"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 10 қарашадағы № 801 қаулысы


      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексіне:

      48-бап мынадай мазмүндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды осы Кодекске немесе "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық бақылау субъектілері жүзеге асырады,".

      2. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:

      1) 4-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 31-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "31-1) петиция - мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға электрондық нысанда жіберілген және осы Кодекстің 12-1-тарауында белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдык хабар, үн қосу немесе ұсыныс;";

      2) мынадай мазмұндағы 12-1-тараумен толықтырылсын:

      "12-1-тарау. ПЕТИЦИЯЛАР

      90-1-бап. Жалпы ережелер

      1. Петицияны мемлекеттік орган, жергілікті өкілді және атқарушы орган осы Кодексте белгіленген тәртіппен, осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен қарайды.

      2. Осы тараудың мақсаттары үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен петиция берген Қазақстан Республикасының азаматы арыз иесі деп түсініледі.

      90-2-бап. Петицияны беру тәртібі

      1. Арыз иесі петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның озара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын интернет-ресурс (бұдан әрі - интернет-ресурс) арқылы береді.

      2. Петицияны интернет-ресурста жария қолжетімділікте орналастыру үшін петиция мынадай:

      1) берілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының кемінде жүз елу азаматының петицияға қосылуы;

      2) петицияның осы Кодекстің 90-3, 90-4-баптарында белгіленген талаптарға сәйкестігі;

      3) петиция берілген кезде интернет-ресурста сол нысана туралы петицияның болмауы шарттарына сәйкес келуге тиіс.

      3. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияға Қазақстан Республикасының кемінде жүз елу азаматы қосылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде петицияның осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.

      Петицияның осы Кодекстің 90-4-бабында көрсетілген шарттарға сәйкестігін анықтау қажет болған кезде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберуге құқылы.

      4. Петиция осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияның осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келмейтіні анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылдамау себептерін негіздей отырып, петицияны қабылдамайды, арыз иесі бұл туралы хабардар етіледі.

      5. Петиция осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияның осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкестігі анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы азаматтарының қосылуын бастау үшін петицияны интернет-ресурста орналастырады, арыз иесі бұл туралы хабардар етіледі.

      6. Қосылу қорытындылары бойынша петиция интернет-ресурста орналастырылғаннан кейін алты ай ішінде:

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде елу мың дауысын;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде екі пайызын;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқыныі кемінде бір пайызын;

      қалалық, аудандық жергілікті өкілді органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы елу мыңнан астам болған кезде халық санынан Қазақстан Республикасы азаматтарын кемінде бес мың дауысын, қалғандары үшін халықтың кемінде он пайызын;

      аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының, республикалық маңызы бар қалалардағы (астананың) аудандар, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандар әкімдері аппараттарының, аудандық маңызы бар қалалардағы, ауылдардағы, кенттердегі, ауылдық округтердегі әкімдер аппараттарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы елу мыңнан астам болған кезде халық санынан Қазақстан Республикасы азаматтардың кемінде екі мың бес жүз дауысын, қалғандары үшін халықтың кемінде бес пайызын алған петиция қолдау тапқан болып есептеледі.

      7. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген шекті мәнге қол жеткізбеген петицияны арыз иесіне мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органы петиция интернет-ресурста жария қолжетімділікте орналастырылған кезден бастап алты ай өткен соң қайтарады.

      Мұндай петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жібереді және осы Кодексте белгіленген тәртіппен жеке хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады.

      90-3-бап. Петицияға қойылатын жалпы талаптар

      Петицияда:

      1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, электрондық мекенжайы;

      2) арыз иесі өкілінің тиісті өкілеттіктерін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (егер петицияны оның өкілі берсе);

      3) петиция нысанасының сипаттамасы, сондай-ақ петицияныц нысанасы бойынша дәлелдер мен ұсыныстар;

      4) арыз иесінің немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасы көрсетіледі.

      Қажет болған кезде арыз иесі петицияға растайтын құжаттарды және (немесе) өзге де материалдарды қоса береді.

      90-4-бап. Петицияның нысанасы бола алмайтын мәселелер

      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғуы, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіруі мүмкін;

      2) тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанныц Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы іргесін қалаған Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі қағидаттарын және оның мәртебесін өзгерту;

      Мыналар:

      3) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мен шекарасы;

      4) сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот төрелігі;

      5) прокуратура органдарының жоғары қадағалауы;

      6) сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру, құқық қорғау қызметі, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күзету іс-шараларын жүргізу;

      7) қылмыстық-атқару, қылмыстық-процестік, азаматтық процестік, әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама;

      8) қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау;

      9) рақымшылық және кешірім жасау;

      10) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті Палаталары мен Үкіметінің қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;

      11) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау;

      12) сайлау және республикалық референдум туралы заңнамамен реттелетін;

      13) мемлекеттік рәміздер;

      14) мемлекеттік тілдің мәртебесі;

      15) мемлекеттік органдардың функцияларын өзгерту;

      16) төтенше жағдай және (немесе) төтенше ахуал режимдерінің қолданылуы шеңберінде қабылданатын шешімдердің күшін жою және оларды өзгерту туралы мәселелер петнцияның нысанасы бола алмайды.

      90-5-бап. Петицияны қабылдау, тіркеу және есепке алу

      1. Осы Кодекстің 90-2-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген шекті мәнге қол жеткізілген кезде петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияны қарау өкілеттігіне кіретін мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жібереді, бұл туралы арыз иесі электрондық нысанда хабардар етіледі және ол туралы ақпарат петицияны жіберу туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырылады.

      2. Петиция міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға жатады.

      Петицияны қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

      3. Петицияларды тіркеу, есепке алу мемлекет пен азаматтық қоғамныц өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

      90-6-бап. Петицияға қосылу

      1. Петицияға қосылуды Қазақстан Республикасының азаматтары электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыра отырып, интернет- ресурста жүзеге асырады.

      Петицияға қосылу Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес берілетін өзінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім берген жағдайда жүзеге асырылады.

      2. Петиция интернет-ресурста жария қолжетімділікте орналастырылған кезден бастап алты ай ішінде петицияға қосылуға болады.

      3. Қазақстан Республикасы азаматының петицияға қосылуға және (немесе) оған комментарийді интернет-ресурста жария қолжетімділікте орналастыру арқылы оған деген көзқарасын білдіруге құқығы бар.

      90-7-бап. Петицияны қарау тәртібі мен мерзімі

      1. Петицияны қарау кезінде мемлекеттік орган, жергілікті өкілді және атқарушы орган:

      1) петицияда баяндалған фактілерді тексеруді талап етпейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруды жүзеге асыруға;

      2) арыз иесін және мүдделі адамдарды шақырып және өткізу басталғанға дейін үш жұмыс күні бұрын өткізу күні мен орны туралы міндетті түрде хабардар ете отырып, шешім жобасын жария талқылауды жүргізуге;

      3) құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің және (немесе) мәслихаттың депутаттарын, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін енгізе отырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құруға;

      4) петицияға келіп түскен комментарийлерді, сондай-ақ петиция нысанасы бойынша экономикалық, әлеуметтік, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты талдауға;

      5) шетелдік тәжірибені зерделеуге және салыстырмалы-құқықтық талдау (петиция нысанасы Қазақстан Республикасыныц заңнамасына өзгерістер енгізуді талап еткен жағдайда) жүргізуге міндетті.

      2. Петицияны қарау мерзімі мемлекеттік орган, жергілікті өкілді және атқарушы орган петицияны тіркеген күннен бастап алпыс жұмыс күнінен аспайды.

      3. Петицияны қарау мерзімі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының, жергілікті өкілді органныц хатшысының уәжді шешімімен петицияны дұрыс қарау үшін мацызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажеттігіне орай жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы арыз иесі мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      90-8-бап. Петицияны қарау нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері

      1. Петицияны қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік және атқарушы органның бірінші басшысының, жергілікті өкілді органның хатшысының:

      1) петицияны толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

      2) петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін қабылдайды.

      2. Шешім мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша қабылданады.

      Шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе петиция берілген тілде мазмұны бойынша негізделген және уәжделген болуға, арыз иесінің және петицияға қосылған Қазақстан Республикасы азаматтарының қабылданған шешімге шағым беру құқықтары түсіндіріле отырып, олардың дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс.

      3. Шешім интернет-ресурста шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орналастырылады.

      Петицияны қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергілікті өкілді органның хатшысы ресми түрде хабарлама жасауға міндетті.".

      3. 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексіне:

      190-бап мынадай мазмүндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. Қоғамдық экологиялық бақылау "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.".

      4. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      21-бапта:

      1-тармақ      мынадай мазмұндағы 5-1), 5-2), 5-3), 5-4), 5-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5-1) петицияларды ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысуға;

      5-2) өзінің немесе сайлаушылардың атынан петиция жазуға;

      5-3) өзі мәслихат депутаты болып табылатын әкімшілік-аумақтық бірлікке қатысты мәселелер бойынша петициялар жазу жөнінде ұсынымдар мен консультациялар беруге;

      5-4) өзі мәслихат депутаты болып табылатын әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде мемлекеттік органдардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізуге;

      5-5) мәслихат сессиясының қарауына петицияларды шығаруға;";

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) өз округі сайлаушыларымен тұрақты байланыс жасауға, оларға мәслихаттың жұмысы, оның тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының қызметі, мәслихат шешімдерініц орындалуы, петицияның қаралуы туралы, сондай-ақ өзінің депутаттық қызметінің барысы туралы жылына кемінде бір рет хабарлап отыруға, мәслихат шешімдерінің орындалуын ұйымдастыруға және бақылау жасауға қатысуға;".

      5. "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      57-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "57-бап. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау

      Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.".

      6. "Кәсіптік одақтар туралы" 2014 жылғы 27 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 16-баптың 1-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) осы Заңға және "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;";

      2) 20-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Қоғамдық бақылау "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.".

      7. "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-2-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 13-1), 13-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "13-1) ақпарат иеленушілердің ашықтық стандартын әзірлейді және бекітеді;

      13-2) ақпарат иеленушілердің отырыстарына қол жеткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) 9-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген міндеттерге қосымша ретінде орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерін қоспағанда) басшылары, әкімдер мен ұлттық жоғары оқу орындарының басшылары халық алдында атқарылған жұмыс туралы есеп беруге міндетті.";

      3) 10-бапта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) ашық отырыстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету;";

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-1) ақпарат иеленушілердің ашықтық стандартымен;";

      4) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-бап. Ашық отырыстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасыныц Парламенті палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары мен облысыныц, республикалық маңызы бар қаласының, астанасыныц, ауданының (облыстық маңызы бар қаласының) жергілікті өкілді және атқарушы органдары алқалы органдарыныц отырыстары жабық отырыстарды, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың отырыстарын қоспағанда, ашық және ақпарат пайдаланушыларға қолжетімді болып табылады.

      2. Қол жеткізу шектелген ақпарат санатына жататын мәселелерді қарау кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда отырыстар ақпарат пайдаланушылардың қатысуынсыз жабық режимде өткізілуі мүмкін.

      3. Ашық отырысты өткізу орны, күні, уақыты және форматы туралы ақпарат, күн тәртібі, дайындауға жауапты адамның байланыс деректері ақпарат иеленушінің ресми интернет-ресурсында үш жұмыс күні бұрын, бірақ ол басталғанға дейін 24 сағаттан кешіктірілмей жарияланады.

      4. Ақпарат пайдаланушылардың отырыстарға қол жеткізу тәртібі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган бекітетін ақпарат иеленушілердің отырыстарға қол жеткізу қағидаларында айқындалады.

      5. Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы облысының, республикалық маңызы бар қаласының, астанасының, ауданының (облыстық маңызы бар қаласының) жергілікті өкілді органдары ашық отырыстарды, ал мемлекеттік органдар - жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқаларды онлайн режимде трансляциялауды қамтамасыз етеді.";

      5) мынадай мазмұндағы 17-1-баппен толықтырылсын:

      "17-1-бап. Ақпарат иеленушілердің ашықтық стандарты

      Ақпарат иеленушілердің ашықтық стандарты - ақпаратқа қол жеткізуді және ақпарат иеленушілер қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған қоғамдық қатынастардың оқшауланған саласы үшін белгіленген ең төмен талаптар жүйесі.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады