер кандидат Комитет құрамына қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, уәкілетті орган оны Комитет құрамына енгізуден бас тартады.

      32. Комитет құрамына енгізілмеген өтініш берушілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органның іс-әрекетіне шағымдана алады.

      33. Комитет құрамынан мүшені шығару мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) жазбаша өтініш беру арқылы Комитет мүшесінің бастамасы бойынша;

      2) Комитет мүшесінің дәлелді себептерсіз Комитеттің отырыстарына тұрақты қатыспауы (қатарынан екі реттен артық).

      34. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалық жобасының алдын ала нұсқасын отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күні бұрын техникалық жұмыс тобы мүшелерінің қарауына жібереді.

      35. Техникалық жұмыс тобының мүшелері Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтың жобасын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде растаушы құжаттар мен есептерді (қажет болған кезде) қоса бере отырып, ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтың жобасын қарайды және ол бойынша ескертулер мен ұсыныстарды Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша бюроға жібереді.

      36. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро техникалық жұмыс тобының отырысын ұйымдастырады, онда оның мүшелерінің көпшілік дауысымен ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтың жобасын мақұлдау не пысықтау туралы шешім қабылданады.

      37. Техникалық жұмыс тобы ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтың жобасын пысықтау туралы шешім қабылдаған жағдайда, Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтың жобасын пысықтауды және оны техникалық жұмыс топтары мүшелерінің қайта қарауын ұйымдастырады. Техникалық жұмыс топтары мүшелерінің ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың жобасын қайта қарау мерзімі 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.

      38. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро техникалық жұмыс тобы мақұлдаған ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтың жобасын Комитеттің қарауына жібереді.

      39. Комитет мүшелері ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтың жобасы келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қарап, ескертулер мен ұсыныстарды Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроға жібереді.

      40. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро Комитет отырысын ұйымдастырады, онда Комитет мүшелерінің көпшілік даусымен ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтың жобасын келісу немесе пысықтау туралы шешім қабылданады.

      41. Комитет ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтың жобасын пысықтау туралы шешім қабылдаған жағдайда Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтың жобасын пысықтауды және оны Комитет мүшелерінің қайта қарауын ұйымдастырады.

      42. Комитеттің ескертулері мен ұсыныстары осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тиісті техникалық жұмыс топтарында қаралады.

      43. Комитеттің ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың жобасын қайта қарау мерзімі 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.

      44. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың жобаларын қайта қарау циклі және редакциялау саны екі реттен аспайды.

      45. Комитет келіскен ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтың жобасы уәкілетті органға жіберіледі.

      46. Комитеттің және техникалық жұмыс топтарының шешімдері Комитеттің және техникалық жұмыс топтарының ережелеріне сәйкес хаттамалар түрінде ресімделеді.

4-параграф. Кешенді технологиялық аудит жүргізу тәртібі

      47. Кешенді технологиялық аудит ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеудің және (немесе) қайта қараудың бірінші кезеңі болып табылады.

      48. Кешенді технологиялық аудит жүргізудің мақсаты кәсіпорынның ағымдағы жай-күйінің ең үздік қолжетімді техникалар қағидаттарына сәйкестігін бағалау, қоршаған ортаға теріс антропогендік әсерді болдырмауға және (немесе) азайтуға бағытталып енгізілген технологияларды, тәсілдерді, әдістерді, процестерді, практиканы, тәсілдер мен шешімдерді айқындау және ең үздік қолжетімді техникалар енгізу үшін кәсіпорынның әлеуетін айқындау болып табылады.

      49. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро кешенді технологиялық аудитті объектілерге бару және (немесе) тиісті мәліметтерді жинау және талдау арқылы жүзеге асырады, оның ішінде:

      1) технологиялық процестер және олардың көрсеткіштері;

      2) экологиялық көрсеткіштер және пайдалану деректері (ластаушы заттардың эмиссиялары, қалдықтар, тұтыну туралы және өзге де деректер);

      3) технологиялық жабдыққа қатысты экономикалық көрсеткіштер (күрделі салымдар, кіріс және шығыс бөлігі және басқалар туралы деректер);

      4) энергиялық тиімділік туралы деректер.

      50. Кешенді технологиялық аудит тиісті техникалық жұмыс тобы бекіткен объектілер тізбесі бойынша жүргізіледі.

      51. Кешенді технологиялық аудит жүргізу үшін Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бейінді техникалық жұмыс тобы бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес тәуелсіз сарапшыларды тарта алады және Кешенді технологиялық аудитті жүргізуге мүдделі тұлғалардың (тапсырыс берушілердің) қаражаты есебінен жүзеге асыра алады.

5-параграф. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды қолдану тәртібі

      52. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалық объект операторларын, уәкілетті мемлекеттік органдарды және жұртшылықты объект/объектілер операторларының "жасыл" экономика және ең үздік қолжетімді техникалар қағидаттарына көшуін ынталандыру мақсатында ең үздік қолжетімді техникалар бойынша нақты анықтамалықты қолдану саласына жататын ең үздік қолжетімді техникалар туралы және кез келген перспективалық техникалар туралы хабардар етуге арналған.

      53. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытындыларды Қазақстан Республикасының Үкіметі ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтардың негізінде бекітеді.

      54. Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты эмиссиялардың деңгейлері белгілі бір уақыт кезеңі үшін және белгілі бір жағдайларда орташаландыруды ескере отырып, объектіні ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыда сипатталған бір немесе бірнеше ең үздік қолжетімді техниканы қолдана отырып пайдаланудың қалыпты жағдайларында қол жеткізілуі мүмкін эмиссиялар (ластағыш заттардың концентрациялары) деңгейлерінің диапазоны ретінде айқындалады. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларда диапазонның төменгі шекарасындағы эмиссиялар деңгейлеріне қол жеткізілуі мүмкін жағдайлардың сипаттамасы да келтіріледі.

      55. Ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу негізінде кешенді экологиялық рұқсат алған объектілерде өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде шикізат базаларын және басқа да ресурстарды ескере отырып, ең үздік қолжетімді техникалар бойынша тиісті анықтамалықтарда өнім түрлері бойынша технологиялардың әрбір саласы, кіші саласы, кіші түрлері үшін белгіленген шарттар мен ұсынымдар пайдаланылуға тиіс.

      56. Қазақстан Республикасының Үкіметі ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытындыларды бекіткенге дейін объектілердің операторлары кешенді экологиялық рұқсат алған және технологиялық нормативтерді негіздеген кезде Еуропалық қоршаған ортаның ластануын кешенді бақылау және болдырмау жөніндегі бюро шеңберінде әзірленген, тиісті қолданылатын салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарға, сондай-ақ Еуропалық комиссияның тиісті қолданылатын салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытындыларды бекіту туралы шешімдеріне сілтеме жасауға құқылы.

      57. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытындыны бекіту кезінде оның 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген кешенді экологиялық рұқсатта белгіленген нормативтерге сәйкестігін бағалау Кодекске сәйкес ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу жөніндегі бағдарламаны толық іске асыру қорытындылары бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте ең үздік қолжетімді техникалар енгізу жөніндегі бағдарламаны толық іске асыру деп кешенді экологиялық рұқсатқа сәйкес осындай бағдарламада көрсетілген барлық ең үздік қолжетімді техникаларды енгізуді айтады.

      58. Ең үздік қолжетімді техникалар бюросы 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың барлық салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар туралы анықтамалықтарды әзірлеуді қамтамасыз етеді.

3-тарау. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды мониторингтеу және қайта қарау тәртібі

      59. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың мониторингі ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың тиімділігін талдау және әрбір іріктелген кәсіпорын (объект) бойынша кешенді технологиялық аудит жүргізу қорытындылары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды тұрақты қайта қарау шеңберінде Ең үздік қолжетімді техникалар бюросы жүргізетін ең үздік қолжетімді техникалар тиімділігін талдау жолымен орындалады.

      60. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың мониторингі мыналарды қамтиды:

      ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды өзектілендіруді дайындау шеңберінде әлемде жаңа ең үздік қолжетімді техникалардың пайда болуы тұрғысынан аралық талдау жүргізу;

      ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың өзектілігі мен жұмысқа қабілеттілігін талдау;

      ең үздік қолжетімді техникалардың енгізілу дәрежесін талдау;

      енгізілген ең үздік қолжетімді техникалардың қол жеткізілген әсерін талдау;

      ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамаларды қайта қарау бойынша ұсынымдар тұжырымдау.

      61. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтың мониторингі мен тиімділігін талдау нәтижелері бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарды қайта қарауға дейін үш жыл бұрын уәкілетті органға есеп ұсынады.

      62. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды қайта қарау тиісті анықтамалықтың алдыңғы нұсқасы бекітілгеннен кейін әрбір сегіз жыл сайын және ғылыми-техникалық дамуды және қандай да бір техникалардың техникалық және (немесе) экономикалық қолжетімділік деңгейінің артуын ескере отырып, қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету, ресурс тиімділігін арттыру, Қазақстан Республикасының "жасыл" экономикаға және төмен көміртекті дамуға көшуіне ықпал ету мақсатында ғана жүзеге асырылады.

      63. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықты қайта қарау және жаңа тиісті анықтамалықтың алдыңғы нұсқасының орнына әзірлеу Кодекстің 113-бабының 10-тармағында көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін үш жыл бұрын жүзеге асырылады.

      64. Уәкілетті орган кешенді технологиялық аудитке жататын кәсіпорындарды таңдау үшін экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламалары мониторингінің нәтижелерін жыл сайын Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроға ұсынады.

      65. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды қайта қарау ең үздік қолжетімді техникалар бойынша жаңа анықтамалықтарды әзірлеу немесе ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың жекелеген бөлімдерін қайта қарау арқылы жүзеге асырылады.

      66. Уәкілетті орган, объект операторлары және жұртшылық ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды қайта қараудың бастамашысы болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады