"Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 10 қарашадағы № 800 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қоғамдық бақылау туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) қоғамдық бақылау - қоғамдық бақылау субъектілерінің осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен нысандарда жүзеге асырылатын, қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдерін талдауға және қоғамдық бақылауға, сондай-ақ ұсынымдар әзірлеуге бағытталған қызметі;

      2) қоғамдық бақылау субъектілері - Қазақстан Республикасының азаматтары:

      корпоративтік қорларды, діни бірлестіктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген коммерциялық емес ұйымдар (бұдан әрі - коммерциялық емес ұйымдар);

      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға құқық немесе өкілеттік берілген өзге де субъектілер;

      3) қоғамдық бақылау объектілері - атқарушы мемлекеттік билік және жергілікті мемлекеттік басқару органдары, мекемелері;

      мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелер;

      құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар;

      орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар.

      Қазақстан Республикасының ерекше режимдік, режимдік санатына жатқызылған мемлекеттік органдар мен ұйымдар қоғамдық бақылау объектілеріне жатпайды;

      4) қоғамдық бақылау тобы - қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін қалыптастырылған Қазақстан Республикасы азаматтарының және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға құқық немесе өкілеттік берілген өзге де субъектілер өкілдерінің тобы;

      5) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қақтығысы (бұдан әрі - мүдделер қақтығысы) - қоғамдық бақылау субъектісінің, қоғамдық бақылау субъектісі сарапшысының, мүшесінің (қатысушысының), құрылтайшысының, басшысының, жұмыскерінің жеке мүдделілігі қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың объективтілігіне әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін жағдай;

      6) уәжді жауап - қоғамдық бақылау объектісінің қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарда көрсетілген мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарағандығы туралы ақпараты.

2-бап. Қазақстан Республикасының қоғамдық бақылау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының қоғамдық бақылау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленеді.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен реттелмеген бөлігінде қоғамдық бақылауды жүзеге асырумен байланысты қатынастарды реттейді.

      4. Заңның қолданысы Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару, азаматтық процестік, әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, сайлау және республикалық референдум туралы, сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру, құқық қорғау қызметі туралы, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзету іс- шараларын жүргізу, мемлекеттік құпиялар туралы заңнамада, сондай-ақ соттар және судьялардың мәртебесі, арнаулы мемлекеттік органдар туралы, прокуратура, Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері, дербес деректер және оларды қорғау туралы заңдарда реттелетін қоғамдық қатынастарға таралмайды.

      5. Ұлттық әл-ауқат қорындағы және Ұлттық әл-ауқат қорының (бұдан әрі - Қор) тобына кіретін ұлттық компаниялардағы қоғамдық бақылауды "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қордың Қоғамдық кеңесі жүзеге асырады.

3-бап. Қоғамдық бақылаудың мақсаттары мен міндеттері

      1. Қоғамдық бақылаудың мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Қоғамдық бақылаудың міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтарын қоғамдық бақылау процесане тарту;

      2) қоғамдық бақылау объектілері шешімдер қабылдаған кезде қоғамдық пікірді ескеруді қамтамасыз ету;

      3) қоғамдық бақылау объектілері қызметінің бүкпесіздігі мен ашықтығын қамтамасыз ету;

      4) қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

      5) қоғамдық бақылау объектілері қызметінің тиімділігін арттыру;

      6) Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бақылау объектілерінің қызметіне деген сенім деңгейін арттыру;

      7) қоғамда құқыққа қарсы мінез-құлыққа төзбеушілікті қалыптастыру болып табылады.

4-бап. Қоғамдық бақылау қызметінің қағидаттары

      Қоғамдық бақылау мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:

      1) қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілері қызметінің заңдылығы;

      2) қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың жариялылығы, ашықтығы және бүкпесіздігі;

      3) қоғамдық бақылау субъектілерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысуының еріктілігі;

      4) қоғамдық бақылау субъектілерінің тәуелсіздігі.

5-бап. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары қоғамдық бақылауды жеке немесе қоғамдық бақылау топтарына қатысу арқылы жүзеге асырады.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар;

      2) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;

      3) он сегіз жасқа толмаған адамдар;

      4) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтардың (аурулардың) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған адамдар;

      5) бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, экстремистік және террористік қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар;

      6) шетелдік қатысуы бар коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатыла тұрған не оған тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдар қоғамдық бақылау субъектілері бола алмайды.

      3. Қоғамдық бақылау тобы қоғамдық бақылау объектісімен келісу бойынша қоғамдық бақылау субъектісінің бастамасы бойынша қалыптастырылады.

      Қоғамдық бақылау тобының құрамын бекіту туралы шешім хаттама түрінде ресімделеді.

      Қоғамдық бақылау тобының сандық құрамы бес адамнан аспауға тиіс.

      Қоғамдық бақылау тобының мүшелері осы Заңның талаптарына сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

      Қоғамдық бақылау тобының мүшелері қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

2-тарау. Қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілері

6-бап. Қоғамдық бақылау субъектілерінің құқықтары мен міндеттері

      1. Қоғамдық бақылау субъектілерінің:

      1) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген нысандарда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;

      2) бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарды қоғамдық бақылау объектілерінің уәжді жауаптарымен бір мезгілде орналастыруға;

      3) қоғамдық бақылау объектілеріне қоғамдық бақылау объектісімен жазбаша келісу бойынша баруға;

      4) осы Заңда көзделген тәртіппен қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға сарапшыларды тартуға;

      5) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен қоғамдық бақылау объектілерінен ақпарат сұратуға;

      6) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын ескере отырып, аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне- және фототүсірілім жасауға;

      7) қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Қоғамдық бақылау субъектілері:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;

      2) қоғамдық бақылауды осы Заңның және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асыруға;

      3) қоғамдық бақылау объектісін қоғамдық бақылаудың жүзеге асырыгуы туралы хабардар етуге, ал қоғамдық бақылау тобы қалыптастырылған жағдайда қоғамдық бақылау тобының құрамын бекіту туралы хаттама жіберуге;

      4) қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар туралы ұсыныстарды қамтитын ұсынымдарды қоғамдық бақылау объектілеріне жіберуге;

      5) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру барысында анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратты тиісті уәкілетті органдарға жіберуге;

      6) қоғамдық бақылау субъектілерінен қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде жалпыға ортақ қабылданған моральдық-этикалық мінез-құлық нормаларын сақтауын талап етуге;

      7) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде мүдделер қақтығысына жол бермеуге;

      8) қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарды, сондай-ақ қоғамдық бақылау объектілерінің қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарға берген уәжді жауаптарын бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға;

      9) қоғамдық бақылау субъектілерінен қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік шараларын және қоғамдық бақылау объектісінің белгіленген жұмыс режимін сақтауын талап етуге;

      10) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік шараларын және қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қоғамдық бақылау объектісі жұмысының белгіленген режимін сақтауға;

      11) дербес деректер субъектілерінің келісімінсіз дербес деректерді таратпауға, сондай-ақ қоғамдық бақылау объектісінен алынған, Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;

      12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

7-бап. Қоғамдық бақылау объектілерінің құқықтары мен міндеттері

      1. Қоғамдық бақылау объектілерінің:

      1) қоғамдық бақылау субъектілерінен қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және оның нәтижелері туралы ақпарат алуға;

      2) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын ескере отырып, аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне- және фототүсірілім жасауға;

      3) қоғамдық бақылау объектісінде қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік шараларының сақталуын талап етуге;

      4) осы Заңның 11-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда қоғамдық бақылау объектісіне баруға рұқсат беруден бас тартуға;

      5) қоғамдық бақылау жүргізуге бастама жасау үшін қоғамдық бақылау субъектілеріне жүгінуге;

      6) соңғы қоғамдық бақылау жүргізілген кезден бастап он екі ай ішінде нақ сол нысана бойынша қоғамдық бақылау қайта жүргізілген жағдайларда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға рұқсат бермеуге;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Қоғамдық бақылау объектілері:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, қоғамдық бақылау субъектілерінің және (немесе) оның өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен қоғамдық бақылау субъектілерінің қоғамдық бақылау объектілерінің аумағы мен үй-жайларына қол жеткізуін қамтамасыз етуге;

      3) қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, өз қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге және ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнаманың талаптарына сәйкес қоғамдық бақылау субъектілерінің сұрау салуларын қарауға;

      4) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қоғамдық бақылау объектілері өкілдерінің жалпыға ортақ қабылданған моральдық-этикалық мінез-құлық нормаларын сақтауын қамтамасыз етуге;

      5) қоғамдық бақылау субъектілерінің қауіпсіздігін аталған қоғамдық бақылау объектісі үшін белгіленген нормативтерге сәйкес қамтамасыз етуге;

      6) қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарды орындау жөніндегі шешімдерді қарауға және қабылдауға, сондай-ақ уәжді жауаптарды жіберуге;

      7) қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарды, сондай-ақ қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарға уәжді жауаптарды қоғамдық бақылау объектілерінің интернет-ресурстарында орналастыруға;

      8) қоғамдық бақылау субъектісін қоғамдық бақылау тобының қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ қоғамдық бақылау объектісіне баруға келісетіні туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес хабардар етуге;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

3-тарау. Қоғамдық бақылаудың нысандары мен нәтижелері

8-бап. Қоғамдық бақылаудың нысандары

      1. Қоғамдық бақылау қоғамдық талқылаулар, қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг нысанында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген нысандарда жүзеге асырылады.

      2. Қоғамдық бақылау бір мезгілде бірнеше нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.

9-бап. Қоғамдық талқылау

      1. Қоғамдық талқылау шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдерін жария қарауды ұйымдастыру мақсатында өткізіледі.

      2. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық талқылау өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күні бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық талқылаудың тақырыбын, күнін, уақытын, орны мен нысанын, сондай-ақ қоғамдық талқылаулар нысанасына жататын ақпаратты орналастырады.

      3. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық талқылауларға қатысу үшін қоғамдық талқылау өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей қоғамдық бақылау объектілерінің өкілдеріне хабарлауға және оларды шақыруға міндетті.

      4. Қоғамдық бақылау объектілері қажет болған жағдайда қоғамдық талқылауға қатыса, сондай-ақ қоғамдық бақылау субъектілеріне қоғамдық талқылауды ұйымдастыруда техникалық жәрдем көрсете алады.

      5. Қоғамдық талқылаудың қатысушылары оны өткізу кезінде қоғамдық талқылаудың нысанасы бойынша ұсыныстарын айтуға құқылы.

      6. Қоғамдық талқылау өткізудің қорытындылары бойынша хаттама негізінде қабылданған ұсынымдарды қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау объектілеріне қарау үшін жібереді.

10-бап. Қоғамдық сараптама

      1. Қоғамдық сараптаманы шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдерін талдау және қоғамдық бағалау мақсатында қоғамдық бақылау субъектілері жүзеге асырады.

      Қоғамдық сараптаманың нысанасы шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын қызмет барысында қабылданатын қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдері болып табылады.

      2. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық сараптама жүргізу үшін сарапшыларды тартуға құқылы.

      3. Тиісті салада жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, тиісті салада кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, қоғамдық сараптама нысанасы бойынша ғылыми және (немесе) практикалық білімі бар жеке тұлға сарапшы бола алады.

      4. Сарапшылардың тұжырымдарын қамтитын қоғамдық сараптаманың қорытындысы қоғамдық сараптаманың ұсынымдары түрінде ресімделеді және қоғамдық бақылау объектілеріне қарау үшін жіберіледі.

11-бап. Қоғамдық мониторинг

      1. Қоғамдық мониторинг шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын қоғамдық бақылау объектілерінің қызметін байқауды білдіреді.

      2. Қоғамдық      бақылау субъектілері шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдеріне қатысты ақпаратты жинау, қорыту және талдау арқылы қоғамдық мониторингі жүзеге асырады.

      3. Қоғамдық бақылау субъектілері қажет болған жағдайда қоғамдық бақылау объектісімен келісу бойынша қоғамдық бақылау объектілеріне бару арқылы қоғамдық мониторингі жүзеге асыра алады.

      4. Қоғамдық бақылау субъектісі қоғамдық бақылау объектісіне бару арқылы қоғамдық мониторингі жүзеге асыруға келісу туралы өтінішке қоғамдық бақылау субъектілерінің тізімін және олардың осы Заңның 5-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы ақпаратты, бару қажеттілігінің негіздемесін қоса береді.

      5. Қоғамдық бақылау объектісінің конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында қоғамдық бақылау объектісіне баруға рұқсат беруден бас тартуға құқығы бар.

      6. Қоғамдық мониторинг қорытындылары бойынша ұсынымдарды қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау объектілеріне қарау үшін жібереді.

12-бап. Қоғамдық бақылаудың ұсынымдары

      1. Қоғамдық бақылау субъектісі қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлейді.

      Қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарға қоғамдық бақылауды жүзеге асыру орны мен уақыты, қоғамдық бақылау міндеттері, қоғамдық бақылау субъектілерінің тізімі және олардың осы Заңның 5-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы ақпарат, қоғамдық бақылау нысандары, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде анықталған фактілер мен мән-жайлар туралы ақпарат, сондай-ақ қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде алынған өзге де құжаттар қоса беріледі.

      2. Қоғамдық бақылау субъектісі қоғамдық бақылау объектісіне ұсынымдарды қоғамдық бақылау аяқталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде жібереді.

      3. Қоғамдық бақылау қорытындылары бойынша ұсынымдар қоғамдық бақылау объектілерінің қарауы үшін міндетті болып табылады.

      4. Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және қоғамдық бақылау субъектісіне уәжді жауап жібереді.

      Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымға уәжді жауапты мүдделер қақтығысының анықталған фактілері немесе қоғамдық бақылау субъектілерінің осы Заңның 5-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі туралы ақпаратты көрсетеді.

      5. Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарда көрсетілген мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті түрде қарау үшін шаралар қабылдауға және қоғамдық бақылау субъектісіне, егер бұл басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын бұзбайтын болса, оның өтінішін тыңдау нысанында қарауға қатысуға мүмкіндік беруге міндетті.

      6. Тыңдау қоғамдық бақылау субъектісін шақыру жолымен, оның ішінде бейнеконференцбайланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      Қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарды қарау қорытындылары жөнінде оң шешім қабылданған жағдайда, тыңдау рәсімі өткізілмейді.

      Қоғамдық бақылау субъектісі қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдарды қарау жөнінде шешім қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей алдын ала хабардар етіледі.

4-тарау. Қорытынды ережелер

13-бап. Қоғамдық бақылаудың жүзеге асырылуын материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз ету

      Қоғамдық бақылауды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз ету қоғамдық бақылау субъектілерінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

14-бап. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

15-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады